Кеше Астанада Қазақстанның Еуропалық бизнес ассоциациясының ұйытқы болуымен еліміздің инвестициялық климатын жақсарту тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, «Kaznex Invest» АҚ басқарма төрағасы Б.Жанғоразов, сондай-ақ, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, елімізде жүрген шетелдік консулдар, халықаралық бизнес-ассоциациялардың өкілдері қатысты.
Шара барысында еліміздің инвестициялық климатын жақсарту және екіжақты ынтымақтастықты жандандыру бағытындағы шетелдік бизнес-қауымдастық үшін маңызды мәселелер талқыға салынды. Мәселен, жиында сөз алған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстанның мейлінше ашықтық және тұрақтылық саясатын ұстанып келе жатқанын, бұл өз кезегінде өзге елден инвестицияның барынша көп ағылуына негіз болып отырғанын жеткізді.
«Соңғы 11 жыл ішінде инвестициялық климатты жақсарту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанға тікелей келген инвестицияның көлемі 212 млрд. АҚШ долларын құрады. 2010 жылы басталған Индустрияландыру бағдарламасы инвестиция құрылымын өзгертуге мүмкіндік берді. Ол өз кезегінде өңдеу секторына оң ықпалын тигізді. Биылғы жылы бірқатар инвесторлардың қолдауымен жалпы құны 78 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба бойынша жұмыс жүргізу қолға алынады», – деді Ә.Исекешев. Cондай-ақ, ол қазіргі таңда Қазақстанда тек қана өңдеу саласында 168-ге тарта инвестор жұмыс атқарып жатқанына, олардың шамамен 70 пайызға жуығы Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде келгеніне тоқталды.
«30-ға жуық инвестор өз жұмыстарын кеңейтуді және өңдеу саласында жаңа жобаларға инвестиция құюды қолға алуда. 2016 жылы 3 жоба қолданысқа берілді, тағы 6 жоба жақын уақытта дайын болады. Бұл қазіргідей қаржылық дағдарыс жағдайына қарамастан, еліміздің инвестициялық климатының жақсы екенін көрсетеді», – деді ол.
Ал «Kaznex Invest» АҚ басқарма төрағасы Б.Жанғоразов 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Инвестициялар және даму министрлігі инвестор үшін «бір терезе» қағидатын енгізгенін, яғни барлық лицензияны, басқа да құжаттарды осы «терезеден» алуға болатынын, олар Қазақстанның барлық облыс орталығында құрылғанын айтты. Сонымен қатар, ол инвестицияны тартудың 3 деңгейлі жүйесі құрылғанына, қазіргі таңда 200-ге жуық шетелдік бастама аясында жұмыстар жүргізіп жатқанына тоқталды.
Galaksi Group компаниясының бас директоры Фатих Узуноғлу Қазақстанда жасалған қолайлы инвестициялық ахуал үшін Қазақстан Президентіне алғысын айтты. Бұған қоса, ол 2006 жылдан бері аталған компанияның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 5 млн. АҚШ долларын құрайтын бірнеше жобаны қолға алғанын, соның нәтижесінде 700 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»