20 Мамыр, 2016

Қалғыма, Қазақ театры!

880 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
театр001Қазақ театрының халі қалай екен, оның қандай проблемалары бар? Ұлт алдында тұрған көкейкесті мәселелердің шешілуінде мәдениет басқармалары, Театр одағы қайраткерлері не тындырып отыр деген орынды сауалдар бізді жиі мазалайды. Тұшымды жауап болмаған соң, қазақ театрының халін өзіміз саралауымызға тура келді. Театр өнерінің қазіргі рухани ахуалына елеулі нұқсан келтіріп жүрген – біздің салғырттығымыз, бойкүйездігіміз, жүрдім-бардым қарауымыз. Тарихқа жүгінсек, алғашқы режиссеріміз Ж.Шанин театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болып тұрғанда қандай ірі істерге іркілместен барып еді. Театрды жетілдіру үшін мінберден мұң-мұқтажын айтып, кез келген қиындықпен күресе білді. Тіпті, актерлердің сауатын ашу үшін апталық сабақ кестесін құрып, өзі соны тікелей қадағалап отырған. Тәртіп, еңбек, жауапкершілік. Осы үш талапты мықты ұстанған Жұмат Шанин артис­терге селқос, немқұрайды болуға титтей де жол бермеген екен. Жә, олар дала актерлері болған соң солай жасауға тура келді дерсіздер? Мәскеу, Ташкент ГИТИС-терін бітіріп келген актерлер де 12 жыл театрдың әдеби бөлімінде отырған М.Әуезов те осы үрдісті берік ұстанды. Одан кейінгі қай-қайсысы болса да ұлттық кадрларды даярлау, спектакльдердің көркемдік сапасын жақсарту, театрларды көркейту мақсатында бар күштерін сарқа жұмсап аянбай еңбек етті. Кезек күткісіз жағдайларға жайбарақат қарап отырмай, қазақ драма театрларының хал-жайы төңірегінде қаншама проблемалық мақалалар жазды, жоғары жаққа жанайқайын жеткізді. Театр – ұлттың тағдыры деп қарап, қабырғасын сөгіп алмауға күш салды. Бастық көп, басшы аз Бүгінгі күннің бастықтары қазақ театрының қарыштап дамуына кедергі болар кеселді дерттерге тез ұрынып жүр. Білікті басшы екеніңді таныт деп бекіткен адамдары сол орынға лайық қызмет етіп жатыр ма? Театрдың болашағы үшін өз ісіне шебер, мықты мамандарды жинап, оған жағдай жасау жолға қойылған ба? Жиі концерт жүргізіп, асаба болатын актерлердің мерекелік кештерімен, тойымен қабаттасып қалмау үшін алдына ала өздерінен сұрап репертуар жасайтын, аптасына бір-екі рет қана спектакль қойып, қалған күндері залды сататын жадайлар бар. Театр шығармашылығын жүйелі түрде жүргізуге түйсігі жетпей жүрген театр бастықтарын да, көркемдік жетекшілерін де, кеңесшілерін де –  бәрін де жаппай сүзгіден өткізіп, бір таза­лап алудың күні баяғыда жеткен. Орнына театр тауқыметіне көнетін, ұлттық сипатқа толы көркем дүниені дұрыс дәріптеуді жолға қоя алатын, ертеңгі күннің жүгін бүгін көтере беретін саналы адамдарды аса қырағылықпен таңдап, тағайындау керек. Әйтпесе, бастықтары қайта-қайта ауысып жатқан театр ұжымына обал. Театрға қандай жаңалықтар енгізер екен деп кеше келген адамнан үзіле күтіп жүргенде, ойда-жоқта оның орнына су жаңа бастық келіп отырады. Театрдан  ойлы дүниелерді көру емес, жыл құрғатпай бастықтардың ауысқанына және оларды жан-жақтан құттықтап жат­қандарына ғана куә болып жүрміз. Театр атты жасампаз өнеріміз жасырын жатқан жаңа тынысын ашып, бір серпілгісі-ақ келеді-ау, келеді. Бірақ, бәрі әдірам. Ауысудан, жаңа орынға жайғасудан қол босамай жатыр. Бәрі бастық болуға әуес, шен құмартпайтын «шерлі» адам қалмады өзі. Ұлттық режиссурадағы ақаулар Режиссура саласында тың ізденістің жоқ екенін айтқанбыз, айта да береміз. Режиссерлер репертуар таңдауға келгенде шорқақ, тәуір шығармаларды іздеу жағынан қатты ақсайды. Әлде, ізденгілері келмей ме? Әйтеуір, түсініксіз. Сол бұрынғы 80-90-жылдары қойып кеткен спектакльдерінің өңін сәл өзгертіп қайталап қоюдан, бір театрдан екінші театрға сүйрелеуден әрі аса алмай жатыр. Одан қала берді, театр сахналарында айтар проблемалары бір-біріне ұқсас, көтерген мәселелері күлдей жеңіл, театр зерттеушілері арасында «орташа» деген атқа ие болып жүрген, не озық емес, не тозық емес спектакльдер баршылық. Бұл спектакльдердің негізгі кемшілігі – әрине, драматургия. Драма жанрына қалам тартушылардың көбісі жанрға қойылатын басқы шарт – тартыс (конфликт) құра білмейді. Содан келеді де сахналық шиеленіс қимыл­әрекетпен дамытылудың орнына ұзыннан ұзақ сөзсоқты диалогтарға, айтары жоқ жұтаң да жүдеу эпизодтарға ұрынады. «Орташа» спектакльде басты кейіпкер жоқ, сахнада жалпы бір мәселе жайлы, бос сөздерді көлкіткен, мақсатсыз жандар босып жүреді. Көп қойылымдар кісіні жалықтыратындай бір сарынды, шиеленіске сараң. Бұның бәрі спектакль жүйесін жалған-жасандылыққа, актерлік ойындардың сенімсіз, сөлсіз шығуларына әкеліп соғады. Ақиқатын айтар болсақ, мұндай көкжасық пьесаларды А.Тоқпановқа, Р.Сейтметовке қойғызып, Қ.Қуанышбаевқа, Ы.Ноғайбаевқа ойнатсаңыз да абырой әпермесі анық (бұл кісілердің әруағы кешірер мені). «Қытықтап» күлдіретін кассалық жеңіл водевильдерді емес, көркемдік құндылығы жоғары спектакльдерді қою арқылы ғана көрермендердің дүниетанымы кеңейе түсетінін режиссерлер қашан түсінер екен?! Төмендегі сөзіміздің астын сызып айтқымыз келеді, көрермендердің көргісі келетін дүниелерді ғана емес, көрсетілуге тиіс спектакльдерді де сахналауымыз керек. У.Шекспирдің «Кариолан», С.Жүнісовтің «Кроссворд», Е.Әлімжанның «Әйелдер бір істі бастады...», «Жанұран», «Төле би», Р.Мұқанованың «Мысықтар патшалығы», «Шатыр астындағы Мен», «Сен» деген (тізім жағынан тізе беруге болады) тамаша пьесалары бар. Түсініксіз бір қойыртпақ дүниелерді қоюға құмар режиссерлерміздің бұл өзекті туындыларды сахналауға жүректері дауаламайды екен-міс. Қоятын пьеса жоқ деп үнемі дабыл қағып жүретін режиссерлердің сондағы айтатын сылтаулары «онда билікті сынаған шындық бар» дейді. Бүгінгі күннің ащы шындығын суреттеген шығармалардан тұра қашатындарына қарап, соларың жал­тақтықтан, жылпостықтан, құлдық санадан қашан арылар екен дейсің де... Әттең, осындай әрекетті, өзекті тақырыптар тасада, тартпада жатқаны қандай өкінішті. Театр келбетін танытатын бірден-бір себеп режиссер талғамына тікелей қатысты болғандықтан, көрерменнің санасын оятатындай, шындыққа шымыр шығармаларды қойып жатса, өздеріне абырой емес пе? Қазақ драматургиясының інжу-маржаны саналатын «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», «Айман-Шолпан», «Қарагөз», «Абай» сынды ғажап дүниелерге де тыржия қарайтындар бар екен. Классикалық және тарихи шығармаларға үлкен жауапкершілікпен қарау жағы жетімсіз. Күрделі дүниелерді бір айдың ішінде астан-кестеңін шығаратын әдет тауыпты. Өздері қазақтың шығармасын бүк не шік қылып жүргенде, өзге елдің режиссерлерін алшысынан тү­сіретіндей шақыртатындары, тіпті, намыссыздық. Жалпы, бүгінгі таңдағы режиссерлер ұлттың төлтума табиғатынан алыс­тап бара жатқандай. Режиссерлер өзінің ұлттық дәстүрін, тілін, дінін, әдебиетін жыға таны­мағандығынан болар орысша ойлап, орынсыз еліктеулердің кең етек жая бастағаны. Әрбір ұлттық шығарманы қойған кезде, әр режиссерде үлкен идея, арман болу керек. Әуезовтің, Мүсіреповтің, Айтматовтың деңгейіне жетсем деген. Қазақ режиссерлері – ұлттық негізден, төлтума табиғатынан алыс­тап қалмауы керек. Халықтың тарихын терең білмей спектакль қоя салу – қылмыспен тең. Осыған қарап-ақ Одақ көлемінде ірі қойы­­лым­дарымен аты шыққан Товстоногов, Някрошюс, Ефремов, Любимов, Табаков сын­ды режиссерлер әзірге бізде театр өне­рін­де байқалмағаны былай тұрсын, әлемді мойындатқан Әзекеңнің (Ә.Мәмбетов) дең­­гейіне ешқайсысы жете алмай жатыр. Яғни, Ә.Мәмбетовтің («Ана – Жер-Ана»), Р.Сейт­меттің («Сталинге хат») аншлагпен өтетіндей, есік сындырарлық көпшіліктің қара күшіндей қойылымдар келмеске кетті. Режиссура саласынан өз бағын сынап көру­шілер қөбейіп, облыстық театрлардың біраз актерлері де режиссер атанып жүр. Режиссураны оңай кәсіпке айналдырған олардың да, басқалардың да қойылымдарын көбінде фестивальдарда көріп қаламыз. Фестивальдың мақсаты марапаттау ма? Халықтың рухани әлем деңгейі әде­биетімен, өнерімен өлшенеді десек, басқа ұлттардың басын біріктіретін осы әдебиет пен өнерден бастау алар фестиваль болмақ. Фестиваль – театр мен драматургияның сипатын танып қоймай, олардың сұрыптап әкелген спектакльдер туралы айтылар түпқазық ойлар мен тоқтам-тұжырымдардың кең түрде жүзеге асуына мол мүмкіндік берер ашық алаң. Бірақ, қойылымдардың деніне дер кезінде үн қатып, бүге-шүгесіне дейін талдап-таразылап берер кәсіби мамандардың орнын актер, драматург, режиссер басты. Алыс-жақын жерлерден арнайы келген театрлардың қойылымдары талқыға түсер тұста актерлік ойнау мәнерінің кәсібилік деңгей-дәрежесі мен режиссерлік шешім-толғамы туралы сараптамалық талдауға олардың қай-қайсысы болса да зәру деп ойлаймыз. Актерлік өнер ақсап тұр Кейіпкердің үлкен-кішісі жоқ екенін ескерсек, бүгінгі театр жас актерлерінің сахнада образ жасаудағы жалпы шеберліктері жақсы болғанымен, кейде іздену іс нәтижелері едәуір бәсеңдеп бара жатқандай әсер қалдырады. Бүгінгі актерлердің барлығына да ортақ бір кемшілік – тілдегі тұтқырлық, сөздерді түсі­ніксіз етіп, асығыс айту. Адуын айқайға берілетін актерлер дауыстағы табиғилықты жойып, үннің тарғылданып шығуына ұрынып, жасанды үннің басым жатуы – осының айғағы. Мұның өзі сахналық табиғи қимылды да жоққа шығарып жатады. Дауыс – кейіпкердің жан күйзелісінің, тебіренісінің, қуаныштың нәтижесі екендігін актерлер жақсы білгенімен, соны көп жағдайда мұқият сақтай бермеулері орындалған образдың эмоциялық, психологиялық әсе­рін төмендетіп жібереді. Жоғарыда аталған шы­найы сахнагерлердің сөз шеберлігі, сөз қолданыстары, ойының жүйелілігі, тілдің ажарлы да алымды, астарлы қасиеттерін түйсінуі, күнделікті тәжірибелерден қалып бара жатқаны өкінішті-ақ. Осының барлығы әзірліктің әлсіздігі. Мысалы, тым болмаса театрға бір-екі сағат ерте келіп, даусын баптап, өмірдің тіршілігінен арылып, өзін рухани қалыпқа түсірудің орнына, спектакль басталуға он бес-жиырма минут қалғанда актерлердің көрермендермен жарысып келе жатқанын көзің шалады. Жүгіріп келіп ентігін баса алмай сахнаға ебедейсіз шыққандықтан да олардың еңсеңізді түсіріп жіберерліктей ерсіліктерге ұшырап жатулары әр жолғы әдетке айналып барады. Бізге тек сахналық тәжірибе керек деп, оқу-білімге оқта-текте болса да бас қоймау салдары, шын­айылық­тың шылбырын сахнада сылбыр сүйретуге мәж­бүр етіп жүр. Режиссердің берген ба­ғыт-бағдарынан ары актерлердің өзінше шалықтай алмай, басқа бір мәнсіз нысанаға бет алып, ой арнасынан ауытқып, адасу салдарынан рөлдер әлемі шыншылдық деңгейге көтеріле алмай жатуы жасырын емес. Еңбексіз жеткен бейнелер «Жас актердің үлкен рөлмен шығу мезеті  құбылыс болуы керек. Біз сол есте қаларлық, естен танарлық өнер жасай алмай жүрміз», деп марқұм Әшірбек Сығай әр жолы айтып отырушы еді. Қайдан таң қалдыратын дүние жасасын... Өнердің құнын түсінбесе, оның құндылығын ұғындыра алмай жатсақ. Әлі етек-жеңін жиып үлгермеген, мамандығын бітіріп жолдама алмаған «сары ауыздарды» өз араларында жасырын кастинг өткізіп жұмысқа тұрғыза салу бүгінгі күнде қалыпты жағдайға айналды. Өнер ордаларында қызмет етіп жүрген ұстаздар театрдағы көп жылдық еңбек жолын, дәрежесін я болмаса басшылығын пайдаланып, өз шәкірттерін театрға тықпалау сырқаты жылдан жылға асқынып барады. Академия, университет ұясынан түлеп ұшпай жатып, театрға орналастырып қою – студентке деген қамқорлық, өнерге деген жанашырлық емес. Еш уайымсыз, қобал­жусыз өте салған жастар әлбетте рөлге деген жауапкершілігін толық сезіне алмайды. Өйткені, оған ауыртпалықсыз оңай кел­ді, қиын­дықсыз тез жетті. Маңдай терсіз, ізденіс­сіз келген дүниенің қадірі үнемі есте сақтала бермейді. Екіншіден, сахнада маңдай терінің бір тамшысы үзіліп түсуіне үлгертпей жатып, кеше ғана келген жастарды атаққа ұсынып жатады. Басты кейіпкерлермен жүрекпен тілдесуіне, шағын рөлдермен оң табыспен танылуына дейін біраз уақыт керек емес пе? Сахнаның шаңын жұтып, тозаңына тұншықпай жатып, ол олжаға неге олар оңай кенелу керек екен? Бүгін сахнаға шығып, ертеңіне бəріне шен бере берсе, онда ол атақта не мəн қалды? Қазақ өнерін танытуды емес, танылуға, ұлттық өнерді құрметтеуге емес, атаққа қызмет етуге, Станиславскийше айтқанда, өзіндегі өнерді емес, өнердегі өзін сүюге үйретіп жатырмыз-ау. Қарастыратын үшінші маңызды мәселеміз таланттарды іздеуде, талапкерлерді қабылдауда болып тұр. Бұрынырақта осылай жер-жерлерді аралап, ауыл-аймақтарға арнайы барып іздеп, талабы бар жастарды таңдап, өнер аламанына қосушы еді, бүгінгі күнде ол жақсы бастама жалғасын таппай жатыр. Егер сол жас жеткіншектердің бейіміне қарай терең мән беріп, оқуға түсіріп, дұрыс бағыт-бағдар берсе егер, келешекте кемеңгер адам болып, ұрпақтың кәдесіне жарарлық көп мұра қалдырар еді-ау. Ұлт болуға шақыру – ұстаз борышы Халық танитын, ел білетін біраз атақты кісілер ұстаздық қызметте де жүр. Ұстазы жақсының ұстамы мықты болушы еді, бірақ балаларына қарап кейде олай айтпайсың. Қанша байқаймыз, студенттердің көбісі дәлізде айқайлап жүреді, үлкенге жол беру, амандасу, сыпайылық таныту, ізеттілік көрсету деген әдеп белгілерінен ада. Көпшілік ортада өздерін ұстауы нашар. Мұның бәрі аудиторияда әдеп нышандары жайында әңгіменің көп қозғала бермеуінде. Студенттерге тек білім беріп қою ғана аз, жан-жақты, рухани жетілген ұрпақ тәрбиелеуге бетбұрыс керек. Көп педагогтар бекітілген бағдарлама бойынша теориясын береді де кетеді, осымен ұстаздық міндетім бітті деп ойлар. Жоқ! Олардың оқуын қадағалап қамшылап отырумен бірге, тәрбие жағына да мұқият ден қою керек. Мәдениеттің жадаулығы, жұтаңдығы адамның рухани мешеулігіне әкеп соқтырады. Бүгінгі ұрпақты ұлт болуға шақыру, рухани қазынаға оралту ұстаздың басты міндеті болмақ. Рухани-эстетикалық тәрбиеге үлкен мән бермесек, кейін соның ағаттықтарының «жемісін» көреміз. Осы және басқа да келеңсіз жағдайлардың етек жая бастауы мәдениет басқармасының оң қабақ танытпауынан, Театр қайраткерлері одағының үні бәсеңсіп, мылқау күйге түскен­дігінен. Расын айтсақ, Одақтың бар екенін сезіне алмай жүрміз. Бәрін айт та бірін айт, ұлттық намысымыз азайып, санамыз сарқылып, рухымыз кемігеннен театрдың тағдыры да бұрмаланып жатыр. Ұлтының тарихын жете ұғына алмайтын, өнеріне жаны ауырмайтын адам қураған қу ағаш іспеттес. Қазақ театрларына ықылас қойып, ішкі-сыртқы мәселелерін дұрыс шешуге құлықты, белсенді болайықшы... дегеннен басқа бізден не тілек бар! Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА, театртанушы Редакциядан: Театртанушы автор мақаласына «Қалғыма, Қазақ театры!» деп қойғаны қалай, біздің театр саласы қашан ұйқыға кетіп еді, оның соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері де аз емес еді ғой, неге біржақты тек кемшіліктерді тізбелеп шыққан  деген сияқты сауалдардың туын­дауы заңды. Бұл – шынында да толғандырар тақырып, сондықтан теа­тр қайраткерлерінің, актерлердің, көрермен қауымның пікірлерін күтеміз, жариялауға әзірміз. АСТАНА