– деген сөзді өзінің мақсат-мұратына айналдырған абзал азамат туралы сыр
Қоғам қайраткері, экс-депутат, экономика ғылымдарының докторы, Алматы облыстық мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаевпен жақын танысып, аралас-құралас болғаныма жеті-сегіз жылдың жүзі болыпты. Сыйласып та, сырласып та жүрген осы жылдар ішінде оның адами болмысын, азаматтық әлемін бір кісідей білемін десем, артық айтқандық емес шығар.
Қалам ұстағандардың ат үстіндегі азаматтарға әрқашан сын көзбен қарайтындығы екінің біріне белгілі жай. Менің де басында Серікбайға үрке қараған сәттерім болды. Байқасам, бұл күдігім сырттай қарағандағы алған әсерден туған екен. Араласа келе, оның ішкі жандүниесі мен көңіл көкжиегіне үңілген сайын жүрек аясын айнадай таза ұстайтындығына көзім жетті. Бұл қасиет оған ұшқан ұясынан дарығандығы айдан анық. Іленің тұнық толқынына шомылып, таза құмына аунап өскен Серікбай мектеп есігін Қапшағай маңындағы «Жаңа арна» ауылында ашады. Оқуға алғыр, есепке жүйрік ұлының болашағын ойлаған әкесі Өрікбай мектеп мұғалімдерінің ұсынысымен 1969 жылы оны Алматыдағы математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа ауыстырады. Жетінші сыныпты үздік бітіріп келген зерек оқушы мұнда да озат оқиды. Талантты балаларды тереңдетіп оқытудың нәтижесі ерекше ғой. Мысалы, Алматыдағы С.Нұрғисаев түлеп ұшқан О.Жәутіков атындағы сол мектеп-интернаттан бүгінде талай атақты тұлғалар шыққандығын білеміз. Мұны оның өзі де мақтанышпен еске алады. Соның бірі – белгілі қаламгер, әдебиет сыншысы, небір ғажайып әндердің авторы Тұрсынжай Шапай. Сол кезде басталған осы бір игі үрдіс бүгін де жалғасын тауып отыр. Бұған республикамыздың түкпір-түкпірінде ашылған Назарбаев зияткерлік мектебін айтсақ та жеткілікті.
Білікті ұстаздардан алған терең білімінің арқасында ол КазГУ-ді де ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Талғар қаласындағы кәсіптік-техникалық училищенің өндірістік-оқыту шебері қызметінен бастайды. Талапты жастың еңбек жолының баспалдақтары талмай іздену мен үнемі үйренудің нәтижесінде бірте-бірте биіктей түседі. Алматы қалалық, облыстық, республикалық комсомол комитеттерінде жауапты қызметтердің тізгінін ұстайды. Алатау және Совет аудандарына басшылық етеді. Сондай-ақ, еліміз нарықтық кезеңге аяқ басқан кезеңде Алматы қаласындағы «Глоба Қазақстан» өндірістік-қаржы корпорациясының президенті болады. Одан әрі Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, кейіннен Президент Жарлығымен Қызылорда облысының әкімдігіне тағайындалады.
Бұл өңірде басшы болған жылдарда экологиясы ауыр аймақ тұрғындарының көңілінен шығып, Елбасының тапсырмаларын тиянақты орындап, сенімді қолқанаты бола білді. Одан кейінгі жылдарда «Нұр Отан» партиясында, Президент Әкімшілігінде абыройлы қызмет атқарса, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысындағы аумақтық басқармасы мен тәртіптік кеңесінің басшысы болған тұсында ел үшін аянбай еңбек етіп, халық құрметіне бөленді. Облыс көлемінде болған барлық төтенше жағдайлар мен іргелі істерге белсене атсалысып, алдыңғы қатарда жүрді. Соның нәтижесінде 2012 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланды.
Қайсы қызметтің тұтқасын ұстаса да бетегеден биік, жусаннан аласа болды. Қайраткерлік танытып, адал да ауқымды қызметтер атқарды. Қандай да бір күрделі мәселелердің шиеленіскен түйінін іскерлікпен шеше білді. Қызылорда облысында әкім болған кезінде оның бастамасымен «1000 үй» бағдарламасы жүзеге асып, облыстағы жас мамандар жаппай баспаналы болды. Қызылорда қаласына ілеспе газ әкелініп, оның ақысын банк карточкасы арқылы алдын-ала төлеудің тиімді жолдары ұйымдастырылды. Қала көшелері кеңейтіліп, дария жағалауы қора-қопсыдан тазартылып, жол ашылып, жұрт серуендейтін гүлзарға айналды. Әуежайға «Қорқытата» аты берілді. Осы арада Қазақстан көлемінде қазақша ат берілген бұдан басқа бірде бір әуежай жоқ екендігін айта кеткендігіміз жөн сияқты. Сондай-ақ, Жалаңтөс батыр тарихы қозғалып, ғылыми конференциялар өткізілді. Осының барлығы тікелей сол кездегі облыс әкімі Серікбай Нұрғисаевтың ұйымдастыруымен жасалған жұмыстар болатын. Бұлар Серікбай Өрікбайұлындай сындарлы азаматтың ат жалын тартып мінгеннен бергі атқарған айтулы еңбектерінің бір парасы ғана. Әсіресе, оның ұлт руханиятына жанашырлығы әр басқан қадамынан байқалып тұрады.
Ұмытпасам, 2008 жылдың күз айларының бірі болуы керек, кешке қарай сол кездегі Білім және ғылым министрінің орынбасары Бақтыбай Қасымбеков інім телефон шалды: «Үйдемісіз? Бір азаматты ертіп барып таныстырсам деп едім», деді. «Келіңіздер!» дедім. С.Нұрғисаевпен таныстығым осы кештен басталған болатын. Әңгіме арқауы көбінесе батырлар жөнінде болды. Содан бір жыл бұрын ғана Б.Қасымбековтің түрткі болуымен «Бердіғожа батыр» поэмасын жазып, жариялаған едім. Серікбай сөз арасында шапырашты Наурызбай батырды да жырлап көрсеңіз қайтеді деген қолқа салды. Мен бірден келісе қоймадым. Ойланып көрейін дедім. Өйткені, Наурызбай батыр жөнінде білетінім шамалы еді. Өзім жете білмейтін тақырыпқа қалам тартуға батылым бармады. Келесі бір кезіккенде Наурызбай батырды қайта қозғады. «Егер жазар болсаңыз, Наурызбай жөнінде естіген-білгені бар көнекөздермен жүздестірейін, өзімнің қолымда бар тарихи деректерді берейін», деді. Мен көңілін қимай келісім бердім. Сол күннен бастап менің батыр туралы аңыз-әңгімелерді, ел ауызындағы ескі сөздерді жинауыма ол көп мүмкіндік туғызды. Ақыры «Наурызбай батыр» поэмасы дүниеге келді. Поэма жарық көргеннен кейін де оның кеңінен насихатталуына, кітап болып шығуына көп күш салды. Батыр бабасының рухын ардақтаған азаматтың осы бір ерекше қасиетінен жастар үлгі алса екен деп тілеймін.
Депутат болған жылдарында Парламентте қабылданған әрбір заң жобасын талқылауға белсене қатысып, өзінің білімділігі мен біліктілігін танытып отырды. Сонымен қатар, мемлекеттік маңызы зор мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады, халыққа, қоғамға тиімді жаңа заңдардың қабылдануына атсалысты. Экология, табиғи апаттар және жол мәселелері туралы талай сауалдар жолдап, шешімін таптырып, шын мәніндегі халық қалаулысы екендігіне көптің көзін жеткізді. Онымен ғана қалған жоқ, қолына қалам алып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрінді. Телеарналарда толғағы жеткен мәселелер жөнінде пайымды пікірлер айтып, салиқалы сұхбаттар жасады. Қоғаммен, халықпен тікелей байланысқа түсіп, Елбасының сындарлы саясатын жан-жақты насихаттауда елгезектік танытты. Жұрттың көкейіндегі талап-тілектерді терең ұғынып, шынайы шешім табуына себепкер болды.
Әсіресе, еліміздің экономикалық және саяси сыртқы әсерлер мен ішкі түйткілдер, сондай-ақ, ел ішіндегі табиғат апаттар турасындағы толғаныстары сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды жан-жақты талдап, дәл басып, байыпты бағамдады. Бұл айтқанымызға оның «20 жыл – Тәуелсіздік қызметінде», «Қызылағаш: сын сағатта» атты кітаптары дәлел.
Серікбай Өрікбайұлын үнемі егемен еліміздің болашағы, ұлт тағдыры, ұрпақ тәрбиесі, мемлекеттік тіл мәселесі толғандырады. Сондықтан да «20 жыл – Тәуелсіздік қызметінде» атты кітабында халқымыздың бостандық алғаннан бергі жылдар ішінде басынан өткен қилы оқиғалар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығының арқасында жеткен жетістіктер салмақты оймен сарапталған. Бір сөзінде: «Қуантатын да тәуелсіздік, алаңдататын да тәуелсіздік», дейді С.Нұрғисаев. Бұл – оның тәуелсіздік туралы жүрекжарды сөзі. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, көл қорғаған қызғыштай күзетіп, келесі ұрпаққа аман жеткізу бәріміздің ортақ парызымыз. Осы тұрғыдан алғанда өзінің асыл парызын адал атқарып келе жатқан азаматтың бірі де – Серікбай Өрікбайұлы. Оған ел-жұрттың разы болып, алғыс жаудыратыны да содан. Тәуелсіздіктің тағдыры С.Нұрғисаевты ғана емес, саналы азаматтардың барлығын бүгін де, ертең де алаңдатуға тиіс. Азаттықты баянды етудің, халқымыз ғасырлар бойы армандаған ұлы мақсатқа жетудің – Мәңгілік Ел болудың мұратты жолдарын өз толғаныстарында айқын көрсетеді. «Біздің жас ұрпақ жаһандық ғылым мен білімнің жетістіктерін алуы қажет, бірақ өзіміздің тәрбиелеу жолымыз болуы керек. Тәуелсіз елдің саясаты бірінші орында тұруы тиіс, ұлттық ерекшеліктеріміз, құндылықтарымыз, ана тіліміздің рухани байлығы тәрбиенің негізі болуы қажет», дейді. Міне, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселені ол осылай дөп басады.
Қызылағаш оқиғасына арналған «Қызылағаш: сын сағатта» атты кітабында 2010 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында болған су апатының зардабы әр қырынан ауқымды деректермен нақты көрсетілген. Тосыннан келген алапат апат шындығы, күндіз-түнгі тасқынмен арпалыс, зардап шеккендерге жасалған көмек жасырып-жабусыз, бірде арнайы репортаждардан үзінді келтіру арқылы, бірде қатер куәгерлерімен сұхбаттасу арқылы айнаға түскендей айқын берілген. Мұнымен қоса, қиын сәттердің дәл суретін беретін фотолар апатқа қарсы арпалыстың ақиқатын онан арман аша түседі. Апаттан кейінгі халыққа көмек көрсету жұмыстары да шынайы дерекпен қолмен қойғандай айқын берілген. Тең жартысын жойқын су жалмап кеткен ауылды қайта тіктеп, жіпке тізген маржандай етіп жаңа үйлерді қаздай қатарластырып, жолы мен суын, жарық пен жылуын бес айдың ішінде қалпына келтіру оңай шаруа емес екені баршаға аян. Осы азапты шаруаның басы-қасында сол кезде облыс әкімі Серік Үмбетовпен бірге Серікбай Өрікбайұлының өзі де жүрді. Кітаптың шынайылығының сыры да осында.
С.Нұрғисаев хақында сөз қозғағанда, оның әдебиет пен өнер қайраткерлерімен жиі қарым-қатынас жасап, пікірлесіп, ой бөлісіп жүретін қасиетін айтпай кетуге болмайды. Айтулы азаматтың өнерге деген құштарлығы да ерекше. Көп оқиды, көп біледі. Қазақтың эпосы мен ертегісі, сал-серілердің жауһар жырларының тұнығынан мейлінше сусындағандықтан, оның бойына кісілік қасиеті мол дарыған. Сондықтан да ол әрдайым көпке көмектесуге бейім тұрады. «Бұлақ көрсең көзін аш», деген қағиданы берік ұстанған ол қаншама жас таланттарға қолұшын беріп, қамқорлық көрсеткенін жақсы білемін.
Өзінің отбасына да, байтақ Отанына да жан шуағын молынан шашып, Тәуелсіздіктің баянды болуына жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан Серікбай Өрікбайұлы секілді атпал азамат, қарымды қайраткердің қатары көбейе түссе екен деген тілектемін!
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Талдықорған