ТАРАЗ. 18 мамыр. Қаратау қаласында өткен жылы жалпы құны 1 млрд. 200 млн.теңге болатын 2 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оның біріншісі, «Talas Investment Company » ЖШС-і жиналмалы тараны шығару жобасы. Ол жылына 150 мың дана 50 кило болат барабаны мен 18 мың дана 400 кило ағаш жәшік дайындайтын болады. Жобаның құны 412 млн. теңге. Тұрақты жұмыспен 40 адам қамтылды. Бүгінгі таңда 5 000 дана 50 кило болат барабаны, 750 дана 400 кило ағаш жәшігі шығарылды.
Екіншісі, «Talas Investment Company » ЖШС-і зауыттан шыққан техникалық суды биологиялық тазалау жобасы. Оның құны – 787,8 млн. теңге. 24 жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру барысы туралы өткен брифингте Қаратау қаласының әкімі Қойшыбай Махашев айтты.
Қала әкімінің айтуынша, «Қаратау қаласынан 2015-2017 жылдары дамытудың кешенді жоспарына» енгізілген жаңа «зәкірлі» жоба: жобалық құны 5 млн.теңге болатын жылына 300 мың тонна М-400, М-500 маркалы цемент шығаратын зауыттың («Жамбыл Недр» ЖШС) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Зауытты 2016 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосу жоспарлануда. Зауытты іске қосқан жағдайда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда зауыт құрылысында 173 адам жұмыс істейді, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 99 адам. Құрылыс жұмыстары 100 пайызға аяқталып, монтаж қондырғыларының 85 пайызы орнатылды.
Сонымен қатар 2016 жылдың екінші жартыжылдығына өңірлік индустрияландыру картасына енгізу үшін жылына 250,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыттың құрылысы («Қаратау Про» ЖШС) жобасы дайындалуда. Жобаның құны – 1 млн. 143,7 мың тенге. Зауыт іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда 60 адам жұмыс істейді. Зауытты биылғы жылдың екінші жартыжылдығына қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда Қаратау қаласынан зауыт соғылатын жер телімі мәселелері туралы жұмыстар жасалынып, карьер толықтай геологиялық зертеуден өткізілген.
«Әріптестік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Talas Investment Company » ЖШС және «Жамбыл Недр» ЖШС Қаратау қаласындағы жеке кәсіпкерлермен жалпы 101,2 млн.теңгеге, оның ішінде 2014 жылы – 71,3 млн.теңгеге және 2015 жылы – 29,9 млн.теңгеге келісім шарттарға отырған.
Қазіргі таңда зауытта 408 адам жұмыс істейді, оның ішінде жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 405 адам қабылданған.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, фото: egemen.kz