26 Мамыр, 2016

Ауыл жастарының алқалы жиыны

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Гринлэнд» демалыс базасында «Жастар – ауыл ресурсы» І шек­аралық ауыл жастары слеті өтті. Оған еліміздің іргелес жатқан Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыс­тау облыстарынан, көршілес Ресей Федерациясының Баш­құрт Республикасы мен Орынбор облысынан ауыл жастары қозға­лыстарының көшбасшылары қатысты. Шара қонақ­­та­рының қатарында Нидерландтан келген саяхатшылар да болды. Ауыл жастарының алқалы жиынына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, слетке қатысушыларға құттықтау сөз арнады. – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жастардың өздерін дамытуы үшін қажетті жағдайларды жасап келеді. Бүгінде жас­тарды қолдауға бағыттал­ған көптеген мемлекеттік бағдарлама қабыл­данды. Мысалы, «Болашақ» бағдар­ламасы. 20 жылдан бері осы бағдарлама бойынша еліміздің талапты жастары әлемнің жетекші оқу орын­дарында тегін білім алып келеді. Бүгінде атал­ған бағдарламаның 10 мың қатысу­шысы елі­міздің түкпір-түкпірінде, экономиканың түрлі салаларында еңбек етіп жүр. Біз қолдау танытып келе жатқан екінші бағдарлама – «Жасыл ел», – деді өзінің сөзінде Бердібек Сапарбаев. Оның айтуынша, 2016 жылы өңірде осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 300 миллион теңге бөлінген. Аймақта жас ғалымдар кеңесі құрылған, оған көптеген талантты жастар кірсе, оларды қолдауға да 100 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығы мен «Ақтөбе жастары» ұйымы жұмыс істейді. «Біз жастар мәселесімен айналысатын ұйымдардың бір бағытта бірлесе отырып жұмыс жасағандарын қалаймыз», – деді Бердібек Мәшбекұлы. Өткізіліп жатқан шараның маңызы туралы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин баяндады. Слет барысында ауыл жастары арасынан шаруалар мен бизнесмендердің, жастар ұйымдары көшбасшыларының жобалары таныстырылды. Шара барысында, сонымен бірге, республикалық «Гүлдене бер, туған ел!» марафон-эстафетасы акциясы және формальды емес пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Слетке қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды. Түрлі конкурстар өткізілді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы