Ұлы Отан соғысындағы ардагерлердің ерлігін, қызметін бүгінгі ұрпаққа өнеге ретінде ұсынуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, жеңімпаз жауынгерлер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан мақалалардың жөні бөлек. Осы орайда мен де үш бірдей ардақты ардагердің өмір жолымен жұртшылықты қысқаша болса да таныстыра кетсем деймін.
Ел азаматы
Ұлы Отан соғысының ардагері Тәжікен Жұмаділов бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған жан. Ол 1920 жылы бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданындағы Тайлан ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған Тәжікен 1929 жылы Семей қаласындағы жұмысшы жастар мектебіне қабылданады. Оны ойдағыдай бітіріп шыққан соң, осы қаладағы Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсіп, аталған білім ошағын 1939 жылы тәмамдайды.
Тәжікен Жұмаділов өзінің еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Никитинка ауылындағы Киров атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметтен бастайды. Одан кейін Жаңасемей, Абыралы аудандарындағы бірқатар мектептерде шәкірт тәрбиелейді. Осылайша, білім беру саласында өнімді еңбек етіп жүрген шағында ол 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, майдан даласына аттанып кете барады. Т.Жұмаділов Қызыл Ту орденді 1-ші гвардиялық Житомир кавалер корпусының құрамындағы 49-шы минометшілер полкінің атқышы ретінде соғысады. Ол ұрыс даласында кездескен көптеген қиындықтарды еңсере отырып, өз қаруластарымен бірге 1-ші Украин майданында соғыса жүріп, Жиздра өзені жағалауындағы айқасқа қатысады, сондай-ақ, Киев, Корсунь-Шевченковск, Львов-Сандомир, Прага және басқа да қалаларды жаудан азат етуге атсалысады.
Гвардиялық кіші сержант Тәжікен Жұмаділовтің Отан алдындағы адал қызметі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.
Қанды соғыста екі рет жараланған Тәжікен Жұмаділов бейбіт өмірде де алдыңғы қатарда еңбек етті. Ол Абыралы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Семей облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Шұбартау аудандық халық депутаттары кеңесі төрағасының орынбасары сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Сенімді сарбаз
Менің әкем Мұхаметжар Оразалин де соғыс басталғаннан аяғына дейін шайқасып, елге абыроймен оралды. Оның майдандағы өмірін біздер – ұрпақтары үнемі мақтан етіп жүреміз.
Әкем 1941 жылдың қазан айында, яғни 39 жасында әскерге алынып, бірден майдан даласына аттанады. Ұрыс сәтінде бірнеше рет ауыр жараланып, госпитальға түседі. Бірақ, жарақаты жазылған соң қайтадан қарулас достарымен бірге ортақ жауға қарсы күресін жалғастыра береді.
Ол Германияға қарсы соғыстағы жеңісті Берлин түбінде қарсы алады. Алайда, менің әкем үшін соғыс аяқтала қоймайды. Өйткені, алда кеңес-жапон соғысы күтіп тұр еді.
Әкем 6-шы танк армиясының құрамындағы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 95-ші жеке барлау ротасы сапында Жапонияны тізе бүктіруге аттанады. Взвод командирінің орынбасары ретінде ұрысқа қатысқан әкем өз қаруластарымен бірге Квантун армиясын талқандап, Қытай Халық Республикасының Жапония басып алған аймақтарын азат етеді.
Әкемнің айтуынша, бұл соғыста Жапонияға арқа сүйеп, Забайкал және Қиыр Шығыста жүрген ақгвардияшы, атаман Григорий Семеновтың әскері жапондармен бірге Кеңес Одағына қарсы тұрады. Соған байланысты, атаман Семеновты қолға түсіру қажеттігі туындап, оны ұстауға әкем де қатысады.
Әкем М.Оразалин кеңес-жапон соғысы аяқталған соң, 1946 жылы елге оралады. Ол кісі Ленин, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.
Өмірі өнегеге толы
Ұлы Отан соғысының ардагері Шыныбек Оразбековтің де ғұмыры ғибратқа кенде емес. Бұрынғы Семей облысы, Бұғылы болысы, Алтыншы ауылда 1903 жылы туған Ш.Оразбеков атақты Медеу Пұсырманов салдырған мектепке 1923-24 жылдары барып, екінші сыныптан бастап дәріс алған. 1928 жылы қазан айында Семей облыстық кеңесінің жанынан ашылған бір жылдық нұсқаушылар курсында оқиды. 1930 жылдан Шыңғыстау аудандық кеңесінде нұсқаушы бола жүріп, салыққа ақша жинау, ет және астық дайындау, жергілікті кеңестердегі сайлауды жүзеге асыру жөніндегі ауылдық уәкіл қызметін атқарады. 1934-1936 жылдар аралығында Семейдегі Комвуз мектебінің ауылшаруашылық бөлімін оқып бітіреді. Бұдан кейін, дәлірегі, 1941 жылға дейін Шыңғыстау (қазіргі Абай ауданы) ауданында түрлі жауапты қызметтерде болады.
1942 жылы майданға аттанады. Соғыста жеті рет жараланады. 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ш.Оразбеков бұдан басқа да 2 орден, 7 медальдың иегері. Ол 1944 жылдың 19 қазанында Латвия астанасы Риганың маңында болған ұрыста ауыр жараланып, бір аяғынан айырылады. Елге қос балдақ, бір аяқпен оралған ол қарап отырмастан, дайындау кеңсесінде (заготкантор) нұсқаушы-директор болып жұмыс істейді. Ардақты ардагер зейнеткерлікке шыққанға дейін 18 жыл бойы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Міне, соғыс және еңбек ардагері Шыныбек Оразбеков өмір тауқыметіне қайыспай қарсы тұра білген осындай ардақты азамат еді.
Әлжаппар МҰХАМЕТЖАРОВ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы