Ерен ерінің еңбегін елеуден әсте танбайтын жетісулықтар Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында грек-рим күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 65 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнир өткізді. Жарысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп ашты.
«Бүгінгі жарыстың жас ұрпақтың спортқа деген ынтасын арттыру мен саламатты өмір салтын қалыптастыруда рөлі өте зор. Бойындағы қайраты мен жігерін қазақ елінің абыройын асқақтатуға арнаған Жақсылық Үшкемпіров қазақ жастары үшін үлгі-өнеге. «Ер сыншысы – елі. Елін сүйген ер болар» деген сөз Жетісудың төл перзенті біздің балуанымызға арнап айтылғандай», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, елімізге танымал тұлғалар Жақсылық Үшкемпіровті орталарына ала тұрып жастарға үлгі етіп, ыстық ықыластарын білдірді.
Турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Армения мемлекеттерінің жас балуандары қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында еркін күрестен Атланта-1996 Олимпия ойындарының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, мерейтой иесінің бапкері Ром Ильматов, «Zhersu» корпорациясының төрағасы, Қазақстан күрес федерациясының аймақтарды дамыту жөніндегі вице-президенті Бауыржан Оспанов болды. Өткен күндер белгісін айшықтаған бейнефильмде Жақсылық Үшкемпіровтің 1975, 1980 жылдары КСРО және Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, 1981 жылы Әлем чемпионы, 1982 жылы Әлем кубогының күміс жүлдегері атағын жеңіп алған мерейлі сәттері көрсетілді.
Екі күнге созылған дүбірлі жарыста Илхом Бахромов (Өзбекстан, 50 кг.), Ғалым Қабдунасыров (Алматы облысы, 55 кг.), Айдос Сұлтанғали (Қызылорда, 60 кг.), Есенаман Бағжанов (Ақтөбе облысы, 66 кг.), Қаһарман Кисметов (Атырау, 74 кг.), Санжар Темірбек (Алматы облысы, 84 кг.), Саркис Пшеничников (Қостанай, 96 кг.), Данияр Марвен (Алматы қаласы, 120 кг.) чемпион атағын жеңіп алды. Ал мінсіз техникасы үшін Айдос Сұлтанғалиға «Ең үздік балуан» атағы берілді.
Мерейтой иесіне Алматы облысының атынан Талдықорған қаласынан пәтер кілті, ал Қазақстан күрес федерациясынан автокөлік сыйға тартылды.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Талдықорған