Өзінен кейін ұлағатты ұрпақ қалдыру қай қазақтың да арманы. Шаңырақтың шаттығы, ертеңгі иесі – ұл. Сондықтан, алтын басты он қыздан бақа басты бір ұл артық. Атам заманнан санаға сіңген түсінік бұл. Осы түсінікпен өскен Зейнеп әженің өмірдегі бір өкініші – перзент туралы тілегінде еді. Ол заманда қазақ қызы өз бақытын өзі іздеп сабылмайды. Қызды айттырып, құда түсіп, ескі дәстүрмен екі жақ құйрық-бауыр асасып дүбірлі той өтеді. «Әйел бақытын» іздеп сабылып жүрген ешкім жоқ, барған жерінде бағы ашылып, тастай батып, судай сіңіп жататын. Мінезіміз келіспейді екен деп, ажырасып жату атымен жоқ. Үйленген ұл да, тұрмысқа шыққан қыз да Алланың бұйрығы деп қосағымен қоса ағаруға бар күшін салатын. Зейнеп әжеміз де қазақтың көп қызының бірі секілді, атам заманнан жазылып қойған, осы сценарий бойынша құтты орнына қонған. Барған жері дәулетті ауыл болатын. Түскен үйі де ауқатты адамдар. Жалғызымның жалғасын осыдан көремін деп, атасы да, енесі де келген күннен қамқорлығына алып, келін екенін ұмыттырып жіберді. Күйеуі – бір атадан жалғыз ұл, әке мен шешенің көзінің ағы мен қарасы. Еңсегей бойлы, қақпақ жауырынды, соған орай ауыр мінезді, әдеміше келген жігіттің төресі еді. Бетінен қақпай өсірген еркелік ақылды ұлдың бағына айналған – кейбір ақымақтарша еркіндігі есерсоқтыққа емес, әділетке жаны құмар өткір мінезге ұласты. Жаратылысынан тірі жанға қиянаты жоқ Тілеужан айналасындағы әділетсіздікке де төзе алмайтын. Көп сөйлемегенмен, озбырлық көрсе, кім болса да бетіне қарамайтын, сөзге тоқтамаса, жұдырығына жүгінетін. Осы мінезі үшін кейбіреулер күңкілдегенмен, көптің алғысына бөленіп жүрген жігіт еді. Жар сүйіп, отбасылық өмірдің ғажайып әлеміне еніп кеткен Зейнеп бақыттан басы айналғанмен, есінен адасқан жоқ. Құдайдың өзі бере салған бақытты күндерінің әр сәтін бағалауға тырысты. Ата-енеге де, сүйген жарға да лайықты қылықпен ерекелей жүріп, баршаны бауырына тартты. Бүкіл ауылға «айналайын келін» атанып, айналаға жақсы атағы жайылды. Ендігі арман шекесі торсықтай, күйеуіне тартқан ұлдарды бірінен кейін бірін туып, осы әулетті біражола бақытқа кенелту. Бұл қуаныштың да ауылы алыс емес сияқты. Алғашқы аяғы ауырлықтың белгілері біліне бастады. Ата мен ене: «Е, Алла өзің қолдай гөр!» – деп, екі сөздерінің бірін жалбарынуға арнап алды. Осылайша айы-күні жетіп, алғашқы нәресте шыр етіп дүние есігін ашты. Шекесі торсықтай ұл емес, дүниеге қыз бала келді. Ауыл аймақ қуанып, бесік той жасалды. Ағайын: «Қыз баламен отбасына береке келеді, артынан ұл тусын!» – деп, бата-тілектерін жудырып тарасты...
Арада жылдар өтіп жатты... Зейнептің құрсағы құр болған жоқ – жиі көтерді. Бәрі аман-есен өсіп, алды бойжетіп келеді. Жауқазындай көздің жауын алатын сүйкімді кілең қыз бала. Бірін-бірі ойнатып, шамасы жеткені шешесі мен әжесіне серік болып, отбасының думаны қызып, берекесі шалқып-ақ тұр. Тек жалғыз ұлдан қалар тұяқ болмағаны әке мен шешенің де, ердің де көңілінде түйін болып тұрып алғандай. Жиі күрсінетін болды. Әр жолы шыр еткен сәби дүние есігін қыз болып аттаған сайын үміт жібі бір үзіледі. Ол аз болғандай соғыс басталып, ұлына шақырту келіп тұр. Жарықтық шал: «Болып қалар..!» деген ұрпақтан біржола күдер үзді. Ендігі дәрмені тек сабыр етіп, іштей түйілуге ғана жетті. Ұлын қатты қысып құшақтап тұрып: «Ұлым, соңғы тілегім «қорқақ» деген атқа қалып жүрме!» – деген күрсініп. Соғыстың түрі жаман, кеткендерден тірі қалғандары аз. Енді іштей, әулеттің келешегі үзілер сәтте соңғы ұрпақ өмірін ерлікпен аяқтағанын ғана тілеп тұр. Сәл езу тартып жымиған Тілеужан: «Әке, алаң болмаңыз!» – деді. Буырқанып сезімге оранған айтылар ой мен тілек көп еді, бірақ соңғы сәтте әке мен бала екі ауыз сөзбен ғана түсіністі.
Арада алты ай, артынан зымырап бір жыл өтті. Немістер кері шегініп барады. Тілеужан әлі тірі. Әуелгі үзілген үміт күн санап қайта жалғанғандай, шал өмірге араласа бастады. Дастарқан басында отырып, көптен бері келініне алғаш рет тіл қатты: «Балам, Алладан үміт үзбейік, соғыстың беті қайтқан сияқты. Қаласа, қалың өрттің ішінен жалғыз қурайды аман алып қалатын Жаратқан біздің тілегімізді қабыл етер». Шай құйып отырған келін көзінен сорғалаған жасты жаулығының ұшымен сүрте отырып,«айтқаныңыз келсін!» – деді естілер естілмес үнмен. Атасының сөзі қуат беріп, Тілеужан қайтып келгендей, көңілі сергіп сала берді. Аман-есен келсе, кішілікке өз қолымен ұл туатын келіншек алып бермек. Бір әулеттің түтінін өшіру – қазақ үшін кешірілмес күнә. Ал сол күнәнің басында өзіңнің тұруың қандай ауыр. Міне, Зейнептің ұзаққа созылған азапты ойлардан кейінгі тоқтаған жері осы болды.
Тілеужаннан келіп тұрған хат бір кезде тоқтап қалды да, үй ішін басқан зіл тағы да ауырлай бастаған. Жалғыз дәтке қуат – қара қағаз жоқ. Осындай күндердің бірінде пошта таситын шал үйге қуанып, сүйінші сұрай келді. Тілеужаннан хат әкеліпті. Бар сабырынан айырылған шал, Аллаға ақсарыбас айтып, сақалынан жас сорғалады. Ауыр жараланып, госпитальда жатыр екен, беті бері қараған көрінеді. Жарасы жазылып қалыпты, жақында елге қайтатынын жазыпты. Үзілген үміт жалғанып, өлгені тіріліп, отбасында бір-ақ күнде шаттық орнады да қалды.
... Соғыс аяқталғалы біраз жылдар өтті. Қыршынан қиылған талай боздақтың өмірі мен шаңырағы ортасына түскен бір ғана отбасы емес, жермен жексен болған талай ауылдарды көріп, от пен оқтың ортасынан келген Тілеужан «ұл туатын қыз» алуға келіспеді. Қара шаңырақтың иесін күте-күте арманына жете алмаған шал мен кемпір көрер жарығы таусылып, пәниден бақи дүниеге кете барды. Зейнеп тағы төрт қыз туды. Ұрпақ жалғастыратын ұл перзент әлі жоқ. Оныншы бала дүниеге келді – тағы да қыз. Тілеужан қуанғанмен, Зейнеп ішінен шыққан «шұбар жыланға» қарағысы келмеді. Ауылда қазақпен бірге өсіп, қазақ болып кеткен Меңке (шын атының қандай болғаны белгісіз) дейтін жалғыз орыс бар еді. Ауыр соққаны сол: «Зейнеп ұл туса, менің өгізім де туатын шығар», деп қалжыңдапты. Соны естігенде қатты күйініп: «Иә, Алла, мына он қызыңды ала бер, жынды да болса бір ұл берші!» – деп, өміріне өкініші жоқ жанның, жалғыз әрі соңғы тілегін айтты...
Әлі де шау тартып тұрған жоқ, ұрпақтан үміт бар. Міне тағы да аяғы ауыр. Бірақ, «соңғы тілектен» кейін арада аз уақыт өткенде дүниеге келген шарана шетінеп кетті, артынан көп өтпей, арбадан құлап, тілі тәтті Жібегі кетті. Айы-күні жетіп босанғанша екі бірдей перзентінен айырылып, өзі де, Тілеужан да қатты күйзелді. Жаратылыс заңы адамның дегеніне көне ме, айы-күні жетіп толғақ қыса бастады. Торғынды көрші үйге жіберген, шыр еткен баланың үнінен күйеуі жүгіріп кетіп, ұзақ бөгелді. Картоп аршып отырған бала асығып қолындағы пышағымен кеткен екен, жүгіріп бара жатып жығылып, ішіне кіріп кетіпті. Екпінмен келіп жығылғанда бауырына қадалған пышақтан жан тапсырды. Сол күні кеште дүниеге ұл келді. Қайғы жанына қанша батса да, көп кешікпей ұлдың қуанышымен бәрі ұмытылды. «Орнында бар оңалар», деп атын Орынхан қойды. Кескін-келбеті айнымай әкесіне тартқан екен. Үзілген үміт жалғанып, ата-бабаның аруағы бір аунап түскен шақ. Шаңырақтың иесін өмірге әкеліп, түтінін өшірмей, сақтап қала алған келінде арман бар ма?! Енді ол кісілерді еске алып, құран бағыштаса да беті жарық.
Орынхан мектепке барды – ұлан-асыр той болды. Темекі тартуды үйренді – жігіт болғанының белгісі, бұл да қуаныш.Алғаш үйге арақ ішіп келді. Шайтансудың адам өмірін тозаққа айналдыратын сиқырын бұрын көрмеген ауылдың аңқау жұрты оны да баланың ержеткендігі деп қуана қарсы алды. Орынхан осылай басынан «жігіттіктің дәуренін» кешуге жарағанда, бірге туған қыз бауырларының соңғысы да өмірден өтіп үлгерген еді. Тілек қабыл болды. «Жынды да болса бір ұл» берді, берген қыздарын қайтып алды. Зейнеп сорлы енді ғана тілегінің қате болғанын түсіне бастады, бірақ бәрі кеш. Шалы екеуі қу жалғыздың тілегін тілеп, қаймағы бұзылмаған ауыл жұрты осы тілекті іштей түсініп, Орынханның адам төзбес қылықтарын ешқашан сыртқа шығармады. Орынхан үйленді. Алысырақ ауылдың бір сүйкімді қызын алып келіпті. Енді есі кірер деп, ауыл болып тойлады. Осы әулеттің өткенін білетін көз көргендер жетпегенін жеткізіп, құданы ауыл аймағымен риза етіп жіберді. Алғаш есін жиып, біраз түзелгенмен, Орынхан бастапқы әдетін қайта тапты. Жалғыздың болашағына алаң көңілмен әке өтті өмірден, артында қалған кемпірі мен келін, немерелері өмір бойы Орынханның азабын арқалап қала берді. Арман болған ұрпақ мәселесі осы келіні – Күләш келгеннен кейін молынан шешілген. Алты ұл, алты қыз барлығы он екі құрсақ көтеріп, бәрі аман-есен ержетті. Балалар екі күннің бірінде үйдің астан-кестеңін шығаратын әкенің азабын көп тартты. Мас болған күні анам, жарым, балам демей бәрін қуады. Көршілерге бара беруден ұялып, талай түндер енесін жетектеген келін балаларын алып, ағаштардың арасында, далада түнеді. Отбасы осылайша ұзақ жылдар қиын да, қырсыққа толы күндерді басынан кешірді.
Орынханның жасы алпыс үшке жақындады. Соңғы күндері өзінде үлкен бір өзгеріс бар. Арақты біржола қойғанына біраз уақыт болған. Бірде үйге кірді де, үнсіз жатып қалды. Сол жатқаннан ұзақ жатты, тек далаға шыққысы келгенде болмаса. Ешкіммен тіл қатып сөйлеспеді. Жарытып тамақ та ішпейді. Алғаш мән бермеген үй іші бірнеше күннен кейін ойлана бастады. Қанша жерден жаман болса да, отағасын балалары да, әйелі де жамандыққа қимай асты-үстіне түсіп бәйек. Осының бәрі басқа біреуге жасалып жатқан қамқорлық секілді, Орынхан ешқайсысына назар аударған жоқ. Ұйықтағандай теріс қарап, бүк түсіп жата берді. Шақыртқан дәрігерге ауруым жоқ, менде нең бар деп жөнін айтпай қойды. Ақыры тура тоқсан күн өткенде басын көтеріп тілге келді.
Дастарқан басында үй тола жиналған адам. Алыс ешкім жоқ – өзінің ұлдары мен қыздары, олардан тараған немерелер мен жиендер. Көптен үйден шықпаған Орынханның арақтың уытымен бұрын үнемі қарақошқылданып жүретін реңі өзгеріп, жүзіне қан жүгіріп, бүгін ерекше нұрланып отыр. Жүзінен де, сөзінен де өмірінде болмаған ерекше бір мейірім шуағы көрінеді. Кішкентайлардың бірін қасына шақырып, бірін алдына алып, еркелетіп отыр. Ер жеткен ұл-қыздың бәрі мына жаңалыққа таңырқай қараса да, бәрінде: «Пайғамбар жасына келгенде ақылы кіріп, әкеміз ойланған шығар», деп көкейлеріне келе қалған үміттері басым еді. Тек бетіне бажайлап қараған Зейнеп, таудай болып отырған күйеуінің кескіні мен сөйлеген сөзінен марқұм атасын көргендей болды. Жүрегі шым ете қалды да, өмірден озар алдындағы енесінің соңғы сөзі есіне түсті. «Көсегең көгерсін, қарағым! Бүгінге дейін бәріне төзіп келесің. Алла екеумізді екі түрлі жолмен сынаққа салды. Маған бәрін беріп, ұлды ғана кешіктірді. Сабырым таусылды да, қате тілек тіледім. Өмірімнің соңына дейін соның азабын тартып өттім. Сені маскүнем күйеудің қорлығы мен жоқшылықтың сынағына салды. Бірақ ұлды да, қызды да берді. Сен шыда, ашынарсың аузыңнан ауыр сөздер де шығар, бірақ тілегіңе абай бол. Көрген перзенттерің аман болса, өміріңнің кемін толтырар. Менің балам енді түзелер дей алмаймын. Өзімнің де көрер жарығым таусылар шақ тақалып қалды, көп кешікпеспін. Алла саған сабыр берсін, жаным!» – деді де үнсіз қалған. Қанша тауқымет тартып жүрсе де, ту бастағы әдебінен жаңылмаған Зейнеп көзінен жас сорғалап отырып, отбасындағы үлкен тірегінен айырылды.
Орынханның мына мінезі мен келбеті, жаратылысымда мен осындай адам едім ғой деп тұрғандай. Алдыға келген ас желініп бола бергенде жөткірініп, отырғандарға айнала қарады да, сөйлеп кетті. Әр сөзінде мән бар, өзінің Құдайдан сұрап алған бала екенінің айналасында отбасының өткен тарихын біраз әңгімеледі.Әрқайсысының өз орнын тапқандарына шүкіршілік етті.Өмірдің мәні перзент екенін айтып, Құдайдың берген бағын бағалай біліңдер деп бір тоқтады. Күләш шалының жүзінен көз алмай қарап отыр. Марқұм атасына ұқсамаған бір жері болсашы. Ертелі-кеш ауылдың үлкен-кішісі айналасынан шықпайтын еді. Жүрегіндегі парасат пен мейірім шуағы екен ғой үйіріп қоятын. Қазір төрде отырған Орынхан емес, марқұм атасы секілді. Артындағыларға өсиет айту үшін ана дүниеден келгендей. Гүрілдеген жуан дауыс, жағымды бір ырғақпен әрі қарай жалғап кетті. «Құлындарым, мына өмір түсініксіз құпиялардан тұрады. Мен соның бірінің де байыбына жете алмай кетіп барам. Әкесіне тартқан дейді жұрт. Әкемде ақыл да, күш пен жігер де болды. Мен ақылым мен жігерімді араққа бердім, өзімде тек қара күш қана қалды. Сол күшімді совхоздың жұмысына бердім, қалғанын бетіме келгендердің бетін түзеуге жұмсадым. Көзімді ашып, дүниені тани бастағаннан жынды суға құмар болдым. Болмысымның бір бөлшегіне айналып кеткені сонша, көзім жұмыларда бір жүз грамм ұрттап алып аттанармын деуші едім. Бірақ орнымнан тұра алмай жатқан күндерде басымнан қандай ойлар өтпеді. Әуелі менен қиянат көргендердің өлісі бар, тірісі бар тізіліп бір өтті. Кейін әкем мен шешемнің алдындағы орындалмаған парыз жанымды қыспаққа алды. Соңынан мына өмірдің мөлдіреген тұнық бейнесі көз алдыма келгенде соншалықты лас тәнімнен безініп, өзімнен өзім жирендім. Көңілімнен кетпей қойған сол тазалыққа деген құмарлық жан дүниемді өкінішке орады. Әттең..! Қазір алдарыңда өмірге қайта келгендей күй кешіп отырмын. Жұмыр басты пенденің бәрінде болатын бір өкініш, бір үміт менде де бар. Өкінішім – өздерің. Осы отырған бәріңе менің салған азабым аз болған жоқ. Өмірден жапа шеккен жерлерің болса, мені айналып өткені кем. Үмітім де – өздерің. Бәрің ержеттіңдер, менің жолыма түскендерің жоқ. Әке-шешем марқұм ұрпақ үшін дүниеден баз кешкенде, мен туыппын. Атадан жалғыз болсам да, сендерді көріп марқайып отырмын. Менде ұрпақтың уайымы болмады. Аллаға мың да бір шүкір!..»
Сәл үнсіздіктен соң: «Мені кешіріңдер! Қандай адам еді? деп сұраған кейінгілер болса, бүгінгі күнді ғана еске аларсыңдар. Өйткені, шын бейнем осындай болса керек еді. Ал өң мен түстің арасындағы ұзақ жылдар туралы ештеңе айта алмайтын», – деді үлкен өкінішпен. Сол күні ол демалайын деп жатты да, сол жатқаннан қайтып тұрмады.
Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
оқытушы.
АСТАНА