18 Мамыр, 2016

Еуропа ендігіндегі екінші ерен ерлік

251 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

13-05-16-dinamo-1

Серік Пірназар. Кейде күнделікті абыр-сабырмен бір кездері көңіліңді керемет көркейткен, сезіміңді ел-сел еткен, жүрегіңді алып-ұшырған, көкірегіңді қуаныш болып кернеген ерекше бір есте қаларлық дүрегей деректердің өзі қапелімде жадыңа оралмай қалып жатады. Бұған, шамасы, жасымызды ұлғайта түскен, күнделікті қарбаласымызды арттырып жіберген алмағайып уақыт қана емес, өзіміз де кінәлі шығармыз. Әйтпесе, Кеңес Одағы футболы тарихында Еуропаның клубтық деңгейдегі аламан жарыстарында екінші болып ғаламат жеңіске жеткен, 1981 жылдың мамырында ГДР-дың «Карл Цейсс» командасымен өткен тартысты таласта Кубок иелері кубогын жеңіп алған Тбилисидің «Динамо» командасының ұтысы бүкіл жастық шағын спорттың біраз түріне жанкүйер болумен өткізген біздің қаперімізден шыға қоятын қатардағы көп оқиғаның бірі емес еді. Мұны айтамыз-ау, бұдан бұрын, 1972 жылғы мамырда Шотландияның «Глазго Рейнджерс» командасымен ойналған Кубок иелері кубогының финалдық кездесуінде 2:3 болып жеңіліп, тұғырға көтерілер тепкішекке қарыс қадам жерде тоқтап қалған Мәскеудің «Динамосының» жақсы жетістігін де, 1975 жылдың көктемінде алдымен Чемпиондар кубогына, содан соң Суперкубокқа қол жеткізген Киевтің «Динамосының» сұрапыл ойындарын да әлі-әзірге ұмыта қоймасақ керек. 13-05-16-dinamo-3 Ал тбилисилік теңбіл доп тарландарының осынау орасан зор жеңісіне биылғы 13 мамырда табаны күректей 35 жыл толды. Иә, 1981 жылдың осы күні бүкіл кеңес футболы үшін нағыз ақ түйенің қарны жарылған шадыман шаттықты мереке болды. Бұған дейін киевтіктер Чемпиондар кубогын ұтып алған болса, бұл жолы олардың тбилисилік әріптестері Кубок иелері кубогына иелік етті. Екеуі де өз кубоктары бойынша жеңімпаз атанған Одақ футболындағы бірінші команда болды.

13-05-16-dinamo-4

Көнекөз жанкүйерлер сол күнгі асып-тасыған қуаныштың шалқыған шағын әлі ұмытпаған болар. Олар драматизмге толы шиеленісті матчтың келісті көріністерін көз алдына елестете алатын шығар. Онда Батыс Германияның Дюссельдорф қаласындағы «Райнштадион» спорт аренасынан репортаж жүргізіп тұрған грузин комментаторы Котэ (Константин) Махарадзенің соңғы сәтте: «Представляю, что сейчас творится в столице Грузии - Тбилиси» деп айтылған фразасы да көп адамның санасында жаңғырығып қалғаны анық. Кейін жазылғандай, сол күні Тбилисидің жасы мен кәрісі, еркегі мен әйелі – бірі қалмай көшеге шығып, таң атқанша жеңісті тойлап шығыпты. Бақыттан беттері бал-бұл жайнаған жұрт бірін-бірі құттықтап, қуаныштан жүректері жарылардай болып жүрген. Республика орталығындағы Руставели даңғылы бойында шарапқа толы құмыраларын алып шығып, жүргінші біткеннің бәріне сыйлап тұрған ер кісілерде есеп жоқ. Одан көше жағалап жүрген жаяу жүргінші де, машина айдап бара жатқан жүргізуші де дәм татып өтіп тұрған. Осылардың бәрін сырттай бақылап тұрған милиционерлер ешкімді де тоқтатпаған, ешкімге де ескерту жасамаған. Себебі, жұрт та басқа ешқандай әбес, оғаш қылықтар көрсетпеген. Сол күні түнде жол ережесін бұзған бір шофер да табылмапты, ешкім бір-бірлеріне ежірейе қараспапты. Жұрттың бәрі бұл күні бір-бірлеріне ерекше мейірімді болыпты... Аты аңызға айналған жаттықтырушы Нодар Ахалкацидің шәкірттері турнирдегі барлық матчтарын жоғары деңгейде өткізді. «Динамо» бірінші раундта Грекияның «Кастория» командасымен өткізген кездесуінің біріншісін қонақта 2:0 етіп ұтып келіп, өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнады. Екінші раундта Англияның «Уотерфордымен» ұшырасып, қарсыластарын өз алаңында 1:0 етіп жеңіп, Тбилисиде 4:0 етіп талқандады. Команданың бұдан кейінгі қарсыласы да ағылшын клубы болды. Ширек финалдық екі матчтың қорытындысында да «Динамоның» мерейі үстем шықты. Атап айтқанда, «Вест Хэм Юнайтедті» сырт алаңда 4:1 етіп тізе бүктіріп, Тбилисиде 0:1 есебімен ұтылды. Дегенмен, осы белестен асқаннан кейін грузин футболшыларының алға қойған мақсаттарының жоғары екені айқындалып қалды. Мұны «Динамо» Голландияның 11 дүркін чемпионы – Роттердамның «Фейеноорд» жасағымен өткізген жартылай финалдық кездесулерінде анық аңғартты. Бұл жолы «Динамо» өз алаңында 3:0 етіп жеңді де, сыртта 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Осы екі ойынның қорытындысы бойынша финалға шықты. Кубок жолындағы соңғы шайқас өте тартысты өтті. Оның бірінші таймы қарсыластардың есеп ашуларына мүмкіндік бермеді. Ал екінші таймның 63-минутында немістер бірінші болып есеп ашып кетті. Оны жартылай қорғаушы Герхард Хоппе түсірді. Бірақ грузиндер жеңілушілер есебінде көп жүрмеді. Арада небәрі 4 минут өткенде, шабуылшы Владимир Гуцаев таразы басын теңестірді. Бұдан кейін Виталий Дараселияның айы оңынан туды. Ол 86-минутта қарсыластар қақпасы алаңында екі бірдей қорғаушыны алдап өтіп, допты голкипердің оң жақ бүйірін ала зырлатты. Гол!

13-05-16-dinamo-2

Мұны Котэ Махарадзе былай деп жеткізді: «Дараселия. Вошел в штрафную! Ну, можно бить! Обвел второго, удар по воротам - гол! Гол!! Гол!!! Виталий Дараселия за три с половиной минуты до конца встречи забивает мяч в ворота «Карл Цейсса». Великолепно! Двух обвел, и низом в правый нижний от вратаря угол Виталий Дараселия выводит вперед динамовцев Тбилиси». Ал соңынан грузин коментаторы тағы былай деді: «Раздается свисток Рикардо Латанци, возвещающий о том, что тбилисское «Динамо» получило Кубок обладателей кубков». «Динамо» сапында бұл жеңісті қақпашы Отар Габелия, қорғаушылар Тамаз Костава, Александр Чивадзе, Нодар Хизанишвили, Георгий Тавадзе, жартылай қорғаушылар Виталий Дараселия, Заур Сванадзе, Тенгиз Сулаквелидзе, Давид Кипиани, Нугзар Какилашвили, шабуылшылар Владимир Гуцаев, Рамаз Шенгелия алып берді. Осы сәттер қазір жадымызда қайта жаңғырып отыр. Біз бұлардың бәрін неге еске алып отырмыз? Біріншіден, бұл жеңіс біздің бәрімізге ортақ еді. Сондықтан оны ешқашан ұмытуға болмайды. Екіншіден, қазір Еуропа Кубоктары жолындағы шайқастарға қатысып жүрген Қазақстан командаларына осы жеңістің жұғысты болғанын қалаймыз. Енді біздің де кейін еске алып жүретін осындай жеңістеріміз көп болсын. https://youtu.be/LcYwLV_1NMI