18 Мамыр, 2016

Жері байдың – елі бай

709 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жерді игеруге іскер азаматтарды жұмылдырайық

BEK_1431Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бүгінгі бас қосқан зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысы – бір-бір төбе. Осы отырғанымыздың әрбірі халықтың арасында бүгінгі жерге қатысты мәселені түсіндіруіміз керек болып тұр. Қазақ сабырлы болғанымен, жер мәселесіне сергек, салиқалы қарайтын халық. Біз «халық әртісі», «халық жазушысы» ғана емес, сол халықтың өзіміз бір бөлшегіміз. Сондықтан, ел ішіндегі іскер азаматтарды ұйымдастыруымыз керек. Мен жақында қазақтың қолынан іс келетін еті тірі жігіттерін ұйымдастырып, жер игеру ісіне жұмылдырмақшымын. Мына сын сағатта отандық өнер, мәдениет, әдебиет пен руханиятқа еңбегі сіңген қайраткерлер ел ішіндегі азаматтарды үгіттей жүріп, халыққа жердің жайын түсіндіруіміз керек. Мораторийді пайдалана отырып, жалға беру мәселесінің халыққа пайдалы, зиян тұстарын анықтауымыз қажет. Егер ел игілігіне жарап жатса, онда мемлекет басқарып отырған адамдар оны да ескеретіні сөзсіз. Жер сатылмасын. Жерді өңдейік, өнім алайық. Игілігін халқымыз көруі керек! Мен қазақтың барша зиялы қауымын, іскер азаматтарын, әрбір жасын бұл мәселеге сындарлы, байыпты әрі сауатты қарауға шақырамын.

Тәуелсіздігіміз Жер-Анамызбен тікелей байланысты

СултанСұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Бізге тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. Бұл жолда ел азаматтары, билік басында жүрген тұлғалар көп еңбектенді, көп толғанды. Тәуел­сіздік пен тұрақтылық, бүгінгі өсу-өркен­деуге бет бұрған тірші­лігіміз қазақтай дарқан да кең, сабырлы да салиқалы халқымыздың пейіліне орай берілген құндылық. Бүгінгі ел азаматтары мен зиялы қауым өкілдері билікті қолдаймыз ғой деген сеніммен ғана өмір сүрмей, ел ішіне, халықтың арасына сол биліктің үнін жеткізіп, ел басқарған азаматтарымыздың ұстанған саясаты мен игі жос­парларын тиянақты түсіндіруіміз керек. Мен өз тағдырыма ризамын. Неге десеңіз, дүниежүзін­де 149 тәуелсіз мемлекет болатын болса, соның ішінде Қазақстан да тұр. Әлемде 7,5 миллиард халық бар, сол халық 5 мыңнан астам тілде сөйлейді. Осынша халықтың ішінде өз егемендігін ала алмаған елдер бар, өз тілін ұмытқан ұлттар бар. Біздің қазақ халқының ынтасы, пейілі – тәуелсіздік пен өрісті өмір болатын болса, онда бәріне де уақыт та, өмір де жетеді деп ойлаймын. Жер мәселесіне алыпұшқан көңілмен, асығыс шешім қабылдап жіберумен қарауға болмайды. Өйткені, біздің Жеріміз, біздің Отанымыз – тәуелсіздігіміздің бесігі. Өз жерінде отырса да өзгеге тәуелді елдер бар. Бізге Жарат­қан­ның өзі сый етіп берген тәуелсіздігімізді сақтап қана қоймай, оны баянды ету жолында, халқымызды бақуат­ты елге айналдыру мақсатында бүкіл халық бір кісідей жұмыла қимылдауымыз керек. «Халық сұраса, хан түйесін сояды» деп ата-бабамыз көркем суреттегендей, міне, Елбасымыз мораторий жариялап, жер мәселесі жөнінде халықтың тілегі мен ұсынысына айрықша көңіл қойып отыр. Осы сәтте, біздер, қалың бұқараның аманатын арқалаған қауым Ел мен Елбасы арасындағы алтын арқауды бекемдей түсіп, жер тағдырының ұлт игілігіне шешілуін қамтамасыз етуіміз қажет.

Тоздырмай тыңайта отырып игілігін көруіміз керек

 Әлия БЕЙСЕНОВАӘлия БЕЙСЕНОВА, ҚР ҰҒА академигі, география ғылымдарының докторы Қазақстан жерінің, 100 па­йыз­дық өлшеммен алғанда, 23 па­йызы шөл және шөлейтті аймақ, 12 пайызы полигон аумағы, 10 па­йы­зы таудың жыралары мен төбелері, сондай-ақ, естеріңізде болса, кеңес кезеңінде жерді жаппай игереміз деп бір жыл миллиард тонна астық алдық та, артынан жерді тоздырып алып, күні бүгінге дейін сол жерді қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып келеміз. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Жер сатыла ма?» деген сауал әр азаматтың жанын ауыртатын мәселе екендігі анық. Шетелдік мамандар біздің полигоннан қалған жерлерімізді игере қоймас, оны тыңайта қоймас. Бүгінгі таңда халықты аса алаңдатып отырғаны да жерімізге сырттан біреулер келіп, үй тігіп, асты-үстіндегі байлығын төгіп-шашып, талан-тараж қыла ма деген қауіп. Біздің Іле Алатауы, Алтай тауы мен Қаратау қазақтың байлық-қазынасы ғой. Осындай тауларымызды қалай ғана игереміз деген сұрақ бүгінгі таңда үлкен мәселе болып тұр. Таяуда Назарбаев Университеттегі қаншама жеріміздің шөлейттеніп бара жатқандығы, даланы жайлап бара жатқан шөлді, сусыған құмды тоқтату проблемаларын талқыға салды. Тәуелсіз ел болғаннан бері игеріліп келе жатқан Каспий маңының қазіргі жай-күйін картаға түсіріп, Елбасының қарауына тапсырдық. Ол кісі қазақ жерінің кешегісі мен бүгінгісі туралы барша ақпаратқа қанық. Қазір Қазақстанда игеріліп отырған жер – Солтүстік Қазақстанның жазық өлкесі мен Оңтүстік Қазақстанның, оның ішінде, Алматы облысының суармалы аймақтары. Жиырма жыл игерілген жер, келесі жиырма жылда тыңайтылуы керек. Ал біз егемендік алған ширек ғасырда бірде-бір рет жерімізді тыңайтқан жоқпыз. Азғантай қалталы кісілер жүз мыңдап алып алған құнарлы жерлер еш игерілместен, еш тыңайтылмастан босқа тозып бара жатыр. Елбасының да айтып жүрген сөзі, назарға алған ісі осы. Біз қазақ жерін қоршап қойып, қолдан тоз-тозын шығармай, оның қыртысын, құрамын зерттей отырып, пайдаға жарата білгеніміз жөн.

Нарықтың заңымен санасатын уақыт жетті

BEK_1540Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Әрине, тәуелсіздік алып келген және әлем бағынып отырған нарықтық экономиканың өзіндік заңдылықтары бар. Оның талаптарымен санасатын уақыт баяғыда жеткен. Кез келген нысанның өз иесі болуы керек, оның ішінде жер де бар. Жердің иесі болған кезде ғана оның тиімділігі де өнімділігі де артады. Ендігі жерде сол нарықтың заңын халықтың болмысына, дәстүрлеріне орайластыра отырып, дұрыс шешімдер қабылдауымыз қажет. Бүгін Құнанбай бабамыздың «Ел өседі, мал өседі, бірақ жер өспейді» деген сөздерін де еске алып жатырмыз.  Енді сол жерді келешегіміз үшін қалай сақтап қаламыз? Жеріміздің тұтастығын сақтай отырып, ұлан-байтақ даламызды халқымызға қалай қызмет еткіземіз деген сауалдар туындауда. Бүгінгі алқалы жиында ел зиялылары өз білгендерін ортаға салуда. Бүкпесіз көзқарастар айтылуда. Жай байбаламнан гөрі, ғалымдардың ғылымға негізделген кешенді ойлары да естіліп жатыр. Осы айтылған өзекті ұсыныс-пікірлер жерге байланысты құрылған комиссияның қаперінде болып, асығыс және қате қадамдардың алдын алады деп ойлаймыз. Сондықтан да осы басқосудың өзектілігі өте зор. Қандай ой ортаға салынса да алдымен халықтың көкейіндегі сөз айтылып және ол алда қабылданатын шешімдерге оң ықпалын тигізеді деп күтеміз.

Мәңгілік болуды мұрат тұтқан елміз

BEK_1539Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы Біз бүгін зиялы қауым ортасында отырмыз. Тәуелсіздіктің кепілі – жер, ел, тіл, дін, діл деген бес ұғым бар болса, оның бірі де және ең үлкені де – жер. Табанымыздың астындағы жер сатылады дегеннен кейін бұл мәселені түсінетіндер де, түсінбейтіндер де орындарынан өре түрегелген жағдайы бар. Өйткені, бұл жер – мыңдаған жыл бойы бабаларымыз, батырларымыз  қан төккен жер. Бұл – киелі жер, бұл – қасиетті жер. Жер – біздің Анамыз! Мұны саясаткерлеріміз де түсінуі керек. Халықтың неге алаңдап отырғанын түсінбей, оған кедергі жасаудың қажеті жоқ. Мұны халыққа жақсылап тұрып түсіндіру қажет. Бұл жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары да ашық болуы тиіс. Шама келгенше Қазақстан халқы өз жеріне ие болуы керек деп ойлаймын. Оны өңдеп, ата-баба аманаты ретінде қастерлеп, тоздырмай ұстау, өнім алу – әрбір қазақстандықтың міндеті.

Жер тіріде – төрің, өлгенде – көрің

Сәбит ДОСАНОВСәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Егер бейнелеп айтатын болсақ, мем­лекет деген алып бәйтерек болса, жер – сол бәйтеректің тамы­ры. Жер болмаса, бәйтерек қай­­­да тамырын жаяды? Бұл – ба­сы ашық мәселе.  Бұдан бір ғасыр бұ­рын Жан Жак Руссо да кез келген мемлекеттің өмір сүруінің ке­пі­лі ауыл шаруашылығы екендігін айтқан.  Ауыл шаруа­шы­лығы да, бүкіл тірлігіміз бен өнеріміз де жерге байланысты. Бұған дейін ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Жерсіз күнің қараң» деп пікірімді жазғанмын. Барлық қиын түйінді тәуелсіздігіміздің барлық тұсында Елбасымыз көрегендікпен тарқатып отырды. Небір күрделі шешімдер қабылдауға талай рет тура келген. Осы жолы да Президентіміз кезекті рет парасатты шешім қабылдап, халыққа кеңінен кеңесіп алуға мүмкіндік туғызып отыр. Жерге байланысты әлі де түсініспеушіліктер бар. Жай­лауда жүрген малшы, егістікте жүрген шаруа күн­де газет оқып, теледидар тамашалап отырған жоқ. Сон­дық­тан, тағы да қосымша шара ретінде комис­сия мүше­лері болсын, зиялы қауым, журналистер бол­сын жер-жер­лер­ге, ел арасына, өңірлерге шығып, жұрт­шы­лық­пен кеңесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жер­мен тікелей жұмыс жасап жатқан жандардың мұң-зарын, тілектерін тыңдаса деймін. Халықты алаңдатып отыр­ған жайт­тар ашық жарияланып, билікке толығымен жет­кі­зі­ліп, тү­бе­гейлі шешім қабылдауда осының бәрі ескерілсе екен деймін.

Талқылау барысында толықтырылсын

 Хангелді ӘБЖАНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор «Жері байдың – елі бай» дейді. Жерің болмаса, мемлекетің де жоқ, елің де жоқ. Жердің тағдыры – қарапайым адамға да, мемлекет басшысына да бірдей салмақ салып, толғандыратын мәселе. Елбасының мораторий жариялауы Жер кодексі баптарының кемшін түсіп, жетпей жатқан тұстарын осындай талқылау барысында толықтырады ғой деген ойдамын. Астанада Жер реформасына қатысты құрылған комиссия ендігі жерде Қазақстан Республикасының Конституциясы талаптарына сүйене отырып еліміздің түкпір-түкпірінде түсіндіру жұмыстарын дәл бүгінгідей, дөңгелек үстел басындағыдай пікірталас жүргізеді ғой деген ойдамын.

Түйткілді мәселенің түйіні шешілгендей...

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Елбасымыздың көре­ген­дігін, елмен бірге екендігін оның соңғы аптада жасаған саяси қадамы айқын көрсетіп отыр. Қазақ өмірінде сонау ықылым заманнан бері қарай жер дауы маңызды орынға ие. Әрі ол еш уақытта басылмаған. Пре­зиденттің жерге қатысты мәселеге аса сақ әрі мұқият болуды міндеттей келіп, оны кешегі арнайы құрылған Жер реформасы бойынша ко­мис­сияға тапсырып, мораторий жария­лауы осыған сая­ды. Оның үстіне, ешқандай да түйткілді мәселе халықпен ақылдаспай жасалмайды деген сөздері де халықтың көкейіне қонады. Менің өз басым да бұған өте-мөте қуандым. Елбасының ұлты үшін, халқы үшін осынау тәуел­сіздік алған ширек ғасырдың ішін­де басын сан рет тәуекелге тіккенін біле­міз, көріп те жүрміз. Жер мәселесіне қа­тысты Прези­денттің «Біз халыққа ұна­майтын заңға зәру емеспіз» деген ше­шімді сөзі туған халқының оған деген сенімін одан са­йын нығайтары хақ. Әсте «Жел тұрмаса шөптің басы қи­мыл­­дамайды», ілкі бір сәтте біздің ішкі-сырт­қы «жана­шыр­ларымыздың «жоқтан өз­ге­ні жалаулатып ала кеткені де болу ке­рек... Бүгінгі алқалы жиналыста түйт­кіл­ді мәселенің түйіні шешілгендей болды. Қазақстан Республикасы Жер ко­дек­сінің нормаларын түсіндіру жұмыстары еліміздің әр түкпірінде дәл осындай, бүгінгідей мазмұнмен өтсе, біздің халық мәселенің мәнісіне тез арада қанығады ғой деген сенімдемін. Сондықтан, елі­міздің әр шалғайында тереңнен түсін­діру жұмыстары толастамауы тиіс. Ал оны халықтың жетесіне жеткізе алатындардың табылатынына күмәнім жоқ.