26 Мамыр, 2016

Көкшетауда жерге қатысты қоғамдық келісім кеңесі бас қосты

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26-05-16-kokshetau

КӨКШЕТАУ. 26 мамыр. Ақмола облысының орталығында Жер реформасы жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы болды. Бұл туралы облыстық әкімдік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Отырысқа облыс қалалары мен аудандарындағы қоғамдық кеңестердің төрағалары, саяси партиялардың, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, аудандар әкімдерінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 120 адам қатысты. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдин аталмыш шараның қоғамдастықтар өкілдерінің пікірлерін тыңдауға, келіп түскен пікірлер мен ұсыныстарды саралауға сондай-ақ оларды Жер реформасы туралы республикалық комиссияға жолдауға арналған диалог алаңы болуға тиіс екенін атап өтті. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина Жер туралы заңнамаға енгізілгелі тұрған қазіргі өзгерістер мен толықтырулар туралы хабарлама жасады. Жиында сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты, Жер реформасы туралы республикалық кеңестің мүшесі Нартай Ысқақов комиссияға қандай ұсыныстардың түскені жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Көрші мемлекеттермен шектесетін аумақтардағы жерлерді жалға беруге болмайтыны туралы ойды «Ақ жол» демократиялық партиясын облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев жеткізді. Отырыста бұдан басқа «Қазақ тілі мен мәдениеті» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Киіков, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Денсаулық ісінің үздігі Болат Жанәділов, экономика профессоры Қасымхан Құсайынов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Жұпынов және басқалар өз ойларын ортаға салды. Қорытындыда Дулат Нұрмолдин кездесуде айтылған мәселелер мен ұсыныстардың бәрі ескерусіз қалмайтынын, олардың республикалық комиссияға жолданатынын айтты. Бақберген Амалбек. Дерек: Ақмола облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.