Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) мәліметтері бойынша туризм әлемдік экономиканың жоғары табысты және ырғақты дамушы салаларының бірі болып табылады. Осылайша, туризм саласы әлемдік ІЖӨ-нің 9 пайызын, әлемдік экспорттың 6 пайызын қалыптастырады және әрбір 11-ші жаңа жұмыс орны туристік салада ашылады.
Қазақстан сапалы туристік саланы дамыту және оның ұлттық экономикаға қосар үлесін ұлғайту үшін жоғары табиғи-климаттық, тарихи, мәдени әлеует пен мүмкіндіктерге ие.
Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде елімізде туристік индустрияны дамытуға жағдай жасайтын бірнеше жобалар қарастырылған. 57-ші қадамға сәйкес туристік кластерлер құруда табысты тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту көздестірілген. Осы аталған қадам шеңберіндегі іс-қимылдар Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін туристік саланы дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеттеріне сәйкес келеді.
Онда осы саланы дамыту тетіктерін қалыптастыру қарастырылған. Олардың қатарында саяси тұрақтылық орнаған елдермен арадағы визаны жою, арнайы туристік аймақтар мен кластерлер құру, ішкі тасымал рыногын дамыту үшін жағдайлар туғызу шаралары бар.
Алға қойылған міндеттер мен елдің ішкі әлеуетінің арқасында Қазақстан туристік рынокта белгілі бір тауашаны иеленуге қабілетті. Туристік кластерде туристік өнімді әзірлеумен, өндірумен, ілгерілетумен және сатумен, сондай-ақ, көмекші қызметпен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың шоғырлануы жүзеге асатынын атап өту қажет. Туризм саласына кластерлік тәсілді қолдану оған кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру, инновацияларды ынталандыру және жаңа туристік бағыттарды дамыту есебінен саланың жоғары бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Тұжырымдамаға сәйкес Қазақстанда Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан сияқты 5 туристік кластерді дамыту қарастырылған. Астана – іскерлік туризм орталығы, Алматы – іскерлік және халықаралық тау шаңғысы туризмі орталығы, Шығыс Қазақстан – экологиялық туризмді дамыту орталығы, Оңтүстік Қазақстан – мәдени туризм орталығы, Батыс Қазақстан мәдени және жағажай туризмі орталығы ретінде белгіленген. Аталған кластерлер шеңберінде ұлттық жобаларды жүзеге асыру қарастырылған.
Мәселен, Маңғыстауда «Кендірлі» курортты демалыс аймағын құру жоспарланып отыр. Ұлт Жоспарының 57-қадамына сәйкес, бұл жобаны жүзеге асыруға шетелдік инвесторлар тартылатын болады. 2015 жылы «Джемини Холдинг» тобы атындағы мысырлық инвестор Маңғыстауда курорттық аймақты дамыту жобасына қатысуға қызығушылық танытты. Оның сыртында жоба түркиялық инвесторлардың да қызығушылығын туғызуда. Қазіргі уақытта Rixos Group атындағы шетелдік инвестор «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бірлескен жоба аясында Кендірліде төрт және бес жұлдызды қонақүй, су паркі, аквапарк және коттедждер құрылысы жоспарланған. Маңғыстауда курортты аймақ құру жобасы сонымен бір мезгілде инфрақұрылым мен коммуникациялардың түрлі нысандарын салуды және дамытуды қарастырады. Бүкіл инвестициялардың жартысына жуығы сол жұмыстарға жұмсалмақ. Ал «Кендірлі» курорты үшін жеке әуежай салу жөніндегі жобаға қытайлық инвесторлар қызығушылық танытуда.
Кластерлік көзқарастың Қазақстанның туристік саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сол арқылы туристік қызметтен түсетін табыстардың тұрақты түрде өсіп отыруына жағдай жасайтынын да атап көрсету қажет. Ал ол осы іске тартылған мемлекет үшін де, шетелдік инвесторлар мен қызметшілерді қоса алғанда, бизнес үшін де тиімді. Белгіленген кластерлерге сәйкес туризм индустриясын дамыту экономиканы әртараптандыруға және ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Кластерлік көзқараспен бірге Қазақстанда туризмді сапалы дамыту үшін бірқатар ұлттық жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Ұлт Жоспарының 86-қадамына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2016-2018 жылдарға арналған «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең ауқымды жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоба мақсаты қазақстандық біртектілік пен қоғамдық келісімді нығайту болып табылатын жалпы мемлекеттік ауқымдағы 35 іс-шараны қамтиды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның қоғамдық институттарының сыртында мемлекеттік органдар (орталық және жергілікті), сондай-ақ, азаматтық қоғам институттары да осынау ерекше ауқымды жобаның негізгі орындаушылары болып табылады.
Жоба жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған түрлі деңгейлер мен бағыттардағы, мәселен, білім беру, қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асыруды қарастырады. Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы бүкіл іс-шараларға базалық тұғырнама ретінде қызмет етеді.
Іс-шаралар тізіміне екі айрықша жоба енгізілген, Ассамблея олар бойынша бірнеше жылдан бері жұмыстар жүргізіп келеді. Олардың алғашқысы – «Жібек жолындағы әңгімелер», яғни Қазақстан мен Орталық Азия елдері ғалымдарының, ақындарының, жазушыларының, композиторларының кездесулері. Шығармашылық интеллигенция өкілдері мәдени даму, шығармашылық тұрғыда өз-өзін көрсету, патриотизм және ұлтаралық келісім мәселелерін талқылайтын болады. Мұндай «әңгімелер» тарихы 8 жылды құрайды. Жалпыұлттық форматта өзінің қайта өркендеуін бастан өткізіп отырған екінші жоба – ұлттық театрлар фестивалі.
«Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының ерекшелігі мен маңызы оның көп ұлтты қоғамның айрықша қазақстандық моделін ілгерілетуде, Қазақстан тарихының бүкіл астарларын оқып-білуде және ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен Қазақстан халықтарының бірлігі сияқты басты қазақстандық құндылықтарды насихаттауда болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасының Туристік саланы дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырумен және «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат пен көшпелілер мәдениетінің бірлігі», «Алтай інжу-маржаны», «Ұлы Жібек жолын қайта түлету», «Каспий қақпалары» сияқты өңірлік мәдени-туристік кластерлерді құрумен тікелей байланысты екенін де атап көрсету қажет.
Оның сыртында Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу де шешуші ұлттық жобалардың бірі болып табылады. «Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбы энергияның баламалы «жасыл» түрлері мен «жасыл» технологияларды дамытуға арналғаны белгілі. Көрме энергия үнемдеу, энергияның жаңғырмалы көздерін (жел, су және күн) пайдалану, тұрақты урбанизация саласына үздік әлемдік талдамалар мен технологияларды тартуға жағдай жасайды деп күтілуде. ЭКСПО көрмесі ұлттық экономиканы жүйелі әртараптандыру және елдің өндірістік қуаттары мен ғылыми базаларын технологиялық жағынан жаңғырту үшін қуатты серпін беретін болады.
Жоғары сапалы және дамыған көлік жүйесінсіз туризм индустриясын табысты дамыту мүмкін емес. Елге келетін туризм басым бағыттардың бірі екенін басшылыққа алғанда туризмнің осы түрінің негізгі көлігі ретінде әуе көлігі маңызды рөл атқаратын болады. Осыған байланысты ЭКСПО-2017 қарсаңында Астананың көлік инфрақұрылымын жаңғырту жүзеге асырылуда.
Сол сияқты, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасына сәйкес елге келетін және ішкі туризмді одан әрі дамытуға бағытталған туризм инфрақұрылымын құру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Туристік кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін табиғаттың көрікті жерлері мен тарихи-мәдени мұралар нысандарына апаратын автомобиль жолдарын жөндеу және қайта жаңарту, қазіргі бар теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, қазіргі бар әуежайларды жаңғырту және жаңаларын салу, шағын авиацияны дамыту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ, қазірде басталып кеткен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылуда. Көптеген жұмыс орындарын құру мүмкіндігі туристік инфрақұрылымды дамытудың негізгі артықшылығы болып табылады. Сонымен бірге, туризмде бір жұмыс орнын ашуға кететін шығын өнеркәсіптегіге қарағанда 10 есе аз.
Осылайша, Қазақстанның туристік кластерін дамыту туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін ұлғайтуға, туризм саласында да, сондай-ақ, көмекші салаларда да жаңа әрі заманауи жұмыс орындарын құруға, қызмет көрсетудің әлемдік стандарттарын енгізуге, инфрақұрылым нысандарын салуға, туристік сала қызметшілерінің қызмет көрсету мәдениетін, біліктілігі мен кәсіби даярлығын арттыруға, шетелдік инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға, сондай-ақ, Қазақстан мен оның жетістіктерін кеңінен танымал етуге жағдай жасайтын болады.
Мәншүк КӘРІМОВА,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері