21 Мамыр, 2016

Неге

282 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
СтудентКәсіптік оқудың күнгейі мен көлеңкесі Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында 2017 жылдан бастап «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру туралы міндет қойды. Уақыт талабынан туған өте өзекті мәселе. Соңғы жылдары елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан индустрияландыру бағдарламасының тәжірибесі анық көрсеткендей, экономикамыз кәсіби жұмысшылар мен білікті инженер ­кадр­ларынан мүлде жұтап қалыпты. Еліміздің еңбек рыногында ин­женер-техниктер мен кәсіби жұ­мысшы мамандарының тапшы болып келе жатқанына біраз жыл­дың жүзі болды. Оның есесіне ар­найы орта білім нысандары­ның дип­ломдарын алған заңгерлер, эко­номистер және басқа гумани­тар­лық сала «мамандары» қап­тап кетті. Қарағайдай дипломы бар жаңағы «мамандар» еңбек ры­­­ногының сұранысынан сырт қа­лып, еліміздің есепте бар және есепте жоқ жұмыссыздар отря­­дын толықтырып жүр. Жасы­ратыны жоқ, осы «дипломды жұмыс­сыз­дардың» 100 пайызы дерлік қазақтар. Бір ғана мысал, осыдан бірер жыл бұрын жолымыз тү­сіп Рудный қаласында болдық. Сонда ССКӨБ құрылымдарына жұмысшы мамандарын даярлай­тын тамаша жабдықталған кә­сіп­тік-техникалық оқу орны бар екен. Оның электрмен дәне­кер­леушілер, слесарьлар мен токарьлар даярлайтын бөлімдерінен бір­де-бір қазақ жастарын таба алмай қайран қалдық. Әрине, бұл мәселеде техникалық білім беру жүйесінің қазақ тіліне көшуінің кенжелеп қалуы, осыған байла­нысты ауыл жастарын оқуға тар­тудың қиындығы, қазақтар көп қо­ныстанған өңірлерде өндіріс ошақтарының тапшылығы сияқты толып жатқан объективті және субъективті себептері болуы мүм­кін. Алайда, ең бастысы, қазақ жас­тарының арасында жұмысшы мамандығының беделі төмен екен­дігі ащы шындық. Соңғы ширек ғасыр уақыт ішін­де біз кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің базасына бал­­та шаптық. Жекешелендірудің жөні осы екен деп, кезінде кей­бір өңірлердің мақтанышына ай­­­­нал­ған, базасы ірі өндірістік ке­шендерге бергісіз кәсіптік учи­лищелерді талан-таражға салдық. «Батпан құйрық» тегін қолына тиген «көлденең көк аттылар» оқу шеберханаларының озық тех­­но­логиялары мен құрал-жаб­дықтарын күресінге тастап, тек сыңғырлаған ғимараттарды ғана алыпсатарлық құралына айналдырды. Ақиқатын айтсақ, соңғы жылдары бүкіл білім беру саласы сынақ алаңына айналды. Екі-үш жылда бір ауысатын Білім және ғылым министрлері қызметке тағайындалғанда өздерінің «реформаларын» ала келеді. Жаңа «ре­форма» жартылай жүзеге асар-аспастан министр қызметтен кетеді. Оның орнына келген келесі министр тағы бір «жаңа реформаны» қолға алады. Бүкіл білім саласының қызметкерлері де, оқу­шылары да бір реформаның байыбына бармай жатып екінші бір «жаңалыққа» көшуге мәжбүр болып, ештеңеге түсінбей дал. Ал қазақстандық ЖОО-лар болса, әлдеқашан диплом сататын «бизнес субъектілеріне» айналған. Үдемелі индустрияланды­ру бағ­­дарламасы бойынша елі­міз­­де өскелең технологияларға негіз­делген жаңа өндіріс орындары ашылып, бұрынғы зауыт-фабрикалар жаңғыртылуда. Міне, осыған байланысты елімізде жұмысшы кадрларының тапшылығы ай­қын көріне бастады. Бұрынғы жұмысшылар басқа жаққа қоныс аударған немесе зейнет жасына жеткен. Ал жергілікті жастар қатарынан зауыт-фабрикаларға келіп, аға буынның ісін жал­ғас­ты­­рар жұмысшы кадрлары жоқ­­­­тың қасы. «Біздің металл өңдеу зауыты жаңа технология бойын­ша қайта жаңғыртылды. Құрал-жабдықтардың бәрі бар, тек техникалық кадрларға деген тапшылық қолбайлау болып отыр. Электрмен дәнекерлеушілер де, білікті токарьлар да жоқ. Тіпті, қа­ра­пайым слесарьлардың өзі же­­тіспейді», дейді жақында іске қосылған зауыт басшысының бірі. Еңбекпен қамту орталықтарының деректері бойынша, бүгінде біз­дің елімізде кәсіптік-техникалық оқу орындарын бітірген маман жұ­­мысшыларды қажет ететін 20 мың жұмыс орны бос тұрған кө­рінеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова еліміздің еңбек нарығында білікті инженер-техниктер мен маман жұмысшы кадр­ларының жетіспеушілігі ерекше сезіліп отырғандығын, барған сайын оларға деген сұраныстың арта беретіндігін атап көрсетті. Адами құндылықтар арзан­дап кеткен «жабайы капита­лизм» кезеңінде жұмысшы ма­ман­­дығының беделіне де ерек­­­­­ше нұқ­­сан келді. Кеңес дәуі­рінде мектеп бітірген жастар жұ­мысшы әулеттерінің қа­та­­­­рын толықтыруға асығатын. Зауыттар мен екпінді құрылыс алаңдарындағы жұмысшылардың жалақысы да жоғары болатын. Ірі зауыттардың алдыңғы қатарлы маман жұмысшылары облыстық партия комитетінің хатшыларынан артық жалақы алатын. Енді облыс әкімдері мен білікті деген жұмысшының жалақысын салыс­тырып көріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Жақында «HeadHunter Қазақстан» сараптама және зерттеу орталығы Қазақстандағы орташа жалақы деңгейінің кестесін жасады. Зерттеу нәтижесі бо­йынша, Қазақстандағы инженер-құрылысшылардың орташа жала­қысы 55 мың теңгеден 120 мың теңге аралығы деңгейінде болса, білікті тракторшы-маши­нис­тердің айлық жалақысы 79-90 мың теңгеден айналады екен. Оның есесіне «Еуразиялық банк» АҚ директоры айына 15,1 миллион теңге, «Халық банкі» АҚ директоры айына 11,4 миллион теңге жалақы алатын көрінеді. Осыдан-ақ бұл банктердің қожасы кім екенін, жұмысшы беделінің дәрежесін, әлеуметтік әділеттілік деңгейін топшылай беріңіз. Еліміздегі кәсіптік-техникалық білім саласының экономикалық өмірден сырт қалауы еңбек рыногы мен кәсіптік оқу жүйесі ара­сындағы байланыстың үзі­луін­де жатыр. Кәсіби жұмысшы мамандарын даярлаушылар мен жұмыс берушілер арасында ортақ мақсатқа жұмылған келісім жоқ. Кешегі кеңестер кезеңінде әрбір кәсіптік-техникалық училище белгілі бір зауытқа немесе ірі өндіріс орталығына бекітілетін. Ол өндіріс орталығы училищені қажетті станоктармен, техникалық құралдармен қамтамасыз ететін. Училище оқушылары сол зауытта еңбек тәжірибесінен өте­тін. Әрбір шәкіртке сол зауыт жұ­мысшылары қатарынан тә­лімгерлер тағайындалатын. Учи­­­­­­­­­ли­ще түлектері оқудан ке­йін міндетті түрде сол өн­ді­ріс орталығында жұмысқа қа­был­данатын. Қазір мұның бірі жоқ. Өндіріс орталықтарының бәрі же­кеменшік, кәсіптік-техникалық училищелердің жартысынан ас­тамы жекешелендірілген. «Өз көй­­­легім, өзіме жақын» қағидасын ұстанған жекеменшік субъектілер шығыны шаш-етектен келетін кәсіптік оқу орындарына қаржы шығындап қайтеді. Одан да қажет ете­тін білікті жұмысшыларды кво­­та­мен келетін шетелдік дайын ма­ман­­дармен толықтыра бермей ме?! Қазіргі кезде елімізде жұ­мыс істейтін 807 кәсіптік-тех­ни­­­­­­калық колледждердің тек 20-ға жуығында ғана маман жұмысшылар даярланады екен. Осы колледждердің 462-сі мем­лекеттік болса, 345-сі жекеменшік оқу орындары кө­рінеді. Кәсіптік білім беретін мем­лекеттік оқу орындарында уақыт талабына сай шеберханалар мен зертханалар жұмыс істейді. Еңбек нарығы үшін білікті кадрларды даярлау, оларға сапалы білім бе­ру мақсатында республикалық және жергілікті бюджет есебінен колледждердің шеберханалары мен зертханаларының ма­те­­риал­дық-техникалық база­ла­рын жаңғыртуға қаржы бө­лінеді. Соңғы бес жыл ішінде рес­­публикалық бюджет есебінен – 388, жергілікті бюджет есебінен – 209, Дүниежүзілік банк есебінен 207 шеберхана жарақталды. Керісінше, жекеменшік кә­сіптік-техникалық колледж­дер­дің басым көпшілігі әлде­қа­шан ескірген техникалық құ­ралдармен жұмыс істейді. Кей­бір колледждердің шебер­хана­ларындағы жабдықтар тіпті, кеңес дәуірінен бері жаңар­тылмаған. Ал қазіргі қазақстандық өндіріс орталықтары бүгінгі заман­ның озық техникалық құрал­дарына көшірілген. Осыған байланысты кейбір кәсіптік кол­ледждерді бітіріп келген маман жұмысшылар өндірістегі жаңа техникалық құралдармен жұмыс істей алмайды. Өндіріс орындары амалсыз мұндай мамандарды қайта даярлауға мәжбүр болады. Ауыл жастарының кәсіптік-техникалық колледждерде оқу­ға құлшыныс танытпауының та­ғы бір себебі, колледждердің көп­шілігінде жатақханалар жоқ. Бұрынғы жатақханалардың көп­­­­­­шілігі дерлік сатылып кеткен. Ал пәтер жалдап кәсіптік білім алу, ауыл жастары үшін қиын­дық туғызатындығы даусыз. Сонымен бірге, кәсіптік-техникалық білім беретін кол­ледждердің оқытушылар құра­мының сапасы да, сыпайылап айтқанда, біршама жақсартуды қажет етеді. Техникалық кәсіпті жете меңгерген бұрынғы маман оқытушылар жалақының тө­мендігіне байланысты өндіріс орындарына ауысқан. Ал қазіргі оқытушылардың көпшілігінің теориялық білімі мен тәжірибесі сәйкес келмей жатады. Елбасының жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру тапсырмасына сәйкес бүгінгі кезде еліміздегі оқу жүйесінің бұл саласында біршама нәтижелі шаралар іс жүзіне асырылуда. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру мәселесіне дайындық барысын білу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне хабар­ласқанымызда мынандай ақпарат алдық. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бас­ты мақсаты ол еңбек нарығына қа­жетті мамандарды даярлау, олар­дың біліктілігін шыңдауға бағытталған шараларды іс жү­зіне асыру болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде тегін кәсіптік-техникалық білім беру шарасын енгізу аясында еңбек рыногына қажетті жұмысшы кадрларды даяр­лаудың үлесін арттыруға бет­­бұрыс жасалады. Жергілікті ат­қарушы органдармен бірлесіп өткізген зерттеу жұмыстары қа­зір­гі кезде маман жұмысшылар даяр­­лау сұраныстың 19 пайызын ғана қанағаттандыратындығын анықтады. Осыған орай кәсіптік-техникалық білім саласының ал­­дына қойылған басты міндет – жұмысшы мамандықтар бойынша даярлықты 40 пайызға дейін өсіру. 2016-2017 оқу жылынан бас­тап «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жастар жұмысшы біліктілігінің белгіленген және жоғарылатылған деңгейін тегін алатын болады. Мектеп оқушыларын жұ­мыс­­­­шы мамандығына баулу мақ­сатында ерте кәсіптік бағдар бе­ру жұмыстары жүйеленді. Рес­публика бойынша кәсіптік бағ­дар берудің қағидалары әзір­ле­­неді. Сонымен бірге, кол­ледж­­­­дердегі кадрлар даярлауды бейімдеуде білім алу уақытын қыс­қартатын несиелік-модельдік технология енгізілетін болады. Техникалық және кәсіптік білім бағдарламаларының мазмұны жаң­ғыртылады. Қазіргі уақытта кәсіптік стандарттар негізінде 147 модульдік оқу бағдарламалары экспериментті түрде кезең-кезең­мен оқу үрдісіне енгізіледі. Маман жұмысшы кадрларын даярлауды жүйеге келтіру мақ­сатында 2015-2017 жылдарға ар­налған жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Жол картасына сәйкес өңірлердегі еңбек ры­ногының сұранысына ие ма­мандықтар, сұранысы жоқ ма­мандықтар бойынша кадр­лар­­­­ды даярлауға талдау жасалын­ды. Білім және ғылым ми­нистр­лігі облыстардың білім басқар­маларымен бірлесіп, тех­никалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлауға арналған мем­лекеттік білім беру тап­сы­рысының еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға бағытталуына қажет шаралар қа­былдады. Мәселен, осы жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары заң мамандықтары бо­йынша даярлық 25 мың (44,4 пайыз) адамға азайтылса, экономика мамандықтары бойынша даярлық 66 мың (34,6 пайыз) адамға азайды. Білім беру тап­­сырысын орналастырудың қағидаларына сәйкес колледж­дерге тапсырыс өңірлік жұмыс­пен қамту, кәсіпкерлер палаталары сұраныстарына сәйкес және олар­дың тікелей қатысуымен ор­наластырылатын болады. Мем­лекеттік білім беру тапсырысы және жұмыс берушілердің сұраныстары жан-жақты зерт­теліп, жаңа мамандықтар кестесі белгіленді. Колледждерді бейім­деу жұмысының нәтижесінде Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, 20-дан астам колледждің нақ­ты бейіні белгіленді, еңбек нары­ғының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашылады. Жыл сайын білім саласына бөлінетін бюджет қаржысы артып отырғандығына қарамастан, бұл саланы қаржыландыру ІЖӨ пайызына шаққанда дамыған елдермен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр. Елімізде білім саласына ІЖӨ-нің 3,8 пайызы көлемінде қаржы бөлінетін болса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 5-7 пайыз көлемінде. Осы реттен келгенде, елімізде кәсіптік білім беру саласына бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 0,2 пайызын ғана құрайды. Сондықтан, Мемлекет басшысының жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру бастамасына байланысты бұл саланы мемлекет тарапынан қаржыландыру деңгейін арттыру мәселесі де өзекті болып қалуда. Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігінің дерек­тері бойынша, алдағы уақытта еңбек нарығында еліміздегі де­мографиялық ахуал­ға байланыс­ты жұмысшы кадрларының тап­­шылығы қалыптасатын бо­лады. Мәселен, 2014-2018 жылдар аралығында жұмыс күшіне деген сұраныс 700 мың адамды құрайтын болса, бұл кезеңде экономикалық белсенді тұрғындар санының өсімі 400 мың ғана адамды құрайды екен. Яғни, 90-жылдары орын алған бала туу деңгейінің күрт төмендеуі нақ осы кезеңде еңбек рыногындағы ахуалға кері әсерін тигізеді. Осы­ған байланысты министрлік еңбек рыногында қалыптасқан жұмыс күші жетіспеушілігін бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр­ген тұрғындарды қажетті ма­мандықтарға даярлау арқылы толықтыруды ұсынады. Яғни, енді тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы шеберінде қазіргі кезде өз бетімен күнін көріп жүрген ауыл жастары мен қара базарда жалдамалы жұмыспен нәпақа тауып жүрген жастарды білікті жұмысшы ма­мандығына баулуға түбегейлі бетбұрыс жасалуы қажет. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»