Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына мораторий жариялағанын құптаймын. Қазіргі уақытта әлем назары ауыл шаруашылығының дамуына ауып отырғаны жасырын емес. Бұған барша жұрттың жоғары қызығушылық танытып отырғаны да белгілі. Біздің Қазақстанның кең-байтақ даласы ауыл шаруашылығын әлеуетті жүргізуге мұқтаж. Жерінің кеңдігі, топырағының құнары жағынан көп жағдайда басқалардан басым тұр десек қателеспейміз. Әлем елдерінің көпшілігінде бұл жағынан алып қарағанда шешімін таппай жатқан мәселелер көп кездесуде. Сондықтан, біз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығына мән беріп, бәсекеге бәс тіккен елдерден басым түсіп, нарықта намысты қолдан бермей, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытуда қарқынды қадам жасағанымыз абзал.
Мұны жүзеге асыру үшін инвестиция қажет. Ол тек қана ақша болмау керек. Білім, технология және нарыққа шығатын жол болғанда ғана бұл жоспарды жүзеге асыруға болады. Игеретін жеріміз көп болса да, меншiктi ресурстар көлемі бiзде жеткiлiксiз. Қарапайым мысал келтірейін, жыл сайын Канадада ауыл шаруашылығындағы 1 га жерге салынатын инвестиция шамамен 340 долларды құрайды. Ал бізде бұл көрсеткіш 25 доллар шамасында немесе 14 есе аз. Бұл салада ресурстар тапшылығы анық байқалады. Сондықтан, біз шетелдік инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Олардың біздің елдегі ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын ескеріп, олармен тәжірибе алмасып, шаруашылықтың дамуына тиімді тұстарын ел болашағының өркендеуіне пайдалануымыз керек.
Инвестиция – ол да ресурс. Әлемдік аренада ол үшін қызу бәсеке жүріп жатқаны да белгілі. Елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға ресурстар тартудың табыстылығы инвесторлар үшін қолайлы жағдай туғызылуына, соның ішінде құқықтық негіз жасалуына тікелей байланысты. Сондықтан, заңнамаға инвесторлардың жұмыс жағдайын жеңілдететін, тәуекелді төмендететін түзетулер енгізілуі керек-ақ. Ендеше, Мемлекет басшысы жариялаған алты айлық мораторий уақытын жұртшылыққа, ауыл-село тұрғындарына, диқан қауымына, фермерлерге осы жайларды кеңінен бажайлап түсіндіру үшін пайдалануға тиіспіз.
Елбасы әділ атап көрсеткендей, Жер кодексіне енгізілген түзетулердің жай-жапсары халыққа жеткілікті деңгейде түсіндірілмегенін мойындауымыз керек. Заңгерлер мен шенеуніктерге айқын нәрсе қарапайым халыққа түсініксіз болуы әбден мүмкін. Түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілсе, түрлі жорамалдарға жол берілмес еді. Сондай-ақ, қоғамда кешегідей кереғар пікір, дабыра дүрбелең де болмас еді.
Бәріміз Қазақстан дейтін қара шаңырақтың астында өмір сүріп жатқандықтан, Отанымызды мақтан тұтамыз, оның өркендеуін тілейміз, жетістігіне қуанамыз. Жер – біздің ата-бабадан қалған баға жетпес байлығымыз. Оны сүю, құрметтеу, қорғау әрбір қазақстандық перзенттің парызы деп есептеймін. Жер тағдыры талқыға түскенде шынымен-ақ ешкімнің бейжай қарап қалмауы керек. Жер байлығы елдің әл-ауқатын арттыратын құралға айналғаны абзал, сонда ғана келешек ұрпақтың табысы тұрақты, тіршілігі шуақты болары даусыз.
Бұдан былай билік өкілдері, қоғам болып, ұлт болып Жер кодексіне қатысты тағдыршешті кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірігіп іс атқару керек. Олай болса, барлық байыпты тараптар бірлесе отырып аталмыш құжаттың неғұрлым қағидалы тұстарын қайта қарап, екшей түскеніміз, қоғамның барлық мүдделі топтары үшін жарамды шешімге, тұжырымды түйінге тоқтағанымыз абзал болмақ.
Біз, ауыл шаруашылығы мамандары, аграршы ғалымдар бұл мәселеде қолымыздан келген көмекті аяп қалмаймыз, керісінше, ғибратты ғылым сөзін, инновациялық жобаларды өміршең әзірленімдерді жер игілігін молайту жолына салуға әзірміз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор