Биыл Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев актерлық ғұмырында сомдаған шоқтығы биік рөлі – сексендегі Сүйеу қарттың жасына келіпті. Бір жерде көгерген дарақтай болған дарын иесінің мерейтойы сенбі күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында мәреге жетті.
Қазақтың театр өнерінің қара шаңырағында алпыс жылға жуық қызмет етіп, 200-ге тарта рөлді сомдап, кесек келбетті кейіпкерлерді тірілткен Сәбит ағамыз дәл осы жолы абыздық жасқа келгенде елдің де ақсақалы мен ақылшысына айналғаны даусыз. Бәсекелі шығармашылық ортада шынайы құрметке ие болып, көрерменнің риясыз сүйіспеншілігіне жалаңаш талантпен жете салу қиын. Оразбаевтай актер бұл белеске адами қасиеттерімен, еңбекқорлығымен, ішкі мәдениетімен көтерілгенін көрдік.
Шығармашылық кеште алдымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының мерейтой иесіне құттықтау хатын оқып берді. Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Қазақстан Жазушылар одағының да атынан құттықтады, ақындық арынмен Сәбит ағамызға жыр арнады.
Сәбит Оразбаевқа арналған толассыз құттықтаулар легінде қазақтың біртуар азаматтары, облыс басшылары мен туған өлкесінен арнайы келген адамдар да көп болды.
Мерейтой иесімен өмірде де, өнерде де үзеңгілес, тағдырлас келе жатқан атақты актер Асанәлі Әшімов Сәбиттей актердің бақыты қайда байланғанын, бүкіл ғибратты ғұмырын, кісілік келбетін қалжыңмен болса да ғажап жеткізді. Өресі биік тұлғалардың жарасымды әзілдерінің астарында олардың бүкіл өмірі, қиналысы мен қуанышы жатқаны сөзсіз.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов таланты бүкіл ұлтқа ортақ қазына болған актердің өнеріне сахна мен экранның ұлы шебері Иннокентий Смоктуновскийдің берген бағасын жас журналистік күндерінен үзіп алып, қызықты әңгімеледі. Бұл «Қан мен тердегі» Сүйеу қартқа қатысты естеліктер болатын. Сөз соңында Сауытбек Абдрахманов Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өз қолымен жазылған құттықтауын табыстады.
Осылайша ұлттық театрға сапалық өзгеріс әкелген 60-шы жылғы буынның көрнекті өкілі Сәбит Оразбаевтың тағылымды кеші тамаша естеліктерге ұласа берді. Театрдың бүкіл ұжымы да адам ретінде де, актер ретінде де бақыты жанған және осы бақытын тапқан абыз тұлғаға шын ниеттен жүз дейтін жасты тілеп тарасты.
Асанәлі ӘШІМОВ,
КСРО халық әртісі:
– Сәбит, Райымбек үшеуміз жұбымыз жазылмайтын жолдас болдық. Бірге оқуға түстік, бірге жүрдік, театрға да бірге келдік. Үйленгенде бір-бірімізге күйеу жолдас болдық, балаларымыз дүниеге келгенде перзентханадан бірге шығарысып алдық, үй алғанда өзіміз баспаналы болғандай жүрегіміз жарыла бірге қуандық. Аналарымызды Алматыға көшіріп әкеліп, қолымызға алып, ақ батасын естідік. Біздің аналарымыз да тең құрбыдай бір-бірімен араласып кетті.
Қалжыңым жарасқан, өнердің аламанында тізе қосып қатар шапқан Сәбит туралы айтарым көп. Досым туралы естеліктерім жазған кітабымда да бар. Әлі де жазармын. Өнерде тіресетін серіктесің мықты болса ғана өсесің. Сәбит, Райымбек, Есболған, Әнуар, Әзірбайжан – бәріміз бір топ болып, құйысқан түйістіріп қатар шаптық. Бір-бірімізді өсірдік. Біз Әзірбайжанның қойған спектакльдері арқылы өстік, бізбен бірге Әзірбайжанның өзі де өсті.
Нүкетай МЫШБАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі:
– Біз Сәбит екеуміз түйдей құрдаспыз. Сәкеңмен 61 жылдан бері өнерде бірге келе жатырмын. Маңғаз, салмақты жігіт болды. Бір иығына фотоаппаратын, бір иығына домбырасын асып алып жүретін. «Ойбай, мына Сәбиттің фотоаппараты бар екен, бай жігіт шығар», деп ойлайтынбыз қыздар жағы. Ол заманда фотоаппарат дегеніңіз тым қат дүние, екінің бірінде бола бермейтін қымбат бұйым еді. Сөйтсек, қолында қарт анасы бар, өзі пәтерде тұрады, фотоаппарат оның күнкөрісінің бір көзі екен ғой. Содан институтты тәмамдап, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Матан Мұраталиев, Раушан Әуезбаева, Сәбит Оразбаев және мен, алты курстас М.Әуезов театрына жұмысқа қабылдандық. Көп спектакльде Сәбит екеуміз сахналас болдық. Сәбитпен ойнау оңай емес еді. Өресі де, өнері де биік екені білінетін. Грим бөлмесінің тұсынан қай уақытта өтіп бара жатсақ та, Сәбиттің ән айтып отыратынын еститінбіз. Домбырасын қолынан тастамады. Сәбит – еңбекқорлығының арқасында қадір-қасиетін жоғалтпай, абырой-беделге ие болған жігіт. Өз басым осыған риза боламын.
Ерлан БІЛӘЛОВ,
М.Әуезов театрының
директоры:
– Сәбит ағаның азаматтығын, адамгершілігін, парасат-пайымын әрқашан жоғары бағалаймын. Ерекше дарынымен, маңдай терімен, кісілік қадір-қасиетінің озықтығымен бүгінгі биігіне жетіп отырғаны кейінгі толқынға үлгі болса игі. «Балалар, осы естеріңде болсын» деп ниетті жақсылыққа бұрып жүруді, мейірбандықтан қол үзбеуді театрға бірінші келген күннен бастап үйретті. Ағамыздың айтқан осы бір ауыз жақсы сөзі күні бүгінге дейін жадымызда жаңғырып тұрады. Үлкенге ізетті, кішіге пейілді, ақыл-кеңесін биік парасатпен, асқан мәдениетпен айта білетін ағамызды неге абыз деп айтпасқа, бұл мінезін неге мақтан тұтпасқа? Сәбит ағаның пікір-пайымы, түр-тұлғасы, өмірге көзқарасы, кірленбеген жүрегінің тазалығы әрдайым мені таң қалдырумен келеді. Ғибрат сыйлайды. Әңгімелессем, рахаттанамын. Ойынын көрсем, шабыттанамын. Сәбит ағаның бүгінгі мерейлі қуанышы – алты Алаштың, қазақ өнерінің қуанышы.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы