Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Еуропа мен ТМД елдері үшін БҰҰ Даму бағдарламасының аймақтық бюросының басшысы Ж.Сұлтаноғлумен кездесті. Тараптар Қазақстан мен БҰҰ-ның елдік командасының 2016-2020 жылдарға арналған Серіктестіктің негіздемелік бағдарламасын іске асыру аясындағы Қазақстан мен БҰҰ ДБ ынтымақтастығының келешегі жөнінде пікір алмасты.
Г.Әбдіқалықова өзінің сөзінде «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасындағы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы негізгі бағыттар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен және БҰҰ Бас хатшысының бесжылдық іс-қимыл жасау бағдарламасының мақсаттарымен үндесетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол БҰҰ ДБ серіктестікті ынтымақтастықтың барлық бағытында – бірлесіп қаржыландырылатын жобалар аясында, Астанадағы мемлекеттік қызмет істері өңірлік хабын одан әрі ілгерілету бағытында жалғастыруға мүдделілік бар екенін білдірді.
«БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын жаңа әрі жоғары сатыға көтеріліп келеді. Біз БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның 2015 жылы Астанаға жасаған сапарын жоғары бағалаймыз.
Сонымен қатар, біз БҰҰ басшылығы мен ұйым агенттіктері жетекшілерін Астана экономикалық форумын өткізуге қолдау көрсеткендері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің бұл форумға жыл сайынғы қатысуларыңыз оның жұмысына үлкен маңыз береді», – деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің былтырғы жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясына қатысып, онда бірқатар маңызды ұсыныстар жасағанын, соның бірі 2045 жылға дейінгі Стратегиялық бастамалар жоспары екенін айтты.
«Президент Н.Назарбаев АҚШ-тағы жаһандық саммитте «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, ол БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан ресми құжат ретінде қабылданған болатын. Стратегиялық бастамалар жоспары мен манифест бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл екі бастама да қақтығыс жағдайларын болдырмауға, бүкіл дүниежүзінде бейбітшілікті орнатуға бағытталып отыр», – деді Г.Әбдіқалықова. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның БҰҰ-мен көптеген бағыт бойынша әріптестік байланыс орнатқанын, оның ішінде гендерлік саясат мәселесіне қатысты да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
«Біздің алдымызда үлкен мақсат-міндеттер тұр. Демек, біз олардың әрқайсысы бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз», – деді Мемлекеттік хатшы.
Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Ж.Сұлтаноғлуға тығыз ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, табыс тіледі.
Журналистерге берген сұхбатында Ж.Сұлтаноғлу өзінің Қазақстанға осымен 4-ші мәрте келіп отырғанын тілге тиек ете келе, биылғы сапар Астана экономикалық форумымен байланысты екенін жеткізді.
«Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы бізге әрдайым қолдау көрсетіп, өзара әріптестік орнатып келеміз. Сол себепті, біз алдағы уақытта да ынтымақтастығымызды дамытып, жаңа мақсаттарға қол жеткізу жолдарын бірлесе қарастыруымыз керек», – деді БҰҰ өкілі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»