Ол туралы Көкжелек ауылындағы еңбек ардагері Мұқан Сартов ақсақал айтып берді.
– Өзім өнерді жақсы көрген соң өнер адамдары туралы айтылған әңгіме, жазылған мақалаларға құлақ түріп жүремін. «Егемен Қазақстан» газетінде Амангелді Сембин туралы жазылған мақала ойыма осыдан 54 жыл бұрын болған бір оқиғаны оралтып отыр.
Біздің Амангелді атындағы совхоз мал шаруашылығымен айналысты. Малға қажетті азық ретінде 2 мың гектарға дейін жүгері өсіріп жүрдік. 1962 жылы қыркүйек айында Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен бір топ студенттер жүгері жинау науқанына көмекке келді. Олардың арасында әнші Амангелді Сембин де бар еді. Ауылда фельдшер болып жұмыс істейтін маған совхоз басшылары студенттердің денсаулығын күнделікті бақылап тұруды тапсырды. Күнде олар жұмыстан келгеннен соң жатақханаға барып, жағдайларын біліп тұрдым. Ауыл жастары студенттермен тез тіл табысып, клубта би кешін өткізе бастадық. Мен бұл кезде совхоз көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болатынмын. Ауыл жастарының басын қосып, күнде кешкісін концертке дайындық жасап жүрдік. Студент жастарды да тарттық. Сонда байқағаным, Амангелдінің өнерге деген құштарлығы, әнді әсем орындайтыны маған ерекше әсер етті. Бір күні Амангелдіге ауыл жастары мен студенттер бірігіп концерт қою туралы ұсыныс айттым. Ол оған қуана келісті. Бір апта дайындалып, ауылға үлкен концерт қойдық. Ауыл тұрғындары Амангелді Сембиннің ән орындау шеберлігіне, дауыс диапазонына риза болып, таңдай қағысты. Өнерден хабары барлар «Мына бала түбі бір жерден шығады» деген ойларын да жасырмады. Совхоз басшылары концертімізді көріп, ризашылықтарын білдірді. Келесі аптада совхоздың №2 бөлімшесіне (қазіргі Күшаман ауылы) барып, концерт қойдық. Мұнда да өнерпаздарға алғыстар айтылып жатса, солардың ішінде Амангелдінің шоқтығы биік болғанын мойындауымыз керек.
Студенттерді совхозға бастап келген сазгер Күнсайын Қуатбаев еді. Концерттерде оның да бірнеше әндері орындалды. Студенттер ауылдағы мәдени іс-шараларға үзбей қатысумен бірге, совхоздағы жүгері жинау, тазалау жұмыстарын да абыройлы атқарып жүрді.
Амангелді кенеттен жұмыста жүріп аяғын жарақаттап алыпты, оны ешкімге айтпаған. Бір күні Амангелді ауырып қалды дегенді естіп барсам, аяғы күп болып ісіп кеткен. Байқауымша, ауылда емдеуге болмайтын тәрізді. Дереу өзімнің жеңіл-желпі көмегімді көрсеттім. Алдымен өзіне, содан соң совхоз басшыларына айтып, оның Жамбылда емделуі керектігін жеткіздім. Ал оны қалаға жалғыз жіберуге тағы болмайды. Сосын басшыларға айтып, ауылдық клубтың меңгерушісі Шотынбай Айдарқұловты қасына қосып жібердім. Оған Амангелдінің аяғы тәуір болғанша қасында болуды табыстадым. Себебі, біз Амангелдімен жақын араласып кеткен едік.
Екі-үш аптадан кейін Шотынбай ауылға келіп маған бар жайды мәлім етті. Жамбылда дәрігерлер Амангелдінің аяғына ота жасапты. Аяғы тәуір болған соң екеуі суретке түсіп, кейін Амангелді сол суреттің сыртына: «Ескерткіш Мұқанға Амангелді мен Шотынбайдан. 21/ХІ-1962 ж. Жамбыл қаласы», деп жазып, ескерткіш ретінде маған хатпен жіберген еді. (Суретте Амангелді сол жақта).
Жарты ғасырдан астам уақыт сақталып, сарғайған суреттің сыры осындай. Бұл суреттегі күміс көмей тенор әнші Амангелді Сембин де, ауылдағы клубтың меңгерушісі болған өнерлі жан Шотынбай Айдарқұлов та бүгінде өмірден өтіп кетті. Екі досымның да жатқан жерлері жайлы болсын демекпін.
Мен Амангелдімен бір айға жуық бірге болғанымда оның адамгершілік қасиетінің жоғары екенін байқадым. Сол кезде ол бар болғаны 17 жаста екен. Соған қарамастан, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, тәрбиелі ортадан тәлім алған әдепті жан екені көрініп тұрды. Ал өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Өзінің көсілте шырқайтын әсем дауысымен қоса, оның бойынан ұйымдастырушылық қабілетті де байқағаным бар. Газет, журнал, кітапты көп оқып, өз білімін көтеріп отыруды әдетке айналдырған.
Амангелді туралы белгілі қаламгерлер Бейбіт Қойшыбаев, Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшімжанның газеттерге жазғандарын оқып, әсем әндерін радио, теледидардан тыңдап жүрдім. Әсіресе, 1973-1981 жылдар аралығында оның «Біржан-Сара» операсында Біржан, «Қыз Жібек» операсында Төлеген, «Абай» операсында Айдар, «Айсұлу» операсында Әубәкір, ал әлемдік репертуардан «Евгении Онегин» операсынан Ленский, «Князь Игорь» операсынан Владимир Игорович, «Фауст» операсынан Фауст, «Богема» операсынан Рудольф, тағы басқа опералардағы партияларды жақсы орындағанын да білемін. Қайталанбас бояуға қанық әсем дауысы мен биік орындаушылық шеберлігі оны опера сүйер қауымның, барша жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Амангелдінің «Ақбақай», «Балқурай», «Айнамкөз», «Қорған», «Шәпибаяу», тағы басқа қазақтың халық әндерін төгілте, шабытпен, нақышына келтіре шырқағанын естігенім бар. Міне, осындай үлкен өнер иесі А.Сембин 1976 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген атаққа қол жеткізді. Әттең, өмірі қысқа болды.
Шындығында да оның дауысы ерекше, сирек кездесетін дауыс болатын. Алайда, ауылымыздағы кішкене сахнадан басталған оның өнердегі жолы үлкен сахнаға ұласып, Италияның атақты «Ла Скаласында» әуелете ән шырқайтынын ол кезде біле қойғанымыз жоқ. Міне, осындай өнердің шыңына шыққан, дауысы ерекше, сирек кездесетін хас талант Амангелді Сембиннің ізі бір кездері Амангелді атындағы совхоз атанған бүгінгі біздің Көкжелек ауылында да сайрап жатыр.
Ең өкініштісі сол, оның үлкен сахнада небәрі сегіз жыл ғана тер төгіп, бәйшешектей ерте солғаны. Тұла тойы тұнып тұрған талант егер тірі болғанда талай-талай биіктерді бағындырар еді. Қазақта: «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі», – деген сөз бар. Ендеше, өнердің шыңына шыққан шын талант Амангелді Сембин ешуақытта ұмытылмайды.
«Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған, сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деген еді бірде белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз Амангелді Сембин туралы. Ал бұған біздің алып, қосарымыз жоқ. Тек өкінгеннен басқа.
Әңгімені жазып алған
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы