Жақында Қазақстан Республикасының арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, елші Бағдат Әміреев Браззавиль қаласында болып, онда оны Конго Республикасының президенті Дени Сассу Нгессо қабылдады.
Б.Әміреев Конго мемлекеті басшысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің кандидатурасын 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қолдау туралы жолдауын табыс етті. Екіжақты әңгіме барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты халықаралық ұйымдар аясында дамытудың перспективаларын талқылады.
Конго президенті Қазақстанның мемлекеттік құрылыс жүргізу, экономиканы дамыту мен теңдестірілген сыртқы саясат түзудегі табыстарын жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық және діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану мен өркениеттердің жаһандық үнқатысуын ілгерілету ісіне қосқан үлесі үлкен екенін атап өтті.
Қазақстандық дипломат өз кезегінде Конго көшбасшысына Қазақстанның халықаралық ұйымдар шеңберіндегі сыртқы саяси бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Конго арасында сауда-экономикалық байланыстар саласында сындарлы ынтымақтастық орнайтынына сенімді екенін көлденең тартты.
Елші Б.Әміреев пен президент Д.Нгессоның кездесуі екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі алғашқы ресми кездесу болды және достық рәуіште өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы елшісі және Қазақстан Республикасының Африка одағындағы Тұрақты өкілі Ерлік Әли қатысты.
«Егемен-ақпарат»