О дүниелік болайын деп жатқан анадан төрт айлық мені өзіне аманат етіп алып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген сүт анам туралы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді мақалам жарияланған еді. Ал әкем Әуке қандай адам болды? Шынын айтсам, оң мен солымды танып ер жеткенше осы сауалға тұщымды жауап таба алмай, ол маған бір жұмбақ жан болып келді. Олай дейтінім, бала кезімде асыққа таласып бір құралпасыммен шекісіп қалғанымда оның: «Сенің әкең ұры, кәззап болған, сен де сондайсың», – деп сөккені бар. Осы сөкет сөздерге намыстанып үйге қатты ренжіп келгенімде анамның:
– Күнде ішкені арақ, жиғаны – жүн-жұрқа, сүйек-саяқ, сөйтіп жүріп таразыдан жейтін оның әкесі ұры емес пе екен?! Жұрттың бәрі әуелі сенің әкеңдей болып алсын, – деп сонда мені жұбатқаны бар.
Сол жағымсыз сөздердің түп төркінін әкемнің өзінен білуге бата алмай анамнан сұрағанымда ол:
– Сен қазір ненің байыбына жетіп жатырсың, одан да сабағыңды оқып адам болуға тырыс, – деп мені тыйып тастаған еді.
Әділін айтсам, әкемнің жамандыққа қиятындай ешбір теріс қылығын көрмеген едім. Сол кезде ол туралы бар білетінім – оның 1906 жылы туғандығы, кезінде саф алтынымен бүкіл Одаққа аты дүркіреп шығып тұрған Степняк кенішінде шахтада үңгірлеуші болып жұмыс істеп, соғыс басталғанда осы жерден майданға аттанғаны. Өзінің ағайыны әрі бөлесі Есім Қабылбаев екеуі бір күнде әскерге шақырылыпты. Олар алдымен екі айдай Омбы қаласында әскери даярлықтан өткен. Қарашаның басында барлығын сапқа тұрғызып қойып арасынан денелі, қайратты деген алпысшақты жігітті таңдап алып, ішінде әкем мен Есім де бар, сол күні Мәскеу жаққа аттандырып жіберген екен.
– Бала кезімізде «Тескен таудан да әрі астық қой» деген сөздерді естіп таңданып отырушы едік, – деп әңгімелейтін әкем, – сөйтсек, ол Орал тауын үңгірлеп тесіп салған ұзындығы бір шақырымнан асатын теміржол туннелі екен. Содан өтіп екі күн дегенде Мәскеуге жеттік. Бізді пойыздан түскен соң жүк машинасына мінгізіп астананың оңтүстік-шығысындағы бір шағын қалаға алып келіп, бос тұрған мектепке орналастырды да, сапқа тұрғызып түгендеген капитан шеніндегі орыс өзін:
– Егор Сахновпын, – деп таныстырды. – Бүгіннен бастап сендер, Омбы қаласында жасақталған арнайы саперлер тобы, тек маған бағынып, айтқанымды бұлжытпай орындайтын боласыңдар. Сендердің міндеттерің – бомбалаудың салдарынан істен шыққан теміржол тораптарын, сондай-ақ тас жолдарды да тез жөндеп, көліктердің Мәскеуге үзіліссіз әрі-бері қатынауын қамтамасыз ету.
Алдында ғана жау самолеттері қала арқылы өтетін теміржолды бомбалап кетіпті. Бірден соны жөндеуге кірістік. Ауыр-ауыр шпалдарды, сом болат рельстерді көтеріп, жерге төсеп жайғастыруға көп күш керек екен. Неге бірыңғай қарулы жігіттерді таңдап алғанын сонда ғана аңғардық. Ширақ қимылдап теміржолды қалпына келтіргеніміз сол еді, тұтқиылдан қанаттарында кресттері бар самолеттер шыға келіп бомбалады-ай келіп. Азан-қазан, гүрс-гүрс жарылыс. Мен, Есім және 3-4 жігіт бар, жан дәрмен тақау тұрған жүк вагонына тығылдық. Іші толған киім екен, соның арасында бас сауғаладық. Жау самолеттері кеткен соң тысқа шықсақ, маңайдың бәрі астан-кестен, жаңа ғана төсеген рельстеріміз әр жерде шашылып жатыр. Тағы да бел бүкпей тез-тез қимылдап, 2-3 сағатта жолды қалпына келтірдік. Жауынгерлерді түгендегенде он жігіттің қаза тапқаны анықталды.
Әкемнің айтуына қарағанда, сол 41-ші жылдың қара күзі мен қысында, немістер қайтсем де Мәскеуді аламын деп ентелеген кезде, теміржолдарды күні-түні бомбалаумен, алысқа ататын зеңбіректерден оқ жаудырумен болған. Соған қарамастан саперлер тобы жанкештілікпен қимылдап, жауған оқ астында жүріп, жолдарды тез қалпына келтіріп отырған.
Фашистер Мәскеу түбінде жеңіліс тауып кері шегінгенде саперлік топ Ресейдің Вязьма, Орша, Белоруссияның Могилев, Гомель, Солигорск, Жобинка сияқты қалаларының арасындағы әбден істен шыққан қатынас жолдарын жөнге келтірген. Сол кездерде де талай рет бомбалаудың астында қалып әкемнің біраз жолдастары қаза тауыпты. Саперлер үшін ең ажалды сәт біздің әскерлердің Березина өзенінен өтер кезінде болса керек.
– 1944 жылдың жазында Минск бағытындағы жолды жөндеп жатқанбыз, – деп еске алатын әкем, – Кенет басшымыз Сахнов келіп бәрімізді сапқа тұрғызып, шұғыл жиналып бір жерге аттану керектігін айтты. Сол арада тізіліп келе қалған машиналарға мініп жөнеп бердік. Діттеген жерімізге түс ауа жеттік. Басшымыз бізді жағалауы тоғайлы, ені 80-100 құлаштай бір өзеннің жанына алып келді:
– Мынау Березина деген өзен, ал анау Борисов қаласы, – деді ол оң жағындағы 4-5 шақырым жерде көрініп тұрған елді мекенді нұсқап. – Немістер онда мықтап бекініп алған, көпірді де жарып тастаған. Біздің міндетіміз – тез арада осы өзеннен танк, зеңбіректер өтетін көпір салып, біздің әскерлерге жауды ту сыртынан соққы беретіндей етіп жағдай жасау.
Сол сәтте-ақ кірісіп кеттік. Жуан-жуан ағаштарды жығып, өзенге әкеліп тоғытып, оларды бір-біріне сыммен байлап-матап, астына тіреу қойып көпір сала бастауымыз мұң екен, бізді байқап қалған жау зеңбіректен оқ жаудырсын кеп. Біздің жақтан да оларға қарсы оқ атып жатыр. Соған қарамастан жұмысымызды істей бердік. Жолдастарыммен бір жуан қарағайды жығып, бұтағын аршып өзенге әкеле жатқанымызда бізге тақау тұсқа ысқырып келіп бір снаряд жарылды. Оң жақ бүйіріме қызған темірді сұғып алғандай болды. Одан әрі не болғанымды білмеймін, есімді палаткада жидым. Жан-жағым ыңырсыған жаралылар. Біреулері су сұрайды, енді біреулері «сестра, сестра» деп айқайлайды. Менің де тамағым құрғап, бауыр тұсым қатты ауырып шыдатар емес. «Әйтеуір, тірі екенмін, соған да шүкіршілік», – деп іштей тәубе айтып, тістеніп алып шыдап жаттым. Біраздан кейін кезегім келіп, дәрігерлер ішімдегі жарықшақты алып, жарамды тазалап, тікті.
Әкемнің жарасы тез біте қоймай госпитальда үш ай жатқаннан кейін ғана тәуір болып қатарға қосылған. Сол жолы Борисов қаласы үшін ұрыс қатты жүріп, қаза тапқандар да, жараланғандар да көп болған. Қойылған міндетті тез әрі сапалы атқарғаны үшін саперлік топтың барлық жауынгерлері, ішінде әкем де бар, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталыпты.
Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде алған барлық марапаттарының ішінен әкем Сталиннің Алғыс хатын ерекше бағалайтын. Оны маған қайта-қайта оқытып:
– Көп боздақтар қыршын кетті-ау, енді мұндай алапат бола көрмесін, – деп күрсініп, кейде жүзін мұң басып, оң жақ бүйірін басып жатып қалатын.
Біз, балалары, әкеміздің соғыстан алған жан жарасы мен тән жарасын түсінетінбіз. Мұндайда оның басына жастық салып, үстіне көрпе жауып, өзін жалғыз қалдырып бөлмеден шығып кететінбіз.
Әкем соғыстан келе сала ағаш дайындаушылар бригадасын басқару сияқты ауыр жұмысқа жегіледі. Жазда гулеген маса, сонаға таланып, қыста аязға тоңып, боранға тұншығып, көбіне үйге келе алмай орманда қонып қалып жүрген. Соның бәрі бізді, үш ұл мен бір қызды өсіріп жеткізудің қамы болған ғой. Майданда алған сол жарақаты толық жазыла қоймай, ауырғанын бізге білдіртпей жүріп, 65-ке қараған шағында көз жұмды.
Желтоқсанның қақаған аязында көзімнен жасым сорғалап әке қабіріне топырақ салып тұрып: «Әке, сен ғажап жансың, өз заманыңның барлық бейнетін көріп, соған төзіп, бізге, балаларыңа, әулет туын тапсырып кеттің. Сенің өмірің маған үлгі, оның барлық беймәлім тұстарын біліп, жазып, кейінгі ұрпаққа жеткіземін», – деп іштей серт беріп едім сонда өзіме.
Әке қазасы бізге, оның артында қалған бала-шағасына, оңай соқпады. Онымен бар әлем бірге көшіп кетіп, бүкіл дүние бос қалғандай дел-сал күйде жүрдік. Осындай қиын сәтте біздің қайғымызды бөліскен көрші-көлем, ағайын-туыстар аз болған жоқ. Солардың ішінде әкемнің немере туысы болып келетін Құрманғалидың пейілі ерекше еді. Бұл кісі де Сталинград шайқасына қатысып, елге жараланып оралған. Ол жұма күндері шаңырағымызға келіп құран оқып, бізге жұбату айтып отыратын. Тағы бір келгенінде әкем туралы мен білмейтін жайларды айтып сауал қойғанымда, ол қолындағы тасбиғын тартып, біраз уақыт үндемей отырды да:
– Қарағым, тысқа шығып біздің үйге таман баралық, сол жерде асықпай әңгімелесейікші, – деп батасын жасап дастарқан басынан тұрды.
Құрманғалидың үйі біздің жайдан жоғары қыраттың басында. Екеуіміз соның алдына орнатылған сәкіге келіп жайғастық. Осы жерден күншығыс жаққа көз салсаң ен далада көсіліп жатқан Намазғұл жотасы, оңтүстік бетте етегін қайыңды шоқ көмкерген Шоқы төбесі, батыста қарағайлы орман басқан Мақпал тауы мұнартып көз тартады. Күн көкжиекке еңкейген кешкі тымық шақтарда әкемнің осы жерде Құрекең екеуі отыратынын жиі көретінмін. Сөйтсем, дала көркіне көз сала отырып әңгімелесуге нағыз ыңғайлы орын екен ғой.
– Әукенің қайтқанына да, міне, жарты жылдай уақыт болыпты. Тумаса да туған інімдей еді, мүлде жалғызсырап қалдым, – деп бастады әңгімесін Құрманғали.
Әкем кезінде бұл туралы әңгімелеп отыратын, бірақ Құрманғали тағы қандай тың деректер айтар екен деген ниетпен үнсіз ғана басымды изедім.
– Артықтық етпес, мен де саған өз білгенімді айтып берейін, – деді ол алда көсіліп жатқан дала көркіне көз сала отырып. – Біз бір атаның баласымыз. Арғы атамыз – Есей. Оның алты ұлы болған. Әуке, шын аты Әбутәліп, солардың ең үлкені Бекқараның шөбересі де, мен екінші ұлы Шоңғараның немересімін. Әукеден 9-10 жастай үлкенмін. Оның ағасы Қабдолла менімен түйдей құрдас әрі сырлас дос еді. Ол жамбасы жерге тимеген палуан, саятшы, атбегі болды. Сол кезде адамды әйгілейтін оның ерен күші, ақындығы, әншілігі, күйшілігі, жүйрік аты, құмай тазысы, қыран бүркіті еді ғой. Асып кеткен ақын, әнші демесе де, Қабдоллада осы игіліктердің бәрі болды. Әсіресе, оның Бәйгекөк деген аты 30-40 шақырымға алқынбай шауып, бәйгенің алдын бермей жүрді.
Біздің аталарымыз Бурабай тауының теріскей жағын жайлады, қыстауы Үлкен Шабақты мен Кіші Шабақты көлдерінің арасында. Былайғы жұрт бізді қысқа ғана Қарақыстақ атығайы деп атайтын, ал жаз жайлауымыз қазіргі Фрунзе совхозының аумағы (Тәуелсіздік алғаннан кейін Абылайхан ауылы деп өзгертілді) болды. Со кездегі әулетіміздің тұрмысы нашар еді деп айта алмаймын. Дүрілдеген байлардың қатарынан табылмасақ та, әр шаңырақта жүзге тарта жылқы, он-он бес сиыр, екі жүздей қой, төрт-бес түйе болды.
Әулетіміздің бірқалыпты тұрмысы патшаның 1916 жылы қазақтан солдат аламын деген кезінде бір шайқалса, кейін ол қызылдар мен ақтардың соғысына ұласып, жалғыз біз емес, бүкіл елден береке қашты. Ол аздай, 18-19-шы жылдардың қысында елді оба жайлады. Екі күннің бірінде кісі өлімі. Қабдолла, мен және ауылдың басқа да бас көтерер жас жігіттері, қайтқандарды жерлейміз деп күні-түні қабір қазамыз. Сөйтіп жүргенде Қабдолла қалпақтай түсіп, қатты ауырып, үш-ақ күн жатып қайтыс болды. Мен де ауырдым. Шешемнің қарамай дәмі бар бір сұйықты ауызыма құйып қыстап ішкізгені есімде, әйтеуір, содан жарты ай дегенде басымды көтердім-ау.
Арқа сүйер тұңғышы Қабдолланың қазасы сенің Шәйкен атаңа қатты батты. Ол аздай, көп ұзамай жайнап өсіп келе жатқан кенже ұлы Мүтәллап та қайтып кетті. Сол екі өлімді көтере алмай ауыр қайғы жеңіп, атаң да о дүниелік болды. Әжептәуір жай-күйі, ағайын арасында беделі бар шаңырақта үш-ақ жан қалды. Әукенің шешесі Қазине, төркін жұрты ақсары керей, қажырлы, қайратты жан еді. Сол кісі тез есін жиып ұлы мен қызына бас-көз бола білді. Қызы Үріпжан менімен қатарлас Шәкидің Әшкені деген жігітке ұзатылғаннан кейін үйдің бар тірлігі енді Әукенің мойнында қалды. Жас болса да ол ерте есейді. Әрине, біз туыстық жасап көмектесіп жүрдік, бірақ ол қыстауды жөндеу, қысқа отын-шөп дайындау, малға қарау сияқты жұмыстарды үлкендермен бірдей атқарып, бәрін өзі істеуге тырысты. Ағасының атбегілік өнерін тоқып жүрген болуы керек, Қабдолланың Бәйгекөгін өзіне тез үйретіп алды. Әукенің басына келетін қырсықтың бәрі кейін осы Бәйгекөкке байланысты туындайтынын сол кезде білмеппіз.
20-шы жылдан кейін барлық жерде бірыңғай кеңес өкіметі орнап, заман тынышталып, тұрмысымыз қалпына түсіп келе жатқан сияқты еді, бір уақта колхоздастыру науқаны басталды. Осыған дейін үкімет біресе жан басына, біресе мал басына салық салып, қолдағы түліктің қарасы азайып та қалған-тын. Енді ол өз уәкілдерін ауылдарға жіберіп, қалған малды ортақ шаруашылықтар ұйымдастыра бастады. Шынын айту керек, біздің Есей әулеті мұны құп көрген жоқ. Өйткені, өзінің жайылымдық жері, малы бар, тиісті салығын уақтылы төлеп, ешкімге тәуелсіз өз күнін өзі көріп жатқан болатын. Енді сол жерден де, малдан да айырып, сенікі де емес, менікі де емес, бәрін ортақ қылуға кірісті. Сондай тәркілеу тобы біздің ауылға да келді. Олар әр шаңыраққа тоқтап ортаққа алынатын мал басын тізіп, Әукелердің үйіне жақын келгенде, белсенділердің жанында жүрген бір пысықай белдеуде байлаулы тұрған Бәйгекөкті нұсқап, топ басшысының құлағына бірдеңелерді сыбырлап айтып жатты. Ол бірден Қазине шешемізге:
– Мына ат енді үкіметтікі, ол бізге керек болады. Жаз оны тізімге, – деді жанындағы хатшысына бұйрық беріп.
Оған Қазине шешеміз:
– Басқа малды ала бер, ол ат кешегі Қабдолламның көзі, оны біреуге бермек түгілі, жалынан да сипатпаймын, – деп жауап береді еш қаймықпастан.
Осы сөздерді естіп тұрған Әуке жүгіріп барып Бәйгекөкті тез шешіп алып, қарғып мінді де, жөнеп берді. Топтың салт атты екі-үшеуі оны соңынан қуып кетті. Бурабай өңірін бес саусағындай білетін Әукені ұстау, ауызымен құс тістейтін Бәйгекөкке жету қайда, қуғыншылар біраздан соң аттарын босқа терлетіп қайтып келді.
Осыны көрген топ басшысы:
– Балаң Кеңес үкіметіне қарсы элемент екен. Қара да тұр, оны ұстатып түрмеде шірітпесем бе?! – деді Қазине шешейге қамшысын білеп.
Әуке сол кеткеннен үйге жоламай нағашыларын сағалап жүрді. Бұл кезде елді күштеп колхоздастыру әбден белең алды. Бұған көнбегендердің малын тартып алып, өздерін жер аударып жатты. Осыдан қорғанған біздің отбасы бар малдан төрт-бес жылқыны, үш-төрт сиырды жетекке алып, ол-пұл заттарымызды арбаға тиеп бір түнде көшіп кетіп, Омбы облысы, Шарбақкөл ауданының Москаленко деген жерінде тұратын аталастарымызға барып паналадық.
Біз қоныс аударғаннан кейін елде екі жыл қатарынан егін шықпай ашаршылық болып, халық қатты қиналған, көп адам аштан өлген. Елге сол нәубет тыйылды, тұрмыс түзеліп келе жатыр деген кезде ғана оралдық. Ұзынқұлақтан жеткені болмаса, Әуке туралы нақты ешетеңе білмейтінмін, келісімен бәрін Қазине шешейдің өз аузынан естиін деп сол үйге бардым. Мені көрісімен ол дауыс қылып жылап қоя берді. Содан-ақ Әукенің хал-жайы бапты емес екенін бірден аңғардым.
Қазине шешей біз көшіп кеткеннен кейінгі бастарынан өткен бар жағдайды айтып берді. Бәйгекөкті өз еркімен бермегенге ерегіскен озбыр уәкіл Әукені күні-түні аңдытып соңына түскен. Ол қуғыншылардан жасырынып, қалың орман ішінде өзіне үйшік жасап алып, Бәйгекөкті шідерлеп жанында ұстап, сонда паналаған. Сөйтіп жүргенде, жылқы деген үйірсек мал емес пе, босанып кетіп өзінің үйреншікті жайылымына келген. Сол уақытта шаруаға ықыбы жоқ өңшең белсенділер «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебімен тәркіленген малды, әсіресе, жылқыны, дұрыстап жайып бақпай, күні-түні қоршауда ұстап шетінеткен. Қамауда тұрған өз үйірін таныған Бәйгекөк соның тұсына келіп кісінеген кезде жылқылар қоршауды бұзып шығып оның соңынан еріп кете барған.
Бәйгекөктің қайда жүретінін жақсы білетін Әуке түнде келіп оны ұстап мініп, айғырының соңынан қалмаған үйірін ертіп қалың орманға кіріп кеткен. Ол сол ілесіп келген жылқылардың күйлісін ұстап сойып, етін мүшелеп бөліп, ашығып отырған ауылдастарына түнде жасырынып келіп, таратып кетіп отырған. Сол етті талғажау етіп, үнемдеп жеп, көп отбасы аштықтан аман қалған. Бірақ тағы да сол уәкіл Әукені енді Кеңес үкіметі үшін аса қауіпті қылмыскер деп көрсетіп, үстінен іс қозғатып, оның соңынан шам алып түскен. Аңдыған жау алмай қоймайды ғой. Елдегі тыңшылардың айтуымен қуғыншылар, ішінде әлгі уәкіл бар, Әукенің дәл үстінен түскен. Уәкіл бірден байлаулы тұрған Бәйгекөктің шылбырынан ұстағанда ол бөтен адамды тістеп, тарпып, теуіп бой бермеген. Осыдан кейін уәкіл:
– Олай болса, саған да жоқ, маған да жоқ, – деп алтыатарымен Бәйгекөкті бастан атып өлтірген.
Осыны көрген Әуке:
– Жазықсыз жануарда нең бар, оңбаған, жауыз?! Одан да мені атсаңшы?! – деп жабылып ұстап тұрған милиционерлерді лақтырып тастап уәкілге ұмтылған. Сол жерде оны мылтықтың дүмімен желкеден ұрып, есінен тандырып, қолын байлап, Шучинскінің милициясына апарып қамап, бір күннен кейін қатерлі қылмыскер ретінде Ақмоланың түрмесіне жөнелткен. Оның сонда қамауда жатқанына жылға жақын уақыт болып қалыпты. Тергеушілер содан бері бүкіл жоғалған, өлген-жіткен малды Әукенің мойнына жазып, соны дәлеледейміз деп куәлар жинап, олардан жауап алып жүрген көрінеді.
Осы жағдайларды айтып Қазине шешей көз жасы көл болып жылады.
– Бұған шыдап отыра бергенмен болмас, – дедім ол кісінің қатты қиналғанын көріп.
– Кеше келіп кеткен күйеу балам Әшкен де солай дейді. Ол бір амал істеп жүр ғой деймін, барып мән-жайды біліп, оған қолғабыс етсең жақсы болар еді, – деді менімен сыртқа ілесе шыққан шешей.
Әшкен Бурабайдың оңтүстік шығыс бетінде 15-20 шақырымдай жерде тұратын. Сол күні-ақ оған барып істің анық-қанығын сұрап білдім. Ол осының алдында ғана Ақмолада болып тиісті лауазымды адамдармен жолығыпты. Оларға колхоздастыруды жүргізген уәкілдің, оның жанына ерген топтың озбырлығын, жұрттың бәрін қорқытып, үркітіп Кеңес үкіметінен бездіргенін, өз өкілеттілігін жеке мақсатына пайдаланып, қарапайым ауыл тұрғындарын қудалағанын, Әукенің ешқандай да ұры еместігін, оның тек аштықтан тарыққан адамдарға көмектескенін жеткізіп, куәларға қол қойғызып шағым жазып, оны облыс басшыларының қолына тапсырып келіпті. Енді сол арыздың нәтижесін білуге тағы да Ақмолаға жүрмекші болып отыр екен. Жездең Әшкен өзі де, сөзі де өтімді, алғыр адам еді ғой. Ай жарым уақыт жүріп, ақыры, Әукені түрмеден босатып елге алып келді.
Есей әулетінің колхоздастыруды қолдамағаны, соған қарсылық ретінде шет жаққа көшіп кеткені бар, елде бізді ешкім құшағын жайып қарсы ала қойған жоқ. Содан күнкөрістің қамымен ата жұртымызды тастап, біразымыз Щучинскідегі қиыршық тас шығаратын комбинатқа, қалғанымыз – 6 шаңырақ осы алтынды Степняк кенішіне келіп орын тептік. Әуке әуелде сол комбинатта жұмыс істеп жүрген. Сенің туған анаң Дәрішке үйленгеннен кейін ол да осы біз тұрған жерге келіп шахтаға түсті. Міне, осы жерде тұрып жатқанымызға да 40 жылдай болып қалды.
Әкем туралы әңгімесін аяқтап Құрманғали ойлы қалпы үнсіз біраз отырды да:
– Қарағым, әкең өмірінің саған беймәлім тұстары осы. Әуке ешқашан ұрлықты, оңай пайда табуды кәсіп еткен жоқ. Ол өз шаңырағының намысын, берекесін қорғады, қара басын емес, жұрттың да қамын ойлады. Ешқашан жалған сөйлеп жұртты алдаған емес. Адал жүріп, ақ тұрды, өмірдің бар сынына төзіп дүниеден өтті. Сен де сондай болуға тырыс, оны ешқашан ұмытпа. Біз аштықты да, жазықсыздан жазықсыз ұсталып атылып кетуді де, қырғын соғысты да көрдік. Қазақтың өз тізгіні өзінде болғанда мұндайға, мүмкін, ұшырамас па едік, бірақ жазмыштан озмыш жоқ қой. Біздің көргенімізді енді сендердің бастарыңа бермесін, қарағым. Өткенге – салауат, тіріге – береке, – деп қолын жайып батасын жасап, орнынан тұрып үйіне кіріп кетті.
Мен атайдың сөздеріне қатты толқып, оларды ой елегінен өткізіп біраз отырып қалдым.
Содан бері, міне, аттай 46 жыл өте шығыпты. «Елу жылда – ел жаңа», – дейді халқымыз. Еліміздің тәуелсіз даму жолына түскеніне де 25 жыл толайын деп отыр. Тарих үшін бұл қас қағым ғана уақыт, бірақ еліміз осы қысқа мерзім ішінде Президентіміздің біліктілігінің, сындарлы саясатының, көрегендігінің, парасаттылықпен басқаруының арқасында ғасырға пара пар жолдан өтіп, күн санап көркейіп, экономикасы мығым 50 мемлекеттің қатарына қосылып, жедел дамып келеді. Ата-бабаларымыз арман еткен егемендік, сол үшін күресіп өткен Қазақ елі, мәңгі жаса, Көк байрағым, мәңгі желбіре!
Орынбай ШӘЙКЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АСТАНА