● Астанада өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесінде 336 тонна өнім сатылды. Онда қала тұрғындарына 500-ден астам тауар түрі ұсынылып, ет өнімдері мен жеміс-жидектер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен болды.
● Семейде «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде 4 ірі жоба іске қосылмақшы. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірдегі өнеркәсіптік кешенді дамыту перспективалары «100 қадам» Ұлт Жоспарында айқындалған.
● Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 22,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ал өңірдегі кәсіпорындар 1 жыл ішінде 52,9 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Мұның 28,2 млрд. теңгесі ауылшаруашылық саласына тиесілі болса, 33,7 млрд. теңге өңдеу өнеркәсіптерінің үлесінде.
● Ақтөбе облысында ауыл жастарына 8,3 пайыздық үстемеақымен несие берілмекші. Осы ретте «Даму» қоры мен облыс әкімдігі құны 900 миллион теңге болатын меморандумға қол қойды. Бұл өз кезегінде 18-29 жас аралығындағы жастардың кәсіп ашуына мол мүмкіндік береді.
● Шымкентте Еуропалық қайта құру және даму банкінің жаңа кеңсесі ашылды. Айта кетейік, аталған банк 2005 жылдан бері өңірдегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жалпы құны 1 млн. еуродан асатын маңызды 180 жобаны қаржыландырған.
● Қызылордада алғаш рет ет бағытына арналған құс фермасы ашылды. «Жан Арай» шаруа қожалығының бұл жобасы 60 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда фермада тауықтың «Линда», «Агидель» және «Пекин» деген түрлері өсіріледі.
● Атырау мұнай өңдеу зауыты үшін салмағы 220 тонна болатын жаңа құрылғы жасалды. Бұл бірегей құрылғы Қазақстанда жасалған. Әр колоннаның ұзындығы – 27 метр, ал диаметрі 6 метрді құрайды.
● Осы жылдың 3 маусымынан бастап Ақтөбе – Атырау арасына жаңа пойыз қатынайтын болды. Бұл теміржол көлігі аптасына бір рет: Атырауға дейін 12 сағат 13 минут, ал Ақтөбеге дейін 11 сағат 38 минут аралығында жүріп өтеді.
● Биыл Астанадағы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қала бюджетінен 163 млн. 502 мың теңге бөлінді. Қалалық білім бөлімі таратқан мәліметке сүйенсек, «Батыр» лагеріне – 365 бала, «Боровичок» сауықтыру орнына 140 бала барады. Ал лагерлер жұмысына 106 млн. 638 мың теңге қаржы қарастырылған.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «24kz» телеарнасының деректері бойынша дайындалды