21 Мамыр, 2016

Сабан ақша осылай сарқылған еді

723 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
тенгеЕліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста декларация, заң, қағаз, халықаралық талаптар мен нормативтер және құжаттар негізінде егемендік жарияланғанымен, іс жүзінде шын мәніндегі шынайы дербес ел болудың ауылы әлі алыс жатқандай еді. Дәл осы кезде тәуелсіздікке қойылатын талаптардың он екі де бір нұсқасы болмағаны да ақиқат. Байыппен айтқанда, тәуелсіздігіміз аяғын жаңа ғана тәй-тәй басқан сәби іспеттес еді. Әрине, тәуелсіздік қажет еткен талаптардың бірі – егемен елдің дербес ақша-несие жүйесі еді. Тәуелсіздік алған тұста еліміз біртұтас бұрынғы кеңестік рубль аймағында тұрды. Сабан ақша тәй-тәй басқан тәуелсіздігімізді тұқыртып жібере жаздады. Сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты ұлттық валюта айналымға енгізіле қоймаған еді. Не істеу керек? Ұлттық банк жүйесі филиалының бұрынғы басшысы, аталған саланың майталман жетекшілерінің бірі Борис ІЗБАСАРОВПЕН әңгімеміз осы бағытта өрбіді. Избасаров– Борис Ізбасарұлы, сіз 1992 жыл­­дың басында сол кездегі Ұлт­тық банк­тің төрағасы Ғалым Байназа­ров­­тың ұсынысымен және сол жыл­дар­дағы Орал облысының басшы­сы Нәжі­ме­ден Есқалиевтің келісімі­мен Ұлт­­тық банк­тің облыстық басқарма­сы­ның бас­шысы болып тағайын­дал­ған­ екенсіз. Сол кездегі елдегі ақша-несие жүйе­сінің жай-күйі жөнінде не ай­тар едіңіз? – 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендік алғанымен респуб­ли­камыздағы банк жүйесі бұрынғы Кеңес Одағының мемлекеттік банк құзы­рына тәуелді болып қала берді. Мұндай тәуел­ділік, қираған КСРО мемлеке­тінің қаңсығына амалсыздан мойынұсын­у­шылық төл теңгеміз айналымға енгізіл­ген уақытқа, яғни 1993 жылдың 15 қараша­сына дейін жалғаса берді. Соның салдарынан тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында сол кездегі республиканың банк жүйесі тікелей өзінің ақша-несие саясатын жүргізе алмады. Бұлай болатын себебі, егемен елдің өз ақшасы айналымға еніп үлермеген еді. – Сіздің жеке пікіріңізше, мұның себебі неде? – Әрине, кезінде оның әртүрлі себеп­тері болғаны белгілі. Сол тұста бұрынғы кеңестік кеңістіктегі Балтық бойы рес­публикалары, Украина, Белоруссия, тіпті, Өзбекстан мен Қырғызстан да алды-арттарына қарамай өздерінің ұлттық валюталарын бірінен соң бірі айналымға енгізіп жатты. Ендеше, біздер неге олардан қалып қоямыз деп асығыстық жасаудың соңы Қазақстан жағдайында орын алуы әбден ықтимал келеңсіз жағдайларға апарып соқтыруы да мүмкін еді. Сондықтан Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл теңгемізді енгізу жөнінде жеті рет өлшеп, бір рет кесу сипатындағы орнықты көзқарас ұстанғаны дұрыс болды деп есептеймін. Сөйтіп, Қазақстан 1993 жылдың 15 қарашасына дейін сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты рубль аймағында қала берді. Біріншіден, мұның өзі республикадағы байырғы тұр­ғындар саны қырық пайызға да жетпей­тін жағдайда елдің тұтастығы мен қауіп­сіз­дігін сақтау мақсатында саналы түрдегі кешеуілдеу болды деп те ой түюге болады. Оның үстіне, іргедегі көршіміз Ресей бұл кезде бұрынғы кеңестік ақша жүйесінде қалып қойған еді. Екіншіден, біз қайткенде де Ресейдегі жоғары-төмен балды өзгерістерден сырт қала алмайтын едік қой. Сондықтан да әрине, әліптің артын бағуға тура келгені анық. – Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде ең алдымен Ресейде, содан кейін Қазақстанда тауарлардың құны еркін айналымға жіберілген кез есіңіз­де ме? Оның қандай теріс салдарлары болды деген ойдасыз? – Мұны да тәуелсіздіктің таңсәрі шағы мен өтпелі кезеңнің бізге артқан тағы бір үлкен сынағы деп есептегеніміз жөн шығар. Қазақы түсінікке сайғанда былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі деген шақ еді бұл. Тауарлардың еркін айналымының тиімді жақтарына қоса теріс әсерлері де болмай қалған жоқ. Бұл үдеріс инфляцияның кеңі­­нен етек жаюына әкеліп тіреді. Өтпелі ке­зеңде өндіріс орындары бірінен соң бірі жа­былып, өндіріс көрсеткіштері құл­ды­рап тү­сіп жатты. Елде тауар тапшылығы басталды. Оның әсері инфляция мөлшерін одан әрі тереңдете түсті. Бұл фактор­лар республикадағы бұған дейінгі кеңестік сипаттағы банк жүйесінің де біржолата тұралауына әкеліп соқтырмай қоймады. Елде жаппай жұмыссыздық етек ала бас­тады. Жалақы, өтемақы және зейнетақы секілді әлеуметтік төлемдердің уақы­тында төленбеу көріністері де дәл осы кезеңге сәйкес келді. Ақшаның құны болмаған соң өзара есеп айырысудың жабайы тәсілдері көрініс бере бастады. Соның бірі – бартерлік тауар айналымы жүйесі және өндіріс орындарында жұмыс істейтін адамдарға ақшаның орнына әртүрлі заттай төлемдер берілуі еді. – Сол 1992 жылы Ұлттық банк­тің рес­публика облыстарындағы басқар­ма­­ла­рына тән қызмет тәсілі қандай еді? – Айтайын. Дегенмен, дәл осы арада маған сәл шегініс жасауға рұқсат етке­ніңіз жөн шығар. Бұл арада айтайын дегенім, 1988 жылы Кеңес Одағы­ның мемлекеттік банк жүйесінде бір­қатар реформалар мен өзгерістер жасалды. Соған сейкес банктерді маман­дан­дыру жолдары жүргізіліп, Агроөнер­кәсіпбанк, Кредсоцбанк және Өнеркәсіп­құрылысбанк делінетін салалық банк­тер құрылды. Бұның бәрі де бұрынғы КСРО мемлекеттік банкі құрамынан енші алып шыққандар еді. Облыстарда бұлардың басқармалары құрылды. Бұлар республикалық ведомстваларға қарады. Мен сол кезде елімізде жаңадан құрыл­ған Ұлттық банктің облыстық басқар­­масына осы жүйеден ауысып келдім. Ұлттық банк бұрынғы КСРО мемле­кет­тік банкінің ізінде құрыл­ды. Әрі бізге сол кезде бюджеттің орында­луының бар­лық есеп-қисабын түген­деу ісі тапсырыл­ды. Бұл міндетті бұған дейін Кредсоцбанк, яғни несиелік- әлеуметтік банк жүйесі атқарып келген еді. Бұлар негізінен коммерциялық банктер болғандықтан, атқарып келген функциялары қайтадан Ұлттық банк жүйесіне ауыстырылды. – Әрісін айт та, берісін айт, енді төл теңгеміз айналымға кірген 1993 жыл­дың қарашасына қарай жақындасақ... – Әрине, жақындаймыз. Оның алдында мынандай бір керағар жайтты айта кетуге болады. 1993 жылдың тамыз айында Ресей өз рублін айналымға енгізді. Сол кезде қоғамдық өмірде жоқ елдің әбден құнсызданып кеткен сабан ақшалары Қазақстанға қарай құйылды. Топан ақшаға пайдаға асатын дүние-мүлік пен ішуге және жеуге келетін азық-түліктің бәрі де қопарыла сатылып алынып жатты. Оның қаншасы сыртқа кеткенін бір құдайдың өзі біледі. Инфляция деңгейі бұрын-соңды бол­маған шекке, яғни 360-380 пайызға дейін аспандап көтеріліп кетті. Бұл әрине, бұрынғы кеңестік рубль жүйесі туралы екенін оқырман аңғарып отырған шығар. Темекі тартатын әдетім болушы еді. Сондықтан да өзгесін айтпағанда сол кезде бір қорап темекінің бағасы бес мың рубль болғаны есімде қалыпты. Осындай қысылтаяң шақта 1993 жылдың 15 қарашасында төл теңгеміз айналымға енгізілді. Сабан ақша осылай сарқылды. Дәл осы күннен бастап, егемен еліміз өзі­нің ақша-несие саясатын ешкімге алаң­дамай дербес жүргізуге мүмкіндік алды. – Осы бір күндер сіздің жадыңызда қандай ерекшелігімен сақталды? – Есімде қалғаны екі күн бойы, нақ­тырақ айтқанда, 1993 жылдың 15-17 қарашасы аралығында елде тұрғындардың қайта есеп жасап үлгерулері үшін бұрынғы кеңестік рубль мен ұлттық теңгеміз қатар қолданылды. Яғни, осы күндерде оның екеуі бойынша да сауда-саттық жұмыстары жүргізіліп жатты. Төл теңгеміз айналымға енгізілгеннен кейін, ел-жұрттың рухы одан әрі көтеріліп, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеді. Сол кезде АҚШ долларына шаққанда теңгеміздің бағамы 4,67 теңгені құрады. – Борис Ізбасарұлы, сіз бұған дейін­гі барлық саналы ғұмырыңызды елі­міздің Ұлттық банк жүйесінің ныға­юына арнадыңыз. Әрі бұл сала­ның білікті жетекшісі ғана емес, сонымен бірге білгір маманы да бола білдіңіз. Осы тұрғыда алғашқыда 4,67 деп белгіленген теңге бағамының тұрақтап тұра алмай қалғаны жөнін­дегі пікіріңізді білгіміз келеді? – Бұл сауалдың жауабы өте қара­пайым. Өзіңіз айтап өткендей, о бас­тағы теңге бағамының тұрақтылығы ұзаққа созылмағаны шындық. Біз бұл мәсе­леге шынайы көзқарас тұрғысынан қарай білуге тиіспіз. Менің ойымша өтпелі кезеңдегі ел экономикасының тұрақсыздығы, бауырын еркін жаза алмауы АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валюта бағамының өсуіне әкеліп соқтырды. Бір сөзбен айтқанда, теңге тұрақтылығы ел экономикасының өсуіне тікелей байланысты. Екіншіден, сол тұстағы әртүрлі әлеу­меттік-экономикалық қиыншы­лық­тар, өндіріс орындарының жабылуы мен экспорттық әлеуетіміздің төмендігі де бұл үдерісті үдете түсті. Сонымен бірге, егемендіктің алғашқы жылдарында теңге бағамының өзгеруі елдегі алтын-валюта қорының аздығынан әрі оның жинақталып үлгере алмай жатқанынан да орын алғанын ашық айтуға тура келеді. Банк жүйесі терминінде төлем балансы деген ұғым бар. Оны уақытында ұстап, қадағалап тұрмаса, белгілі бір елдегі ақша-несие жүйесі күрделі жағдайларға кездеседі. Бұл арада айтайын дегенім, егемен еліміз сол бір жылдарда төлем балансының тұрақтылығын сақтау үшін Халықаралық валюта қорынан қаржылай көмек алған еді. Кейін өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде бұл қаражат қайтарылып берілді. Сонымен бірге, кеңестік кезеңдегі КОКП саясаты Қазақстанға негізінен шикізаттық аймақ деңгейінде қарау мен бағалау үрдісін қалыптастырды. Бұл белгілі бір дәрежеде шындыққа да сәйкес келеді. Соның салқыны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да сезіліп тұрушы еді. Теңге бағамының өзгеруіне бұл жайттың да әсері болғанын жоққа шығара алмаймыз. Қалай десек те, төл теңгеміз айналымға кіргеннен кейін еліміз томаға-тұйықтықтың көрпесін серпіп тастап өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды емін-еркін орнықтыра бастады. Бәріне де уақыт төреші. Адам жақсыға тез үйренеді емес пе. Бір кездегі өтпелі кезеңнің қиыншылықтары бүгінде артта қалды. Ел экономикасы өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жая түсті. Өзге елдерге шығарылатын экспорттық әлеуетіміздің үлес салмағы жылдан-жылға көбейіп келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында және өтпелі кезеңде тұралап қалған нысандарды орнынан тұрғызу және жаңа кәсіпорындар ашу үшін мықты инвесторлар қажет еді. Солай болды да. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Отанымыз – Қазақстан бүгінде әлемдегі инвестициялық тартымдылығы жоғары мемлекеттердің біріне айналды. Республикамызда индустриялық-инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы экономикамызды тек мұнай-газ секілді стратегиялық шикізат көздері арқылы көтеру қажеттілігінен суырып алып шықты. Осы жетістіктердің бәрі теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын таптырмас тетіктер еді. Теңге – тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі. Бүгінде егемен елімізде ақша-несие саясаты оң жолға қойылған. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы