ҚОСТАНАЙ. 24 мамыр. Сот алдында Қостанай ауруханасының төрт дәрігері жауап беріп, жазасын алды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сот алдына үстінен Қылмыстық кодекстің 2 бөлімінің 114 бабы бойынша (1997 жылғы редакция) іс қозғалған Қостанай қалалық ауруханасның дәрігерлері В.Верко, П.Ковалев, М.Ахмадиев, А.Петри келіп, жауап берді. Оларға аталған бап бойынша «Медицина қызметкерінің кәсіби міндетін орындамағаны немесе лайықты орындамағаны, сол себепті ауруға ұқыпсыз және ықылассыз қарағаны, соның салдарынан адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін» деген айып тағылды.
Тергеу материалдары бойынша, 2012 жылы 18 қаңтарда 1995 жылы туған Ш. деген азаматша жол апатынан қалалық ауруханаға түседі. Қызға «оң жақ қабағы соғылған, басы жараланған, миы шайқалған» деген диагноз қойылады. Дәрігерлер Ковалев пен Ахмадиевтың тексеруінен кейін қызды нейрохирургиялық бөлімшеге аударады. Жол апатына түскеннен кейін екі күн бойы қызға антибиотик дәрілер егілмейді. Бөлімше меңгерушісі Верко антибиотикті тек 20 ақпан күні ғана белгілейді. Бұл кезде аурудың жарасы меңдеп, жағдайы нашарлап кеткен болатын. 19 және 20 ақпан күндері ауруға хирург дәрігер Петри тарапынан қарау болмаған, күнделікті бақыламаған. Дәрігерлердің немкеттілігі мен салақтығынан қыздың жарасы іріңдеп, бір бетін түгел алып кетеді. Бет терісін бүлдіріп, түрінің өзгеруіне алып келеді. Қазір жәбірленуші қара көзілдіріксіз жүре алмайтын дәрежеге жеткен.
Соттың қаулысы бойынша, Ковалев, Марат Ахмадиев, Александр Петри, Владимир Верко кінәлі деп табылды. Олардың әрқайсысын бір жыл бас бостандығынан айыру, үш жылға дейін медицина саласында жұмыс істеуден аластау жазасы кесілді. Алайда, Қылмыстық кодекстің 71 бабымен тағайынлған бұл жаза істің ескіргеніне, мерзімінің өтуіне байланысты күшін жойды. Хирург-дәрігер Д.Қарағұловтың үстінен қозғалған іс прокурордың қылмыстық іс жоқтығын айтуына орай қысқартылды.
Сот моральдық зиян келтіргені үшін Қостанай қалалық ауруханасынан жәбірленушінің пайдасына 200 мың теңге және 62 582 теңге материалдық шығын өндіруге үкім шығарды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: Қостанай облыстық соттың баспасөз қызметі.