18 Мамыр, 2016

Замана заңғары

1334 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
IMG_9652Әдебиет әлемінде өз есімін ерте әйгілеп, мәдениет, ғылым-білім, дипломатиялық саясат саласында тұғырлы орнын айшықтаған, қоғам дамуына зор ықпалы бар Олжас феномені өте күрделі. Оның дара тұлғасы мен ерекше талантына ешкімнің дау айта алмасы анық. Бекзат болмысты Олжекең – Алаш жұртын дүниежүзіне танытқан, әлі де болса осы тарапта еңбек ететін, ғаламдық деңгейдегі адамзаттық ойлау дәрежесіне көтеріле алған, планетарлық мәселелердің шешімін ұсынуға қабілетті дарын иесі екені әлдеқашан мойындалған тұлға. Биыл сексеннің сеңгіріне кө­те­ріліп, халқының қошемет-құрметіне бөленіп отырған көр­некті қаламгердің әлі де болса ел-жұртына, жалпы адамзат баласына берер рухани азығы мол. Қарапайым оқырман ғана емес, ақын шығармашылығына ден қойған айтулы ғалымдар да оның күрделі болмысы мен стихиялы поэтикалық талантына тәнті болып жататыны жасырын емес. «Тауды аласартпай, даланың даңқын асқақтату» кредосын ұстанған қалам иесінің туындылары халқымыздың сан ғасырлық қатпарлы тарихын бедерлеп, балбал тастарға қашалып жазылғандай жүрегіміздің төрінен берік орын алды. Демек, Олжекең – тамырлы мәдениетін, салт-дәстүрін жоғалтпаған ұлт ретінде қазақ халқын төрткіл дүниеге паш еткен әлемдік деңгейдегі шебер суреткер. Сол себепті де ақын еңбектері елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде өзінің лайықты бағасын алып отыр. Қолдан келіп тұрса-дағы қалай да, Адамдарды алдағам жоқ, алайда... – деп жалған сөзді жаны сүймейтін ақын қашан да ақиқатты айтудан бас тартқан емес. Оның қай шығармасын оқысаң да тарихи жадың жаңғырып, жан сарайың кеңитіні сөзсіз. Арғымақтардың тұяқ дүбірі естілетін, адуынды, екпінді жырларымен оқырманына ерекше рух беретін, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған Олжас өлең­дері қайсар шумақтарымен көңілді қамшылап, намысыңды қайрай түсіп, кейде жайма-шуақ лирикамен көмкеріліп, әлдебір ескі күндер мен аяулы жандарға деген нәзік сағынышты оятатыны бар. Олжастай тұлғаның ақындық қуаты мен жаңашылдығы, қайраткер ретіндегі қайсарлығы, Қазақстан халқына деген сүйіспеншілігі, Отан алдындағы қалтқысыз қызметі, сан түрлі шығармашылығының әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі орны мен рөлі әр жасқа үлгі-өнеге екені дау­сыз. Адамзат баласы қай қоғамда да өзгермейтін бір құндылық болса ол – рухани жігер мен ғылым мен білімге деген ұмтылыс. Осы бағытта жетістікке жетіп, өзі таңдаған мамандықты игергісі келетін жас­тарымыз білімін шыңдайтын қара­шаңырақ – университетімізде өмірдің сан-қырлы салалары то­­ғысып жатады. Біздің басты мін­детіміз – сапалы білім мен сындарлы тәрбие алған білікті мамандар легін тәрбиелеп шығару. Сонымен қатар, бүгінгі студент болашақ қоғам қайраткері, ұжым басшысы, саяси өмірге белсене қатысушы, мәдениет насихатшысы болуы қажеттілігін де ұмытпағанымыз абзал. Уни­вер­ситет ұжымы осы мәселеге байып­­пен қарап, өзіндік шешімдер қабылдауда. Оқу орны студенттерді тәрбиелеудің маңызды бағытының бірі ретінде есімі әлемге әйгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің қызметі мен шығармашылығынан тағылым алуды таңдады. Осы бағытта біз студент жастарымызды Олжастың ақындық тұлғасы мен адами қасиеттері үлгісінде тәрбиелеудеміз. Заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Омарұлының жыл сайын туған күні қарсаңында бірінші кезекте міндетті түрде Қазақ ұлттық аграрлық университеті шаңырағына арнайы бас сұғатын жақсы дағдысы бар. Олай болатын себебі, оқу ордамызда тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлей­менов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Бұл институтқа ақынның есімі жай беріле салған жоқ. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі-жиі кездесіп тұрады. Студенттермен кездесулерде ол бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады. Институт ішінде университет ұжымы өз қалауымен О.Сү­лейменовке оның қызметі мен өміріне арналған «Таза Ел» мұра­жайын жабдықтаған. Бұл мұра­жайдың атауын тұлғалы ақынның өзі қойған. Оның негізі – халықтың ниетінің тазалығы, көңілі мен істерінің жақсылығы, табиғатты аялай білу. Ал «Таза Ел» идеясы – Жер-ананы аялап, таза ұстаудың кепілі болмақ. Мұражайға қойылған Олжекеңнің кітаптары, жеке заттары, ақынға түрлі ұжымдар мен жекелеген тұлғалар сыйлаған заттар, экспонаттар ақын өмірінің түрлі кезеңдерінен сыр шертеді. Көптеген тақырыптық стендтер ақын шығар­маларындағы қағидаттық ойлар мен негізгі идеяларды насихаттайды. «Таза Ел» мұражайында ерекше назар аударатын тақырып – қайраткер Олжас бастаған «Семей-Невада» қозғалысы. Қазақстанды ядролық қарудан азат аймаққа айналдыруға бағытталған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік саясатын жүзеге асырудағы Олжастың қызметі орасан зор. 1989 жылы басталған антиядролық «Невада-Семей» қозғалысын Қазақстан жұртшылығы қызу қолдағаны белгілі. Соның нәтижесінде 1949 жылдан бастап қазақ топырағын аяусыз улап келген полигон жабылды. Сөйтіп, Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу мәселесі бойынша әлемдік көшбасшы елдердің біріне айналып, «Ядролық сынақтарды тоқтатудан – ядролық қаруларды жоюға» ұранын ұстанды. Бұл әрекетті бүкіл адамзат тағдырына игі әсер ететін «Әлемдік бейбітшілікті нығайтудың қазақстандық үлгісі» деп қабылдаған жөн. Студенттер әлемдегі бейбітшілік жолындағы күрескер Олжастың және оның соңынан ерген антиядролық қозға­лыстың жарқын тарихымен танысады, ғибрат алып, саяси лидер болуд­ың қыр-сырын түсінеді. Мұнымен қатар, студент жас­тар арасында «Олжас оқуларын» өткізу дәстүрге айналып, институт жанындағы ғылыми орталықта ақын шығармашылығына жан-жақты талдау жасау үрдіске енген. Институт «ХХ ғасыр адамы» атымен аталғандықтан, ол бізге көп міндеттер жүктейді. Жыл сайын біздің ордамызда «Олжас оқулары» өтіп тұрады. Онда студенттер бес тілде – қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде Олжас Сүлейменовтің шығармаларынан үзінділер оқиды. Бүгінгі күні ұлттық зерттеу университетіне трансфор­мация­лануға қадам басып келе жатқан оқу орнымыз тәрбие жұмысын заманауи тұрғыдан ұлттық бағытта ұйымдастыруды қолға алды. Мы­салы, университет Қазақстан­ның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идея­­сы­­нан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығын құрды. Онда Президент атаған жеті жалпықазақстандық басты құндылықтарға сәйкес келетін, «Қазақстан жолы» тәрбие-білім беретін орталығының алдына қойған міндеттерді тікелей шешуге көмектесетін 7 жаңа тәрбие орталығы жұмыс істейді. Әрбір орталық Қазақстан қоғамының өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси мәселеге байланысты құры­лып отыр. Қазіргі уақытта инс­титут құрамындағы орталықтар мен тақырыптық мұражайлар Олжас шығармашылығы мен қайраткерлік қызметіне тікелей қатысты тың экспонаттармен, жаңа кітаптармен, сирек кездесетін фотосуреттермен толықтырылды. Оқу орнындағы шаралардың барлығы студенттік өзін өзі басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Демек, студенттер саяси өмірді басқарудың тәсілдерін осы бастан үйрене бас­тайды. Әр орталыққа университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты құрамына кіретін 4 кафедра және мәдениеттану кафедрасы әдістемелік көмек береді. Бұл бағытта университеттегі тәрбие жұмысы инновациялық әдіс-тәсілдермен жүргізілуде. Сондықтан біз жастарға үлгі боларлық аға буын өкілдерінің өнегелі істерін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Елбасы атап көрсеткен Мәңгілік Ел болудың басты шарты – ғылым мен білімдегі жетістік, оны өндірісте кеңінен қолдану. Осыны басшылыққа алған оқыту­шы-ғалымдар мен білім алушы жастарымыз халық үшін жаралған тұлғалардың игі істерін жалғастыратынына сеніміміз мол. Сексенге келсе де сергек жүрген Олжекеңнің волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студенттер арасында саламатты өмір салтын ұстанудың үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Биыл аталған халықаралық турнирдің университет қабырғасында өткізіліп келе жатқанына 10 жыл толып отыр. Университетіміздің спорт кешенінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл турнирлерге Олжекең өзі ойнайтын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің волейбол командасымен бірге «Ардагер-Тараз», «Сарыарқа-Астана», Еуразиялық технологиялық университет, «Талдықорған жолдары», Шымкенттен «Ардагер», Петропавлдан «Есіл», Павлодардан «Павлодар ВК», Ақтөбеден «Каз­хром», Қызылордадан «Дихан», сонымен қатар, Ресейден «Байқоңыр», Өзбекстаннан «Ни­зами ТМПУ» және Қырғызстан мен Қытайдағы қандастарымыздан құралған ардагер волейболшылар ұжымдары да белсене қатысып келеді. Қалыптасқан дәстүрді бұзбай, ақсақалдық жасына қарамастан бұл жарыстарға Олжекеңнің өзі де қатысып, шебер ойын көрсетіп келеді. Университет Олжас Омар­ұлының 80 жылдық мерейтойына үлкен дайындықпен келіп отыр. Осы орайда 18 мамыр күні оқу ордамызда Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің 80 жасқа толуына байланысты «Ұлтаралық және тілдік толеранттылық» деген атпен Студенттер форумы өткізіледі. Ақынның өзі қатысатын шараға белгілі ғалымдар, қаламгерлер, мәдениет және өнер майталмандары, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенділері, ақын шығармаларын дәріптеп жүрген жоғары оқу орындарының студенттері шақырылды. Шараның мақсаты – О.Сүлейменов шы­ғар­маларын жастар арасында насихаттау, оның жаһандық және ізгілік дүниетанымының мән-мағынасы мен мазмұнын түсіндіру, студенттердің мәдениет құндылықтарына қызығушылығын арттыру, жастарды тұлға арқылы тәрбиелеп, ұлтжанды азамат етіп қалыптастыру. Сырт көзге қарағанда, ауыл шаруашылығы мамандығын игеріп жатқан студенттеріміз өнер мен әдебиеттен алыста жүргендей көрінуі мүмкін. Десек те, бізде де талантты жастар баршылық. Осын­дай ірі қайраткер тұлғаның жастардың арасына келіп, пікір­лесуі оларды қанаттандырып, жігерлендіреді. Студенттердің әлемдік мәселелерге араласып жүрген Олжастың әңгімелерін өз аузынан естуінің үлкен тәрбиелік және тағылымдық мәні бар. Ақынның шығармаларымен танысқан са­йын әрі әрбір кездесуден соң жас­тар жаһандық қайшылықтар мен қауіптердің мән-мағынасын терең ұғынуға мүмкіндік алады. Олжастың әлемдегі мәдениеттер үндестігі, тілдердің өзара байланыстылығы мен байытылуы, ұлттық болмыстың жаһандану заманындағы болашағы туралы ой-пікірлері мен әлем халықтарының тағдырына қатысты мәселелер жастарымыз үшін өте маңызды. Халқымыздың тамырлы тарихын тану жолында адамзаттың ақынына айналған Олжастың қаламынан «АЗиЯ», «Қыш кітабы», «1001 сөз», «Сөз коды» атты терең мағыналы зерттеу еңбектері туып, қаншама ғасырдың қатпарлары аршылды?! Өзекті қоғамдық-саяси мәні бар және оқырманға тарих пен тілдердің шығуы туралы молынан мағлұмат беретін, лингвистикаға олжа салған бұл кітаптар қалың оқырман үшін, әсіресе, бүгінгі жастардың рухани, ұлттық сана-сезіміне серпіліс беруде. Осы орайда университетіміздегі О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты көрнекті ақынның тың дүниелері мен тұлғалық ерекше қасиеттерін студент жастарға кеңінен насихаттап, оларды интеллектуалды түрғыдан қалыптастырып, жетілдіру бағытындағы жемісті жұмыстарын жүйелі түрде жал­ғастыра бермек. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Алматы