Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ:
Қолдан келіп тұрса-дағы қалайда,
Адамдарды алдағам жоқ алайда...
Бісміллә!
Алыс жаққа жорытқанда,
Жорықтарда бөгіп қанға,
Жүрегімді суыттым.
Айлам бар ма –
Айлап, жылдап майдандарда,
Ашу, ыза бойды алғанда,
Өзімді өзім ұмыттым...
Ер үстінде туған едім,
Шынжырымен матап мені,
Бара жатыр бунап Өлім.
Ата жауым қара жаяу қалдырды,
Мойыныма
Итке ұқсатып, қарғыбауын салдырды.
Ұмытармын –
Қас тұлпардан тамған тердің иісін.
Ұмыт қалар зынданда,
Ұрандаған ұрысым.
Ал, таңертең, бөлшектеп
Отқа тастар тәнімді,
Ұмыттырып сол бір тарлан шағымды...
Ұмытармын –
жарларымның қылығын,
Жалаң қылыш секілді едім – құрыдым.
Тот басты да жарқылдаған жүзімді,
Өз жүрегім жылан сынды көмейіме тығылды.
Өкінішті-ақ!
Ет жүрегім – тілім-тілім, жаралы...
Барлығын да ұмытармын –
Кескілескен майданды,
Отқа оранған Даланы.
Бәрі, бәрі қалады:
Көмейімді кернеп шыққан ұраным да,
Құтқарушы – Құраным да...
Иә, Әруақ!
Шөл далаға айдың нұры төгіліп,
Буралар жүр інгендерге емініп...
Қазақтардың қазанында сүт пісіп,
Бірін-бірі жұлқиды иттер іші пысып...
Ал, мен болсам зындандамын, обал-ақ:
Соңғы күлше секілденіп жарық ай,
Алақанға келе жатыр домалап...
Анама
Не туралы бұл ауыл?
Махаббат пен
Ашық аспан астындағы Өмір жайлы –
Мәңгілікке сөндірмейтін шырағын.
Асықпайтын кешқұрым шақ,
Шақыр мені, аралауға
Қиялымның мен көрмеген тұрағын.
Көктемдегі торғайдай,
Әлде күзгі қаздардай,
Қанатарым жарты әлемді шарлап ұшты асығып,
Лимпопоның өзеніне қауырсынын батырып.
Цейлон жақтан соққан тәтті желге де,
Құлаш сермеп, асылып...
Не туралы мына жол?
Өзіңдікін дұрыс десең –
Өзімшілге сына бол:
Пайғамбардың әкесі емес, бірақ ол.
Жуас болғын жуаспен:
Құл ғып оны жұмсамағын бірақ сен.
Мен де солай істегенмін, расында:
Ант етемін, қара жол!
Көмек қолын соза алмадым бәріне,
Мен Бір Құдай емеспін ғой әрине.
Қауқар бар ма жалғыз-жаяу ақында?
Бар сұрақтың таба алмадым жауабын,
Қолдан келіп тұрса-дағы қалайда,
Адамдарды алдағам жоқ алайда...
Аударған Алмат ИСӘДІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі