26 Мамыр, 2016

Әскери техниканың әлемдік көрмесі

1143 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
kadex 2016-1Астанада алдағы маусым айының 2-сі мен 5-і аралығында өтеді «KADEX-2016» IV Халықаралық қару-жарақ және әскери техникалық мүлік көрмесі әлемдегі үздік қорғаныс өнеркәсібі бар компаниялар үшін кәсіби ынтымақтастық алаңына айналмақ. Қорғаныс өнеркәсібі саласында сарапшылар мен мамандардың пікір алмасып, тың идеялармен бөлісуіне мол мүмкіндік береді. Көрменің басты экспонаттары – әскери техника мен қару-жарақ. Жақында Астанада жаһанның Қытай, Түркия, Германия, Канада, Корея, Франция және Ресей сынды 35 мемлекетінен 300-ге жуық компания әскери техниканың ең озық үлгілерін көпшілікке паш етпек. Сонымен, халықаралық көрмеде 200-ден аса шетелдік және 100-ге жуық отан­дық кә­сіпорындар әскери техниканың қан­дай түрін көрсетеді, сарапшылар мен қонақ­тарды, барша елордалық тұрғындарды қарудың қандай түрімен қызықтырады?! «KADEX» – бұл отандық брендті ілге­рілету тұрғысындағы бірден-бір нық қадам. Қазақстан әскери техниканы шет­елдік қару-жарақ өндірісінің ірі магнаттарынан сатып алып қана қоймай, өзінің де төл өнімін өндіруде. Сөйтіп, нарыққа жол тартып отыр. Бұл – қорғаныс саласындағы айтулы жетістік, жағымды жаңалық. Көрмеде экспозицияның бір­шама бөлігін жоғары техноло­гиялық танкке қарсы зымыран кешендері мен шабуылдау қару-жарағын паш ете отырып, Ресей Федерациясы ұсынады. «КБП» АҚ зауытының Ресейде қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасауда 85 жылдық тәжірибесі бар. «Вологда оптика-механикалық зауыты» АҚ жетекші ресейлік өндірушілермен шығарылатын (Т-90, Т-80У, БМП-3, БТР-80, МТ-ЛБМ) броньды техникаға ар­налған атысты басқарудың көп арналы тұрақтандырылған жүйе­лерін көрсетеді. Зауыт құралдар мен кешендерге сервистік қыз­мет көрсетуді жүзеге асырады. «Швабе» инновациялық опти­ка­лық холдингінің құрамына кіреді. КАDЕХ-те жалпы мақсаттағы тур­бобұрандалы ұшақтар шыға­рудағы көш­басшы санала­тын канадалық компания да жоғары ұшу үлгілерін көрсетпек. Көр­ме шеңберінде «Viking Air Ltd» әлем­дік дәрежедегі әуе-ғарыш­тық компаниясының өндірісі «Series-400» 19 орындық әуеке­ме­сінің көрсетілімі өтеді. Зауыт дәстүрлі әуе кемелерінің әлемдік паркіне арналған жабдықтар шығарады. Зымыран жүйелерінің әлемдік өнді­рушісі – Франция да қалыс қалмайды. «MBDA» компаниясы жерүсті, теңіз және әуе жүйесінің талаптарын қанағат­тан­дыруға арналған өнімнің түр-түрін ұсы­­на­ды. Ал Түркияның жетекші «ASELSAN» қорғаныс компаниясы болса, әскери байланыс саласында радар және радио­электрондық жоғары технологиялық жүйелерді ұсынатын болады. kadex 2016-2 kadex 2016-3 kadex 2016-5Бүгінде қай ел үшін де басты мақсат – қару-жарақ пен әскери тех­никаны шетел­ден сатып алудан бас тарту. Яғни, өз елін­де өндіруге, керек десеңіз, экспортқа шыға­рып, қаржы көзіне айналдыруға ұмты­­лады. Қазақстан қорғаныс-өнді­рістік кешені де осы бағытта жұмыс жасауда. «Қазақ­стан инжи­ниринг» ұлттық компания­сы Қор­ғаныс министрлігінің сұраны­сын қамтамасыз етіп, отандық әскери өнді­рістің санын да, сапасын да арттырып келеді. Мәселен, біз үшін қуантар­лық жаңалық минаға қарсы қор­ғанысы бар «Арлан» броньдалған автомобилін шығаратын «Қазақ­стан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС зауытының іске қосылуы болып табылады. Өнім өте жақсы сипаттамаларға ие. Сынама барысында «Арлан» броньды транс­портері үздік нәтижелер көрсетті. БКМ «Арлан – бұл арнайы әскер­лерге, арнайы мақсаттағы жауынгерлерге, сондай-ақ, әскери полицияға арналған броньдалған дөңгелекті машина. Ұзындығы 6,5 м, биіктігі 3 м, ең үл­кен жылдамдығы 120 км/сағат болатын бронь­далған жол таңдамайтын көлік лаңкестік актілерде пайдаланылатын қолдан жасал­ған бомбалардан толық қорғалған. Радиотолқындарды «жұтып алатын» қосымша функциясы бар. Дөңгелектеріне оқ тигеннен кейін де 50 шақырымды жүріп өте алады. Ең бір ерекшелігі – өзінің салмағы 10-ақ тонна болғанымен, қосымша 18 тоннаға дейінгі жүк тасымалдай алады. Мұндай әскери техника шығару, әлемде қару-жарақ дамуының заманауи үрдісін ескере келгенде, тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қалыптастыру үдерісінде жаңа кезеңге айналды деуге болады. Қазақстан зауыттарында шы­ғарылатын өнімдер замана­уи так­тика-техникалық сипат­та­маларға жауап береді және жеке­меншік әзірлеменің инновациялық технологияларын қамтиды. Мәселен, «Семей инжиниринг» зауыты ха­лықаралық нарыққа шығуды жос­парлауда. Бұл бағытта отандық кәсіпорынның жоспарларына Т-72, Жаяу әскердің жауынгерлік ма­шинасы (ЖӘЖМ-1) мен БТР-7 броньды транспортерлерін жасап шығару кіреді. Бұл – броньды техниканы күр­делі жөндеу мен әскери және әске­ри-ин­же­нерлік техниканың база­сында конвер­сиялық техниканы дайындаумен айналысатын – Қа­зақ­стандағы бірден-бір зауыт. Сондай-ақ, көрмеде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құра­мына кіре­тін «С.М.Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ-та шы­ғарылатын  маман­дандырылған өнім ұсынылады. С.М.Киров атын­дағы зауыт негізінен теңіз суас­ты қаруын, теміржолдың қозғал­малы құрамын жобалау мен әзір­леуге, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін аза­маттық өнім мен жоғары тех­ни­калық бұйымдар шығаруға мамандандырылған. Осы орайда айта кететін бір жайт – құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күш­терінің қару-жарағы мен әскери техникасының әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері мен құрал­дарының, арнайы мақсаттағы құрал­дар мен мүліктердің, IT-техно­логиялардың, байланыс жүйе­лері мен құралдарының, тылдық және техникалық мүлік­тердің де көрсетілімі өтеді. Қазақстан зауыттары үшін бұл – өз өнімін көрсету және оны әлемдік деңгейге шығарудың үлкен мүмкіндігі. Жалпы алғанда, бұл Қазақстан Қарулы Күштері қорғаныс әлеуетінің дамуы мен артуына септігін тигізеді. 2010 жылғы көрменің қорытындысы бойынша 1,5 млрд. АҚШ доллары сомасына 10 ұзақ мерзімді құжат жасалғанын айта кетейік. Оған 156 компания, оның ішінде 86 отандық компания қатысты. Ал 2014 жылы көрме барысында қол жеткізілген уағдаластық негізінде 2,6 млрд. АҚШ доллары сомасында 31 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. Қатысушы компаниялардың саны 300-ге дейін, оның ішінде отандық компаниялардың саны 92-ге дейін ұлғайды. Тағы бір жаңа өнімімен елі­міздегі «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ зауыты қуантып отыр. Ол – отандық су жаңа «Қажымұқан» катері. «KADEX-2016» көрмесі аясында кәсіпорын «Қажымұқан» мұз жаратын тартқыш катердің сызбасын ұсынады. Катердің жобалануы мен жасалуы 2014 жылы Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысы бойынша басталды. Ол өзендерде, су қоймаларында және Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде қалыңдығы 30 см-лік мұз­да патрульдік қызмет атқа­ру­ға арналған. Экипажы 4 адамнан тұ­руы мүмкін. Жүзудің авто­ном­­ды­ғы 5 тәулікке жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ көрме келушілерінің назарына «КамАЗ»-дың базасында жасалған сүңгу­ірлерді автономды қамтамасыз ететін жылжымалы стансаны ұсынады. Станса айлақтан және жүзу құралдарынан 40 метрге дейінгі тереңдікте диверсиялық күштерге қарсы іс-қимыл шараларын орындау кезінде жауынгерлік жүзушілердің суасты операцияларды жүзеге асыруына жағдай туғызады. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ-тың құрамына кіре­ді. Институт кеме құрастыру, мо­бильді роботты техника, сүңгуір техникалар, навигациялық жаб­дық, мұнай-газ секторына арналған жабдық сияқты бағыттар бойынша жоғары технологиялы техниканың үлгілерін зерттеу мен жобалауға мамандандырылған. Сондай-ақ, көрмеге қатысатын қазақ­стандық кәсіпорын қата­рында «Семей инжиниринг» АҚ зауыты, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ, «С.М.Киров атын­дағы машина құрастыру зауыты» АҚ, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС, «Қазақстан Aselsan инжиниринг» ЖШС бар екенін айта кетейік. Олар экспортқа корабльдерге қажетті түрлі торпеда­ларды, кеме гидравликасын, авиа­циялық қажеттіліктерді қазіргі заманғы жылу құралдарын, көздеу линзаларын, түнгі көру құрал­дарын ұсынатын болады. «KADEX-2016» көрмесі – әс­кери мамандардың конструк­тив­ті жағдайда пікір және тәжірибе алмасатын кәсіби үнқатысу алаңы. Бұл отандық әскери ойдың дамуына, сондай-ақ, шетелдермен әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға кепілді түрде септігін тигізеді. Жоғары технологиялық өнімдер шығаруға қабілетті бола отырып, ғылымды аз қажет ететін өнімдердің өрісін кеңейтеді. Сөз жоқ, дәстүрлі түрде мұндай көрмелерде әскерлер мен қаруды басқару кешендері, жоғары дәлдік­тегі қарудан қорғаныс жүйелері, авиациялық техника, әуе шабуы­лынан қорғаныс құралдары мен жүйе­лері, оптикалық-электронды құрылғылар үлкен сұранысқа ие болады. Сондықтан, электронды және электронды-оптикалық жүйелер, байланыс және басқару жүйелері, желілік шешімдер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда Астананың ха­лы­қ­ара­лық әуежайының әскери секторында «KADEX-2016» көр­месіне дайындық қарқын алған. Па­вильондардың құрылы­сы да қарқынды жүруде. Енді көрмеде көрсетілетін әскери техника­лар келе бас­тайды. Елорданың барша тұрғындары мен қонақта­рын KADEX-ті тамашалауға шақырамыз. Сәулебек БІРЖАН