24 Мамыр, 2016

Жер қазақстандықтарға сатыла ма?

487 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Жер реформасы бойынша комиссия осы мәселені талқылады ERA_4473+ Жер реформасы бойынша рес­публикалық комиссияның мүше­лері араға апта салып Астанада тағы да бас қосты. Әдеттегідей, алқалы отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойын­ша республикалық комиссия төр­ағасы Бақытжан Сағынтаев төраға­лық етті. Бұл жолғы жиынға комиссияның 75 мүшесінің 7-еуі белгілі себептермен қатыса алмады. Оның екеуі өз еріктерімен комиссия құрамынан шығатындарын айтқан. Қалғандары денсаулық жағдайына байланыс­ты өткен жолы да қатыса алмаған болатын. Комиссия төрағасының айтуынша, бүгінде аталған мәселе бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында отырыстар өтті. Облыстарда селекторлық кеңес ұйымдастырылып, комиссия мен жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңестердің өзара қатынасына байланысты мағлұматтар берілген. Қоғамдық кеңестерге де келіп түскен ұсыныс-пікірлер жинақталып, комиссия штабына ұсынылмақ. «Бізге халық сенім артып отыр. Де­генмен, қоғам арасында, әсіресе, әлеу­меттік желілерде айтылып жатқандай, біздің комиссияның құзырына күмән келтірушілер де жоқ емес. Рас, біздің комиссия заң қабылдайтын Парламент емес, қаулы қабылдайтын Үкімет емес, бірақ бізге Парламентке ұсыныс енгізу­ге құзырет берілді. Соны пайдалана отырып өз ұсынысымызды енгізе ала­мыз, осының негізінде әрі қарай жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Яғни, Жер ко­дек­сіндегі баптарға байланысты өзгеріс­тер енгізу үшін ұсыныс айтуға құзыре­ті­міз жетеді», деді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ, жиын барысында Жер кодек­сінің бірқатар нормаларына мора­торийді қамтыған заң жобасы жақында Парламентке түсетіні сөз болды. «Елба­сының 6 мамырдағы Жарлығында Қазақ­стан Үкіметі заңнамалық түзетулерді іске асыруға бағытталған шараларды қолға алуы керек деп белгіленген болатын. Осыған байланысты айта кететін мәселе, жердің бірқатар нормаларына мораторий жарияланды. Енді Үкімет осыны реттеу үшін заңға өзгерістер енгізеді. Осыған байланысты, Үкімет Жер кодексінің бірқатар нормаларына 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Елбасының тапсырмасын іске асыру үшін тиісті заң жобасын әзірледі. Бұл құжат Парламентке жолданады», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Оның айтуынша, Парламентке заң жобасы түсіп, оны депутаттар қабылдаған соң, Елбасының 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін Жер кодексінің резонанс тудырған нормаларына мораторий қамтамасыз етіледі. Одан әрі Б.Сағынтаев комиссия жұмысын бастағаннан бергі екі апта ішінде БАҚ беттерінде 2 мыңнан аса материал жарияланғанын, барлық мүдделі тараптардың ұсынысы түгел ескеріліп, олардың қызу талқыланып жатқанын айта келіп, «Біз өткен отырыста жұмыс топтарына бөліне отырып, өз ісімізді жалғастыру туралы мәмілеге келгенбіз. Олар – заңдық-құқықтық, ақпараттық-түсіндіру, экономикалық, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету тобы», деді. Айта кетейік, комиссияның алғашқы отырысында 4 бағыт бойынша жұмыс тобын құру ұсынысы бірауыздан қол­данған болатын. Осыған орай, комиссия мүшелері бұл жолы жекелеген жұмыс топтарының басшыларын сайлады. Әрбір топтың басшылығына бірнеше кандидат ұсынылды. Көпшіліктің пікірі негізінде олардың Үкімет мүшесі немесе депутат болмағаны жөн деп келісілді. Талқылау нәтижесінде, дәлі­регі, комиссияның ұйғарымы бойынша Ақылбек Күрішбаев – экономи­калық бағыттағы топтың, Мұхтар Тайжан – құқықтық, Мұрат Әбенов – ақпа­раттық-түсіндіру, Дос Көшім рәсім­дердің ашықтығын қамтамасыз ету үдерісі бойынша ұйымдастырушылық топтың жетекшісі болып сайланды. Комиссия мүшелерінің тікелей ұсы­ныстары негізінде мұндағы экономи­ка­лық топқа – 26 адам, құқықтық топқа – 14 адам, ұйымдастырушылық топқа – 16 адам, ақпараттық-түсіндіру тобына 16 адам енгізілген. Осылайша, комиссия мүшелері жұмыс топтарына бөлініп, оның жетекшілері сайланған соң, күн тәртібіндегі негізгі мәселеге ойысты. Нақтылай айтқанда, «Жерді қазақстандықтарға сату керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіді. Әрине, талқылаудың тәртібі «иә» немесе «жоқ» деген қысқа қайыру емес. Мәселен, «иә» дегендердің өзде­рі ондағы көптеген мәселені ескеру керек­тігін, кейбір түйткілдердің шеші­мін қарау қажеттігін талқылауда атап өтті. Айта­лық, академик Кенжеғали Сағадиев Қазақстан ауқымды жері бар, бірақ оны тиімді пайдалана алмай отырған мемлекет екенін айтты. «Жер – халықтың өмір сүретін ортасы, екіншіден, ауыл шаруашылығының негізгі кәсіп көзі. Сол кәсібінің арқасында халық өз тұрмысын дұрыстап отыр. Осы тұрғыдан алғанда біздің осы күнге дейін Қазақстандағы жерді пайдалануы­мыз өте төмен, нашар. Менің есебім бойын­ша, бізге жерден ішкі жалпы өнім­нің 15-17 пайызын алуға болатын еді. Алайда, біз бұдан алатынымыз әлі күнге төрт есеге төмен», деді комиссия мүшесі К.Сағадиев. Осыған байланыс­ты академик жерге қатысты ұстанымды өзгертпесе одан келер пайда да төмендей беретінін алға тартты. «Сондықтан да, мен Қазақстан азаматтарының меншігіне жерді сатуды қолдаймын. Өйткені, бұлай болған жағдайда жердің бір иесі болады. Ол жердің құнарлылығын сақ­тауға, одан табыс алуға ынталы болады. Екіншіден, жерді Қазақстан азамат­тарына сату – жер иесі үшін де эконо­ми­калық мүмкіндік. Қазақтың жерін, оның ішінде ауылшаруашылық жер­лерін дұрыстау керек. Өткен 25 жыл ішінде Қазақстанда жаңа, жақсы ауыл шаруашылығына негізделген ауыл бой көтерді ме? Жоқ. Есесіне бұрынғы колхоз, совхоз орталықтары азып-тозып ­барады. Кейбіреуін, тіпті, халық тастап та кетті», деді К.Сағадиев. Оның айтуын­ша, жерді Қазақстан азаматтарына сатуға болады, алайда, қандай нысанға негізделсе де басқаларына сатуға жол берілмеуі керек. Сонымен қатар, академик «Бірін­шіден, халыққа дұрыс түсіндіру, дұрыс сараптама жасау үшін біз пайдалануға болатын жердің көлемін анықтауға тиіспіз: оңтүстікте аздау, солтүстікте көптеу болатыны белгілі ғой. Дегенмен, нақты санын шығару керек. Екіншіден, 2013 жылдан бері 1 млн. 300 мың гектарға жуық жер ғана сатылды, жалға берілді. Бұл аз. Осының себебі не? Менің ойымша, жер ауылдағы азаматтарға қымбат. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Жер кадастрын қарау керек. Қымбаттау. Негізгі мақсатымыз – өз азаматтарымыздың иелікпен жерде жұмыс істетуіне жағдай жасау. Осыны нақтылайық, азаматтарға жеңілдіктерді ойлайық», деді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде бұған дейін ауылшаруашылық кооперативтері туралы заң қабылданғанын, ол заңның жақсы жақтары басым екенін атап өтті. «25 жылдың ішінде жұмыс істеп келген еліміздің фермерлер шаруашылығы Қа­зақстанды байытып, оның дамуын ілге­рілетуге еш үлес қосқан жоқ. Соның сал­дарынан жерімізді енді солар құнар­ландырып, солардың табыс әкелетініне ешкім сенбейді. Бізге қолайлысы – шаруашылық ұжым. Ол барлық жерлерде де, барлық елдерде де болған», деді К.Сағадиев. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығын ірілендіретін кооперативтерге қадам басу керек. ERA_4029+ «Кооперативтерге бірігетін болсақ, фермерлерге қазіргі пайдаланып отырған жерден де көп жер керек. Сонда ғана біз Қазақстандағы жер иеленушілердің санын арттырамыз. Әрине, ол үшін заңға да толықтыру енгізу керек», деді академик. Жерді қазақстандықтарға сату-сатпау мәселесіне орай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед те өз пікірін білдірді. «Біріншіден, қазақ халқында әрқашан жердің меншікті иесі болған. «Жер иесіз болмас» деген сөз содан қалған. Әр ру, тайпаның өз жері, өз қонысы болды. Сондықтан, жердің меншікте болуы халқымыздың ескі замандардан келе жатқан дәстүрі екендігін ұмытпайық. Екіншіден, жерді жекеменшікке беру мәселесі бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңымызда көрсетілген. Сондықтан, біз бүгін оны қандай жағдайда жекеменшікке және жалға беру мәселесін талқылағанымыз жөн», деді ол. Бұған қоса, спикер өткен аптада «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Алматыда зиялы қауым өкілдерімен өткен басқосуда төрт мәселеге назар аударылғанын жеткізді. «Бірінші мәселе. Елбасы тоқтау салған бүгін біз тал­қылап отырған кодексте жерді Қазақ­стан азаматтарына сату көздел­генімен, жалға беру мәселесі қарас­тырыл­маған екен. Ауылда тұратын, ауыл шаруа­шылығымен айналысатын кәсіп­керлердің бәрінің жерді бірден сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, жерді өз азаматтарымызға да жалға беру нормасы заңда ашық көрсетілуге тиіс. Екінші мәселе ретінде жерді сату және жалға берудің шекті мөлшері заңда анық белгіленуі керектігі талқыланды. Сонда бір адамның меншігіне жүздеген мың гектар жер өтпейтін болады. Үшінші мәселені Бексұлтан Нұржекеев бастаған жазушылар көтерді. Олар шекаралық аудандардағы жерді шетелдіктерге жалға беруге болмайтынын, жалпы шекарадан 100-150 шақырымдай жерді мемлекет меншігінде ұстау керектігін ұсынды. Төртінші мәселе шабындық пен жайылымдық жерлерге байланыс­ты. Ауылдарымызда әр қорадан өріп шығатын жекеменшіктің азды-көпті малы бар. Олар елді мекендердің жанында орналасқан жайылымдық жерлер мен шабындықтарда бағылады. Ертең осы жерлер жекеменшікке өтіп кетсе, ауыл адамдарының мал бағатын жері қалмауы мүмкін. Сондықтан, елді мекендер маңындағы шабындық пен жайылымдық жерлер жекеменшікке де, жалға да берілмейтіні заңда анық көрсетілуге тиіс. Жалпы, «Нұр Отан» партиясы осы төрт ұсынысты түгелдей қолдайды», деді. Парламент Мәжілісінің депу­таты Жексенбай Дүйсебаев ауылша­руа­шылық жерлерін тиімді пайдалану керек дейді. Сондай-ақ, жердің қолдан қолға сатылып кетпеуін болдырмау қажет деген ұсынысын білдірді. ERA_4529+ «Ауыл шаруашылығының басты капиталы, әрине, ол – жер. Біздің еліміз нарықтық экономикаға көшкеннен кейін, ол капитал енді жұмыс жасауы керек. Сондықтан да, мұнда бәсекелестік те, жекеменшік те болуы қажет, жалға берілуі де керек. Кім қай жолмен барғысы келеді, сол жолды таңдап, өз ісін бастауы­ қажет. Мысалға, сатып аламын деген адам заңға сәйкес шектеулермен алсын, құнарлылығын көбейтсін, өнімін алсын, елге де, Үкіметке де, өзіне де пайдасын әкелсін», деді депутат. Дегенмен, ол жерлердің тиімді әрі мақсатты пайдаланылуына да үлкен мән беру қажеттігін атап өтті. «Тағы бір мәселе, xалқымыздың деңгейі бірдей емес, сондықтан, сатып алмайтындарға, әрине, жерді жалға беруді де қарастыру керек сияқты. Осы жағын толығырақ қарап, екі жағын да зерттейік. Комиссиямыз құрылды, заңды түрде, жан-жақты, асықпай қарап, толықтырып, оның барлығын қарауға болады. Бірақ менің бір ойым: азаматтарға он сотық жер берілді. Ол дұрыс болды, бірақ кейін бір қолдан екінші қолға сатылып кетті. Жер бар, бірақ салынған үй жоқ. Сол сияқты, ауылшаруашылық жерлері меншікке өтсе, оның да осылай қолдан қолға сатылып кетпеуін болдырмау керек. «Ертең жер қолдан қолға кетсе, жер «тақтайдай» болып жатады. Бұл – ешқандай нәтиже бермейтін дүние. Сон­дықтан, осы жағын тереңірек қарау керек деп ойлаймын. Мүмкін, он жылға дейін сатпау керек деген шектеу енгізілуі керек шығар. Егер ол оң нәтиже көрсетіп, алған жерінің құнарлылығын арттырып, 15 жылда нәти­же шығарып жатса, оған сатуға болады деген секілді. Ал егер ол жерден тек қана сол алған құнарлылығын ғана қал­дырып, ешқандай жаңашылдық әкелмесе, оған сатуға не үшін жол беру керек деген мәселелер туындайды», деді депутат. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев 2003 жылы қабыл­данған кодекстегі тиісті нормаларды сақтап қалу керек деген пікірін біл­дірді. «Әлемдік тәжірибені қарап отыр­мыз, бұл мәселеде шынында да, дамы­ған мемлекеттердің көпшілігінде жеке­меншік құқығы бар. Біз де сол дамыған елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бірақ ол елдердің бәрі кезінде жердің реформаларын революция түрінде емес, эволюция жағдайында жүргізді. Бұл мәселе оларда ғасырлап шешілді», деген ректор жерге тауар ретінде емес, оны өндірістің құралы ре­тінде қарау қажеттігіне назар аударды. Оның пайымынша, біздегі қателіктің бір басы осында. Осы орайда, ол жерді сатуды табыс көзі, бюджетті толтырудың тетігі ретінде қарамау керектігін баса айтты. «Жердің өз ерекшелігі бар. Жер мұнай шығаратын мұнара емес. Біздегі егістік жердің 93 пайызы толық жауын-шашынға тәуелді. 7-ақ пайызы суармалы жер. Бұл жұмыс бойынша, ертең сатып алатын қожалықтарымыз қалай алады? Қандай ақшаға алады? Өткен аптада мен бірнеше шаруа қожалығының жетекшілерімен кездестім. Иә, оларға он жылға созып төлеуге болады. 50 пайыз жеңілдік беріліп отыр. Бірақ соның өзінде, мысалы, Ақмола облысында орташа есеппен 3 мың гектар жер болатын болса, олар жылына 6 млн. теңге төлеуі керек. Оларға бұл үлкен ақша. Өйткені, бір табысын біріне әзер жеткізіп отырған қожалықтарға бұл өте қиын болады», деді А.Күрішбаев. Жер кадастрын қайта қарау, жер құ­нарлылығын арттыру, жердің құнар­лылығын зерттеудің тәсілдерін жаңарту және басқа да, жалпы жерге қатысты мәселе аз еместігін алға тартқан ол бұл мәселеде асығып-аптығудың қажеті жоқ деп түйді. Себебі, жер туралы мем­лекеттік инспекцияның жұмысын жетіл­діріп, оны халықаралық деңгейге шығар­май, жерді тиімді пайдалану мәселесі түбегейлі шешілмейді. «Қазақстан картоп өсірушілер одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қайрат Бисетаев жерді жекеменшікке берумен қатар, жалға беру институты да қалуы тиіс деген ұсынысын алға тартты. Ол бүгінде ауыл шаруашылығы инвестицияға мұқтаж екендігін баса айтты. «Көптеген шаруаларды жердің алаяқтық нысанына айналып кету қаупі алаңдатады. Мұндайға жол бермеу үшін бізде мынадай ұсыныс бар. Жерді жекеменшікке ауылшаруашылық өндірісінде 5 жыл жемісті жұмыс істеген заңды және жеке тұлғалар ғана сатып ала алатын болсын. Сондай-ақ, жерге тікелей инвестицияның келгені дұрыс», деп түйіндеді ол. Халықаралық адам құқығы институ­тының басшысы Жанұзақ Әкімнің пайымынша, ауыл шаруашылығы стратегиясында экономикалық тетік болуы керек. «Жерге байланысты бізде әртүрлі бағдарламалар болды. Ең бірінші – 1995 жылғы жекешелендіру. Cодан кейін нақты үлкен қадамдар жасалған жоқ. Осы бағыттағы стратегияның ішінде экономикалық тетік болуы керек, егер ол болмай қанша заң қабыл­дасақ та дағдарыстар туындай бе­реді», деді Ж.Әкім. Бұл тұрғыда ол мал шаруашылығын дамытудағы стратегияның тетіктерін табу керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, ұлттың негізгі ғасырлар бойы жүргізіп келе жатқан шаруашылықтарын ұмытпау қажеттігін жеткізді. «Жерді мәңгі деп қарап, эволюциялық жолмен біртіндеп беру керек. Яғни, барлығын бере салмай, жекеге бергенде де осы ұстанымды ескеру маңызды. Сонда осындай тетіктер болса, қабылдайтын заңдарымызда нақтылық ескеріледі. Мұнымен қоса, ұлттық брендтерімізді өсіру керек. Осы ретте жылқы шаруашылығының мәні ерекше», деді ол. Парламент Мәжілісінің депутаты, Азат Перуашев жекеменшікке жер сату барысында ол жерлердің кепілдік ретінде банктерге өткізілетіндігіне алаңдаушылық білдірді. «Кез келген кәсіпкер жекеменшікті қолдайды. Ол нарықтық экономиканың заңдылығы десе де болады. Сол себептен біз стратегиялық бағыт ретінде отандастарымызға жерді сатып алуға мүмкіншілік беруіміз керек. Әрине, ол тек қазақстандықтарға. Ал басты мәселе, меніңше, жекеменшікте емес. Басты мәселе – тәртіпте. Комиссия қабылдаған шешім ел үшін табысты болуы керек. Тәртіп ашық, адал, нақты болуы керек деп санаймын», деді А.Пе­руашев. Оның айтуынша, жерді саты­лымға шығаруға асықпау керек, себебі, мұнда шешілмеген мәселелер өте көп. «Егер жерді инвестиция көзі ретінде қарайтын болсақ, онда мәселенің екінші жағы бар. Келістік делік, жер жекеменшік болады, адамдар оны кепілдікке қоя бас­тайды. Ертең олар пайданы бір рет алады, екіншісінде шығынға батып қалуы ғажап емес қой. Ауыл шаруашылығы – аумалы-төкпелі шаруа, қауіп-қатері өте көп бизнес. Ертең сосын ол жерлердің иесі банктер болып қалмақ. Шаруалар тағы да өз жерін жалға алушы болып қалады. Бірақ банк жерді мемлекет сияқты төмен ставкамен жалға бермейді. Ертең банктер ауыл шаруашылығын өзінің меншіктеріне айналдырып алады да, шаруалар өз жерін жалға алушы ретінде тағы құр қалады. Сондықтан ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жүйелі болуын қамтамасыз ету қажет. Биылдан бастап, гектар бойынша субсидия беру тоқтатылды. Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен гектар бойынша субсидия бөлу керек деп көрсетілген. Осы жөнінде біз депутаттық сауал жолдадық. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруды жөнге келтірмейінше, жерді жекеменшікке берген кезде біраз қатерлерге тап болуымыз ықтимал», деді ол. А.Перуашев, сондай-ақ, Қазақстанмен көрші елдердің компанияларына жерді жалға бермеу керек деп санайды. «Жерді инвентаризациядан өткізіп, түгендеп алмайынша, жерді жалға да, жекеменшікке де беруге болмайды. Бірақ біз отандастарымызға жерді беруді қолдаймыз. Ол үшін алдымен немен жұмыс істеп отырмыз, соның барлығын жөнге келтірген жөн», деді депутат. «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Дос Көшім жерді сату мен жалға берудің арасында сон­ша­лықты айырмашылық жоқ болып отырғандығына назар аудартты. «Жерге қатысты үш мәселе бар: бірінші – экономикалық тиімділік, екін­ші – қазақ халқының менталитеті мен психологиясы, үшінші – бұрынғы жер реформасының нәтижесі. Біз қазір Қапшағайдың жағасына барып суға түсе алмай, балық аулай алмай қалдық. Алакөлде, Балқашта да жағдай солай. Қабанбай, Бөгенбайлар тіріліп келсе де өздері қорғаған жерде емін-еркін жүре алмайтын еді. Бұл 2003 жылы жерге меншік енгенінің салдарынан болып отыр», деді Дос Көшім. Сонымен қатар, комиссия мүшесі жерді сату мен оны жалға беру арасындағы айырмашылықты түсіне алмай отырғанын жеткізді. «Ешкім жерді меншіктеп алып кете алмайды. Билік те тартып ала алмайды. 49 жылға жалға берілсе, сосын тағы 49 жылға алуға болады. Менің ойымша, осының өзі бір ғана термин секілді «сату» және «жалға алу» деген. Асып бара жатқан айырмашылық та жоқ», деді Д.Көшім. Ал «Желтоқсан» халықтық-пат­риоттық қозғалысының жетекшісі Нұрлыбек Қуанбаев жердің сатылуына түпкілікті қарсы екендігін білдірді. «Мен жалпы жердің сатылуына түпкілікті қарсымын және жерді сату мәселесінің көтерілуін мүлдем түсіне алмаймын. Себебі, қазір ел азаматтарының басым бөлігі жерді қалай өңдеу, қайтіп игеру туралы жан-жақты әрі терең ілім-білім, тәжірибесі болмаса да жердің сатылуына қарсы болып отыр. Ал енді біз ертең жерді сату туралы шешім қабылдайтын болсақ, елдің іші не болады. Сондықтан да, жерді мүлдем сатпау керек», деді Н.Қуанбаев. Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов әлеуметтік теңдік мәселесіне назар аударып, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген азаматтарға 10 гектар жерді тегін үлестіруді ұсын­ды. Әңгіме әлеуметтік теңдік жайында. Мысалға, жерді үлестіру кезінде көптеген әлеуметтік топтар, мұғалімдер, дәрігерлер жерсіз қалып отыр деген пікір айтылуда. Қазір кезекті жер реформасы басталды, бұл жолы да әлеуметтік топтардың жерсіз қалып отырғанын ешкім ескеріп отырған жоқ. Біз қалада тұрамыз, егер жер берсе, ауылға қайтуға қарсы емеспіз. Осыны бізде неге енгіз­беске? Ресейде мұндай тәжірибе бар», деді М.Әбенов. Оның айтуынша, қоғам­ды дүр­­ліктірмей, ішкі миграцияны оңтай­­ландыруға мүмкіндік тудыратын жағ­дай­ларды қарастыру керек. Сөзінің со­ңын­да ол «Жерді сату жағдайына келе­тін болсақ, мұнда екіжақты пікір бар. Бірі – жалға беру, екіншісі – сату. Осы орай­да жерді белгілі бір мерзімге жалға беру немесе сату керек деп есептеймін», деді. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның ойынша, ауыл­шаруашылық жерлері жергілікті жердегі қоғамдық кеңестер арқылы таратылуы қажет. «Жердің таратылуы жергілікті қоғамдық кеңес арқылы іске асуы қажет. Бұл – менің ұсынысым. Ол үшін «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға өзгеріс енгізу керек. Ол жүйе қалай іске асады? Әкім жерді тарату мәселесін жалғыз өзі шешпейді. Менің ойымша, қоғамдық кеңестің құрамында 7-9 адам болуы қажет. Олардың ішінде жер мәселесін білетін мамандар, сол елдің ақсақалдары, ауыл билері, сосын жергілікті шенеуніктер болғаны дұрыс. Сосын олардың жұмысы ашық болуы шарт. Айта кетер тағы бір маңызды мәселе, жалпы, жер мәселесіне қатысты жемқорлыққа салынған адамның әрекеті «Отанын сатқан» бабымен жазаланса, дұрыс болар еді», деді Б.Тілеухан. Саясаттанушы Марат Шибұтов ірі жер пайдаланушыларға қаржылық есептілігін көпшілікке жария етуді міндеттеуді ұсынды. Сондай-ақ, шағын шаруа қожалықтарына жерді тегін беру туралы ойымен бөлісті. Елімізде жерді жалға алып отырған 180-ге жуық шаруа қожалығы бар екен. Солардың 120 мыңға жуығы шағын шаруа қожалықтары. Бұларға жер тегін берілсе, әлеуметтік мәселе шешіледі деп есептейді. «50 гек­тарға жетпейтiн жердi жалдап отырған азаматтарымызға осы жердi тегiн берейiк. Бұл шамамен 120 мыңға жуық шаруа қожалығы. Бiз бiрден әлеуметтiк мәселенi шешемiз. Бұл жердi сатып алуға көп қаражат керек емес. Яғни, көп пайда түсе қоймайды», деген ұсыныс айтты Марат Шибұтов. Комиссия мүшесінің бұл ұсынысын Мұхтар Тайжан да қолдады. Ол да шағын шаруашылықтарға жер тегiн берiлуi керек деп есептейдi. «Қазақстан азаматтарына жердi жекеменшiкке алуға рұқсат беруiмiз керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, бұл – бiздiң шаруалардың арманы. Әрине, оған нақты шарттар болуы керек. Жаңа бiр ұсыныс айтылды. Жердi жекеменшiкке алмас бұрын, ол жермен бес жыл жақсылап айналысуы керек. Сосын комиссия құптағаннан кейiн оған жекеменшiкке беруге болады», дедi М.Тайжан. Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша, бүгінде қоғамда туын­да­ған бар мәселе заңның орындалуына келіп тіреліп отыр. «Бүкіл мәселе заңнан, Конституциядан туындаған жоқ, мәселе оның атқарылуында болып отыр. Басты мәселе – заңның орындалуы, халық пен биліктің мәдениеті. Айналып келгенде, бәрі осыған тіреліп отыр. Өйткені, заңды айналып өтетін жолдар көп», деді ол. «Осындай мәселелерді өзіміз үшін түсініп алғанымыз жөн. Нарықтық вектор десек, осы бағытта бәріміз қозғалайық. Яғни, жемқорлықпен күресеміз дейміз де, сосын жол сақшысына пара беріп жатамыз ғой. Осындай болмауы қажет. Нақты жұмысқа кіріскен кезде, комиссияның жұмысына басқаша көзқарастар керек сияқты», деді А.Сарым. Сондай-ақ, ол Қазақстан бойынша жер алу кезегінде тұрғандардың қатары көптігіне назар аударды. «Ұлттық экономика министрлігінің бізге ұсынған мәліметтеріне көз жүгірт­сек, қазіргі кезде республика бойынша 1 млн. 100 мың адам заң шеңберінде тегін берілетін 10 сотық жер алу кезегінде тұр екен. Соның ішінде Алматы қаласының өзінде бұл көрсеткіш 150 мыңнан асады. Демек, жер мәселесінде халықтың алаңдайтын жөні бар. Елдің бәрі де 10 сотық жерге ие болғысы келеді. Ал енді жер сатылатын болса, ондай мүмкіндік болмай қала ма деген қауіп бар ел ішінде. Мәселен, жеке өз басым жалпы жердің сатылуына қарсы болмасам да, бүгінгі тұрмыс-тіршілігіміз бен жағдайымызға қарап, бұл ойымнан қауіптенемін. Жерді сату-сатпау мәселесіне келетін болсақ, либералдық тұрғыдағы адам ретінде мен жердің сатылғанын қалаймын. Бірақ мен көп нәрседен қауіптеніп, қорқа бастаймын», деген ол жалпы, біздің қазіргі жағ­дайымызда бұл мәселені талқылау тиім­сіз екенін, жалпы, қоғамдық психология­мызды өзгертпей, жер сату жайлы ой қозғау қажетсіз деп санайтынын айтты. Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина республикада азаматтардың жерге жекеменшік құқығын сақтау қажет деп есептейтінін жеткізді. «Жекеменшік фактісі бар. Мен жекеменшік иелері ірі жер иеленушілер туралы айтып отырған жоқпын. Біздің азаматтар жекеменшік иелері болып табылатын сонау 25 жыл бұрын алынған шартты жер үлестері сөз болып отыр. Қалайша жекеменшікті алып тастау туралы мәселені қозғай аламыз?», деді З.Баймолдина. «Бұл дегеніміз, сол жерде тұрып, жұмыс істеп жатқан шаруалардан жекеменшігін тартып аламыз деген сөз. Олар үшін бұл күнкөріс көзі болған жекеменшіктің ең үлкен нысаны. Бұл жағын да ойлау қажет. Біз азаматтарға тиесіліні тартып ала алмаймыз. Мұндай еш жерде болмаған да шығар», деді ол. Әділет министрлігі басшысының орынбасары түсіндіргендей, Конституцияда, сәйкесінше, Жер кодексінде жекеменшікке рұқсат етілген. Сонымен қатар, ол Жер кодексі жер телімдері қандай жағдайда жекеменшікте бола алмайтыны туралы негіздер тізімін қарастыратынына назар аударды. «Отырыс барысында жайылымдық және шабындық жерлерге назар ауда­рылды. Жер кодексінің 26-бабында халықтың қажеттілігіне арналған жайылымдық, шабындық жерлер аза­маттар мен мемлекеттік заңды тұлға­ларға жекеменшікке берілмейтіндігі туралы жазылған», деп мәлімдеді Әділет министрінің орынбасары. Отырысты комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев қорытындылады. «Алғашқы отырыспен салыстырғанда, бүгінгі екінші отырыста жүйелі түрде жұмысты бастадық. Өйткені, өткен жолы негізінен әрбір комиссия мүшесі өзінің пікірін айтқысы келді және осы мүмкіндік баршасына берілді. Бүгін де пікірлер көп болды, 38 адам ойымен бөлісті. Екі мәселеге мән берілді: біріншісі – жер тіптен сатылмасын, ал екіншісі – жер қандай тәртіппен сатылады. Осы ретте енгізілетін шектеу­лер, шекараның төңірегіндегі және ауыл-аймақтың маңындағы жерлер, алдында берілген жерлер мәселесі, берілетін жердің көлемі, жерді тегін беру және басқа да бағыттарда түрлі ұсыныстар айтылды. Мұның барлығын бір жүйеге келтіру үшін бүгін 4 жұмыс тобы құрылды. Онда комиссия мүшелері арасынан ұсынылған азаматтар жетекші болып бекітілді», деді Б.Сағынтаев. Бұл тұрғыда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары аталған жұмыс топтары келесі сенбіге дейін бір жүйеге келтіріп, айтылған ұсыныстардың барлығын талқыға шығаратынын мәлім етті. «Келесі отырыста біз «Жерді шетел­діктерге жалға береміз бе, бермейміз бе, соны талқылайтын боламыз. Содан кейін, осы үлкен екі тақырып айтылып, талқыланып біткеннен соң, халық алдына шығатын шығармыз, ол үшін де өзіміздің позициямыз, ұсынысымыз болуы керек. Ондай ұсыныс болмаса, жай халыққа бару қисынсыз, олар да біздің ұсынысымызды күтіп отыр», деді Б.Сағынтаев. Сонымен, келесі отырыс алдағы сенбіге, яғни 28 мамырға белгіленді. Жолдыбай БАЗАР, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.