16 Мамыр, 2016

Өскеменде семсерлесуден спартакиада өтті

232 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
16.05.2016 AST-6 АСТАНА. 16 мамыр. Өскеменде еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мектеп, колледж оқушыларының VІІІ жазғы спартакиадасының кезекті туры өтті. Бұл туралы журналист Оңдасын Елубайдың ақпары бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады. Оған Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы және Астана қалаларының семсерлесу, рапира, шпага шеберлері қатысты. «Биыл елімізде сегізінші рет мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің спартакиадасы өткізіліп отыр. Ол екі жылда бір рет, қысқы және жазғы спорт түрлері бойынша өтіп тұрады. Бүгінге дейін әр қалаларда волейбол, волейболдың классикалық түрінен, футзалдан жарыстар өтті. Онда спортшылар жарыстың 53 түрінен күш сынасты.  Спартакиаданың мақсаты — бұқаралық спортты насихаттау, еліміздің даңқын арттыратын жас ұрпақты тәрбиелеу, болашақ Олимпия ойындары мен әлем чемпиондарын дайындау», дейді мектеп оқушыларының спартакидасын ұйымдастырушы, Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың жауапты қызметкері, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы, профессор Сьезхан Әубәкіров. Оның айтуынша, спартакиада ойындарын өткізу еліміздің бес қаласында — Шымкент, Тараз, Алматы, Астана, Өскеменде жоспарланыпты. Алдағы шілдеде Шығыста веложарыс, маутинбайг, семсерлесуден сайыстар өтсе, басқа қалаларда спорттың өзге түрлерінен жарыстар өтіп, оған 10 мыңнан астам адам қатыспақ. Семсерлесу, шпага мен рапира – Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрі. Сондықтан болар, жыл сайын спорттың осы түрімен шұғылданатын жеткіншектер қатары өсіп келеді. Қазір семсерлесумен еліміз бойынша 20 мыңнан астам адам айналысады екен. Олардың ішінде Азия ойындарында топ жарған саңлақтар аз емес. Оңтүстік Қазақстан облысының аға жатықтырушысы, КСРО спорт шебері Қарлығаш Сайханова спартакиадаға 24 қыз-жігіттерді алып келіпті. Олардың ішінде спорт шебері Таңшолпан Айтжанова, Саяна Сайханова, Құралбек Бақдәулет, Төлеби Қалдыбекұлы семсерлесумен үш-төрт жылдан бері шұғылданып, ел чемпиондары немесе жүлделі орындарды иеленгендер. Ал Құралбек Бақдәулет осы жолы да чемпион атанды. «Біз шеберлікті жетілдіріп отырамыз. Жаттықтырушымыз Қарлығаш Рыстанбекқызы қатал, талап қоя білетін маман. Биылдың өзінде Саяна Данияда өткен халықаралық турнирге, ал Таңшолпан Францияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, өнер көрсетті. Басқа шәкірттері де шетелдерге жиі шығып, шеберліктерін жетілдіре түсуде», дейді ел чемпионы атанған Құралбек Бақдәулет. Әріптесіміз Оңдасын Елубайдың айтуынша, Өскемендегі Жекпе-жек сарайында өткен спартакиаданы республикалық ғылыми-практикалық орталық пен облыстық білім басқармасы (басшысы Айжан Садықова) жоғары деңгейде өткізді. Спартакиадада рапирадан ерлер арасындағы командалық есепте Шығыс Қазақстан облысының шеберлері топ жарса, екінші, үшінші орынды Алматы қаласы мен Алматы облысының өкілдері иеленді. Ал қыздар арасында құрамында Гүлжан Түсіпбекова, Аяулы Өтеуленова, Даяна Түсіпжанова, Юлия Бургучева бар спортшылар рапираның һас шеберлері екенін дәлелдеді. Екінші, үшінші орынды Алматы және Астана қаласының өкілдері бөлісті. Семсерлесу бойынша командалық есепте ерлер арасында Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласының шеберлері жүлделі орындармен бөлісті. Ал қыздар арасында Алматы қаласының саңлақтары бет қаратпай қарсыластарынан басым түссе, одан кейінгі орындарға Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы облысының спортшылары табан тіреді. Шпагадан ерлер арасында командалық есепте Алматы қаласы, ШҚО және Алматы облысының серкелері жүлделі орындармен бөлісті. Ал қыздар арасында Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласының сайыпқырандары әзірше елімізде мықты екендерін дәлелдеді. «Өскемендегі дүбірлі додадан байқағанымыз, қылыштасудың үш түрінің де елімізде күрт дамып келе жатқанына көз жеткіздік», дейді «Егемен Қазақстан» газетінің құрметті журналисі Оңдасын Елубай. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: Оңдасын Елубай. 16.05.2016 AST-7 16.05.2016 AST-8