немесе балалардың мал қорамен жапсарлас орында оқуының себебі неде?
Осы кеше ғана Елбасы Жарлығымен Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді, құжаттың талаптарын, мән-мақсатын қарапайым халыққа дұрыс жеткізе алмаған, түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген министрлер отставкаға кетті.
Төменде біздің жазып отырған мына мақаламыз да жер, жайылым мәселесіне қатысты жағдайдың айқын бір мысалы деуге болар. Елімізде жүзеге асады деген «Жайлау» жобасын жасаушылардан бастап, жергілікті әкімдер, ветеринария басқармалары өз ауылдарында жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламаның орындалуына құлықсыздық танытқандай.
Жағдай былай: 2013 жылы облыста басталған «Жайлау – Павлодар» бағдарламасымен Лебяжі ауданы, Шәмші ауылының тұрғыны Ерлан Бөлекбаев көрші «Ардақ» шаруа қожалығынан 100 бас ұсақ қара мал, 4 бас өндіруші қошқар алады. Содан өткен жылғы желтоқсанда қойлар іш тастай бастайды. Дереу ауыл, аудан мал дәрігерлерін хабардар етеді. Қаңтар айында сынама алған облыстық ветеринариялық зертхана қойлардан бруцеллез ауруы табылғанын анықтайды. Ветеринариялық заң талаптарына сәйкес, мал дәрігерлері жедел түрде келіп, мал иесімен бірге жүріп, ауру малды бөліп, арнайы таңба салады. Дезинфекция жасауы тиіс. Бірақ, талапқа сай осындай шаралар қолданылмаған соң, Ерлан аудан әкімдігіне, ветеринария бөліміне, облыстағы ветеринария басқармасына да барады. Дабылға құлақ асқан ешкім бола қоймайды.
– Қора-қопсылы үйімнің жартысы мектеп, бастауыш сынып оқушылары оқиды. Ауыл әкімі қорадан жаман иіс шығады, тұрғындар шағымданып жатыр, деп қырға көшуімді өтінді. Өкінішке орай, өткен жылы көктемде де, жазда да қойлардан мүлде қан алынбады. Керісінше, мал дәрігері қолыма нұсқама беріп, 6 басты құртып жіберсеңдер болды деді, – дейді Ерлан бізбен әңгімесінде.
Мәселенің мәнісі, 2009 жылы қазан айында біз «Егеменге» «Сіз не дейсіз?» айдарымен «Жайлаудың» жолы болып кетсе игі» деген мақала жазғанбыз. Мақалада «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Павлодар, Өскемен, Семей аумағын қамтитын «Жайлау» атты қанатқақты жоба бастады. Аты жақсы, заты қалай болар, деппіз. Бұл сұрағымызға корпорациясының басқарма төрағасы Е.Көшербаев: «Көмек тірі мал түрінде беріледі. Ауылдықтар үйлерін кепілдікке қойып 50 қойға дейін ала алады. Бастапқы капиталы және тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асырумен «Өскемен – Семей – Павлодар» ЖШС айналысады. Серіктестік бағдарламаны жүзеге асыру ережелерін аудандық әкімдіктермен келіседі. Жергілікті атқарушы билік, ветеринарлық қызмет өкілдері бар комиссия құрылады. Қатысушы алған қойларын сақтандыруға міндетті...» деп жауап беріпті.
Әрине, Көшербаев айтқандай, ауылдықтар үшін қораңда 50, 100 қойдың болғаны оның өсіп-өнгені, көбейгені жақсы-ақ. Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл көсір. Мен де пайдасы көп, өсіремін, мал басын көбейтемін деген оймен «Жайлау» бағдарламасына қатысып, қой алған едім. Алғашында 2014-2015 жылдары шамамен 400 000 теңге төледім. 2016-2018 жылдары төлейтін негізгі қарызым 3 миллион 600 000 теңге, дейді Ербол.
Айтпақшы, Бөлекбаевтың да, ауыл әкімі Жәнібек Омаровтың та мамандықтары мал дәрігері екен. Ерлан Шәмші ауылындағы Төлен Әмірғалы көшесі, 21-ші үйде тұрады. Жоғарыда айтқанындай, үйінің қабырғалас екінші бөлігінен 2001 жылы аудан әкімдігі бастауыш мектеп ашыпты. Қорасы жақын болған соң ба, Ерлан мектептің күзетшісі болып та жұмыс атқарады. Бруцеллез ауруына шалдыққан соң, жуырда жұмысынан шығыпты. Жалпы, ветеринарлар ауру қойларды таңбалап, мал иесіне нұсқама актісін беріп, 15 күн ішінде ауру малдың етін комбинатқа немесе соятын арнайы цехтарға жеткізілуін ұйымдастырады. Бірақ, неге екені белгісіз, Бөлекбаевтың ауру малдары уақытында өндіріске тапсырылмайды, сау малы уақытында тексерілмейді. Әлде, өзі мал дәрігері ауру қойларын өзі емдеп жазып алсын деген бе?..
– Өкінішке орай, 15 күн арасында ауру малдар өндіріске тапсырылған жоқ. Күнде ауданға бардым. Әне әкетеміз, міне әкетеміз деп адамды зарықтырып қойды, – дейді Ербол.
Ауру малдың көп уақыт өндіріске тапсырылмай үйде тұрғаны, сондай-ақ, мектептің жанында тұрғаны жайлы сәуір айында аудандық прокуратураны да жазбаша түрде хабардар етеді. Облыстық ветеринария басқармасы «ауыл ішінен ветеринарлық құжатсыз ұсақ малдарды жинап 100 қоймен бірге жайды. Эпизоотиялық таза емес жерде мал бақты, сондықтан, малдар жаппай инфекциялы ауруға ұшырады...» деп жазады.
Олай болса, Е. Бөлекбаевтың эпизоотиялық таза емес жерде мемлекеттік «Жайлау» бағдарламасымен алынған 100 қойды бағып жатқанын ветеринария басқармасы әуел бастан тексермегені қалай? Ескерту жасалып, аудандық, жергілікті әкімдік тарапынан қатаң қадағалануы керек еді. Ол сонда қандай жер? Ауыл маңында эпизоотиялық таза емес жердің барлығы неге айтылмады? Бөлекбаевқа неге жайылымы бар жер, жасыл жайлаулы жер бөлініп берілмеді?..
Ал, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы өздеріне қарасты «Жайлау» жобасы барысында аудандық әкімдіктер қой өсірумен айналысуға ниеттілердің тізімдерін жасайды, оларға жайылымдар бөлу мәселесін қарастырады...» деген.
Үкімет тарапынан мал дәрігерлеріне сырға бөлінеді. Қойлардың құлақ сырғалары жоқ болса, мал дәрігерлері жауапты. Екіншіден, Бөлекбаев ауыл ішінен «ветеринарлық құжатсыз мал жинады» делінген. Ауыл малдарының ветеринарлық құжаттары әлі күнге дейін жасалмаса, мұны аудан мал дәрігерлерінің бақылаусыз қалдырғандары көрініп тұр. Ауыл ішінің тексерілмеген, егілмеген, ветеринарлық құжаттары жоқ ұсақ малын жаятын жайылымы болмаған соң, бәрін бірге баққан соң да жұққан болар, бәлкім. «Жайлау» бағдарламасына отар- отар қой сатқан «Ардақ» шаруа қожалығына да ветеринарлар тексерістер жүргізіп көрсе, артық емес.
– Қазір аудандағы Бөлекбаев тұратын Шәмші және Черное ауылдарына республикалық эпизоотияға қарсы, яғни малдардың жаппай инфекциялы ауруға ұшырауына орай арнайы емдеу отряды жұмыс жасауда, – дейді аудан әкімдігі бізге берген хабарында.
Егер Ербол газетке шағым жазбаса, өз малынан басқа ауылдағы қолдағы ұсақ малдардың да бруцеллезбен ауырғандары, ауыратындары сол күйі жабулы қазан күйінде қала беретін сияқты. Жылда болатын үйреншікті жағдай секілді. Мәселенің мәнісі сол, ауылда ауру малдың барын жасырып-жабу, шу шығармау, оңай құтылу үшін малды өндіріске өткізе салу әбден әдет болып кеткендей. Бөлекбаев хат жазайын деп жазған жоқ, дабылына ешкім құлақ салмаған соң барып «Егеменнің» тілшісіне келді.
Ал, «Жайлау» бағдарламасы бойынша алынған ұсақ қара мал міндетті түрде сақтандырылуы керек десе де, іс жүзінде бағдарламаға қатысушы Бөлекбаевқа пайдасы болмаған да сияқты. Өйткені, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы сатып алынған қойларды сақтандырып, оларды бес жылға 10 пайыз жылдық үстемемен лизингке береді деп хабарлаған-ды. Қырсыққанда, сақтандыру шартында мемлекеттік бағдарламаға қатысушыға көмектесетін бірде-бір тармақ жоқ көрінеді. Бөлекбаевтың қазір сақтандыратын малы да қалмады.
– Сондықтан, «Жайлау» бағдарламасымен мал алған мен сияқты басқалар кеш болмай тұрғанда, сақтандыру шартының пайдасы жоқ екенін білсін. Содан, ауру деген 32 бас 93000 теңгеге, 23 бас 40300 теңгеге бағаланды. 1 қой 2500-3000 теңгеден, екінші апарғанда 1 қой 1600-1700 теңгеден шықты. Ветеринария бөлімі болса, кеткен шығынның 50 пайызын Үкімет өтейді, 50 пайызын тапсырған жерден аласыңдар деді. Денсаулығыма келтірген зиянды кім өтейді? Несиені төлеуге жәрдемдесе ала ма, жоқ па? Ветеринарлар жауапкершілікке тартылады деп үміттенемін. Бағдарламамен қой алып, еңбек етіп, ауылда мал басын көбейтемін, қолдау болады деп сеніп қалдым. Ақыры, өзім де бруцеллезге шалдықтым, қолдағы бар малдан айырылды деген осы, – дейді Ербол.
Жалпы, 2012 жылы «Лебяжі ауданының ветеринария қызметі» МКК құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, 10 ауылда ветеринариялық пункттер ашылыпты. Онда басшысы, бухгалтер, екі маман, 10 ветеринариялық пункт меңгерушісі, 15 мал дәрігері, 15 ветеринариялық санитар және техникалық жұмыскерлері бар барлығы 44 адам жұмыс атқарады екен. Ауданда жоспар бойынша көктемгі диагностикалық және профилактикалық екпе жұмыстары жүргізілуде, деп жауап береді аудан әкімдігі. Тіпті, бруцеллез ауруына қарсы және осы эпизоотиялық жағдайдан шығу үшін ірі қара малды бруцеллезге қарсы РБ-51 деген америкалық вакцинасымен еккені жөн деп ветеринария мамандары әр ауылда кездесу өткізіпті. Ал, ұсақ қара малды егу жайы айтылмаған.
Одан әрі «2014 жылғы 30 қарашада Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы бойынша, Павлодар облысы бойынша ірі қара малдан бруцеллез ауруы шығуынан оның нарықтық құнын белгілеу актісі арқылы мал иелеріне малдың бағасының 50 пайызы төленеді», делінген хатта.
Ауданда 40-шақты ветеринар дәрігер, 10-15-шақты ветеринарлық бөлімшелер бола тұра, Ербол Бөлекбаевтың 100 қойының назардан тыс, бақылаусыз қалғаны қызық. Ұсақ мал ауруға ұшырамас үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысушының жағдайын аудандық, ауылдық ветеринария қызметі ерекше бақылауға алуы керек болатын. Малдан уақтылы қан алып, тексеріп, ветеринарлар өздері айтпақшы мал қолайсыз аймақта бағылған болса, дереу шара қолдану керек еді. Сонымен бірге, 2013 жылы облыстағы аудан-қалалардың ветеринарларына арнайы залалсыздандырғыш құрылғысы бар 13 автокөлік беріліпті. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі ветериналық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру деп баса айтылды. Бұл бағытта облыста 13 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылыпты. Онда 290 маман жұмыс жасайды екен. Ал «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ветеринарлық саланы меңгерген 28 жас маман жұмысқа қабылданса керек. Ветеринарлық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін өңірге республикалық бюджеттен 644 миллион теңге бөлініпті. Облыс бойынша екі ветеринарлық зертхана пайдалануға берілді. Әр ауылда мал дәрігерлеріне автокөлік, жұмысқа қажетті 169 тоңазытқыш беріліпті. Бәрі жақсы дейік, бірақ, әкімдіктен көмек, қолдау таппаған, лебяжілік Бөлекбаев ауру қойларымен бір өзі қалғандай.
Мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы «Павлодар» ӘКК ауылдықтарға 6200 аналық қой басы мен 176 тұқымды қошқар таратады. Осы кезде Лебяжі ауданынан «Жайлау – Павлодар» бағдарламасы бойынша 11 шаруа қожалығы, 2 жеке қәсіпкер, 3 ауыл тұрғыны қатысушылар ретінде 1600 аналық қой және қошқар алыпты. Елімізде мал басын өркендету үшін «Сыбаға», «Жайлау» бағдарламалары бар. Ал, «Жайлау» бұл ең төменгі табыс деңгейімен және инфрақұрылым құруға қосымша шығын талап етпейтін, ауыл халқына қолжетімді тауарлы кредит түрі. Бағдарламаға қатысушылар малды негізгі қарызды төлеумен бес жылға лизингке алады. Мерзім аяқталғанда кәсіпкер 200 бас қойды қайтарады.
Жалпы, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының «Жайлау – Павлодар» атты облыстық бағдарламасы 5 жылға (2013-2018 жж.) арналған. Бағдарлама 2013 жылдың 29 наурызында облыстық әкімдікте бекітілді. Облыс бюджетінен 200 миллион теңге қаражат бөлініп, 6,5 мың қой сатып алынады. Бағдарлама мал шаруашылығының халыққа, шаруа қожалықтарына қой басын өсіру және арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен жасалды. Мақсаты – отарлы қой шаруашылығын дамыту арқылы ауылдықтарды жұмыспен қамту. Яғни, ұсақ малдың жалпы санын әрбір қатысушыға 100-ден 692 басқа дейін артуын жоспарлайды. Компания сатып алынған қойларды сақтандырып, оларды бес жылға 10 пайыз жылдық үстемемен лизингке береді. Өңірде 60 отарлы шаруашылық мемлекеттік қолдауға ие болады. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-тың тұрақты бақылауында көрінеді.
«Жайлау» бағдарламасының қазіргі уақытта тоқтап қалуына жайылымдар, мал жаятын жерлердің дұрыс бөлінбеуі, болмауы, ұсақ малды қайдан, кімнен сатып алу керектігі, қаражат көздері, жемқорлық фактілері сияқты толып жатқан факторлар себеп болған секілді. Екіншіден, жобада ветеринарлық шаралардың қатаң сақталуы да ескерілмеген көрінеді. Кейбір фермерлер бұл жобаны тиімсіз деп отыр. Өйткені, бір қайнауы ішінде. Әкімдіктер жобаны орындау керек деп едел-жедел тапсырмалар береді. Жайлау, жайылым бар ма, жоқ па, ол жер қой жаюға келе ме, жоқ па, ветеринарлар дайын ба, жоқ па, қора қопсы бар ма, жоқ па, су бар ма, жоқ па, қойшы-малшыға жағдай жасалған ба, жоқ па, оған қарамайды.
Айтпақшы, Бөлекбаевтың үйімен қабырғалас үйде сабақ оқитын балалар жайына келсек, мақала жазу барысында бізге жауап берген аудандық оқу бөлімі мүлде жайбарақат былай деп жауап береді: «Мектеп ғимараты бейімделген үй-жайда орналасқан. Құжаттары бар. 16 оқушының білім алуына қажетті жағдай жасалған. 2 кабинет бар, интернет желісіне қосылған. Оқушылардың Е.Бөлекбаевтың аумағына еркін кіру мүмкіндігі жоқ».
Біз ауданындағы «Жайлау» бағдарламасымен алынған малдардың бруцуллез ауруына шалдығуы жөнінде аудан әкімі Серік Жанғазиновпен хабарласып, мынадай жауап алдық:
«Ерлан Бөлекбаевтың 27 сәуірде «Егемен Қазақстанның» тілшілер қосынына жазған арызынан соң, облыстағы ветеринария басқармасы, эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімі, аудандық ветеринария бөлімі шұғыл түрде Шәмші ауылына барып қайтты. Қазір аудандағы Бөлекбаев тұратын Шәмші және Черное ауылдарына республикалық эпизоотияға қарсы отряд жұмыс жасауда. Біріншіден, мал қоралары шағын, 100-ден астам ұсақ мал ұстауға келмейді. Бөлекбаев елден құжатсыз 350 бас ұсақ мал жинап және «Жайлау» бағдарламасымен алған 100 бас ұсақ малдарын қосып бірге бақты. Баққан орны эпизоотиялық қолайсыз. Құлақ сырғалары болмағандықтан барлық малдардың 100 басынан ғана қан алынды, 6 басы оң нәтиже көрсетті. Құлақ сырғаларының болмауы, елден құжатсыз мал жинауы жеке аулалар мен шаруашылық субъектілерінде бруцеллез ауруын қолдан туындатты. Құлақ сырғалары болмағаны туралы 2015 жылы ветеринария басқармасы атына хат жолданған. Биылғы жылдың 14 қаңтарында Е.Бөлекбаевтың ұсақ қара малы іш тастағаны туралы хабар келді. Облыстық ветеринариялық зертханаға сарып ауруына зерттеу үшін жеткізілді. №SO-16-S-00018-A-D сараптау актісі бойынша бруцеллез ауруынан таза деп оң нәтиже көрсетті. Наурыз айында 101 бас қойдан қан алынып аудандық зертхананың № SO-16-SO8(04)-00038-А-С сараптамасы бойынша 60 бас қой, 1 бас жылқы және 1 бас ірі қара малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды. Ауру ұсақ қара малдардың 5-уі өлген, 55 басы сәуірде Май ауданына қарасты «Ақжар Өндіріс» ЖШС-нің консерві жасау цехына, бір бас мал Қашыр ауданының ветеринариялық пунктінде сойылып «Ет-Бастау» ЖШС-іне тапсырылған», деп жауап беріпті аудан әкімі Серік Жанғазинов.
Осы жуырдағы әкімдік отырысында облыс әкімі Болат Бақауов әкімдерге, басқарма басшыларына «Біз жедел қимылдауымыз керек», деді. Яғни, атқарушы органдардың басшыларына бір-бірімен хат алмасуды доғарып, өңірлік басқармалармен тікелей жұмыс жасауды тапсырды. Облыс әкімі қазіргі кезде кейбір қарапайым мәселелердің өзі жедел түрде шешілмейтінін айтып өтті. Тікелей байланыс жасаудың орнына, хат жазып, оның жауабын апта бойы күтіп отырады. Басқармалар қағазбастылықпен айналысып отыр, деді Болат Бақауов.
Екіншіден, өңір басшысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша жобаларды көбірек ұсыну керек дейді. Мысалы, біз жоғарыда айтқан «Жайлау» бағдарламасының жүзеге асырылуына тікелей қатысы бар «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын да сынға алды. Корпорация басшылығының өз жұмыстарында кертартпалықпен айналысатыны айтылды.
Сонда аудандағы «Жайлау» бағдарламасына қатысушы қарапайым ауыл тұрғыны Ербол Бөлекбаевтың 100 қой жобасының іске аспай қалғанына енді кімдер жауап береді?
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы