24 Мамыр, 2016

Ұлт Жоспарының қозғаушы күші

261 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
100шагов Бұл күнде әлем саяси-экономикалық түрлі қиындықтарға толы күрделі кезеңді бастан кешіп, ол өз кезегінде адамдардың тағдырына, елдегі ішкі ахуалға әсер етіп жатқаны белгілі. Әйтсе де, дағдарысқа қарсы күрес, тығырықтан шығудың жолын іздеу ғана қиындықты мейлінше тезірек еңсеруге көмектеседі. Қашан да мақсатты қадам, оған жетудің тиімді жолдарын іздестіру – ел келешегі, мемлекет мүддесі. Бұл ретте мемлекетті кәсібилендіру – уақыт талабы. Өйткені, ол Ұлт Жоспарының қозғаушы күші, негізгі қызыл өзегі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақа­ла­сында мемлекетті кәсібилендіру жайына кең түрде тоқталды. Елбасы айтқандай, ең бірінші реформа «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мем­лекет­тік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сайып кел­генде, мемлекетті кәсіби­лен­­діру Ұлт Жоспарын жүзеге асыру­­дың қозғаушы күші десе де болады. Бажайлап отырсақ, елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы» алғашқы Заңның қабылданғанына да 20 жылдай уақыт өтіпті. Одан бергі жерде елімізде елеулі өзге­ріс­т­ер болды, өрлеуге қадам бас­тық. Жылдар өткен сайын ел алдындағы міндеттер де өсе түседі, талаптар күшейеді. Міне, осындай қажеттілікке орай «Мем­лекеттік қызмет туралы» жаңа Заңды қабылдау да «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айтылған мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге арналады. Аталған заңның бүгінгі күн талабына сай ерекшеліктері де көп. Алдымен, мемлекеттік қызметке орналасқысы келген әр маман үш сатыдан тұратын іріктеу жүйесінен өтуі және төменгі лауа­зымнан бастап мансаптық жоғарылауына айрықша мән беріледі. Сондай-ақ, бұдан былай басшылар қызмет орнын ауыстырғанда жаңа қызметке тек кеңесшісін, көмекшісін және хатшысын ғана ілестіре алады. Жаңа мансаптық модельге сай «команда» сол қызметтік ортаның мүмкіндігіне сай жасақ­талады. Басқалай айтқанда, жаңа, жас мамандардың қызмет бабында сенімді өсуіне назар аударылады. Міне, осындай шарттарды орындай отырып, жас мамандардың мемлекеттік қызметке көбірек тартылуына, меритократия қағидасын басым бағытта пайдалана отырып, мем­лекеттік қызметшілердің ман­саптық өсуіне Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті де өз назарында ұстап отыр. Мемлекеттік қызметкерлерді тағы бір толғандыратын жайт – еңбекақы төлеу тәртібі. Бұдан былай еңбекақы қызметшінің жұмыс сипаты мен көлеміне, оның нәтижесіне байланысты, сондай-ақ, бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмаған бонустық төлем төленбекші. Бұл арада мем­лекеттік қызметшінің әр тоқсандағы атқарған ісі баға­ланып, жыл аяғында ортақ шешім жасалады. Осыған сай, лауазымы бірдей қызметкерлердің бонустық төлемі әрқалай болуы да көңілге қонымды. Шындығында, бұл қызметтің орынды бағалануы болып табылады. Яғни, мемле­кет­тік қызметші тәртіптік жауап­кершілікке тартылса, оған бонус төленбейді. Бонусқа бай­ла­нысты тағы бір мәселе, Елбасы мақаласында мемлекеттік қыз­мет­шінің мансаптық өсу деңгейіне де айрықша мән беріліп, оның басты талабы жұмыс тәжірибесі болатындығына баса назар ауда­рылған. Бұған дейін атал­ған сала­ның қызметшілері әр үш жылда міндетті түрде аттес­тат­та­у­дан өтіп тұратын еді. Енді ол әр жыл сайын жоғары бағаланып отырады. Мемлекеттік қызметшіге қо­йы­латын жаңаша талаптың бірі – оның жазу қабілеті. Кейде айтар ойын ауызша жақсы жеткізе білгенімен, оны қағазға ұғынықты түрде түсіре алмайтындар да кездеседі. Осыған орай енді әр мемлекеттік қызметшінің эссе жазуға деген қарым-қабілеті де сынға түспек. Мемлекетті кәсібилендіру ісінде жемқорлықтан сақтану, оның алдын алуға ерекше мән берілді. Оны Елбасының Жар­лы­ғымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюро­сы құрылғандығын айтуға болар еді. Еліміз Ұлт Жоспарына сәй­кес әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын қойып, ол үшін шетелдік менеджерді шақырып, олардың біліктілік іс тәжірибесін үйрену, пайдалануға ерекше мән беруде. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермекші. Жаңа заңға сәйкес «Б» кор­пусына кіретін мемлекеттік қыз­метшілерге де айрықша көңіл аударылып отыр. Оның ең басында аталған топ қызметшілерінің жалақысын 30 пайызға өсіру міндеті тұрса, оларды жаңа білік­тілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу және үш жылда бір реттен біліктілік арттыру курсынан өткізу де заң тұрғысынан бекітілді. Мұның бәрі Елбасының Жар­лығымен үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңда көрініс тапты. Бұл Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталғандығын дәлелдейді. Сөз жоқ, мемлекеттік аппараттың тиім­ділігін арттыруда қолға алын­ған шаралар жүйені жаңа биікке көтереді. Ең бастысы, жоғарыда айтқанымыздай, әкімшілік мем­лекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсі­би жарамдылығын дәлелдеп отыруы қажет. Мемлекеттік қыз­мет саласын сапалық тұрғыдан жетіл­діре отырып, жемқорлықты азайтуға қол жеткізіледі. Сайып келгенде, мұның өзі мемлекеттік қызметшілерге деген талаптың өскендігін аңғартады. Жаңа заңның тағы бір ерек­шелігі – мемлекеттік қызметшілер арасында этикалық нормаларды бұзу, жемқорлыққа жол берудің алдын алуға байланысты қатаң шаралар белгіленген. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысы реттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа Этикалық кодексі жасақталды. Бұдан былай Мемлекеттік қызметшілер тек қатардағы жай қызметкер емес, халық арасында беделді, жұрт­шылық үлгі тұтатын тұлғаға ай­нал­ғаны абзал. Ол үшін жаңа рефор­маға сай барлық мемлекеттік ор­гандарда және әкімдіктерде этика жөніндегі өкіл болады. Осы талаптарды орындау мақсатында Атырау облысы бойынша жергі­лікті атқарушы органдарға әдеп жө­нін­дегі уәкілдің өкілеттігі Аты­рау облысы әкімі аппараты бас­­­шы­­сы­ның орынбасарына жүктелді. Аталған жаңа институт эти­калық нормалардың сақ­талуын қадағалап, мониторинг жа­сайды, мемлекеттік қызметтегі аза­маттардың заңдық құқық­тары­ның сақталуымен қатар, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал­ды да назарда ұстайды. Ол үшін ұжымдардағы жай-жапсарды на­қ­тылау бағытында жабық сауал­нама жүргізіліп, сауалнама нәтижесі қажет болған жағдайда басшылыққа ұсынылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің өмірде адал, әді­летті, қарапайым және шынайы болу қажеттілігіне тәрбиелеумен бірге, оларды шешім қабылдаған кез­­де заңдылықтың сақталуын қамта­масыз етуге міндеттейді. Қыз­­мет­тен тыс уақытта олар қо­ғам­­ға жат мінез-құлық көрсет­пеу­ге, ішіп-жеу, құмар ойындарға жол бер­меуге жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік қызметшінің бәрі бірдей білікті, өмірлік тәжірибесі мол мамандар емес, жоғары оқу орнын бітіре сала қызметке келген жастар да болуы мүмкін. Ендеше, олар өз қызметін қай саладан бастай алады? Бұл жөніндегі түсінік «Жұмысқа жаңадан кел­ген азаматтар мен мемлекеттік қызметті тек ең төменгі әкімшілік лауазымнан бастайды және олар конкурстық іріктеумен ғана тағайындалады. Әрі қарай оның мансабы мемлекеттік қызмет сатысында біртіндеп, тәжірибе жинағанына және біліміне қарай келесі лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес конкурсқа қатысып, осындай іріктеумен және конкурстық ашық тағайындаумен жоғарылайды» деп түйінделген. Бүгінгі таңда Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет­шілер саны 3143 бірлікті құрайды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардағы қызметшілер саны – 1655, республикалық – 1488, саяси мем­лекеттік қызметкерлер – 7, «А» кор­пусындағы қызметкерлер – 14. Бос лауазымдардың үлесі 10 пайыз немесе 317 бірлік, оның ішінде жергілікті бюджет – 175, республикалық бюджет – 142. «Б» корпусының кадр резерві мәселесі бойынша қазіргі уақытта 19 резерв бар. Өткен жылы кадр резервіне 37 адам қабылданды. Есептік кезеңде резервтен 29 адам жұмысқа орналастырылып, мерзімнің аяқталуына байланысты 16 адам резервтен шығарылды. Ұлт Жоспарында көзделген кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағы­тына қарасты мемлекеттік орган­дар және тұрғындар арасында түсінік жұмыстары барлық 7 ауданда және Атырау қаласында тың­ғылықты өткізілді. Оған 1342 адам қатысты. Осылайша, облыс аумағында Ұлт Жоспарында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кәсі­би біліктілігін арттыруға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік кәсіби аппаратты қалыптастыруға қатысты жаңа реформа Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жарқын кезеңі басталғандығын дәлелдейді. Мемлекеттің мәртебесін көтеруге, оның алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор. Оның ар тазалығы, жан шуағы – туған елдің келешегіне арналса, одан асқақ мәртебе болмақ емес. Сол арқылы халықтың мем­ле­кеттік қызметшіге деген, мемле­кет­ке деген сенімі нығая түседі. Мұхит ІЗБАНОВ, Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы АТЫРАУ