өзгелерге әңгіртаяқ ойнатқан шенеунік жазасын алды
Есіл ауданы прокуратурасының ұйғарымымен аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Т.Бектасов қызметінен аластатылды. Мемлекеттік қызмет этикалық кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны үшін ол тиісті жазасын алды.
Кіші шенеунік кешкі уақытта үйінде жұтып алғаны аздай «Түркістан» ойын-сауық орталығына келіп, өзгелерге әңгіртаяқ ойнатқан. Қоғамдық орынға келгеннен кейін жалпыға ортақ тәртіпті сақтап, бетегеден биік, жусаннан аласа болып отырудың орнына демалушылардың берекесін кетірген. Темекі тартып, ішімдік ішуді бей-берекет жалғастырған. Орынды ескертулерге құлақ асудың орнына асау аттай ер-тоқымын бауырына ала тулап, дәмхана қызметкерлерін балағаттап, қорқытып, үркіткен. Даяшыларға дене жарақатын келтірген. А.Медведеваның бетін жаралаған.
Оның шектен шыққан «еркелігіне» шыдамаған ойын-сауық орталығының әкімшісі полиция өкілдерін шақыртуға мәжбүр болған. Сөйтіп қана «ақмағамбеттің» буына мастанып, айналасындағылардың әбден мазасын алған сабазды сабасына түсірген. Медициналық сараптама оның мас болғанын айғақтаған.
Осы факт бойынша прокуратура іс қозғап, заңсыздықтарды жою туралы аудандық әкімдікке ұсыныс жолдаған. Прокурорлық ықпал ету актісінің қорытындысы бойынша білім бөлімі басшысының бұйрығымен Т. Бектасов қызметінен босатылған.
Бақыт РАМАЗАН,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы