27 Мамыр, 2016

Кеңес мүшелерімен кездесті

169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
26-05-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кеңес мүшелері қатарында ЕҚДБ президенті  С.Чакрабарти, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы Д.Френкель, The Blackstone Group төрағасы әрі негізін қалаушы­лардың бірі С.Шварцман, Ресей Сбербанкінің президенті әрі басқарма төрағасы Г.Греф сияқты беделді қаржы институттарының басшылары бар. Кездесу барысында Қазақстан­дағы қаржы қызметінің жетекші халықаралық орталығы ретіндегі Астана халықаралық қаржы орталығының алдағы жұмысының мәселелері әлемдік үздік тәжіри­белер негізінде талқыланды. Қазақстан Президенті Орта­лықты құру ісі еліміздің экономикасын әртараптандыруға және оның қазіргі жағдайдағы орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық реформалар аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. – Жобаны заңнамалық тұрғы­дан қамтамасыз ету мақсаты­мен конституциялық заң қабылданды, инвесторлардың жұмысы үшін теңдессіз жағдайлар жасалды. Дербес пішім бойынша қыз­мет ететін және ағылшын құқы­ғы қағидаттарын қолдануға, шетел­дік судьяларды қатыстыруға не­гіз­дел­ген арнаулы жүйе жұмыс іс­тей­тін болады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық қаржы орталы­ғы бүкіл өңір үшін жұмыс істеп, уақыт өте келе танымалдыққа ие бола­ды деп үміттенетінін жет­кізді. – Біз бұл жобаның ауқымды әрі күрделі іс екенін түсінеміз. Бүкіл өңіріміздің қызығушылығын оята білу, АХҚО-ны «Жібек жолының экономикалық белдеуі» аясында қаржылық қызмет көрсету орталығына айналдыру маңызды. Бұл тараптағы бос орынды иемденіп, біртіндеп дами бастау қажет. Біз Қазақстанға келіп, осында жұмыс істеуге болатынына көз жеткізген халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі бизнесмендер атсалысады деп үміт артамыз. Жан-жақты қолдау арқылы аталған жоба аясында жұмыс істеу қызықты болатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті. 26-05-02«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов Кеңес мүшелерінің жұмыс жүргізіліп жатқан бағыттар­дың танымал өкілдер екенін атап өтті.  Нақтырақ айтқанда, бұл бағыттар – активтерді басқару, «жасыл» қаржы индустриясын құру, жаңа қаржы технологияларын ілгерілету бағыттары. Ол сондай-ақ биылғы жылдың со­ңына қарай «роуд-шоу» өткізу жос­парланып отырғанын, оның ая­сында шетелдік инвесторларға орта­­лықтың мүмкіндіктері туралы ақ­парат ұсынылатынын айтты. Жал­пы алғанда, АХҚО «ЭКСПО» халық­ара­лық көрмесі аяқталатын 2017 жылдың қыркүйегіне қарай қызметін бастауға, компаниялардың алғашқыларын қабылдауға дайын болады. «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің мүшелері орталықты дамытуға қатысты өз көзқарастарын білдірді, сондай-ақ АХҚО-ны және оның қызметтерін ілгерілету жөніндегі нақты ұсыныстарын айтты. Айталық, С.Чакрабарти ЕҚДБ бұл жобаның белсенді қолдаушысы екенін жеткізді. – Қаржы орталығын құру ісіне өзіміздің сарапшылық үлесімізді қосу біз үшін мәртебе. Сондай-ақ, Қазақстан «жасыл экономика» саласында маңызды көшбасшыға айналып келе жатыр деп ойлаймын. Өзгелер де Қазақстанға келуге мүдделі болуы үшін біз халықаралық қаржы институттарын дамытуға қолдау көрсетеміз деп берік сеніммен айтамын, – деді  ЕҚДБ президенті. The Blackstone Group төрағасы әрі оның негізін қалаушылардың бірі С.Шварцман АХҚО құру туралы шешімнің маңыздылығына тоқталды. – Біз бүкіл әлемде заңның үстемдігі, ағылшын құқығын, амери­калық заңгерлік тәжірибені қолдану сияқты барлығы сенім артатын мәселелерге жиі кезігіп отырамыз. Қазіргі уақытта әлемде мұндай қаржы орталықтары көп емес. Осы арқылы Сіз Қазақстанды әртараптандырып, оны дамудың қазіргі заманғы бағыттарын өз тәжіри­бесіне енгізген азғантай елдер­дің қатарына қосасыз, – деді С.Шварцман. *** АХҚО жобасын жүзеге асыру ел экономикасына қосымша елеулі қаржы ресурстарын әкеліп, отандық қаржы секторын экономиканың қызметтерді экспорттайтын және елдің ішкі жалпы өнімін ұлғайтуға үлес қосатын бәсекеге қабілетті саласына айналдыруға мүмкіндік береді. АХҚО-ны дамыту стратегиясы капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржылан­д­ыру және қаржы технологияла­ры сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Капиталдың локалды нарығын дамыту үшін Орталық әлемнің көш басындағы биржалары арасындағы стратегиялық серіктеспен бірлесіп, АХҚО-ның әлемдік стандарттарға сай келе­тін, жоғары технологиялық бир­жалық инфрақұрылымын қалып­тас­­тыру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл жұ­мыс аясында Орталық Лондон қор биржасымен және металдар бир­жа­сымен, NASDAQ, Чикаго тауар бир­жасымен, NASDAQ Dubai, Нью-Йорк қор биржасымен қызу келіссөздер жүргізді. Бұдан бөлек, АХҚО-ның қызмет­тері ұсынылатын серіктес елдердің қаржы нарығына қатысу­шылармен, реттеушілермен кездесу­лері және алқалы жиындары өтті. Мәселен, Шанхайға, Гонконгқа, Лондонға, Мәскеуге, Торонтоға барған сапарлар аясында орталық банктер­дің басшыларымен, инвести­ция­лық банктермен, қор биржаларымен, сондай-ақ, осы елдердің бизнес құрылымдарымен келіссөздер жүргізілді. Әлемдік экономика бағдарын таза технологияларға қарай ауыс­тыру үдерісіне көшіп жатқанын ескере отырып, АХҚО аясында «жасыл» қаржыландыру тетіктерін енгізу мен дамыту ісі жоспарлануда. Бұл ретте жоғары технологиялық ЭКСПО-2017 көрмесі «жасыл технология» саласындағы зерттеулер үшін нақты инфрақұрылымды ұсынса, АХҚО оның қаржылық бөлігін қамтамасыз етеді.