26 Мамыр, 2016

Жемісті жиырма жыл

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
(1)Кеше елордада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығына байланысты мерекелік шаралар болды. Айтулы оқиға аясында өткен Ғылыми кеңестің салтанатты оты­ры­сына мемлекеттік органдар, дип­ломатиялық корпус, ғы­лым және білім саласы өкілдері қатысты. Мерейтойдың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құттықтауын оқып берді. Құт­тықтауда 1996 жылы арнайы Жарлықпен құрылған университет бүгінде отандық жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшы­ның біріне айналғаны және Астана­ның рухани әрі зияткерлік орталы­ғы болып отырғаны атап көрсетіл­ген. Қазақ­стан Президентінің Еура­зия ұлттық университеті алдағы уа­қытта да «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық пат­риоттық идеясын іске асыру үшін білік­ті мамандар даярлайтын маңызды ғы­лы­ми-ағарту­шылық мекеменің бірі болып қала беретініне сенім білді­ретіні айтылған. Бүгінде ЕҰУ – Еуропа, Азия, Амери­каның 258 жоғары оқу орындарымен, түрлі ғылыми-зерттеу орта­лықтары­мен, шет мемлекеттер елшіліктерімен, халық­а­ралық білім беру қорларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан еура­зиялылық идеясын іске асыратын бол­а­шақ университеті. Қазір мұнда 16 мыңнан астам студент 168 мамандық бойынша білім алады, 2011 жылдан бастап 250 пән ағылшын тілінде жүргізіліп келеді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2000 жылы университет базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақ­стандық филиалы ашылған. Салтанатты шарада сондай-ақ, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың, Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың құт­тықтау хаттары оқылып, Конс­титуциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хат­шысы Қуатжан Уәлиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мем­лекеттік университеті филиалының дирек­торы Александр Сидорович, РФ Пре­зиденті жанындағы эконо­микалық кеңес мүшесі Алек­сандр Аузан сөз сөйлеп, Лондон Олим­пиадасының чемпионы университет түлегі Александр Винокуров өз лебізін бейнекөрініс арқылы жеткізді. Жиында сөз алған 2004 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, ЕҰУ-дің құрметті профессоры Эдвард Прескотта осы оқу ор­дасы­ның 20 жылдық мерей­тойы­мен құттықтай келіп: «Мен әлі күнге дейін Қазақстанға мем­ле­кет­тік сапармен келгенде Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­­десуімде, сондай-ақ, Еуразия ұлт­­тық университетінде дәріс оқы­ған кезімде көрсеткен қонақ­жай­лылықтарыңыз бен ықы­лас­тарыңызды әрдайым есіме түсіре­мін. ЕҰУ 20 жыл­дың ішінде қарқынды дамып, жоға­ры халық­аралық бағаға ие болды. Еуразия ұлттық университетінің қара ша­ңырағына, оның ішінде студент­терге шығармашылық рухын сақтап, жаңа мақсаттарға ұм­ты­лып, дами беруді тілеймін, – деді. ҚР ЖОО еліміздің білім-ғылым сала­­сының дамуына үлес қосып, өңір­лер­дің өсіп-өркендеуінің қозғаушы күшіне айналып отыр. Жиырма жылда еліміздегі барлық жоғары оқу орындарымен тығыз достық және ғылыми-тәжірибелік қарым-қатынас құра білген аталмыш университетте Қазақстан ректорлары кеңесі жұмыс істейді. Бүгінгі мерейтоймен еліміздің 70-тен астам ЖОО ректорлары құт­­тықт­ады. Сахна төріне шық­қан бар­лық ректорлар атынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ректоры Ғалым­қайыр Мұтанұлы құт­тық­тады. Астанамен қатарлас дүниеге келген бұл білім ордасының құрылуы – ел болашағы үшін маңызды бастамалардың бірі еді. Еуразия аталуының өзінде көп мән жатыр. Тұрақты дамуға бағытталған үздіксіз ізденістер нәтижесінде күр­меуі күрделі көптеген мәселелер оң шеші­мін тапты. Әлемнің жетекші ғылы­ми орта­лықтарымен және шетелдік таң­дау­лы оқу орындарымен байланыс орна­тылып, тәжірибе алмасу ісі жолға қойыл­ды. Ондағы таңдаулы мамандарды шақы­рып, дәріс оқыту бүгінде дәстүрге ай­нал­­ғ­ан. Бұл өз кезегінде дарынды жастары­мыз­дың болашағына кең жол ашып отыр. Мерейтойлық басқосу барысында Еуразия ұлттық универ­си­тетінің ректоры, ҚР ҰҒА ака­демигі Ерлан Сыдықов сахна төріне көтеріліп, университеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқан бұрынғы ректорлар – А.Құсайынов, М.Жолдасбеков, С.Әбдіманапов және Б.Әбдірайымды Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің 20 жылдығы мере­келік медалімен марапаттады. Салтанат соңы «Күлтегін аманаты» қойылымы мен Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне ұласып, «Астана көктемі» мерекелік іс-шара­ларына жалғасты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»