Суретті түсірген – автор
Баяндама жасаған облыс әкімінің кеңесшісі Сұлтанбек Сыздықов музей инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажет екендігін еске салды. Жаңа музейлер салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қарастыруға болатыны айтылды.
– Мәселен, тарихи музей ғимараттарын кәсіпкерлерге бизнес жүргізу мақсатында пайдалануға беріп, оның орнына аумағы мен функционалдық мүмкіндіктері жағынан тең келетін заманауи жаңа музей салу тәжірибесін енгізген жөн. Мұндай тәсіл тарихи мұраны сақтауға, туристерді тартатын жаңа нысандар құруға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, – деді әкімнің кеңесшісі.
Сондай-ақ аптасына немесе айына бір рет музейлерге тегін кіру күнін енгізу мүмкіндігін қарастыру керектігі де ұсынылды. Баяндамада айтылғандай, бүгінде спорт туризмі – әлемдік туристік индустриядағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Шығыс Қазақстан облысында маусымаралық кезеңде бос тұратын демалыс базалары мен шипажайларды оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға пайдалану жайын пысықтау қажет. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу құқығына ие болу өңірге инвестиция тартудың тиімді құралдарының бірі ретінде қарастырылуға тиіс.
Осы орайда Нұрымбет Сақтағанов театрлардың, тарихи-мәдени нысандардың туристік әлеуетіне аудит жүргізіп, туристер үшін тартымды әрі келешегі бар нысандардың тізбесін айқындау қажеттігін айтты.
– Мәдениет басқармасының KPI көрсеткіштеріне мәдениет мекемелерінің ақылы қызметтерінен түсетін кіріс көлемі, туристерге арналған кәдесый өнімдерін өндіруге тартылған қолөнершілер саны, кәдесый өнімдерін өткізу көлемі енгізілуге тиіс. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын тартуға арналған ұзақмерзімді бағдарлама әзірлегені жөн. Қалалар мен аудандар әкімдіктері спорттық іс-шараларды өткізуге, оқу-жаттығу жиындарын орналастыруға арналған алаңдар мен инфрақұрылымға қатысты ұсыныстар дайындауы қажет, – деді аймақ басшысы.
Жиында туризм саласындағы басқа да мәселелер сөз етілді. Шығыс Қазақстан облысында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар оң нәтиже көрсете бастады. Биыл алғашқы төрт айда өңірде негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 202 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 108,7%-ды құрады. Ол туралы әкімдік отырысында облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смит мәлім етті. Басқарма өкілінің айтуынша, былтыр өңірге артылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 1 750,8 млн долларға жеткен. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен 3,1 есе жоғары. Осы көрсеткіш бо-йынша өңір республикада Алматы, Атырау, Астана, Түркістаннан кейінгі бесінші орынға
тұрақтады.
– Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфелінде жалпы құны 1,46 трлн теңгені құрайтын 100 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 10,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың басым бөлігі энергетика, тау-кен металлургиясы, агроөнеркәсіптік кешен салаларына тиесілі, – деді Ирина Смит.
Биыл өңірде жалпы құны 73,9 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның бесеуі пайдалануға берілді. Жыл басынан бері инвестициялық пулға жалпы құны 320,2 млрд теңгені құрайтын 23 жаңа жоба енгізуге қатысты жұмыстар жүргізілді. Барлық өзекті инвестициялық жобалар Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізіліп, мемлекеттік органдардың сүйемелдеуімен атқарылады. Инвестициялық келісімшарттар аясында өңірде өсімдік майын өндіру, мал шаруашылығын дамыту, өндіріс орындарын жаңғырту, қонақүй, сауықтыру кешендерін салу бағытындағы бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Туризм саласында да жаңа инвестициялық бастамалар қолға алынып отыр. Атап айтқанда, биыл Катонқарағай ауданында құны 8 млрд теңгені құрайтын 218 орындық «Wellness Resort» санаторийлік-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. «PANA ASIA» компаниясы Катонқарағай ауылының маңында 10 млрд теңгеге туристік ауыл салуды жоспарлап отыр. Қазірде жоба бойынша инвестициялық келісімшарт жасалып жатыр. Бұдан бөлек, компания Сарыбел ауылында халықаралық деңгейдегі қонақүй кешенін салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Өскемен қаласында да халықаралық «Hilton Garden Inn» қонақүйінің құрылысы жоспарланған. Жобаның құны – 17 млрд теңге.
Мамандардың пікірінше, инвестициялық белсенділіктің артуы өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, туризм инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысы