01 Ақпан, 2011

Бір үміт, бір күдік...

563 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Облыс орталығынан Май ауданы жаққа қарай әкелер жол, неге екені белгісіз,  міне, екі жылдай уақыт болып қалды, жабық, жартылай жөнделіп, жартылай бітпей қалған ба, қалың қарда «Джип» мәшинесінің өзі батып шыға алмай, далалық жолмен жүруге тура келді. Қыстың күні, жолдан тоңып келген біздер аудандық мәдениет үйінен жылынардай пана таппадық, даңғарадай қос қабатты ғимарттың іші тым салқын екен. «КАРТОП ЕГІҢДЕР, КИІЗ БАСЫҢДАР!..» Жаурағанымызды білдірмей, аудан  әкі­мінің есебіне құлақ қойдық. Жалпы, аудан халқы қанша мал бағамын десе де, егін ексе де жері де, жайылымы да жетеді. Ауылдар болса Ертіс өзенінің жағасында отыр, балық шаруашылығы да азық десе, айнала 15 көл және бар.  Өткен жылы 2 млрд. 569 миллион тең­генің ауыл шаруашылығы өнімдері өн­ді­ріліпті. Сонымен қатар, 24 ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін дайындау орындары бар болғанымен, өкінішке қарай, өнімдерінің өт­пеуіне және шикізаттың болмауына бай­ла­нысты  4 шағын кәсіпорын тоқтап тұрған көрінеді. Ал, аудан бойынша 3107 жеке аула есепке алынса, оның ішінде 2408 ауланың малы бар, ал 699-ы мал ұстамайды. Өз­де­рінің шаруашылықтарының материал­дық-техни­калық базасын нығайту мақсатында «Ақжар-Өндіріс» серіктестігі, «Ағайын», «Сар­тай» шаруа қожалықтары және Ақ­ши­ман ауы­лынан  Иманшариповтер әртүрлі тех­никалар  сатып алған. Өткен жылы  418 тонна тары, 140 тонна арпа, 80 тонна бидай, 1032 тонна картоп, 467 тонна жеміс дақыл­дары жиналыпты. «Осы біз қазір картоп өсіруді ұмытып барамыз. Неге картоп екпейміз? Ол екінші нан ғой! Киіз неге бас­паймыз? Қойдың жүні ысырап болып жа­тыр. Қазір базарға бар­саңыз, жамылғы көр­пешелер қандай қымбат, қойдың жүнін игілігімізге неге жаратпасқа? Айнала су жетеді. Қаптатып құс неге өсірмейміз?» деп аудан әкімі Нығман Пішенбаев сұраулы жүзбен залға қарады. Былтыр «Ақ­жар Өндіріс», «Ағайын» шаруа қожа­лық­та­рына егін егіп, шөп дайындау үшін рес­публикалық бюджеттен 3 млн. 211 мың тең­ге несие беріліпті. Өткен жылы аудан бо­йын­ша 75 700 тонна шөп дайындалыпты. Шал­ғайдағы ауылдарға шөп жеткізіліп берілген. Жұқпалы мал ауруларын болдырмау мақ­сатында 11 ауылдық аумақта мал соятын алаңдар іске қосылып, әрбір ауылда мал дәрігері штаты енгізіліпті. Ветеринарлық-про­филактикалық жоспар әзірленіп, жүзеге асырылуда екен. Өткен жылы аудан бо­йын­ша бруцеллез ауруына қарсы 31 500 ірі қара мал, 96 000  қой, 200 бас жылқы тексерілген кө­рінеді. Ауылдағы қазақтың малсыз күні жоқ. Алдағы уақытта, аудан әкімінің баян­да­масында айтылғандай, енді ауыл­шаруа­шы­лық өнімдерін өң­дейтін  цехтар ашпай бол­майды,  ауылдан сүт сатып алып жинау үшін Баскөл, Көктөбе ауылдарында  сыйым­ды­лығы 1000 литрлік  2 то­ңазытқыш қою жос­парда тұр. Ал, «Ақжар-Өн­діріс» серіктестігі енді жыл бойы қымыз өндіріп, оны шөл­мекке құятын цех ашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қойдың жүнін жуып, теріні илейтін цехтар ашылса, жаңа жұмыс орын­дары пайда болар еді. «Сондықтан, бұл салаға инвестиция тартуымыз қажет. Ертіс өзеніне жақын бұрынғы суармалы жерлерге кар­топ отыр­ғызып, бау-бақша өсірумен ай­налы­суымыз керек», – деді Нығман Пішенбеав. АУЫЛҒА СУ ҚҰБЫРЫ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?.. Өткен жылы аудан орталығы Көктөбе ауылында су мұнарасына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазір 19 су алатын колонкалар жұмыс істеп тұр. Ал, ең бастысы, бұрынғы істен шыққан топтық су құбырларын қайтадан қал­пына келтіру жұмыстары басталыпты. Бұл мақсатқа 65 миллион теңге қаражат бөлініп, Баскөл, Майтүбек ауылдары аумағында жер асты суының қорын анықтау жұ­мыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің баян­да­ма­сынан ұқанымыз осы болды. Ал, ауыл халқы, мы­салы,  Жұмыскер, Баскөл, Май ауылда­рын­дағы ауыз су бекеті құрылғыларының ескіруінен істен шығып қалу қаупі бар екен. КБМ-дар орналасқан жердегі жерасты су көздерінің тартылып қалу себептері – бұрғылау жұмыс­тарын жүргізген мердігерлер де тиісті терең­дікке дейін қазбайтын кө­рінеді. Егер колонкалар жұмыс жасап тұрса, онда судың тұрғын­дарға кесте бойынша арнайы көлікпен тасы­мал­данатыны қалай?.. Былтыр аудан орталы­ғында “Жол картасы” арқылы 2100 метр су құбыры тартылып, 6 су бағанасы іске қосы­лыпты. Тұр­ғындар болса, қыс кезінде 15-20 градустық суыққа шы­дамай су бағаналары қа­тып қалады дейді. Ал, Ертіс жағасында тұра­тын­дардың көбісі өздері де өзен суын тұты­нады, малын да өзеннен суарады. Бозша, Жаңа­тілек, Ақсарай, Қызылеңбек, Жалтыр сияқты шағын ауылдардың тұрғындары сани­тар­лық талаптарға сай келмейтін құдық су­ларын ішетін көрінеді. Жалпы, аудандағы ауыз су мәселесі топтық су құбыры құрылысы аяқ­талысымен толық шешіледі деп айту да қиын. Құрылысы басталады деп жүргелі талай жыл өтті. Сөйтсе, жерасты су қоры анық­талмаған болып шықты. Ақыры, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің су комитеті тендер өткізіп, Май аудандық топтық су құбырының құрылысын “Центр Стройкомплекс НС” серіктестігі жүргізетін болды.  Қазір су құбыр­ла­рының  жолдары тазартылуда. АУДАНДА  1798 ОҚУШЫ ҒАНА ҚАЛЫПТЫ... Бұл – облыс орталығындағы Абай атын­дағы бір мектептің оқушыларының санына тең. Аудан  әкімі Нығман Пішенбаев ау­дан­да 14 жалпы білім беру мектебі бар екенін, оларда осын­шама оқушы оқитынын, Көк­төбе, Са­ты ауылдарында бала­бақ­ша ашыл­ғанын,  89 жаңа жұмыс орны құрыл­ға­нын айтып өтті. Өткен жылы ауданға 2 дәрігер, 8 мед­бике келіпті. Облыс әкімінің грантымен ау­дандағы аз қамтамасыз етілген отба­сы­ларының 46 баласы облыс орталығындағы жоғары оқу орын­дарында оқыды. Нәти­же­сінде, был­тыр оқу бітірген 10 маман дип­лом­дарын алып ауылға оралды. Ал, «Жол кар­тасы» бағдар­ламасы ба­ры­сында 105 жұмыссыз жұмысқа орна­ласып,  40 адам жер­­гілікті кәсіптік лицейде кәсіби даяр­лық­тан өткен. Өкінішке қарай, өткен жылы 6 нәресте ше­тінеген. Жиында сөз алған облыстық мәслихат­тың депутаты, алты баланың әкесі Айт­мұхан­бет Қожабек 11 мың ғана халқы қал­ған аудандағы демографиялық аухалдың на­шар­лығын, ауыл мектептеріндегі оқушылар санының жыл сайын азайып келе жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Ауылды тастап көшіп жатқандар бар. Себеп – жұмыс жоқтық. Аудан әкімі Нығман Пішенбаев қорытынды кездесуге келгенге дейін бүкіл ауылдарды аралап шығып тұрғындармен кездесіпті. Алдағы іс-жоспарларымен бөлі­сіп­ті. Бала саны демекші, Ақжар ауылына  ел егемендігін алған жылдары келген оралман ағайындар көп тұрақтап қалды. Ауыл­дарға бас-көз болатын оралман ағайын­дарды шақыру үрдісін қайта қолға алып, орта толтырмасақ, бара-бара ауыл іші бос қалып жүрер деген күдік те жоқ емес. Аудан әкімі Нығман Пішенбаевқа залдан сұрақ қоятындар қарасы көріне қоймады. Үн­сіздік. Ең жаманы осы ғой. Алғашқы жыл­дары ауылдағылар белсенді еді. «Сайла­нып» келгендер де тым-тырыс. Жалғыз үн шығарып сөй­леген Рымбике апамыз аудан орталығымен Ақ­жар ауылындағы мешіт­тер­дің жағдайына тоқталды. Халқым, мешітке барайық, құ­бы­ла­мызды таниық, күйі кетіп тұрған мешіттерге бәріміз ел болып көмек­те­сейік, деді. Одан кейін бүкіл залдағы қалың қазаққа аудандық оқу бөлімінің бас­тығы Айжан Қой­соймасова орыс тілінде баяндама оқып берді. Мемлекет осыдан  екі жыл бұрын аудан орта­лығына жарқыраған жаңа қазақ мектебін не үшін салып берді?.. Қазақ тілінің өркендеуі үшін. Осы құрметке бас иіп сыйлау керек қой. Жарқыраған аурухана тұрғызды. Енді игілігін халық, қара­пайым ауыл тұрғындары көруі тиіс. Жаңа әкім келгелі  бұрыннан таныс қызмет жасап жүрген білімді, беделді, іскер деген жігіттер ауыс-түйістердің «құрбаны» болып кетіпті. Кадрдың қадіріне жете бермейтін сияқты­мыз. Күні кешегі Елбасы Жолдауында ай­тыл­ған кейбір мәсе­ле­лердің  кезінде полигон жарылыстарының зар­да­бын көрген Май ауданына да қатысы бар. Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаңғырту, жұ­мыс­пен қамту, халыққа таза ауыз су жеткізу мәселелері жылдар бойы күн тәртібінде тұр. Сондықтан, қолда барды ұқсатып, қайт­кенде ауылдарды сақтап қалуымыз керек. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.