24 Мамыр, 2016

Арлы туған ардақты аға

658 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
l.kiinov Өмір дегеніңіз сынақ болар, бәлкім?! Адам баласы біздің әрқайсымыз сол өмір сынағынан күн сайын өтіп те келе жатқандаймыз. Және де сол өз сынағын алар өмір ұстаздың алды кей-кейде қатал болып келері де бар. Кейде бір тосыннан тосып алар cол бір сындарлы тұстарының өткелінен сүрінбей өтудің өзі жаныңнан бұрын арыңды қинайтыны да бар екен. Ар демекші, сол арлы болып өмір сүрудің өзі де оңай ма осы күндері?!. Өмірден ұққаны да осы болды. Шығар күннің шуағы мен шапағатына малынып, аласа бір қара таулар мен ақ таулардың арасында жатқан шағын ғана Таушық ауылына келген сайын сол ар жайлы ойлайтыны бар. Құмда қалған қия жолы мен ізі де бар Ләззат Қиынов өзінің ар алдындағы адами жауапкершілігін қалай көтеріп келе жатқандығы жайлы есебін ең әуелі өз туған жерінің алдында ұстайтыны да бар. Олай болатыны, осы Таушықтың топырағында өмірге келді, кіндігі кесілді, жарық әлемге көзін ашты, кең дүниеге алғашқы қадамын да осы арада жасады. Рас, көңілінің толқитыны да бар. Көңіл шіркін неге толқымасын?! Есейіп, ер жетіп, азамат болып туған елі мен туған халқының ардақты ұлы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілсе де, әйтеуір өзінің перзенттік бір парызын өтей алмай келе жатқандай сезінер еді. Десе де, не бір сынақтардан сүрінбей өтіп келе жатқаны да анық. Тым-тым ертеде, Алматыдағы Қазақ политехникалық инсти­тутының бірінші курс студенті болып жүрген шағында Лебедев деген ұстазының да тосын бір сынынан сүрінбеген еді. Емтиханға кірген бетте, бір билетті алды да, сондағы сұраққа бірден жауап бергісі келді. – Асықпаңыз! Әбден ойланып алғаныңыз дұрыс шығар?! Ұстазы осыны айтты. Студент те өзінің қайсарлығына басып, бірден жауап бергісі келді. «Мен бәрін де білемін» деп тұрған мына бір екі көзінде жарқылы бар жас жігіттің қайсарлығы Лебедевтің де іштегі бір намысын оятқандай болды да, «мұның да әуселесін бір көріп алайын» деген оймен жауап беруге шақырған. Байқарсың, сасар емес мына бір сары ауыз балапан студент. Таңдайы тақылдап, әр сөзін нығарлай айтып, билеттегі әр сұраққа тұщымды жауап беріп тұр. Тіпті, мүдірер де емес! – Тағы бір билет алыңыз!.. Ұстазының бұл айтқанын да екі етпей, екінші билет алып, сол билетті қолында ұстаған қалпы, тағы да тақылдай жөнелді. Тіпті, сөзін бөлудің өзі мүмкін емес. – Тағы да бір билет алыңыз!.. Еш қымсынбастан үшінші рет билет алып, ондағы сұрақтарға да мүдірместен жауап бере бастады. – Болды! Сынақтан сүрінбей өттіңіз, бара беріңіз! – деді ұстазы. Кете барды! Міне, сондағы бір сынақтан сүрінбей өтіп кете бергеннен кейінгі өмірі де солай қалыптасқан сыңайлы. Бала күнінен білімге құштар болса, ол да өзін дүниеге әкелген анасы мен әкесінің бойына дарытқан қасиеттерінің бірі. Әкесі Кетебай да, анасы Қанзия да ұстаздар еді. Екеуі де бар ғұмырларын ауыл мектебінде ұстаздықпен өткізіп, қарапайым тіршілік құрды. Өздерінің сол қарапайым тіршіліктеріне шүкіршілік ететін де, бар тілеулері осы бір қайсар ұлдарының үстінде болды. Онан соң Кетебай өз әкесі Қиынның сонау отызыншы жылдардың ашаршылығы басталған тұста ауқаттылау тұратын апасы мен жездесін іздеп шығып, олардан да талғажу қылатын ешнәрсе ала алмай, арып-ашып кері оралып келе жатқанында жол үстінде найзағай түсіп, мүрдесінің де айдалада қалғаны бар еді. Бес жасында әкесінің соңында шырылдап қалған Кетебайдың өлмей осы күнге жеткеніне шүкіршілік қылатыны да осыдан кейін болса керек. Cол ата-ананың бар үміт күткені осы Ләззаты болса, ол да Алматыдағы оқуын бітіріп келіп, Жетібайда мұнай өндіру саласында өзінің алғашқы қадамын бастады. Маңғыстаудың әуелден кенді өлке болғандығы жайлы көне тарихтың өз айтары да бар. Ежелгі Ұлы Жібек жолының далалық тармағының Маңғыстау түбегі арқылы өтер тұсындағы Каспий теңізінің тұтаса біткен бойындағы байлыққа кімнің назары қадалмады дейсіз?! Тіпті, сонау он сегізінші ғасырдың өзінде орыс пен ағылшын ғалымдары мен саяхатшылары бір-бірімен жарысып та, бір-бірінен жасырынып та бұл өлкенің бар сырын ашуға тырысты. Сол он сегізінші ғасырдың жетпісінші жылдары орыс ғылым академиясының ғалымдары Эдуард Эверсман мен Григорий Карелин бұл өлкенің табиғатына ғана емес, кен байлықтарына да аса мұқият зер сала бастады. Тіпті, Карелиннің 1832 жылғы өз экспеди­циясының жолжазба кітабына «Мен бір тамашаны көрдім. Ескегіміз қайраңға тиген сайын майлы жасыл бірдеңелер су бетіне жүзіп шыға берді. Соларды тексеріп көріп едік, Каспийдің батыс жағалауы мен шығыс жағалауы шылқи бөгіп жатқан тап-таза ақ мұнай болып шықты», – деп жазған. Сондай-ақ, 1840 жылы Маңғыстау түбегінде болған ағылшын офицері Джордж Абботтың да бұл өлкенің байлығын іші сезгені бар-ды. Мұны айтасыз, 1871 жылы патша сарайының кен істері жөніндегі кеңесшісі, инженер-князь Цулукидзе Маңғыстаудың көмірінің де өндіріс үшін пайдалы екендігін танып, тіпті, ол Тарталы, Апажар құдықтарының маңайынан қазылып алынған тас көмірді сол кездегі бумен жүретін «Бухарец» шхунасының қазандығына жағып та көрген деседі. Сол князің өзінің шхунасымен Маңғыстаудың көмірімен Сарытас айлағынан шығып, Құлалы аралына, одан Түпқараған мүйісіне дейін жүз қырық шақырым жол жүрсе керек. Мұны білген «Кавказ және Меркурий» қоғамы теңіз істері басқарушысы, бірінші дәрежелі капитан Александр Эльфесберг жергілікті қазақтардан көктемге дейін 50 мың пұт көмір қазып, сол кездегі Николаевская станицасына, ал қазіргі Баутин портына жеткізіп беруді сұраған көрінеді. Міне, бұл Маңғыстау сияқты ғажайып өлкенің кен байлықтарын игерудің алғашқы бір сәті болса керек-ті. Енді, міне, сол Маң­ғыстаудың мол кенін, соның ішінде мұнайын алуды игеру үшін Кетебайдың Ләззаты да өз туған топырағына табанын тіреді. Үйдегі әке мен ана жоғары оқу орнын бітіріп, Жетібайға жеткен сол баласының тілеуін тілеумен шүкір­шілік етіп, іштей ғана қуанған-ды. Өзекті өмір өтінде ғұмыр кешіп келе жатқан адам баласының тағдыры қалай болып қалыптасарын бір жаратқан ғана білсе керек. Алматыдан жоғары білім алып келгенімен, мына Ләззатының да алдағы тағдыры қалай боларына алаңдағаны да болар, әке мен ананың іштей ғана қуанғандары! Құз қиядан шалар қыранның тағдырын тілемегені де анық. Алайда, адам болса екен деп тәңіріне ишара жасағандары күмәнсіз. Тәңір сол тілеулерін бергендей Жетібайда жүріп жетілгені бар. Әуелде мұнай мен газ өндірудің қарапайым операторы, одан соң геологиялық бөлімнің аға инженері сияқты қатардағы маман Ләззат Кетебайұлының бұл үлкен де белесті және абыройлы өмір жолының алғашқы баспалдағы еді. Ләззат ағаның Жетібайда өткізген алты жылы оның өмір тану кезеңі болды. Өмір тану дегенің адам тану болса керек-ті. Өйткені, сан алуан мінезді адам баласының бірде шарықтап кетер, бірде пәс тартар көңілі мен күйінен ұғынар сыр болады. Алайда, оны танып алу үшін де, әуелі өзінің көкірегің зерек болғаны абзал. Ал, Ләззат аға болса, сол адамдардың жандүниесін түсінуге келгенде әрдайым зерделі болды. Кез келген адам баласының мүддесіне әрдайым ыждағатты қарады. Сол мінезді қасиетінен қандай бір дәрежелі қызметтер атқарса да бір танып көрген емес. Кісілік жағына келгенде адами келбеті еш өзгермеген жан. Ниетінің дұрыстығы мен жан тазалығы болар, Ләззат Кетебайұлының мұнайшылық кәсібі мұны әрдайым өрге жетеледі, биіктерге шығарды. Сол биігінің бір белесі Маңғыстау облыстық партия комитетінің өнеркәсіп-көлік бөлімінің нұсқаушылығына алып келсе, одан кейін «Маңғышлақ мұнай-химия өнеркәсібі» аймақтық өндірістік басқармасының бас инженері сияқты қызметтер атқарып та, ысылған, үйренген, үйрене жүріп ізденген қалпымен мұнан кейін осы бір әулиелі өлкенің мұнайы мен газына қатысы бар дейтін біраз өндіріс орындарының басшысы болды. Міне қараңыз, Қаражанбас, Комсомол мұнай-газ кен өндірістерінің басшысы болса, одан кейін «Маңғышлақ мұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры сияқты аса бір жауапты да лауазымды міндеттерді де атқарып, өзін мұнай мен газ өндірісінің ірі ұйымдастырушысы ретінде танытты. – Өмір жолымның жақсы болып қалып­тасуына Елбасының зор ықпалы тиді, осы күнге дейін әрдайым қолдап келеді. Нұрекең – Нұрсұлтан Әбішұлын айтамын, мен сияқты талай қазақ азаматтарының бағын ашып, тұлға болып қалыптасуына көп еңбегін сіңірді ғой. Сондықтан да елдің сенімін ақтауды Ел­басының сенімін ақтау, ал Елбасының сенімін ақтауды елдің сенімін ақтау деп білемін, – деген Ләззат Қиыновтың бұл айтқанын ұлағатты сөзге балар едік. Иә, Елбасының сенім артуымен Ләззат аға 1993 жылы Маңғыстау облыстық әкімшілігінің басшысы болды. Бұл егемендігін енді жариялаған елдің әлі де өзінің ертеңіне сенімсіздеу қарап отырған өліара тұсы еді. Жер астындағы қара мұнайы мен газы сияқты бар байлығын сорумен ғана айналысқан кешегі Кеңес өкіметінің бұл өлкенің дамуы­на онша құлықты болмағаны да анық жай. Ең аяғы мұнай мен газ өңдейтін озық үлгідегі дұрыс бір өндіріс орны бұйырмағанын да қайтерсіз?! Мұнайы мен газы атқылаған жердің ұңғымасынан темір құбырларын тартып, Ресейдің өңдеуші зауыттарына жылжытып отырғандықтан, бұл өлке тек шикізаттық аймақ айлағынан аса алмағаны да анық еді. Елбасы өзінің алғыр ойымен Кеңес Одағы тұралатып кеткен жағдайдан жас тәуелсіз Қазақстанды бұл тығырықтан алып шығар Маңғыстаудың мұнайы мен газы боларын бірден аңғарып еді де, осы өлкенің байлығын игеруге шетелдік компанияларды тартуға және де сол арқылы Қазақ елінің экономикасын жерден көтеріп алуға батыл қадам да жасап еді. Сол сәтте осы өлкені басқарған Ләззат Қиынов Мемлекет басшысының сенімді бір серігіне айналды. Мұнан кейін Ләззат аға Қазақстан Республикасы мұнай және газ министрінің орынбасары, Каспий құбыр консорциумы бас директорының орынбасары, қазақстандық өкіл бола жүріп те Елбасының тапсырмаларына сәйкес Маңғыстаудың мұнайы мен газын игеруге шетелдің ірі-ірі әрі тәжірибелі компанияларының келуіне, олардың орнығуына және Қазақстанның мүддесіне қызмет етуге жағдайласты. Қазір бүгінгі Маңғыстау жайлы сөз бола қалса, бұл әңгімені Ләззат Қиыновтың есімінсіз бастаудың өзі де қиын көрінетіні бар. Олай болар себебі, 1999-2002 жылдары, яғни Маңғыстау облысының әкімі болған уақытта Ақтаудың ажары кірді, Ақтау теңіз портын қайта өңдеудің бірінші кезеңі аяқталды, Каспийдің айлағы көріктенді, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аймақтық шекаралық басқармасы құрылды, теңіз қарулы күштерінің офицерлерін даярлайтын әскери-теңіз училищесі ашылды, Сенек-Сұмса жерінде ағартушы абыз, киелі Бекет атаның 250 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Бұл орайда Бекет ата­ның Оғыландыдағы өз қолымен салған мешіті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бөлген қаржы­сымен қайта жөндеуден өтіп, жер-жерден келіп тағзым етушілер үшін тұрғынжай салынды... Осы және де елдегі өзге де игілікті бір істерді тізбелей бастасаң-ақ, «мен істедім дегенше, ел істеді десеңізші» дегенді әрдайым алдыңа тарта сөйлер Ләззат ағаның бос мақтанға бой алдырмаған тағы бір адами қасиетін таныр едің. Бұл да Қиыновтай небір күрделі де күрмеулі жолдан өткен ел ағасының тұлғасын биіктете түсер кейпі болса керек-ті. Тұла бойын­да әлдебір зиялылық пен парасаттың пайымы бар Ләззат Кетебайұлы өзінің білімдарлығы мен көпті көрген керімдігі, турасын айтар бірбеткейлігі мен ақиқатшылдығы арқылы биіктей түсер еді. Соған қарағанда, тәкаппар ма деп қаласың да, әлден уақытта жүзіне бір күлкі үйіріліп, қос жанары мейірленіп сала бергенде, тұла бойыңның қалай жібіп кеткенін де сезбей қаларың бар. Иі жұмсақ, көңілі жаз, жүрегі дарқан, жаны жайсаң, әзілі нәзік, кеудесі ән, алды кең Ләззат ағаның бар азаматтық та адами келбетін таныған сайын осы бір адаммен дидарласуға, ой бөлісуге асығып тұрар едіңіз. «Жақсыда жаттық жоқ» дегенді атам қазақ осындайда айтқан шығар, бәлкім. Тәуелсіз Қазақстанның биылғыдай ши­рек ғасырлық мерейтойы қарсаңында Елбасымен бірге ел тәуелсіздігінің жүгін алғашқы күндерден бастап бірге көтерісіп келе жатқан Қиыновтай ағалардың айтар әңгімелерін шашау шығармай қағаз бен таспаға түсіріп алсақ-ше деген бір ойдың да көңіл түкпірінен қылаң бергені де бар. Бүгінгі Қиыновтың әңгімесі ертеңгі ел тарихы ғой! Ел тарихы демекші, Ләззат Кетебайұлы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының он екінші сайланған Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болғандығын айта отырып, оның Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тарихи сәтте ата-бабаның ғасырлық арман-мүддесін жүзеге асырғандардың арасында көңілі шалқып, көзіне қуаныштың жасы үйіріліп тұрғанын да көлденең тартсақ, артықтығы жоқ. Сол депутаттығынан кейін Елбасының қолдауымен Мұнай және газ министрінің орынбасары, «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің төрағасы сияқты жауапты қызметтер атқарып, қазақ елінің ырысын тасытуға үлкен үлес қосты. Былайша айтқанда мұнайлы Маңғыстаудың топырағында дүниеге келіп, сол байлы да барлы өлкенің бар игілігін тұтас тәуелсіз елінің игілігіне айналдыруға бір кісідей еңбегін сіңірді. Мұны мен емес, ел айтады. Елдің айтқаны, ерді танығаны мен бағалағаны емес пе?! Тіпті, сол Қиынов Батыс Қазақстан ай­ма­ғындағы құрамында парафині көп және де жабысқыш келетін мұнайды қуат көзін үнемдеу негізінде өндірудің өзіндік ерекшеліктерін талдаған ғылыми жұмысы арқылы техника ғылымдарының докторы атанып, осы бір күрделі мәселені шешудің негіздемесін жасарда өзінің ұзақ жылғы мұнайшылық кәсібінің бар тәжірибесіне сүйенген болатын. Қазіргі уақытта Ләззат Кетебайұлының құрамында парафині көп және де жабысқыш келетін мұнайды өндіруде ұсынған бұл тиімді әдісі осы күнге дейін мұнайшылардың күнбе-күнгі жұмысына жарап та келеді. Халықаралық инженерлік академияның академигі Ләззат Қиыновтың «Ресей Федерациясының құрметті мұнайшысы» атанып, егемен еліміздің «Пара­сат» орденімен марапатталуының өзінде ең­бек­тің жанғандығы мен бағасы жатқаны анық. Елге жасаған елеулі ісі де бар, алқалаған халқынан алған абыройы да бар ел ағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ләззат Кетебайұлы Қиыновтың өмірдегі қия жолы қазір Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатына келіп түйісті. Бұл жолы да Елбасы сенім артты. Елбасы өз Жарлығымен Ләззат Қиыновты сенаторлыққа тағайындау арқылы кәсіби Парламенттің кәсібилігін одан әрі нығайтып және де өмір көрген, айтар ойы мен көргені бар жандармен толықтыра түсті. Елге есті сөз айтып отырар Ләззат аға Қиыновтай ел ағаларының бар ғұмыры бүгінгі де, келер ұрпаққа да әрдайым өнеге. Ал біз сол өнегелі ғұмырдың бір ғана сәтін айта алдық. Ағалар ғұмыры – ел тарихы, ел шежіресі! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты Астана