Бірер басылымның бетінде көңіліме кірбің түсірген ұжымдық хаттардың шығып кетуі қолыма еріксіз қалам алдырып отыр. Ең әуелі айтарым, мен соңғы кездері денсаулығыма байланысты еліміздің қара қазандай қайнап жатқан қызу тіршілігіне араласа алмай, сырт қалып, шет жайлап жүрген адаммын. Соған орай шығармашылық белсенділігім де бәсеңдегенін байқаймын. Қоғамда өзекті мәселелерге қатысты болып жатқан пікірталастарға да денсаулығыма байланысты үн қоса алмағаным рас. Бірақ, бұл осы бүкіл елді толғандырып отырған мәселелер туралы менің өзіндік, азаматтық ой-пікірім жоқ деген сөз емес. Тек ол пікірімді, өз сөзімді мен өз аузыммен, өз қаламыммен өзім айтуым керек. Бұл ретте маған көмекші, тілмаш қажет емес.
Әйткенмен, жақында Елбасы атына жолданған ұжымдық хаттың соңына қол қойған авторлардың ішінен өз атымды көріп, жұқалап айтқанда, таң қалдым. Мен ондай хатты жазған да емеспін, көрген де емеспін. Әлбетте, қол да қойған жоқпын. Мұндай хаттарға көрмей-білмей қол қояр иісалмасты да басқа жақтан іздеңіз. Ойпырмай деймін, біздің зиялы деген жігіттеріміз қандай болып барады? Тіптен, әлгі хатты көрсетпей, оқытпай, келісімімізді алмай, сырттан қолымызды қойып жіберуін не деуге сыяды. Әдепсіздік пе, арсыздық па? Менің айтпағанымды айтты деуге, жазбағанымды жазды деп көрсетуге қайтіп дәттері барған? Соны біле алмай далмын.
Естуімше, қолын сырттан қойып жіберіп от басып ойбайлап қалған пақырыңыз жалғыз мен ғана емес сияқты. Сонда жаңағы ұжымдық хаттарыңызда не құн, қандай қадір-қасиет қалды? Және де хаттың жазылу мәнеріндегі дөрекілікті, өктемдікті, озбырлықты көріп, хакім Абай сияқты, мен де «бетті бастым, қатты састым». Тек адамның сыртынан қол қойғыш ондай пысықай әдепсіздерден тұра қашқан жоқпын. «Егемен Қазақстан» газеті арқылы олардың осы келеңсіз қылықтарын айтуға бекіндім. Қарапайым әдепті ұмытпайықшы, ағайын. Ал құрметті оқырманнан сұрайтыным, әлгі дүмбілез хаттардың авторлары ішінде мені жоқ деп санауларыңызды сұраймын.
Серік ҚИРАБАЕВ,
академик