27 Мамыр, 2016

Тараптарды тоғыстырған тағылымы мол басқосу

413 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
logo forumaКеше ІХ Астана экономикалық форумы өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Бұл күнгі форумның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан пленарлық отырыс болды. Форумның басты жиналысына «The Independent» бас экономикалық шолушысы Хэмиш МакРей модераторлық етті.

26-05-06Астана экономикалық форумы өз мәресіне жетті

Тізгін ұстаушы алқалы жиын­ды бастаған сөзінде Астана эко­номи­калық фору­мының дәс­түрлі сипатқа еніп, халық­ара­лық кеңістікте өзіндік беделге ие бол­ған­дығын, оған 150-ден ас­там елден келген әлемге та­ны­­м­ал эко­номистер, ғалымдар, жаһандық бұқаралық ақпарат құрал­­да­ры­ның өкілдері, Нобель сыйлығы­ның лауреаттары қатысып отыр­ғандығын жеткізді. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін адамзат қауымы басшылыққа алып келген дәстүрлі құндылықтардың ірге­сі босаңсығандығын, кейінгі кезде инновациялық дүниелердің алға шыққандығын айтып өтті. Қазіргі уақыттарда, міне, осы инно­­ва­­ция­лық бағыттағы ақыл-ой мен тех­нологиялар негізгі өсімді қамтамасыз етуге кірісті. Модератор осы тұрғыда Қа­зақ­­­стан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың атқарып жатқан іс­терін айта келе, алғашқы сөзді Елбасы­на берді. Бүгінгі форумға қатысу үшін барша­ларыңыздың уақыт бөліп, біз­дің елді құрметтеп, қонақжай қазақ жеріне келгендеріңіз үшін шын жүре­гімнен ризашылығым­ды білді­ре­мін, деп бастады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Астана экономикалық форумы сан түрлі мәселелерді талқылап, нақты шешімдерді қарастыратын маңызды шараға айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты жаһандық халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері – форумның тұрақты қонақтары. Биыл қатысушылар қатарын Халық­аралық валюта қоры, Боао эко­но­микалық форумы сияқты бедел­ді ұйымдар толықтырды. Сон­дай-ақ, The Economist, Financial Times сияқты әлемге әйгі­лі экономикалық басылымдар өкілдері де келіп отыр. Дүниежүзі­не танымал ғалым­­дар, Нобель сый­лығының лауреат­тары, әлемдік инвес­торлар, Аме­риканың, Еуропа мен Азияның ірі корпорациялары қыз­меткерлері де форумға қатысуда. Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму туралы, өңірдің және тұтас әлемнің әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ету жөнін­­дегі сындарлы идеялар мен көзқа­рас­тарды талқылауға әр­дайым әзір, деп жалғады сөзін Мем­лекет басшысы. Биыл біз іргелі тақырып – жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланыс­ты. Бұл күндері мен осы форум­ның аясында дүниежүзінің көп ғалымдарымен, саясаткерлер және экономистермен кездестім. Қазақстандағы жағдай, біздің ұстанымды шараларымызды қалай бағалайтыны, қандай кеңес беретіндері туралы пікір алмастық. Бұл біз үшін өте пайдалы және маңызды мәселелер еді. Дағдарысқа қарсы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың барлығына дұрыс баға беріп, қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің бәрімізді жаһандық экономикада не болып жатқаны қызықтырады. Әлемнің жаңа экономикалық циклға еніп келе жатқанымен сіздердің көпшілі­гі­ңіз келісетін шығар­сыздар деп ойлаймын. Біз жаһандық эко­но­микаға тұрақты даму үшін берік негіз табудың сәті келмей отыр­ғанын көріп отырмыз. Өсу қарқыны бірнеше жылдан бері баяулау үстінде. 2015 жылы әлемдік ІЖӨ небәрі 3,5%-ға ғана ұлғайды, бұл – дағдарыстан кейінгі ең нашар көрсеткіш. Шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы экспорттаушы елдердің табысын төмендетті және, сонымен бір мезгілде, импорттаушы елдерге дефля­циялық қысымды күшейтті. Нә­тижесінде бәрі де ұтылысқа шық­ты, деп атап өтті Елбасы. 2015 жылы дамушы рыноктардан капиталдың кері қайтуы 750 миллиард доллардан асты. Нәтижесінде бұл елдердегі өсім айтарлықтай баяулады. Соны­мен бірге, дамыған елдерге ка­питалдың келуі қосымша өсімді қамтамасыз еткен жоқ. Бұл капи­талдың елеулі бөлігі жаңа өнімді инвестициялауға емес, бір-біріне қосылу мен бір-бірін жұтып қою мәмілелеріне бағытталды. Бұл тепе-теңсіздіктердің кенеттен пайда болмағанын, ұзақ жылдар бойы қордаланып келгенін түсінудің маңызы зор. 2008 жылы жаһандық қаржы көбігі жарыл­ғаннан кейін олар киіп-жарып сыртқа шықты. Проблеманың мәніне назар аударуды ұсынамын. Соңғы 30 жыл бойына біз бұрын-соңды болмаған жаңғырулардың куәгер­лері болдық. Әлемдік эконо­ми­ка шапшаң қарқынмен өсті және жаһанданудың арқасында ол өсім іс жүзінде бүкіл әлемге тарады. Тарихта алғаш рет дамушы рынок­тар бірінші кезекке шықты. Тек соңғы 15 жылда ғана дамушы елдердің жиынтық ІЖӨ-сі 4 еседен астамға артты, олардың жаһандық экономикадағы үлесі екі еселенді және 2015 жылы шамамен 40%-ды құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша дамыған және дамушы мемлекеттер ара­сындағы айырмашылық 20-дан 9 есеге дейін қысқарды. Бұл елдерде 6 миллиардтан астам адам өмір сүретінін ескергенде, бұл өте маңызды жетістік. Дегенмен, әлемдік экономиканың ырғақты өсімі толыққанды дамуға трансфор­мацияланған жоқ. Экономикалық тиімділік­тер тепе-тең тараған жоқ. Қаржының үлкен көлемі дамушы елдер­ден шығарылды да, олар қайта инвестицияланған жоқ. Табыс­тарды бөлудегі теңсіздік орасан зор қарқынмен өсті. Неғұрлым ауқатты азаматтар өз дәулеттерін еселеп ұлғайтып жатқанда, орта таптың тұрмыс деңгейі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. 26-05-07Кедей елдердегі адам капита­лының дамуы жаңа экономика талаптарынан айтарлық­тай арт­та қалып қойды, деді одан әрі Н.Назарбаев. Мәселен, бұл өңір­лерде бүкіл әлем балаларының 45%-ы өмір сүретініне қарамастан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Афри­каның дамушы елдеріне әлемдік білім беру шығындарының тек 3,5%-ы ғана тиесілі. Бұл мемлекеттерде 50 миллиондай бала мүлде мектептерге бармайды, 250 миллион оқушы қарапайым сауаттылықтан ада. Тиімді нарық институттарын құруға бағытталған құрылымдық реформалар мейлінше баяу жүргізілді. Бүгінде әлемді, сарап­шылардың пайымдауын­ша, төртінші өнеркәсіптік револю­ция­ға бастайтын терең тех­но­логия­лық жаңғырулар қам­тып отыр. Экономикалық даму­дың негізінің өзі түбірлі түрде өз­геруде. Біз «ресурстар эконо­ми­ка­­сынан» «білімдер мен инно­вациялар экономикасына» түпкі­лікті көшудеміз. Сонымен бірге, көптеген дамушы елдерде өсім үшін ішкі әлеует қалыптасқан жоқ. Бұл, менің пайымдауымша, жаһандық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығына нұқсан келтіретін іргелі проблема. Біз бүгінде әлдебір жолайрықта тұрмыз және одан арғы жаһандық дамудың қандай жолмен жүзеге асатындығы көбіне-көп бүкіл әлем қоғамдастығының үйлесімді іс-қимылына байланысты болмақ. Оқиғалардың әрі қарай дамуы мүмкін деген сценарийлердің бірі – ол әлемдік экономиканы фрагменттеу. Қазіргі уақытта үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыру үшін мүмкіндіктер барған сайын азая түсуде. Мұндай жағдайда протекционизмге салынып, сыртқы әлемнен бой тасалауға қарай елігушілік өте зор. Біз қазірдің өзінде мұндай саясаттың көптеген жекелеген мысалдарын көріп отырмыз. Ол жеке сауда блоктарын құруға, капиталдың қозғалуына шектеулер енгізуге, өзара санкцияларға, сауда үшін кедергілерді ұлғайтуға қатысты. Менің пайымдауымша, бұл – ұзақ мерзімді тұрғыда бүкіл елдерге нұқсан келтіретін, ал өзінің радикалдық фазасында бүкіл әлемдегі текетірестердің ұлғаюына соқтыратын тұйық жол, деп атап көрсетті Қазақстан басшысы. Барлығы да әскери, экономика­лық және саяси блоктарға бөлінген «қырғи-қабақ соғыс» кезеңі күні бүгінге дейін менің есімде. Онда саламатты бәсекелестік идеологиясы, яғни «өзің үшін жақсы жасау» идеясы «көршіңе жамандық жасау» текетіресімен алмастырылды. Тек «темір перде» құлағаннан кейін ғана әлем еркін тыныс алып, халықаралық экономика өсе түсті. Кейін шегінуге және осы жетістіктерді жоғалтуға жол беруге болмайды. Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Қазіргі заманғы әлемде сенің төңірегіңде тұрақсыздық, соғыстар мен күйзелістер болған жағдайда елдердің әл-ауқатын қамтамасыз етуге болмайтынын Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды – экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инк­люзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық эконо­ми­калар деңгейінде іс-қимыл­дарды үйлестіруді талап ететін тран­сфор­мацияланудың ұзақ, күр­делі және ауыртпалықты жолы. Мен өсім әлеуетін қалыптас­тыруы мүмкін бірқатар жаһандық бастамаларды көріп тұрмын, дей келіп Елбасы өз ойын төмендегіше өрбітті. Біріншіден, біз дамушы және ең кедей елдердегі адам капиталының дамуына басты назар аударуы­мыз керек. Ешқандай мемлекет сауат­ты, білімді, дені сау және іскер адам­дарсыз дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтау­дың тиімді жүйесін құрудың қан­­ша­лық­ты қиын екенін өз тәжі­рибе­міз­ден білеміз – бұл шыдам­дылық­ты, білімді және үлкен ин­вес­ти­ция­ларды қажет етеді. Мен Қазақ­­стан бұл салаларда жақсы алға баст­ы деп есептеймін. Дегенмен, бұл іс­тің сәті түспеген көптеген елдер де бар. Осы проблеманы шешу үшін БҰҰ қолдауымен Адам капи­талын дамыту қорын құруды ұсы­на­мын. Ең кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапа­сын жақ­сарту оның басты мін­деті болуы тиіс. ЮНЕСКО-ның мәлі­мет­тері бойынша, кедей ел­дер­дегі жал­пыға бірдей базалық білім беруді қам­тамасыз ету үшін жы­лы­на шама­мен 50 млрд. дол­лар қажет. Бұл про­б­леманы тек халық­аралық қоғам­дас­тықтың бірлескен күш-ж­ігерлері арқылы ғана шешуге болады. Екіншіден, экономикалық өсім қайта қорланып отыруы үшін, яғни алыпсатар қаржы құралдарына ауда­рылып кетпей немесе офф­шор­­­лық аймақтарда қалып қоймай, табы­с­­тар жаңа өндірістерге, білім беру­ді, денсаулық сақтау мен ин­ф­р­а­­­­құрылымды дамытуға қайта ин­вес­­ти­циялануы үшін барлық жағ­дай­лар­ды жасау керек. Бүгінде, сарап­­­шылардың бағалауынша, офф­­­шорлық есеп-шоттарда 30-дан 40 трил­лион долларға дейін сақ­талу­да. Осы активтерге жаһан­дық са­­лық­­тың бір пайызын ғана ен­гізу­­дің өзі дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтауды жаңа сапалы деңгейге шығаруға жағ­дай жасар еді. Ол салықтан түсе­тін қар­жыны жоғарыда аталған Адам капи­та­лын дамыту қорына бағыт­тауға бола­ды. Халықаралық валю­та қоры мен Дү­ние­жүзілік банк жаһандық эко­­но­ми­­каны офф­шор­сыздандыру бо­­­йын­ша ықпалды шаралар ұсынуы керек. Үшіншіден, деп жалғады сөзін Президент, бүгінде экономикалық пайданың артынан қуғандықтан, қоршаған ортаның кешенді мәселе­лері қолдан шығарылып алуда. Кли­маттық өзгерістерге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаһандық бас­таманың маңызы да өте зор, бірақ, басқа да проблемалар туралы ұмыту­ға болмайды. Париж келісімінің базасында «Жасыл» экономиканы дамыту бойынша Жол картасы мен та­биғи ресурстарды ұтымды пайда­лану жөніндегі келісімшарт жасау­ды ұсынамын. Ол ауаға зиян­ды қалдықтарды шығаруды қыс­қар­тып қана қоймай, сондай-ақ, жерді, ауыз суды, биоортаны сақ­тау бойынша шараларды қарас­тыруы қажет. Оның үстіне, өздері­не міндеттемелерді тек елдер ғана емес, сондай-ақ, жаһандық корпо­рация­лар да алулары тиіс. Өткен жылы оның орнына келген Киото хат­тамасы мен Париж келісімі ел­дерге СО2 шығарындыларын қыс­қарту бойынша міндеттемелер қалып­тастырады. Сонымен бір мезгіл­де, су ресурстары, биоор­таны сақ­тау, жердің азуына жол бер­меу, таби­ғат­ты тиімді пайдалану мәсе­лел­ері тек ұлттық және өңірлік дең­гей­л­ер­де шешілуде. Осы мәселелер бойын­ша жаһан­дық диалог жоқ. Бұдан бөлек, қолданыстағы барлық пішімдер елдердің қатысуын қарас­тырғанымен, ТҰК-те ірі табиғат пай­­даланушы болып табылады. Төртіншіден, әр елдің ұлттық дең­гейде ауқымды құрылымдық рефор­малар жүргізгені маңызды, деп қа­йыр­ды сөзін Қазақстан басшысы. Мемлекет басшысы келесі ке­зек­­те Қазақстанның жас мемле­кет екенін, үстіміздегі жылы Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдығын атап өтеті­ні­мізді айтып өтті. Ширек ғасыр бедерінде біз кар­тада жоқ мем­ле­кет­тен табысы орташа деңгей­лі, әлем­дегі бәсекеге аса қабілетті 50 ел­дің құрамына енген мемлекеттің жолын жүріп өттік. Осы кезеңде біз әкімшіл-әмір­шіл басқарудағы мешеу қалған эконо­микадан ашық нарық­тық эконо­микаға өтуге толық қол жеткізе алдық. Қайта жаңғырту­лар өте қиын жүрді және жанға ба­та­тындай болды, әлі көп нәрсе іс­теу керек. Алайда, жүргізілген ре­фор­малар­дың басты нәтижесі азамат­тары­мыз­дың әл-ауқатын түбегейлі жақсарту болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­­станның ІЖӨ-сі доллармен есеп­тегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс орны құрылды. Серпінді экономикалық өсім жағдайында біз табыстарда соншалықты бір айырмашылықтарға жол бермедік. Кедейшілік айтарлықтай деңгейде қысқарды. Егер 90-шы жылдардың басында әрбір үшінші адам Қазақ­станда кедейшілік шегінің арғы жағында өмір сүрсе, бүгінде кедей­шілік деңгейі 3%-дан да төмен. Экономикалық өсім өрлеп тұрған кездің өзінде де біз жалпыға бірдей тұтыну үрдісіне жол бермедік, деді сөзін сабақтаған Президент. Біз үшін адам капиталына инвестициялар салу, инфрақұрылымдарды дамыту, индустрияландыру және қазақстан­дықтардың болашақ ұрпағы үшін қор жасау басты басымдықтар болды және болып қалып отыр. Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақ­тау нысандары салынды. Тәуел­сіз­дік жылдарында әлеуметтік сала шығындары ІЖӨ-нің 6%-ы­нан 10%-ынан астамға дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 мил­­лион шаршы метрден астам тұр­ғын үй пайдалануға беріліп, халық­тың баспанамен қамтамасыз етілуі­ бір жарым есеге ұлғайды. Респуб­ли­калық маңыздағы 10,5 мың шақырым автомобиль жол­дары салынды және жөнделді. Индус­трияландыру бағдарламасы бойынша 6 жылда 3,8 триллион теңге сомасына 900 жоба қолданысқа енгізіліп, 85 мың тұрақ­­ты жұмыс орны құрылды. Ел­дің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса ал­ғанда, 95 миллиард долларды құрап, ІЖӨ-нің 50%-ына дейін артты. Біз жетекші трансұлттық корпо­рация­лармен тиімді ынтымақ­тас­тық­ты жолға қоя білдік. Тәуел­сіз­­дік жыл­дарында Қазақ­станға 255 мил­лиард доллар тікелей шетел ин­вес­­тициясы тартылды. Бұл елі­мізге және жүргізі­ліп жатқан рефор­ма­ла­рға деген сенімнің көрсеткіші болып табылады. Қазақстан қашанда интеграция мен өзара іс-қимылдың жақтау­шысы болып келді, Еуразиялық эконо­микалық одақ құру идеясын қолда­ды. Бүгінде ЕАЭО ақиқатқа айнал­ды және 180 миллионнан ас­там халқы бар 5 елдің басын бірік­тіреді. 2015 жылы Қазақстан Дүние­жүзі­лік сауда ұйымына толыққанды мүше болды. Қазақстан басшысы, сондай-ақ, өткен жылы елімізде аса маңызды бес институттық реформа жүзеге асырыла бастағанын атап өтті. Бұл жаңғыртулар заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппа­рат құруға, заңның үстемдігін қамта­ма­сыз етуге, индустрияландыру мен эко­номикалық өсімге, қазақ­стан­ды­қ­тар­ды болашақтың біртұтас ұл­ты­на топтастыру мен мемлекет­тің ашық­тығы мен есептілігін қамта­м­асыз етуге бағытталып отыр. «100 нақ­­­ты қадам» Ұлт Жоспары қабыл­­да­­­нып, оны жүзеге асыру үшін заң­на­­­ма­­ға өзгеріс енгізіліп үлге­рі­л­ді. Бұл әлем­­­де болып жат­қан түрлі те­ріс тренд­т­ерге бас­ты жауап болып табылады. Қазақстан басты мақсаты әлем­дегі аса дамыған 30 елдің қатары­на қосылу болып табылатын 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стра­­тегиясын жүзеге асыруда. Ал­­дағы онжылдықтың шешуші мін­деті – елді дамытудың қағидатты жаңа моделін қалыптастыру. Қазақ­стан экономикалық өсімді белсенді ету мен бәсекеге қабілеттіл­ікті ны­ғайту үшін орасан зор әлеует­ке ие. Біз өзі­міз­дің ұзақ мерзім­ді өсіп-өр­кен­деуі­міз бен орнық­ты­лы­ғы­мыз­ды тек қана еліміз аса бай таби­ғи ресурс­тар­ға тәуелділікке байлап қой­май­тын боламыз. Осыған орай негіз­гі міндет экономикалық өсімнің жа­ңа драй­верлерін қалыптастыру, ин­дус­­трия­­ландыруды жалғастыру, ха­лық­­тың жоғары деңгейлі табысы мен са­палы адам капиталы бар жеке сектор­ға басымдық берілетін зама­науи эко­номика орнықтыру болып табылады. Экономикалық өсім басым жағ­дай­да еңбек өнімділігінің, жеке­­м­еншік инвестициялардың және бәсе­келестіктің өсімімен қамта­масыз етілетін болады. Дамудың жаңа экономикалық моделін қалыптас­тыру барлық саладағы құрылымдық өзгерістерге негіз қалайды. Біз күш-жігерімізді мемлекеттік секторда жүргізіліп келе жатқан саясат­тың тиімділігін арттыруға және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша ІЖӨ-нің 15%-ына дейін төмендетуге жұмсайтын боламыз. Біздің экономиканың нақты сек­торы­ндағы негізгі міндетіміз – нарық­­­тық институттарды нығайту, ер­кін бәсекелестікті дамыту мен жеке іскерлік бастаманы ынта­лан­­­дыру. Біз әлеуметтік-қоғам­дық салада адам капиталын дамы­ту­ды инвестициялауды белсен­ді жалғас­тырамыз, бірақ мемлекет­тің, бизнес пен азаматтың жауапкер­шілігін нақты бөліп көрсететін боламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Қазақстанның салыстырмалы түрде алғанда қысқа ғана тарихын­да көптеген экономикалық сілкініс­терді – 90-шы жылдардағы толық ауқымды экономикалық коллапстан 2000-шы жылдардағы жан-жақты сыртқы естен тандыруларға дейінгі сілкіністерді еңсере алғанын көл­де­нең тартты. Біздің басты қағи­дат­­тарымыз – экономикалық праг­матизм, реформаларды жүзеге асыру­дағы дәйектілік пен аза­мат­­тардың әл-ауқатын арттыруға екпін түсіру – бізге барлық қиын­дық­тар­дан өтуге мүмкіндік беріп, біздерді күштірек ете түсті. Бүгінде барлық елдер қиындық­тар­ды бастарынан өткеру­де және ұлттық эгоизмге ерік бер­мей, әлем алдында тұрған сын-қатер­лерді еңсеруде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалог­тың түрлі пішімдері бар: G-7, G-20. Жаһандық және өңірлік эконо­ми­калық форумдар, мәселен, Давос­тағы, Боаодағы, біздің Астана­дағы секілді кездесулер өткізіліп келеді. Дайындалған шешім­дерді прак­тикалық пайдалануда келісу­шілік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл жерде барлық елдердің пікірі есепке алынуы тиіс. БҰҰ құрылымында немесе оның жанынан осындай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнайы комитет құратын уақыт жетті. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-Global» вир­туалды интерактивті алаңын белсенді пайдалануды ұсынамын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан басшысы сөзін аяқтай келе, форумның барлық қатысу­шы­ларына жемісті жұмыс­тары үшін ризашылығын білдіргісі келетінін мәлімдеді. Оның қоры­тындылары жаһандық дамудың ортақ қазы­на­сына қосылатынын атап өтті. Сондай-ақ, форумның барлық қаты­су­шылары мен қонақтарына зор ден­саулық пен табыстар тіледі. Елбасынан кейін мінберге көтеріл­­ген Дүниежүзілік сауда ұйы­­­мы­­ның бас директоры Роберто Азеведо қазіргі кезең жаһандық эко­но­миканың эвалюциялану дәуірін бастап бергендігін еске сал­­ды. Бұл ретте әлемдік сауданың ма­ңы­зы артып отырғандығына тоқталды. Осыдан екі мың жылдай уақыт бұрын халықтарды жалғастырып, халықаралық сауданың рөлін атқар­ған көне Жібек жолы Қазақ­стан аумағын басып өтетін. Бүгінгі күні қайта қалпына келе бас­таған сол көне жолдың жаңа бел­деу­лері ай­қын­далу үстінде. Ол бұрынғы­сын­ша Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Демек, осы арқылы біз тәуел­сіз Қазақстанның халықаралық сау­да-экономикалық қатынастарға мей­лінше кірігетіндігін көріп отырмыз. Соның бір куәсіндей өткен 2016 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сау­да ұйымына 162-ші мүше мем­лекет болып қосылды. Бұл жөнін­дегі келіссөздер 20 жылға жуық уақытты қамтыды. Сонымен, бүгінг­і күні Қазақстанды әлемдік биз­нес­ке ашық ел ретінде тануға әб­ден болады. Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев мырза аталған шараны ресімдеу үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтері орналасқан Швейцарияға келген кезде әңгіме­лесу­дің сәті түсті. Сонда Қазақстан басшысы Қазақстанның интеграциялау үдерісі мұнымен тоқтап қал­майтындығын айтқан еді, деп одан әрі қарай өз ойын Дүние­жүзілік сауда ұйымының қазіргі кезеңде шұғылданып отырған іл­гері жұмыстарын баяндаумен өтті. Соның бірі шағын және орта биз­несті цифрлық кеңістікке кіргі­зу­ге бағытталып отырғандығын айтты. Халықаралық валюта қоры­ның басқарушы директоры Кристин Лагард форумға қатысу­шы­­лар­ға жасаған бейне-жолдауын өзі­нің ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­­ды­ғы қарсаңында осындай құр­метке ие болғандығына қуа­ныш­ты екендігінен бастапты. Мен Қазақстанға сапарымда сіздерде құрылған керемет универ­ситет­тің студенттерімен кездесу мүмкін­дігіне ие болдым. Олар өте өршіл екен. Олардың бойында үлкен арман барлығын, сол арманға қол жеткізу мақсатын алға қойып, білім алуға барынша құлшыныспен кірі­с­кендіктерін байқадым. Мен олар­дың бойынан Қазақстанның жақсы бо­ла­шағын көргендей болдым, деді ол. Сонымен қатар, Қазақстанның өзінің ұлттық валютасы – теңгені еркін айналымға түсіргендігін дағ­дарыспен күрес жағдайындағы жетістік ретінде бағалапты. Енді фис­кал­дық саясатты қайта қарас­тырудың да жөні келгендігін, ел экономикасын әртараптандырудың беретін пайдасы да үлкен екендігін жеткізген. Сондықтан, қысқа мер­зімді саясатта экономиканы әрта­рап­тандыруға барынша мән беруді дұрыс деп есептейтіндігін жет­кізген. Халықаралық валюта қоры­ның Қазақстанмен әріптестігі лайы­қты жағдайда дамып келе жат­қандығын атап өте келе, бұл әріп­тестікті тереңдете түсуге ықы­ласты екендіктерін айтып, форумн­ың жұмысына табыс тілепті. Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті Сума Чакра­барти қазіргі күні жаңа эконо­микалық жағдай кеңістігіне шығуға ұмтылып жатқан елдер арасында мұндай мүмкіндікке Қазақстанның ие екендігін айтты. Осы бағытта елде жүргізіліп жатқан құрылым­дық реформаның серпінділігін сақ­тауға қолдау білдіретіндігін жеткізді. Бұл ретте экономиканы әр­та­раптандыру мәселесінің ма­ңызы зор. Ол экономиканы орнықты етіп, дағдарыс тудыратын сілкіністерден қорғайтын болады, деді ол. Сонымен қатар, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің білім экономикасын қаржыландыра бастағандығына ширек ғасыр уақыт болғандығын айта келе, осы мәселеге көңіл бөліп жатқан Қазақ­станның дұрыс бағытпен келе жат­қандығын атап өтті. Бұл ретте байланыстарымызды жақсарта әрі жетілдіре түсудің жағымды жақтары бар. Орталық ақпараттандыру жүйесі қалыптасып отыр. Көп жолақты интернетті пай­да­ланып жатырсыздар. Оны енді ауыл­ды жерлерге жеткізудің ма­ңызы зор. Біздің көмегіміз арқылы Грузия бұл мәселеге мән берген еді. Оның ақыры ауылды жерлерге жаңа технологиялардың келуіне жақсы мүмкіндіктер туғызды. Осы ретте Қазақстанда жаңа технология­ларға оқыту, кадрларды дайындау мәсе­лесінің маңызды екендігін білемін. Біздің осы бағытта әріптес­тігімізді дамыта түсуімізге жақсы мүм­кіндіктер бар екендігі анық, деді ЕҚДБ басшысы. Банктің білім экономикасын дамыту, әртараптандыру, жаңа технологиялар бағытында қолдау көрсете алатындығын жеткізді. Осыдан тура 17-18 жыл бұрын қазіргі кезде әлемдегі ең ірі ком­панияның біріне айналған Alibaba Group компаниясының негізі қаланған еді. Қазір мен бүкіл әлемге танылған осы компанияның негізін қалаушы және Alibaba Group ком­паниясы директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма мырзаға сөз кезегін бергенді жөн көріп тұр­мын, деді пленарлық отырыстың модераторы Хэмиш МакРей. Бүгінгі жиынға қатысу мен үшін үлкен құрмет, деп бастады өз сөзін Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Талай рет мен осы Ұлы Дала үстінен ұшып өттім, бірақ бір де бір рет қонудың реті келме­ді. Міне, енді, АЭФ – жаһандық үн­қатысу алаңының арқасында мен Қазақстанның суын ішіп, ауасын жұту құрметіне ие болдым. Мені таңғалдырған бір жағдай – даланың кәусар самалы адамның бойы­на жылылық пен жарасымды­лық нұрын себеді екен. Тағы бір бай­қағаным, мұнда еуропалықтар да, азиялықтар да өздерін өте еркін сезінеді. Осыдан тура 2000 жыл бұрын осы Ұлы Дала төсімен Ұлы Жібек жолы тартылып, сансыз керуендер Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа қарай жол тартқан еді. Дәл сол кезеңде ешкім Еуропаны Азияның құрметтейтінін, Азияны Еуропаның құрметтейтінін болжап білген жоқ болатын. Жаһандық экономиканың алғашқы түренін салған сол Ұлы Жібек жолының дәл ортасында Қазақстан даласы жатыр. Бүгінгі қазақ жеріндегі кәсіпкерлік рухы сол бір дәуірлерден бас­тау алған. Міне, бүгін осы Ұлы Жібек жолы салған даңғыл бағыт­­пен ғаламтор жолы әлемді байланыс­тырып жатыр. Өскелең ұрпақ өмірге әкелген интернет әлемді өзгертеді. Технология бұл – болашақ. Біз қаласақ та, қаламасақ та озық технологиялар негізінде жасал­ған роботтар адамнан да ақылды болуда. Сондықтан, бүгінгі таң­да адам «компьютер ақылды ма, әлде адам ақылды ма?»  деген салыс­тырмалы теңеуге жол бермеуі керек. Өмір адамзат ақыл-ойымен дамиды. Бірінші өнеркәсіптік төң­керіс нәтижесінде жаңа жұмы­с орындары ашылды, екінші өнер­кәсіп­тік төңкеріс одан да көп жаңа жұмыс орындарын ашып, адам­ның қабілеті мен білімін арт­тыра түсті. Міне, жаһандық ауқым­да қозғалысқа түскен төртінші өнер­кәсіптік төңкеріс те жаңа маман­дар қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Атақты Марко Поло Италиядан шығып, Қытайға жеткенше төрт жыл уақытын жолда өткізген екен. Бүгін интернеттің арқасында бұл қашықтықты көзді ашып-жұмғанша еңсеруге болады. Осыдан 18 жыл бұрын біз өз ком­паниямыздың іргетасын қалағанда, дәл осындай межеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Озық технология қашанда табысқа бастайды. Енді бір 30-40 жылдың ішінде адамзат мәңгілік жастық сырын ашып, қатерлі ісік қасіретінің емін табатын болады. Біраз уақыттан кейін біз ақпараттық технологияның озық жетістіктері туралы тамсана айта­тын боламыз. Осыдан біраз жыл бұрын адамдар әлеуметтік желілер туралы ойланған да жоқ. Ал бүгінде Google, Facebook, Twitter желілерінсіз өмірді елестету қиын. Ендеше, болашақ жаңа инно­вация­лық технологиялардың зама­ны болмақ. Қазақстан ДСҰ-ға мүшелікке өту үшін 20 жылға жуық келіссөздер жүргізіпті. Енді осынау инновациялық ұйымның жемісін көретін болады. Келесі кезекте Колумбия уни­вер­ситеті Жер институтының ди­рек­­торы Джеффри Сакс сөз алды. Мен осыдан тура 24 жыл бұрын Қазақ­станда болған едім. Сол кезеңде Сізбен, жоғары мәртебелі Прези­дент мырза, Алматы қаласын­да кездескен едік. Осы кездесу барысында болған әңгімеде мен Сіздің болашаққа деген көзқара­сыңызды ұққан едім. Бүгінгі жаһан­дық жиынға шақырғаныңызға да рахмет. Еуразия болашақта бүкіл жаһан­дану үрдісінің орталығы бола­ты­нына сенімдімін. Осыдан 2000 жыл бұрын бұл даламен Ұлы Жібек жолы өткен болса, бүгінде Орт­алық Азия тағы да электрон­ды тех­нологияның орталығына айналуда. Бүгінде адамзат алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі жаһан­дық жылыну үрдісінің алдын алу болып табылады. Біз жерімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Осыдан ширек ғасыр бұрын жаһандық жылыну мәселесі туралы сөз қозғалған кезде біз бұл апаттың ауқымын болжап көрмеген едік. Ал бүгінде бұл адамзат алдында тұрған үлкен қатерлердің біріне айналуда. Жоғары мәртебелі Прези­дент мырза, Сіздің жаңағы айтқан сөздеріңіз бәрімізге керемет ой салды. Білім саласын дамытпай, біз алға жылжи алмаймыз. Бүгінде әлем­де миллиондаған балалардың сауаты жоқ. Миллиондаған балалар аштықтан зардап шегуде. Бұл – қоғамды жайлаған қайыршылықтың кесірі. Сондықтан, Сіздің БҰҰ шең­берінде осы мәселелерге бай­ла­нысты жаһандық ұйым құру туралы ұсынысыңызды жан-жақты қолдаймын. Сонымен бірге, пленарлық оты­рысты жүргізуші модератор оңтүс­тіккореялық экономист Ха-Джун Чангке сөз берді. Ол өз сөзін­де бү­гін­де экономикалық сарап­шы­лар­дың жаһандық үнқатысу алаңына айналған Астана экономи­калық форумынан алған әсерлерімен бө­ліс­ті. Содан кейін пленарлық оты­рыс­тың модераторы Хэмиш МакРей отырысқа қатысушылардың атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сұрақ қойды. «Адам өміріндегі ал­ғаш­қы 25 жыл жеткен жетіс­тік­те­р­ді пайымдап, жүріп өткен жолына бір рет есеп беретін кезең сияқты. Жоғары мәртебелі Президент мырза, Сіз Қазақстанның осы бір жүріп өткен 25 жыл кезеңіне көз тастап, алдағы 25 жылға қандай бол­жам­дар айтар едіңіз?» – деген. Елбасы пленарлық мәжілісті жүргізушінің сұрағына жауап бере келіп: «Біз осы бір өткен 25 жыл ішін­де қандай жұмыс атқарғанымыз туралы жаңа сөйлеген сөзімде бір­шама жауап бердім. Алға қойған реформаларды жүзеге асыру арқылы еліміз белгіленген жетістіктерге же­тіп келеді. Профессор Сакс өз сөзін­де Боливияда болған гипер­инф­ляция мәселесін тілге тиек етті. 90-шы жылдары біздің елімізде де инфляция деңгейі жүздеген па­йыз­­дан асып кетті. Ең бастысы, біз ре­­формаларды жүзеге асыра оты­­рып, 130 ұлт, көптеген діни кон­­фессия өкілдері тұратын елде тату­­лық пен бейбітшілікті сақтай біл­­дік. Мен 17 жыл ішінде осы жер­­­де бүгінгі ел астанасының ірге­­та­­сын қалап, осындай елорда сал­­дым», – деді Елбасы. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев еліміз­дің таяу болашақтағы даму бағдар­ла­ма­­­ла­рына тоқтала келіп, Қазақ­стан­ның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қата­­ры­­на кіру міндетін ерекше атап көрсетті. Астана экономикалық форумы аясында кеше түске дейін әртүр­лі бағыт бойынша бірнеше сес­сия отырысы өтті. Онда әлемдік экономика дамуының негізгі қалыптары мен қиындықтары, сондай-ақ, жаңа экономикалық шынайылық жағдайында экономика өсуін қамтамасыз ету мәселелері одан әрі талқыланды. Бүгінде жаһан жұртын алаң­дат­­қан әлемдік дағдарыстың зардап­тары  халықаралық қауым­дастықтан экономикалық өсу бойынша жаңа тәсілдер мен  жолдар іздестіруді талап етуде. Ал оның бірегей бағы­ты экономиканы барынша әрта­раптандыру үдерісі болып табы­ла­ды. Тіпті, ұзаққа созылған эконо­микалық құлдыраумен күресу мүмкіндігі де осыған келіп тірел­гендей. Міне, осы тұрғыда әлем ғалымдары жаһан экономикасын ілгерілетудің тиімді әдісін ойласу­да. Шындығында, дағдарыс инно­­вациялық тәсілдер және техно­логияларды енгізу есебінен, барлық елдерге жаңа нарықтарды игеру, еңбек өнімділігін арттыру бойынша қосымша мүмкіндіктер ұсынуда. АЭФ-2016 қатысушылары кешегі отырыстарда да осындай ойларын ортаға салды. 26-05-08 26-05-09Екінші күннің еншісінде оншақ­ты сессия өткен болатын. Соның бірі «аймақтық және жаһандық іс-әрекеттер: жаһандық өсу үшін саяси батыл қадамдар қажеттілігі» деп аталды. Онда танымал көшбас­шылар ашық пікірсайысқа шықты. Шараны Еуразиялық экономикалық комис­сия­ның төрағасы, 2008-2014 жылдардағы Армения премьер-министрі және орталық банкінің 1998-2008 жылдардағы  төрағасы Тигран Саркисян жүргізіп отырды. Ал Ресей Ғылым академиясының академигі, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының үш шақы­рылымдағы депутаты Сергей Глазьев, 2007-2012 жылдардағы Франция премьер-министрі Франсуа Фийон, Италия премьер-министрі (1996-1998 жж., 2006-2008 жж.), экс Еурокомиссия Президенті Романо Проди, 2007-2008 жыл­дар­­дағы Австрия федералдық канц­лері Альфред Гузенбауэр, Польша Республикасының бұ­рын­­ғы президенті Александр Квасьневски, 1999-2001 жыл­дар­дағы Израиль премьер-министрі, 2007-2013 жылдардағы Израиль қорғаныс министрі Эхуд Барак, Қырғыз Республикасының бұрынғы премьер-министрі Джоомарт Оторбаев сияқты саясаткерлер пікірсайысқа қатысып, экономи­ка­лық жағдайды түзеу үшін қа­был­­дануы тиіс шаралар жайын тал­қы­лады. Мәселен, Ресейдің бұрын­ғы сыртқы экономикалық ба­йла­ныс министрі Сергей Глазьев әлем экономикасына ықпал ететін бір­неше салаларды атап шықты. Маман­дар оның пайымдары бі­з­дің елімізге де тиімді тұстары көп екен­дігін жеткізді. Біз жа­һан­дағы түрлі оқиғаларға қарап оты­рып, экономикамызды дамыту­­дың көптеген жолдарын қарас­тыр­ғанымыз абзал. Себебі шикізат, табиғи ресурстар, пайдалы қазбалар заманы аяқталды. Осы жерде адами фактор кезеңі келді. Болашақта экономиканы, денсалық сақтау, білім беру мен ғылым сала­сын қарастыру керек, деді С.Глазьев. Форум аясында өткен тағы бір шара «Kazakhstan Privatization Forum» деп аталды. Онда елімізде жүр­гізіліп жатқан жекешелендіру үдерісіне қатысты мәселелер тал­қыланды. Жекешелендіру үдерісі тәжірибеде қалай және қандай жағдайда жүргізіледі? Қазақстанның энертегика саласының даму және өсу перспективалары қан­дай? Бұған жаһандық шикізат нарығындағы оқиғалар мен ақша саласындағы жағдай қалай әсер етті?  Жекешелендіруге жатқы­зы­латын ұйымдардың талдауы және бағалау көрсеткіштері мен перс­пективалары қандай? Осы сұрақтарға жауап іздестірілді. Жер­­гілікті, аймақтық және шетел­дік инвесторлар үшін инвес­ти­ция­лаудың жолдары және меншік нысандары, мемлекеттік қолдау мен ынталан­дырма бағалауы,  жұтылу жөнін­дегі келісімдерді қаржылан­дырудағы үрдістер мен өзгерістер жайы әңгіме арқауына айналды. Шараны «Financial Times»-тың Мәскеу мен Орталық Азиядағы тілшісі Джек Фарчи жүргізіп отырды. Қазақстанның Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бас­қарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бас­қарма төрағасы Ерболат Досаев,  «ҚазАгро» Ұлттық бас­қару­­шы холдингі» АҚ басқарма төр­ағасы Нұрлыбек Мәлелов қаты­­­сып, елдегі жекешелендіру бағ­дар­ла­масына байланысты жүр­гізіліп жатқан жұмыстар жайын баяндады. Форум аясында өткен тағы бір маңызды шара – кәсіби мемлекет­тік аппарат тақырыбындағы сессия­ға Мем­лекеттік қызмет істері ми­нистрі Талғат Донақов, БҰҰ-ның Бас хатшысының көмекшiсi, Еуропа және ТМД елдерiне арнал­ған аймақтық бюроның дирек­торы Жихан Сұлтаноғлу,  Аста­на­дағы Мемлекеттік қызмет сала­сындағы өңірлік хаб басқару­шы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов,   Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанын­дағы Мемлекеттік басқару академия­сының ректоры Болатбек Әбдірәсілов және тағы бас­­қа­­лар қатысып, сөз сөйледі. Олар  мемлекеттік қызметтегі ин­­н­о­­­ва­­циялар,  мемлекеттік қыз­мет саласында инно­ва­ция­лық әдіс­те­мелерді енгізу­дің халы­қ­ара­лық тәжіри­бесі,  мем­ле­кет­тік қы­змет көрсету­дегі зама­науи тех­­нологиялардың рөлі, мем­ле­кеттік қызмет көр­сет­у­дегі за­манауи тренд­тер,  мем­лек­ет­тік қызмет­керлерді иннова­циялық оқыту сияқты тақырыптарды тал­қылады. Т.Донақов өз кезегінде мемлекеттің табысты дамуы үшін «жинақы» мемлекеттік аппарат құру қажеттігін айтты. Соңғы жыл­дары еліміз мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласын­да ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатқандығына тоқталған министр, Қазақстан Президенті бастамашылық еткен бес институт­тық реформаны еліміз іске асыру­ға кіріскенін, сондай-ақ,  осы рефор­ма­лардың арасында біріншісі мемле­кеттік аппаратты жаңғыртуға бағыт­талғаны символдық мәнге ие екенін атап өтті. Мемлекетті табысты дамыту­дың негізі –  ықшам мемлекеттік аппарат құру. Мұндай аппарат экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды, сондай-ақ, сапалы мем­лекеттік қызметтер ұсынуды қамта­масыз етеді, деді Т.Донақов. Осы ретте ол Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мемлекеттік қызметтің жаңа моделін жүзеге асырудың локомотиві, сонымен қатар, барша мемаппаратты кәсібилендірудің орталығы мен тетігі болуы тиіс екенін атап өтті. Түзіліп отыр­ған модель мемлекеттік қызмет, мем­лекеттік басқару және сыбайлас жем­қорлыққа жол бермеу тұрғы­сында  шетелдік тәжірибеге баса мән береді, деді министр. БҰҰ Бас хатшысының көмек­шісі, БҰҰ Даму бағдарламасы әкім­шісінің көмекшісі Жихан Сұлтаноғлу Астанадағы Мем­ле­­кеттік қызмет өңірлік хабы жа­йын­да ойымен бөлісті. «Астанада Мем­­лекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты құру туралы Қазақ­стан Үкіметі мен БҰҰ ДБ-ның бастамасын мақтан тұтамыз. Бұл хаб біліммен бөлісуге және әлеуетті кеңейтуге қажетті тұғырнама», деді Ж.Сұлта