Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Айтқыштар Ақтөбеде» VII республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі өтті. Фестивальға әзіл-сықақ жанрын насихаттап жүрген 14 театр мен 3 жеке орындаушы қатысты. Фестивальді ұйымдастыруға облыс әкімінің, сонымен қатар, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры мұрындық болды.
Өнер додасының алдында «Екі езу» сатира театрының арнайы ұйымдастырған көлеңкелі қойылымы және өнер магистрі Елтай Кемалдың режиссерлығымен кешегі қазақы қалжыңның көсегесін көгерткен «Тамашаның» тарландарын еске алу мақсатында театрландырылған хореографиялық көрініс ұсынылды.
Фестивальға халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Ара» газетінің бас редакторы Көпен Әмірбек, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қанат Айтбаев, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры, «Екі езу» театрының негізін қалаушы Нұрлыбек Жұбатқан, сатирик жазушы Төрежан Мәндібай, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Мағзұм Бақытжанов, сатирик Мұхтар Шерім, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Ардақ Қонақбаева қазылық етті.
Бас жүлдені «Менің күйеуім қызғаншақ» комедиясын қойған Атырау қаласының «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры мен «Дәрігерлер әлемі» және «Психолог» интермедияларын қазылар талқысына ұсынған Алматы қаласының «Керемет» әзіл-сықақ театры қанжығаларына байлап, әрқайсысы 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Екі бірінші орынды Тараз қаласының «Талас таланттары» әзіл-сықақ және Оңтүстік Қазақстан әзіл-сықақ және сатира театрлары иеленіп, әрқайсысы 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Фестивальға қатысқан әзіл-сықақ театрларының қай-қайсы да сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Бұл көрерменнің есінде қазақы қалжың мен әдемі әзілдің ажарын ашқан шара ретінде сақталары сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы