Сұлтан Оразалиннің 75 жылдық мерейтойына арналып Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен салтанатты кеш «Қазақ руханиятының сардары» деп аталған екен. Академик Серік Қирабаевтан бастап жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің баршасы бірауыздан: «Иә, сардар десе дегендей», деген пікірге тоқтады.
Шын мәнінде де, «мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, теледраматург, Қазақ телевизиясының негізін қалаушылардың бірі» деп шашбауын көтеріп тұрған аз ғана анықтауыштан ақжолтай азаматтың еліне сіңірген толымды еңбегі көрініс тапқандай. Мерейтой иесінің атына Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықовадан, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммедтен, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаевтан, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Н.Оразалиннен, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Мұсақожаевадан, туған ауылы – Абай ауданының әкімі Т.Мүсәпірбековтен және басқалардан келіп түскен құттықтаулар, көрсетілген құрмет пен жүрекжарды лебіздер тұлға тұғырын биіктете түсіп, мерейін асырды.
Әсіресе, кеңестік кезеңде жұртқа кеңінен әйгіленген теледидар сұхбаттары, «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс», «Халық қазынасы» сынды телехабарлары тәуелсіз елімізде Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болып, бірегей мемлекеттік тіл саясатын қалыптастыруға, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, «Тіл туралы» жаңа Заңның әзірленіп қабылдануына басы-қасында жүріп басшылық жасауы қайраткерлік қарым-қабілетін танытты. Мәжіліс депутаттары Қ.Сұлтанов, А.Тасболатов, «Қазақстан» ТРК» АҚ басқарма төрайымы Н.Мұхамеджанова, «Хабар» телеарнасының продюсері Р.Кертаев, белгілі жазушы Ә.Сарай және басқалар Сұлтекеңнің нақ осындай шығармашылық-азаматтық келбетін тарқатыңқырап айтты.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов мерейтой иесін «Күлтегін» медалімен марапаттаса, Алматыдан арнайы жеткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілі, ақын, ғалым Б.Жақып оқу ордасының алтын медалін табыстады. Сондай-ақ, университет баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Сұлтан Оразалы» атты кітаптың сүйінші даналарын сыйға тартты. Жаңа кітаптың тұсауын академиктер С.Қирабаев пен С.Қасқабасов кесті. Сардар Сұлтекең де ұлым деп еміренген еліне алғысты сөзін арнады.
Назар ҚАСЫМ