27 Мамыр, 2016

Өрге басқан өнеркәсіп

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_3822Нарықтық экономика дегеніміз алып сатарлық емес. Бір базардың сөресіндегіні екіншісіне апарып, үстіне аздаған тиын-тебен қосып, соның пайдасына ғана шүкіршілік етіп отырудың күні өтіп барады. Болмаса, ала дорбасын арқалап Қытайдан, Түркиядан зат жеткізудің де заманы бітуге тая­ды. Өйткені, өркениет көші өндіріс пен өнеркәсіпке әлдеқашан өтіп кеткен. Өзің өндірмей, өзгенікін тұтыну өз-өзіңді өзекке тепкенмен бірдей ғой. Тұрақты кәсібіңді ашып, нарықтың дауылы мен жауынына төтеп беретін тірліктің көзін таппай, екі бүйіріңнің тоқ болуы да қиын. Сондықтан соңғы жылдары өңірлерде өнеркәсіп пен өндіріс саласы қарқынды дамып келеді. Соның бір көрінісін Қызылорда облысынан көруге болады. Мәселенки, осы жылдың соңғы 4 айында өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша 38,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Қай нәрсенің арық-кемі салыстырған кезде айқындалады. Осы көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстыра қарасақ, онда өнімнің 115,7 пайызға дейін артқанын көрер едік. Ал енді көрсеткіштің осынша жоғарылауына не себеп? Бұған индустриялық карта аясында іске қосылған жобалар мен бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорындардың жұмысына тың серпіліс қосылып, шығаратын өнім көлемінің ұлғаюы басты себеп болып отыр. Жыл басынан бері 10,2 миллиард теңгенің тамақ өнімдері өңделді. Атап айтсақ, 56 647 тонна күріш нарыққа жі­берілді. «Арал тұз» бен «РЗА» секілді акционерлік қоғамдар жобаларының арқасында йодталған тұз өндіру 14,3 пайызға, өңделген сүт өндіру 94,4 пайызға өсті. Мұнай өнімдерін өңдеу саласында 1,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, ондағы өсім 116,5 пайызды құрады. Аймақта мұнай өнімдерін өндіретін «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жұмыс жасауда. Бұл мекеменің жылдық қуаттылығы 100 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын та­рапынан қазіргі кезде мұнай өндірісі көлемінің төмендеуіне қарамастан жұмысшылар санын қысқартпай, өнім көлемін көтеру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта зауыт ин­дустриялық даму бағдарламасы аясында мұнай өңдеу көлемін жылына 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Химиялық өнеркәсіп өнімдері саласында 3,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл салада облыс бойынша үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан Жаңақорған ауданындағы жылдық қуаттылығы 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС және Қызылорда қаласындағы «Хуа Ю Интернешнл в Кызылорде» ЖШС тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Резеңке және пластмасса өндірісінде 1,4 миллиард теңгенің бұйымдары шығарылған. Аймақта пластик есік-терезе шығаратын шағын цехтар мен полиэтилен құбырлар шығаратын «Қуат» ЖШС мен «Қазақстанның мұнай химия «Кемикал» компаниясы» ЖШС жұмыс істеп тұр. Металлургия өнеркәсібінің не­гізгі бағалы және түсті металдарды өндіру саласы бойынша 16,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Машина жасау, жөндеу және орнату саласында есепті кезеңде 3,1 миллиард теңгенің қызметі атқарылды. Бұл салада негізінен «Қазалы вагон жөндеу депосы» ЖШС, «Қазалы локомотив жөндеу депосы» ЖШС, «Ремпассажирвагон» ЖШС, «Сек­сеуіл локомотив жөндеу депосы» ЖШС теміржол саласында қызмет көрсетуде. Құрылыс заттарын өндіру бойынша 1,4 миллиард теңгенің тауары шығарылды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 46,1 пайызға артқан. Экономикалық әл-ауқаты мұ­найдың ғана бағасына байланып тұрған бір кездегі облыстың бүгінде әр тарапта еңбек етіп, нәтижелі жұмыс істеп жатқанын жоғарыда біз келтірген деректен білуге болатын шығар. Сондай-ақ, бұл аймақта атқарылып жатқан қыруар шаруаның бір парасы ғана екенін де айта кеткен абзал. Алдағы уақытта жұмыс жан-жақты еселеніп, ел экономикасына елеулі үлес қоса беретін болады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы