25 Мамыр, 2016

«Шабыт-Мерей» шаттыққа бөледі

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
AW0Y0346Таяуда Қазақ ұлттық өнер университеті Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар арасындағы дарынды жасөспірімдер шығармашылығының «ШАБЫТ-МЕРЕЙ»  І республикалық байқауын өткізді. Байқауға қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай (І – 7-9 жас; ІІ – 10-13 жас; ІІІ – 14-16 жас) үш топқа іріктеліп, өнер көр­сетті. Байқау Жамбыл атындағы кон­церттік залда эстрадалық ән салу жанры бойынша өткізілді. Атал­ған өнер байқауының аясы кең. Бай­қауға еліміздің түкпір-түк­пірі­нен жиналған 25 үміткер өзара бақ сынасты. Онда, әсіресе, ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына орай, отан­шылдық, туған жер, бейбіт­шілік және келісім, халықтар дос­тығы, ізгілік пен мейірім тақы­рып­тарына ерекше басымдық берілген екен. Байқау жеңімпаздарына Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева және эстрада жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Майра Ілиясова, Алтынай Жорабаева, Азамат Жылтыркөзов, сондай-ақ, Маржан Арапбаева, Арайлым Рақымқызы, Тельман Нүркенов, Димаш Құдайбергенов секілді белгілі өнер иелері өз аттарынан жүлделер тапсырды. Бас жүлдені мүмкіндігі шек­­­теулі балалар арасынан оқ бойы озық шыққан астаналық Хан Валерия иеленді. І орын Аллаберген Әбеуов, Алина Қасенова мен Данил Платицинге бұйырды. Ал жетім балалар санатындағы Бас жүлдені павлодарлық дарын­ды жасөспірім Карина Мамырова, І орынды «Нұр Астана» вокалдық тобы мен «Айгөлек» квинтеті жеңіп алды. Сонымен қоса, 2, 3, 4-орын иегер­лері анықталып, арнайы жүлделермен марапатталды. Байқауға қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Игілікті іс-шарада балалар шаттыққа бөленіп, мерейлері тасыды. Көңілдері көтеріліп, мәз болысты. Алдағы уақытта да осындай сауабы мол шаралар жиірек өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА