21 Мамыр, 2016

Шымкентте білім басшысы жол апаты себебінен қызметтен кетті

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21-05-16-shymkent

ШЫМКЕНТ. 21 мамыр. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталған жол апатына байланысты қала әкімі шұғыл жиын өткізді. Бұл туралы 24.kz ақпарына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов облыс орталығындағы аялдамалардың бірінде тұрған оқушы балаларға кездейсоқ көлік соғып, ақыры бүлдіршін баланың өлімімен аяқталған қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл жиын өткізді. Оның барысында әкім қашықтан қатынап оқитын оқушылар тасымалын дұрыс ұйымдастыра алмаған қалалық білім бөлімінің басшысын қызметінен босатып жіберді. Сондай-ақ жолаушыны толтырып алып, көшеде жарыс ұйымдастыратын қоғамдық көліктердің берекесіз тірліктері мен тротуарларды жөнге келтірмеген жауапты екі мекеменің басшысы сөгіс алды. Жергілікті полиция басқармасына қиылыстардағы жол қозғалысын реттей алмайтын инспекторларды қызметтен алуды тапсырды. Еске сала кетейік, айтылып отырған жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 жасар бала жантәсілім етіп, тағы 2 әйел аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған болатын. Облыстық балалар ауруханасына бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, 5 бала келіп түскен. Олардың үшеуі қажетті көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылып, екеуі ауруханаға жатқызылды. Тағы қалалық балалар ауруханасына жатқызылған тағы бір баланың жағдайы ауыр. «Мына жиналыста қаным қайнап отыр. Біз балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмасақ, мына жерде бәріміз топырлап не үшін жүрміз?! Жол қиылысында неге дұрыс бағдаршам жанбайды? Тәртіп болу үшін енді қанша адам, қанша бала өлуі керек?!» - деді қала әкімі. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізуші уақытша ұстау оқшаулағышқа қамалды. Сараптама жүргізу барысында 19 жастағы жігіттің ішімдік ішпегені белгілі болды. Енді бұдан да басқа сараптамалар жасалып жатыр. Бақтияр Тайжан. Дерек, фото: 24.kz.