Сарыағаштықтар солтүстік өңірлермен танысуға бет алды
Оңтүстік – адам ресурсына бай. Бұл бір жағынан мақтаныш болғанымен, екінші жағынан экономикалық қиындық туғызатындығын жасыруға болмайды.
Республика бойынша ауыл шаруашылығынан тамаша жетістікке жетіп, тек жылыжай саласындағы үлесі 87 пайыз межеге жеткен Оңтүстік Қазақстан облысында ірі агрошаруашылықтар саусақпен санарлықтай. Жер қорының аздығынан бір-екі гектар жері бар шаруалар қанша епті болғанымен, қысқа жібі күрмеуге келмей, Үкіметтен берілетін көмектерді ала алмай, күйініп жүреді.
Есесіне Қазақстанның солтүстік облыстарында халық саны аз, жер қоры көп. Елбасы оңтүстікке келген сапарының бірінде келелі кеңесте жұмыс таппай жүрген оңтүстікқазақстандықтардың солтүстікке қоныс аударып, жағдайларын түзеуге ақыл қосқан. Сырт дейтіндей емес, екі жақ та – қазақ жері. Ел ағалары мақұл көрген.
Жақында Сарыағаш ауданына облыстық мәслихаттың хатшысы Хамит Айтөреев арнайы іссапармен барып, жұртшылыққа «Серпін» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан жұмыстар жайында кеңес өткізді.
Ел іші – алтын бесік. «Елде болса, ерінге тиеді» дейтін, мемлекеттің келешегіне бір азаматы ретінде үлес қосып жүрген ақберендер көп. Соның бірі – белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағабеков: «Солтүстікке қоныс аударатын жерлестерімнің көші-қон шығынын, техникасын өзім көтеремін. Солтүстік Қазақстан да өз жеріміз. Табиғаты қатал деп қорықпаңыздар», – деген.
Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Парманов – көбік сөз, құрғақ уәденің емес, нағыз істің адамы. «Солтүстік аймақта табиғат қатқылдау болғанымен, жерінің құнарлылығы өте жоғары. Біз бірге барамыз. Ол жақтың тұрмыс жағдайымен танысамыз. Аудан әкімдерімен сөйлесіп, қандай жерлерді беретіндерін байқаймыз. Көшіріп тастап, іс сонымен бітпейді. Біз әрдайым байланыста боламыз», – деді ол.
Осылайша, жұмыс тобы құрылған. Ел ағаларының уәжіне тоқтаған, тұрмыс жағдайын түзеуге бекінген керуен, 40 адамнан тұратын топ солтүстікке аттанды. Бұл алғашқы сапар емес. Бұрынырақ барғандар бүгінде бақуатты отбасыларға айналғанын осындағы ағайындар біледі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»