18 Мамыр, 2016

Арыз қайтсе қаралады?

412 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
адамЗаман өзгеріп, халықтың жағдайы жақсара түсті деп қазір күнде айтылады. Ол рас. Бірақ заман өзгеріп, тәуел­сіздігіміз нығайған сайын, өз қолымыз өз аузымызға жеткен са­йын жалпы жағдай да жақ­сара түсуі қажет. Бұл солай болуға тиіс заңдылық. Алайда, сол жақсылықтардың бәрін көле­гейлейтін кемшіліктердің де қатары көбейіп бара жатқаны жанды ауыртпай қоймайды. Халық мемлекеттің жан-жақты дамуына өздерінің де жеке шаруашылықтарын дөңгеле­тіп, жұмыс істеп тұрмыс күйін, әл-ауқатын жақсартуымен ортақ іске үлес қосып жатқанын түсінеді. Бірақ осы істі талап деңгейінде атқару барысында небір шенеуніктердің нем­құрайлылығы салдарынан аяқ­тан шалар, қолбайлар келең­сіздік­тер де балаққа жабысып, адым аштырмай қояды. Ондайда қара­­пайым азаматтарға не істеу қажет? Өтініш, арыздарын қайда жол­дағандары жөн? Міне, осы орайда біз өтініш­терді қарау мен азаматтарды жеке қабылдау Бас прокуратураның құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қадағалау органы қызметкерінің жұмысында маңызды орын алатындығын айтқымыз келеді. Бүгінгі күні ақпараттық технологиялардың тұрақты өсуі мен құқық сала­сының дамуы кезінде Бас прокуратура республика азамат­тарының өтініштерін қарау мәселесін жеңілдетуге байланысты шаралар қабылдады. Ал бұл туралы бізге Бас про­куратураның Өтініштерді қарау бойынша заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу депар­таментінің бастығы Жанар Мұхам­медрахымқызы қадағалау органдарына өтініш жазуда жаңартылған жүйенің тиімділігі мен жаңалығы туралы түсіндіріп берді. Жанар Мұхаммедрахым­қызының айтуынша, про­куратураға өтініш берудің халық үшін жеті тәсілі ұсы­нылады екен. Қазір азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдері өздерінің өтініштерін облыстық халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қаз­почта» АҚ бөлімшелері, Бас Прокурор мен облыс прокурорларының блогтары, «115.kz» немесе «Электронды үкімет» порталдары немесе тікелей прокуратура органдары арқылы, оның ішінде прокуратура жетекшісінің жеке қабылдауы кезінде бере алады. Бұл өтініш беру тәсілдерінің кейбірі халық үшін өте ыңғайлы әрі пайдалы, одан бұрын уақыт пен материалдық қажеттілікті үнемдеуде көмегі зор. Бірақ ең бастысы, азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда жедел әрекет етуге, оларға қажетті ақпаратты тез әрі ыңғайлы түрде беруге жағдай жасайды. Сондай-ақ, Бас про­куратураның Call-орталығын азаматтардың қадағалау органына өтініш білдірудегі тиімді тәсілі деп атайды. Call-орталыққа еліміздің кез келген жерінен ұялы немесе стационарлы телефоннан тегін 115 нөмірі арқылы хабарласуға болатыны құптарлық жағдай. Орталық желісі 2011 жылдың тамыз айында іске қосылған. Ол шағымның алты түрін қарастырады: қылмыстық қудалау орган­дарының қызметіне, кәсіп­керлер құқықтарының және азаматтардың еңбек құқық­тарының бұзылуына, білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерге, тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсету кезінде заңсыз төлем алуға және прокуратура органдары қызметкерлерінің жемқорлық сипатындағы әрекеттеріне шағымдану. Сонымен қоса, Call-орталық анықтамалық сипаттағы ақпаратты береді, прокуратура органдарының қызметі туралы ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды және тіркейді, мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібін түсіндіреді. Бұл орайда «Азаматтардың ақпаратқа жедел қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін біз қазіргі таңда кез келген қоңырауларға жауап береміз. Одан басқа, балалар, әйелдер және мүгедектер құқықтарын қорғау туралы өтініштерді тіркеу тізімін ке­ңейту керек деп шештік. Өткен жыл мен 2016 жылдың үш айы ішінде орталыққа 82 мыңнан астам қазақстандық хабарласқан. Олардың 52 мыңы ақпараттық сипаттағы қоңыраулар: адамдар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мекенжайларын және олардың сенім телефондарын сұраған және т.б. Сонымен қатар, бізге өз өтініштерінің қаралу барысын қадағалап отыр­ған азаматтардан 25 мың қоңырау түскен, 5 мыңнан астам адам прокуратура органдарының мемлекеттік қызмет көрсетуінің тәртібін түсіндіруді сұраған», дейді Жанар Ілияс. Өткен жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Call-орталыққа түскен өтініштер бойынша прокуратура органдары жалпы сомасы 131 млн. теңгені құрайтын кешіктірілген еңбекақының өтелуін қамта­масыз еткен көрінеді. Мысалға, 2016 жылғы 4 ақпан күні Call-орталыққа хабарласқан Төлебай есімді азамат өзінің еңбек құқығын қорғауға өтініш білдіруіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдары қабылдаған шаралар бойынша бір айдан кейін, яғни 2 наурыз күні «Denaraxsaz corporation» және «Denaraxsaz Kazakhstan» ЖШС 350 жұмыскердің алдында 50 млн. теңге көлеміндегі еңбекақы қарызын өтеген. Сол сияқты тек Алматы қаласының прокуратура қазметкерлерінің араласуымен «Марум Жар Голд» ЖШС-нің басшылығы өз жұмыскерлеріне 27,9 млн. теңге мөлшерінде еңбекақы төлеген. Расы керек, соңғы жыл­дардағы статистика бойынша прокуратура органдарына 300 мыңға жуық, кейде одан да көп өтініш түседі, жалпы аталмыш көрсеткіш жыл сайын өсуде. Мәселен, 2013 жылдан бастап Бас прокурор мен облыс прокурорларының порталдарына түскен электронды өтініштер саны 60 пайызға өскен, анықталған барлық заң бұзушылықтарға байланысты ықпал ету шаралары қолданылған. Осылайша, өткен жылдың соңында Қостанай облысы Рудный қаласы ІІБ қызметкерлерінің саусақтардың таңбасын негізсіз алуға қатысты заңнан тыс әрекеттеріне байланыс­ты Василенков есімді блогты қолданушының дәлелде­мелері расталған. Кінәлі лауа­зымды тұлғаларға қатысты прокурорлық ықпал ету шараларымен іс қозғалған. «Біздің талдау көрсеткендей, арызданушылардың көбі азаматтық және қылмыстық процеске қатысушылар, яғни айыпталушылар, сотталушылар, адвокаттар, қорғаушылар, жәбірленушілер, талапкер, не жауапкерлер және олардың өкілдері болып табылады. Ең аз бөлігін түрлі кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар құрайды. Арызданушылардың өтініштердегі қоятын сұрақ­тарының аясы кең: 40 пайыздан астамы қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері (әрекетсіздік) мен актілеріне қатысты шағымдар, 30 пайызы әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты өтініштер, 10 пайызы сот актілерінің заңдылығы және олардың орындалмауына қатысты түскен шағымдар», дейді департамент бастығы. Көтеріліп отырған мәселелер мен заңнама талаптарына сәйкес, прокурорлар негізінен түсіндіру береді екен, олар 67 пайыздан жоғары. Қанағаттандырылған өтініштер 15-17 пайызды құраса, қабылданбағандар саны 17 пайызға жуық. Сонда 2013 жылдан бергі прокурорлар қарастырған өтініштер қорытындысы бойынша, 11 мыңнан астам прокурорлық қадағалау актілері енгізілген, нәтижесінде 6 мыңнан астам лауазымды тұлғалар түрлі жауап­кершілікке тартылған. Бұрын өтініштер бірнеше рет қалалық-аудандық прокуратураларда, кейіннен облыстық прокуратурада қаралатын. Осы сатылардан өткеннен кейін ғана арызданушы бас қадағалау органына өтініш білдіре алатын еді. Ал қазір түсіндіру және бас тарту сипатындағы жауаптарды қалалық, аудандық прокуратураларда тек прокурор, ал облыс прокуратураларында облыс прокуроры мен оның орынбасары бере алады, яғни қабылданған шаралар бойынша өтініштерді қарастырудың көп сатылы рәсімі қысқартылды. Сонымен қатар, облыс про­куратурасының төменгі про­куратураларға қайта жасалған өтініштерді жіберу тәртібі өзгертілді, енді мұндай өті­ніштер бақылауға алына оты­рып, қарастыру қоры­тындысы туралы қалалық-аудандық арнайы прокурордың қолымен ақпарат беру талабымен жол­данатын болады. Одан басқа, азаматтардың өтініш беруіне қолайлы жағдай жасау және уақытын үнемдеу үшін өтініштердің үлгілері де жасалған, бұл азаматтардың үйде отырып-ақ интернет желісі арқылы дайын бланк­те өз дәлелдемелерін жазып, оны прокуратураның қарауына жіберу үшін ыңғайлы болмақ. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»