25 Мамыр, 2016

Айғайқұм

3569 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
кум-2Әншi тау... Шағыл төбенiң беймәлiм үнi. Қалқан тауының қойнауындағы құм төбе ән салады, сенесiз бе, бiрде гүрiлдеп, бiрде айқайлап, бiрде әдемi әуеннiң қайырымын қайтала-ғандай... Әншi тау... Айғайқұм жұмбақ сырын iшке бүге түседi, қызық-ай, шағыл төбе ән салып жатыр... Қара желден бұтақтары дiрiл қаққан төрт түп сексеуiлдiң жанына жеткенде сәл кiдiрдiм. Қарауыта түнергендей өңiрдiң кеспiрi ерте көктемде сұрықсыз бояуға енетiнiн дәлелдейтiндей, әйтпесе, өңменiңнен өтетiн қара суықтан әбiгерге түскен жолаушы айналаға қарап қара күз деп те ойлауы мүмкiн-ау. Айғайқұм... Талайды өзiнiң жұмбақ сырымен ынтықтырған шағыл төбе, әншейiнде уiлдеп, беймәлiм әуенiмен тамсандыра, кейде өн бойыңды үрейiмен тiтiркендiрер құм төбе үнсiз, үнсiз, үнсiз, сол жылтылдаған сан түйiршiк алақанымнан сусып төгiледi. Айғайқұмның момақан мiнезiне де таңырқай қарайды екенсiз. Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып әлдебiр мұңға берiлгендей сыңсып ән салады; Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып, әлденеге қосыла жарысқандай гүрiлдей айналаны жаңғырықтыра түседi; Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып, әлдекiмге қырыс қабақ танытқандай айқайлап дауыс көтередi... Ендi сол сыңсыған әндi, сол жаңғырық болып маза кетiрер гүрiлдi, сол жүрек дүр­сiлдетер беймәлiм дауысты сағынғандай елегізи iздеп Айғайқұмның басында жападан жалғыз отырмын. Айғайқұм... Шағыл төбенiң басына ирелеңдей көтерiлген ойдым-ойдым iздерiм сайрап жатыр. Әншейiнде көсеп қана бiр уыс құм алсаң болды дегбiрi қаша уiлдеп аласапыран күйге түсетiн әншi тау маңғаз кейiпте, түксиген қалың бұлттың астында ағараңдаған қалыпта, желтоқсанның ортасында қоңырқай тартқан өңiрге оқшаулана өң берiп, өзгешелене түскендей. Әдемi суреттi сымбатымен қос үйме құм төбе айналадағының бәрiн өзiне ынтықтыра түскендей. Алабөтен мiнезiне таңырқағанда не, қос қолдап көсей алдым да тағы суырдым, нам тартқан шағыл жылт-жылт етiп марғау сусиды. Тосын мiнез танытар деген үмiт алыстай бердi. Алақанымды қақтым да орнымнан тұрып, iлгерi адымдап төбе басына қарай өрлей бердiм. – Мыңбұлаққа ма, әзiлдiң де жөнi бар, –  дедi қағiлез келген ақ құба өңдi жiгiт амандасып жатып, көкшiл көздерiн қадай бәрiмiзге бажайлай қарап алды, – кеше түнде келдiм сол жақтан, оның үстiне Қалқанның желi де құтырынып тұр ... Александрдың сарғыш шашын тарағыш­таған желге қарсы жүзiмiздi бере тұрған бiз шаңды боранның ыңғайланып келе жатқан кейпiн көрiп, абыржығанымыз анық. Шофер жiгiт соны бiлiп айтқандай, көзiне түскен шашын кейiн қайыра қолымен бастыртып үнсiз қалды. – Жүрiңiз, – дедi әлден уақытта барып, – жүрiңiз, осындай кездерге мен тап келемiн, сосын, өтiнiш айтқан кiсiнiң сөзiн далаға тас­тай алмаймын. Мана әзiрде қабақ шытқандай болған шофер жiгiт ұзақ үнсiздiктi өзi бұзды. Жоқ, әңгiмешiл екен. Ауылдың жай-күйiн таныс­тырып жатыр. Шаруашылықтың «1 мамыр» бөлiмшесiнен Мыңбұлаққа қарай бұрылғанда жел қарсы алдымыздан ысқырына үдей түскен едi. Желдiң ызыңы күшейген тұста әңгiме де үзiлдi. Жаңбыр мен жел айғыздаған қара жолда машина селкiлдеген қалпы теңселiп алға қарай ышқынады. – Бүгiн күн батқанша Айғайқұмға iлiге алмаймыз, – дедi Александр жолдан көз алмаған күйi, – қорықшының үйiне түнделетiп жетсек те жарады, жол тiлiмденiп кетiптi, жылдамдыққа мүмкiндiк бермейтiн де сол. – Былтыр жазда ғой Мыңбұлақ жақтағы кардонда отырған шопан ауылына бара жатып, Алтынемелдiң бiр жотасында арқаларына жолқапшық асынған бiрнеше кiсiнi кездестiрдiм, латыш ғалымдары екен. Қолдарында карта, жаяулап тартып барады. Жөн сұрасқанда бiлдiм, осы Айғайқұмды iздеп тау асып кететiн шамасы бар. Сосын, мән-жайды айтып Айғайқұмның оң қабатта қалып қойғанын түсiндiрiп едiм, әлгi карталарына шұқшия ұзақ үңiлiп, соңынан жымия бас шұлғып арқамнан қақты. Ендi, мiне, араға бiраз уақыт салып өзiңмен келе жатырмын, сонда деймiн-ау, Айғайқұмның не қасиетi бар. Жер түбiнен iздейтiндей әлдебiр құпиясы болды ма, шамасы. Мен осы Айғайқұм, Ай­ғайқұм дегеннен басқа ештеңе естiмеппiн. Бiреулер айтады, Айғайқұм құдды адамға ұқсап айқайлайды деп, сонда оның бойындағы нендей сиқыр екен?! – Уiлдеген желге маши­наның маңдайын берiп, шоқалақ жолдан әбiгерге түсiп әбден шаршады ма Александр бiр уақытта осы сауалды қойды. Ал мен әлi көрмеген Айғайқұм жайында не дейiн. Тек бiлетiнiм, санкт-петербургтік ғалым-геолог Б.С.Русиновтың құм төбенi зерттеу барысында кездескен оқиғаны көз алдыма әкелдiм. Жер мен ауа арасындағы электр потенциалының айырмасын зерттеп жүрген ғалым шағыл ән салғанда қандай өзгерiс пайда болатынын анықтауды мақсат тұтып осында келедi. Келе салысымен жұмысқа кiрiскен зерттеушiлер бiр-екi күн күтедi, әйтсе де құм өзiнiң құпия мiнезiн бiлдiрмей, жұмбақ күйiнде жал-жал қалпы жата бередi. Әншi құм дегенiмен әлденеше күн бойы өзгерiссiз, дауыс көтерiп не болмаса гүрiлдемейтiнiне таңданып, бiр жағы тағатсыздана отырып, ақыры мынау төбенiң басына шығып көрейiк деп шағылды жiтi қимылмен бетке алады. Ешқандай өзгерiс жоқ, үн қатпайды. Болмаған соң Русинов шағыл төбенiң беткейiндегi құмды қолмен көсей сусытып көредi. Сусыта бастағаны сол, құм төбеде соны күткендей екен. Шағылдың бетiндегi түйiршiктер төмен қарай сусып, гүрiлдей жөнелгенде тәжiрибе жасауды асыға күтiп жүрген мамандар абдырап, не iстерiн бiлмей сасқалақтайды. Тосын құбылыс олар үшiн де үрей ұшырардай едi. Аңтарылып қайда қашарын бiлмеген, жан-жағын бажайлай алмай, тым-тырақай жүгiре жөнеледi. Құм гүрiлдеген сәт төбе басында шағылды қолмен сусытып жатқан геолог айналада не болғанын аңғармай қалады. Дүние астан-кестен, айнала алапат гүрiлге көмiлдi. Құлағы шыңылдағандай ма деген, төс сүйегi мен асқазанының үштасқан тұсы шымылдай ауырып, шыдатпай бара жатады. Осы оқиғадан кейiн лаборанттардың бiрi «тұла бойымның не болғанын бiлмей қалдым», – деп таңданған. Сауал тастағанымен жауабын күтпеген Александрға жол бойы осы әңгiменi баян­дағанымда ойланып қалды. Айғайқұмды көз жұмып табамын деп келе жатқан жолсерiгiм баранканы үнсiз қысымдай ұстаған күйi маған жаңа көргендей ауық-ауық қарап қойды. Қас қарайып келе жатыр. Манадан жеткiзбей қойған Қалқан тауы алыстан қарауытты. Ал­ды­мыздағы жол ағараңдап қалыпты, Алек­сандр жарықты жақты. Қалқанның бораны уiлдей соғады. Ойдым-ойдым жолда тербетiлген машинаның iшiнде екеуден екеу – өзiмiзбен өзiмiз болдық. Сан тармақталған ой жетелейдi. Қалқанның бораны уiлдеп тұр, жол жеткiзер емес. Құлаққа әншi таудың дауысы ызыңдап жеткендей. Бәлкiм, желдiң ызыңы ма, жоқ әлде мынадай айқұш-ұйқыш жолда теңселiп келе жатқан машинаның гүрілi ме – ажырата алмадым. Айғайқұм – әншi таудың үнiндей болып бiр әуен құлақ түбiнде тұрды. Жұмыр жерде өз жұмбағымен құпияланып өн бойына сыр бүккен, сол сырды ашуға шақырғандай үн қатқан әншi таулар, шағыл төбелер, құмды қолаттар көп. Әрқайсысы жайлы әрқалай әңгiме тыңдаушысын жалықтырмайды, айтылар аңыздар желiсi де сан-саққа жүгiртiледi. Құмтөбеге көтерiлгендей аяғыңның астын­дағы шағыл сусып, ысқырады, гүрiлдейдi... әйтеуiр түрлi дыбыс шығарады. Қабул маңын­дағы дiрiлдек тау Рег-Реванның қа­сиетi қызық, сусыма құмдарға табаның тисе болды, әлдекiм барабан соққандай айнала жаңғырыға жөнеледi. Аяқ астындағы құм сусыған сайын Рег-Реван дiрiлдегендей. Дiрiлдеп тұрғандай әсердi жаңғырық байыта түседi. Жергiлiктi тұрғындардың дiрiлдек тау деп атауы да сондықтан болар. Ал, Чили жерiндегi Коппано аңғарында ұлығандай дыбыс шығаратын шоқы Эль-Брамодор деп аталады. Қызыл теңiз жағалауындағы Синай түбегiнде Джебель-Накуг жотасы бар. Оның дыбыс шығару өзгешелiгiне қарай жұртшылық Қоңыраулы тау деп атаған. Жотаға көтерiлгенде бөлтiрiктiң қыңсылындай бiр үн естiледi. Оған төбе басынан қоңыраудың сылдыры қосылады. Сөйтiп Джебель-Накуг – Қоңыраулы тау сыңғырлата қоңырау шалып тұрады. Оны арабтар астында ертеден қалған көне ғибадатхана жасырын жатыр деп түсiндiредi. Жота басынан естiлген беймәлiм үн сол ғибадатхананың адамдар төбеге аяқ басқан сәттен тербелiп дыбыс шыға­ратын қоңырауларының жаңғырығы еке­нiн айтып, дәлелдей түседi. Бұл әңгiмеден кейiн төбе басына шығып көр. Аталмыш ша­ғыл төбелердiң құпия сырын ғалымдар әзiрге тек сан алуан жорамалдармен ұқтырған болады. – Мыңбұлаққа таяу жердегi қорықшының үйiне тастаймын, ертең сол қорықшы Әншi тауға өзi алып барар, – деген Александр. Мен бас шұлғыдым. Әйткенмен қорықшы үйiнде болмай шықты. Екiншi рет Әншi тауға жете алмай жолдан қайтамын ба?! Осы сауал маза бермедi. Айдалаға тастап кетуге Александр тағы қима­ды. Машинаны қайта от алдырды. – Мейлi, Айғайқұмды мен де сенiмен бiрге көрейiн, отыр, кеттiк... Айғайқұм... Ай астында ағараңдап жатқан қос төбе өздерiн күзеткендей түнере мүлгiген Қалқан тауынан түнде де айрықшаланып жататынын қараңыз. Машинаның моторын өшiргенде желдiң ызыңымен қабаттаса әлдебiр дыбыс жеттi. Тау iшiнде әуездi әуен жаңғырықты. Кейде оны беймәлiм гүрiл көмiп кетiп отырды. Әлден уақытта Александр әңгiме бастаған. – Бiздiң ауылдың шалдары баяғыда, баяғыда бiздiң бала кезiмiзде айтып,  Айғайқұмға баруға болмайды, онда шайтан бар деп отырушы едi. Шайтан кiмге ұнаған, сол шайтанның мiнезi ұнамай, ақыры құдай осында айдап әкелiп құммен көмiп тастаған екен. Әншi таудан естiлетiн дауыс шайтанның үнi көрiнедi дейтiн. Бала кезiмiзде аузымыздан сiлекейiмiз аға отырып тыңдаған соң әңгiмеге бас шұлғи отырып сендiк. Сенбеске тағы болмайды, өйткенi жата қалып ертегi оқитын бiздер қиял-ғажайып оқиғаның бiр тармағы осы Әншi тауда жатқандай көрiндi. Ал, қазiргi балаларды ештеңеге сендiру қиын, ертегi де оқымайды, – темекiсiн құшырлана сорған Александр үнсiз қалды. Әншi тау құбыладан соққан желмен дауысын сан өзгертiп бiзге сыр айтқандай. Әуезденiп, құбылып тұрып алды да, сәлден соң гүрiлдей жөнелгенде денең тiтiркенiп, айналаға секемдене қарайсың. Бiр уақытта желдiң, Қалқанның желiнiң ызыңынан басқа ештеңе естiлмейдi. Аңтарылып тұрғанда желдiң ызыңын жаңғырыға жеткендей күмбiрлеп әлгiндегi гүрiл қайта көмедi. Әншi тау туралы тағы бiр аңыз ойға оралады. Ол аңызды журналист Сахария Бозымбеков «Жас қазақ журналы» басылымында жарияланған «Қыз Мақпалдың әншi тауы» мақаласында әсерлi жеткiзедi: – Баяғы заманда осы маңда сендердiң бабаларың, бipaз ел боп тұрды бiлем. Бip күнi шығыстан қаптаған жау келiп, елді шауып, түгелдей тұтқынға алады. Жау қарсы келген адамды өлтiрiп тастап отырған. Құдай дегендi бiлмеген, тiлдерi түсiнiксiз бip жабайы жау болса керек, сол заманда мына Берiкқара жағындағы жердiң бip пұшпағында бip шал мен кемпiр тұрыпты. Олардын бip ұл, бip қызы болады. Ұлының аты – Матай, ал қызының аты – Мақпал едi. Жау тiмicкiлeп жүрiп, әлгi шал мен кемпiрдi ұстап алып кетедi. Аңнан келген Матай әке-шешесiнiң жау қолында екенiн бiлiп, жаудан босатып алмақ болып соғысады. Ақыры, Матайдың аты жараланып жығылғанда, батырды жаулары тор тастап ұстайды да, тұтқындап, шығыстағы елiне алып кетедi. Ал, Мақпалды жау iздеп келгенде, ақылды қыз Берiкқара тауының бip бұрышындағы үңгiрге тығылып, ұстатпай қояды. Сөйтiп, жау өздерi келген шығыс жаққа қарай кетедi. Жалғыз қалған Мақпал мына бүгiнгi «Мақпал» атты таудың оңтүстiк бөктеріндегi шилepдiң түбінен күнде бip бұлақтың көзiн ашып, Iледен құманмен күнiне бip құман құм тасып, Аяққалқан тауының қасына әкеліп үйедi. Әке-шешесi және бауырынан айырылған күннен бастап, ай-күннен жаңылып қалмас үшiн осылай iстейдi. Содан бepi бөктердегi бұлақтарды «Мыңбұлақ» деп, ал мына төмендегi Құмтауды «Әншi құм» деп атайды. Мақпал түске дейiн құмның қасында бiрде күлiп, бiрде мұңайып отырып ән салады. Сондықтан да, бұл Құмтаудың қacиeтi талтүске дейiн уiлдеп жылап, құмды шығыстан батысқа қарай үрлейді, ал түс ауа батыстан шығысқа қарай үрлейдi; тек ешқайда көшпей орнында тұрады. Сөйтіп, ару Мақпалдың жылағанын, күлкiсi мен әнiн келтiредi, – деп қария көзден аққан жасын cүpтiптi.Сәл дем алып көңiлiн жинақтаған соң, әңгiмесiн одан әpi жалғай түстi: – Елдi айдап кеткен жау Матайды апарып зынданға салады, оның күшi мен қайратына таң қалысады. – Күндердiң бip күнiнде Матайдың әкесi мен шешесi өледі. Матай оларды өз қолымен жерлейдi. Батыр жiгiт бұдан былай көп сөйлемейтiн томаға-тұйық болып алады. Бip күнi Матайдың қолына жүйрiк ат түседi, сол атқа мiнiп бip түнде «ел қайдасың», деп кашады. Артынан жеткен қуғыншылармен бiрнеше рет соғысып, қару-жарақтарын, аттарын тартып алып, алдына салып айдаған күйi бip кездегi өзi бекiнiп соғысқан Қалқан тауларына келедi. Қалқан тауларын аралап қараса, бұрын болмаған үлкен Құмтөбе пайда болыпты. Оны көрiп таңғалады. Айнала қарап жүрiп, көзiне адам жүрген болар-болмас бip соқпақ түседi. Не болса да, осы Мақпалдың iзi деп ойлап, Мыңбұлақты аралап, бұрын болмаған көп бұлақтың пайда болғанына таңғалады. Матайдың ойына өздерiнiң бала кезiнде ойнайтын Берiкқарадағы үңгiрi түciп, соған барады. Үңгiрге келсе, Мақпал осында екен, тауып алады. Жүзiнiң сынық екенi, шашының ағарғаны көpiнeдi. Ағайынды бауырлар көpiciп, жылайды, өткен өмiрлерiн естерiне алады. Мақпалдың бұлақтары мен үйген Құм­тауын күн санау үшiн жасағанына Матай да таңғалады...» XIII ғасырдағы италиялық саяхатшы Марко Поло Венециядан Ханбалыққа бара жатып, жол бойы кездескен әншi құм жайлы былай деп жазады: «Ол жақта мынадай да ғажайып бар: шөл далада түнде келе жатып, әртүрлi себеппен жолдастарыңнан қалып қойып, ендi қуып жетуге асықсаң аруақтардың күбiрлескен дауысын естисiң, достарың атыңды атап шақырып жатқандай болады, кейбiр беймәлiм дыбыс өзi естiлген жаққа қарай шақырады». Айғайқұмның ғажайыбы сол, оның жұмбақ сыры үлкен жазушымыз Ғабиден Мұстафинді де қызықтырған, бұл жайында профессор Досмұхамед Кiшiбеков былай баяндайды: «Бұл 1957 жылдың шiлдесi болатын. Алматы облысы, Шелек ауданына жататын Iле өзенi жағасындағы «Аяқ қалқан» деген жерде терi, буын ауруларына емдiк қасиетi мол жылы су табылып, соған емделуге ел барып жататын. Бiз де сол жерде болып, азды-көптi ем қабылдап жатқанбыз. Бiр күнi кешкi салқынмен дем алып, әңгiмелесiп отырғанымызда Мәжiкен (М.Е. Бутин) деген кiсi: «Осы жерден онша алыс емес сонау «Орта қалқан» маңында екi құм бар. Ыстық, ашық күнде басына шықсаң болғаны шулайды. Өзiнше ән салып жатқандай. Сондықтан да орысша оны «Поющая гора» дейдi. Бұл бiр табиғат ғажайыбы ғой», – дегендi айтты. «Бүгiн де солай ма?» – дегенiмiзде, «әрине, бүгiн де солай», – дедi. Содан бiздер жатып қолқа салдық. «Сол тауға ертiп барып, бiзге көрсет», – деп жалындық. Ақырында әлгi кiсi көндi. Сонымен күнара моторлы қайықпен келiп, бiздерге балық сататын қайықшымен де келiстiк, баратын кiсiлер де iрiктеледi. Сөйтiп, Ғабиден Мұстафин, Әбдiлда Тәжiбаев, Мәделхан Дәрiшев, мен және жол бастаушымыз Мәжiкен Бутин жолға шығатын болдық. ...Баратын жерiмiзге әрең жеттiк. Сөйтсек, әлгi тау деп келгенiмiз тiп-тiк, бетiнде бiр тал шөп шықпаған, қызыл-сұрғылт қатар тiгiлген екi киiз үйдей құм екен. Құмды бiреу әдейi шошайтып, үйiп қойғандай. Байқасақ, әлгi «Аяқ қалқан» мен «Орта қалқан» тауының дәл ортасы екен. Ол екi тау бiрiмен бiрi қосылып, тұтас жатқан жоқ. Арасы пышақпен кескендей бөлек. Құмға жеткенде үш ағамыз: «Бiз шаршадық мына сексеуiл көлеңкесiнде дастарқан жайып, отыра тұрайық, сiздер жассыздар ғой, құмға шығатын шығарсыздар», – дедi... Содан құмның бiрiне қайықшы, екiншiсiне бiз – Мәделхан екеумiз шығатын болдық. Бұл күндiзгi екi шамасы едi. Құм тiп-тiк, шығу қандай қиын, төбеден құйылған құм қойын-қонышымызға кiрiп, күйдiрiп жатыр. Бiз де тырбаңдап жылжып барамыз. Анда-санда тыңдап, байқаймыз. Ешбiр шу жоқ, тек аңызақ желдiң ызыңы ғана құлағымызға естiледi. «Дыбыс бар ма?» – деп жердегiлерден сұраймыз, олар «жоқ», – деп жауап қатады. Сөйтiп, бiз жартысынан жоғары көтерiлдiк. Күн шыжып тұр, оның үстiне таудың күнгей бетiнен шықтық, өйтпесе де болмайды, көлеңке жақтан шықсаң құм қызбайды, шуламайды деген. Ендi бiршама ұмтылсақ төбе басына жетуге жақын қалдық. Күн өтiп, қалжырай бастадық. Бiрақ ұят күштi. Мақсат қайтсек те төбеге шығу. Осы кезде төменде отырған ағалар: – Жарайды, жiгiттер, түсiңдер, шай iшейiк, – деп шақырды. Соны естуiмiз мұң екен, құмға өрмелеп бара жатқан мен дереу тез қимыл жасап, орнымнан тұрмақ болып едiм, бiр нәрсе дүр ете қалды. Менiң жасағанымды Мәделхан қайталап едi, одан да дүрiл шықты. Бiз сырғып, төмен түспек болдық. Дүрiлге дүрiл қосылып, үлкен бiр шуға айналды... Бiз дастарқан басына келiп, шөлiмiздi қандырдық, жүрегiмiздi бастық. Сонда да құм шулап жатты. Содан Ғабең, бұл жағдайды жазамын, – дедi...» Ғабекеңдi тамсандарған табиғаттың тосын құбылысы – әншi тау жайындағы бiр оқиғаны, естен кетпейтiн сол бiр күндi профессор Досмұхамед ағамыз осылай әңгiмелейдi. Бiз машинадан түстiк. Жел әлi басылған жоқ. Қайта желдiң екпiнiн әншi таудың гүрiлi үдете түскендей. Гүрiл ме әйтеуiр, жаңғырық па әйтеуiр, әуен бе әйтеуiр – алма-кезек сырнай сазындай болып құбылады. Оған Қалқанның желi қосылып алып елiккендей, елiккендей, елiккендей екiлене соғады. Сондай мынау уiлдеп бiрде, гүрiлдеп бiрде, әуезденiп бiрде ән салып жатқан шағыл төбе­нiң құпиясы неде деген сауал бүйiрден түртедi. Әншi тау көп зерттелдi, жұмбақ жайттың сырын ашуға ықыластана кiрiскен ғалымдар түрлi жорамалмен, өз шешiмдерiмен түйiндедi. «Құм түйiршектерi бiрiмен бiрi үйкелiп, соның нәтижесiнде үн шығады», – дейдi ғалымдар. «Сол құм түйiршiктерiнiң аралығындағы ауаға байланысты, құм төмен сырғығанда әлгi ұсақ түйiршiктер арасындағы саңылау кейде азайып, кейде көбейiп отырады. Ауа осы саңылауға бiрде кiрiп, бiрде шығып жатады. Дыбыстың дiрiлдеп шығу себебi сонда болса керек», – дейдi екiншi бiр ғалымдар. Жазушы Владимир Мезенцев Айғайқұмды зерттеген ғалымдардың болжамын осылай екiге бөледi. Бұндай болжамдарға барғысы келмеген Я.В.Рыжко өзен жағасынан құм алып эксперимент жасауға кiрiседi. Құмды кептiрiп, шаң-тозаңнан жақсылап тазартқаннан кейiн электрофор машинасы арқылы құмға тоқ жiбередi. Сонда құмнан үн естiледi. Дегенмен, елiктiре түскен табиғаттың тосын құбылысы бар жұмбағын алдымызға жайып салды ма?! Сауал қойып таңданатынымыздай бар екен. Себебi, Айғайқұмнан әкелiнген құм әлгiндей тәжiрибенi мойынсынбады ма, үн қатқан жоқ. Желдiң ызыңына қосылғандай гуiлдеп кеп бергенде, ән салғандай болып әуездi қайырымды қайталап кеп бергенде, ұшақтың ұшар алдындағы дауысына салып гүрiлдеп кеп бергенде – шағыл төбенiң жылдар бойғы жасырып келген құпия сыры ашылды деп қол шапаттап қуанар едi. Шағыл төбенiң шөкiм құмы ғылыми зертханада да тырс етiп сыр ашпады. Ғалымдар бас шайқаған күйi ойға кеттi. Әншi тауды алматылық ғылым профессор Павел Иустинович Мариковский көп зерттедi. Осы бағытта нендей нәтиже шығар­ды, соны бiлгiмiз келген ғалымға телефон шалғанымызда, әңгiмеге келген жоқ, бiрден үйiне шақырды. Сонда Павел Иустиновичтiң жұмыс кабинетiне ене бергенiмде таңданғаным бар. Ғажайыбы сол, Әншi тау қарсы алдымда тұрғандай таңырқап, есiк аузында тұрып қалыппын. Ғалым күлiмсiреген күйi төрге шақырғанда барып, сурет екенiн бiлдiм. Зерттеу бiр басқа да, Әншi таудың суретiн сол қалпында полотноға түсiру екiншi нәрсе ғой. Айғайқұм... Шағыл төбенiң басында тұрмын. Өзiнiң өзгеше мiнезiмен ынтықтырған әншi тау қытымыр суыққа мойынсынғандай үнсiз жатыр. Табиғаттың ғажайып құбылысы ретiнде талайдың таңдайын қақтырған қос үйме құм. Тау мен даланың төсiнде өзгеше сұлулықты сездiргендей әдемi әсерде қалдырар қызық бiр көрiнiс. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы