Біздің облысқа Болат Бақауовтың әкім болып тағайындалғанына көп уақыт өткен жоқ. Сөйтіп, әдеттегідей жиындар, әкімдік отырыстары, брифингтер, кездесулер басталды. Олар да керек шығар. Бірақ, сол басқосуларда Болат Бақауов алдындағы қағаздан бас көтермейді. Жиналған жұрт, теледидардан қараған көпшілік облыс әкімінің көздерін көрмейді. Жиын басталғаннан-ақ, орыс тілінде жазылған мәтінді оқи береді, оқи береді. Жұртқа қарамайды. Мереке, салтанаттарда да қолына бүрістіріп жарты бет қағаз алып шығады.
Білімді, білікті әкімдер елдің, жергілікті жердің жағдайын бес саусағындай білулері керек. Қағазға қарамай сөйлеу – өңірдің жағдайынан жақсы хабардар деген сөз. Қағазға қараудың да орны, жөні, жосығы бар. Ал облыс әкімінен көрген орынбасарлары да, аудан, қала әкімдері де сөйтеді. Мысалы, Лебяжі ауданының әкімі Серік Жанғазинов те ауылдастарының алдында қолындағы қағазға жазылғанды оқып тұрады. Тіпті, кейбір әкімдер қазақ тілінде сөйлемей-ақ қойса екен дейтін болдық. Бүйтіп, тілді бұрап қор қылғанша, орысша-ақ сөйлей бергендері жақсы.
Екінші бір айтарымыз, басшылардың, жауапты лауазымдағылардың халықтан алыстамай, яғни кабинеттеріне тығылмай, елге жақын жүргендері дұрыс болар еді. Кеше ғана кеңес өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерден, жалпы, қоғамнан қашатын шенеуніктер мен саясаткерлерге ескерту жасады: «Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына талпынып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсат ұстанып отырмыз. Осы ұйымдағы, жалпы, дамыған елдердегі ең бір жақсы стандарт – бұл елдердің үкіметі халық алдына күнде шығады, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Ол елдердің министрлері бір мәселе туындай қалса, жедел пікір білдіреді. Ал бізде қалай? Менің айтарым, брифингке келіп, журналистердің алдында қағазға жазылған мәтінді оқып беру – ақпараттық жұмыс емес... Біздің министрлер брифингтерде журналистерден қашқанда, алдына жан салмайды, қарапайым сұраққа жауап бермейді», – деді Президент.
Біздің де әкімдерге, басқа да басшы лауазымдағыларға «Қағаздан басыңды көтер, халыққа түзу қара!» дегіміз келеді. Елбасы айтқандай, «қоғамнан «тығылу» тиімсіз жұмыстың басты себебі. Саясаткер халықпен сөйлесіп, қоғамның сенімін жаулап алуы керек. Халықпен жиі-жиі кездескен дұрыс...».
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы