ТАРАЗ. 18 мамыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Хайльбронн университеті халықаралық басқару жөніндегі бірлескен қазақстандық-германиялық студенттер семинарын өткізуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Хайльбронн университетімен 2014 жылдан бастап әріптестік байланыс орнатқан. Сондықтан аталмыш семинар жұмысына Хайльбронн университетінің профессоры Яворски Ежи және 12 студенті қатысуда. Семинарда Қазақстан мен Германия, сондай-ақ Орталық Азия арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың жай-күйі қарастырылады.
Сонымен қатар, семинар қонақтарына Тараз қаласындағы «Қазфосфат» АҚ-ы, «Рысбаева және К» ЖШС-і сынды өндіріс ошағы мен кәсіпкерлік нысандары таныстырылып, облыс аумағындағы Әулие-Бастау, Берікқара шатқалы мемлекеттік табиғи-қорығы және Билікөл аумағына, көне Тараз археологиялық кешеніне эко-тур ұйымдастырылады.
Жалпы, Хайльбронн университетімен әріптестік арқасында ТарМУ жоғары білім берудегі саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 2014 жылы қыркүйек айының 14 жұлдызында ТарМУ-ға лекция оқу үшін Хайльбронн университетінің профессоры Ежи Яровски шақырылды. Ал, 2015 жылдың қазан айында профессор Ежи Яровски Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейлі тойға қатысқан болатын. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2014-2015 оқу жылында М.Х.Дулати арасындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Әсем Басқанбаева, Анар Смаилова және 2015-2016 оқу жылында Бағжан Нұржанова Хайльбронн университетінде оқып келді. Ал, ТарМУ магистранты Ақмоншақ Көкей Хейльбронне университетінде Баден-Вюртемберг стипендиясы бойынша білім алуда. Сәйкесінше, бүгінде Тараз мемлекеттік университетінде Хайльбронн университетінің студенті Дженниффер Керн «Менеджмент» мамандығы бойынша оқып жатыр. Әзірге, ТарМУ мен Хайльбронн арасындағы қос дипломды білім беру бағдарламасы «Менеджмент», «Туризм» және «Экономика» мамандықтары бойынша жүзеге асуда. Болашақта бұл мамандықтар тізіміне еліміздің еңбек нарығындағы аса қажетті мамандықтармен толыға бермек.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, фото: egemen.kz