01 Ақпан, 2011

Демократияның тарихи тағылымы

517 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Отандастарымыз Елбасы шешімін осылай бағалап отыр Біраздан бері көп көңілін күпті еткен, барша жұртты елең­дет­кен мәселенің түйіні тарқатылды кеше. Түске дейін Конс­ти­туциялық кеңес ұйғарымы жария етілді. Түстен кейін ел Ел­басының не айтарын күтті. Елбасының қазақстандықтарға үндеуі теледидар арқылы кешкі сағат бесте тікелей эфирден берілді. Осыдан соң-ақ біз депу­тат­тарға хабар­ластық, облыс­тар­дағы меншікті тілшілерімізге, редак­цияның Алматы бөлімшесіне халық ойын жедел жинақтауды тапсыр­дық. Кейбірі көзбе-көз, кейбірі телефон арқылы жазылып алынған, кейбірі электронды поштамен жеткізілген сол пікірлер топтамасын оқиғаның ізін суытпай оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан НЫҒМАТУЛИН: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ПРИНЦИПКЕ АДАЛДЫҚ – Бүгін Елбасымыз Ата Заңымыздың кепілі жә­не нағыз де­мократиялық тұлға ре­тінде бұрын әл­ем­дік саясатта болма­ған та­­рихи қа­дам жа­са­ды. Себебі, еліміздегі 5 мил­­­ли­оннан астам хал­қы­мыз­дың, соны­мен бір­ге, Парла­мен­тіміздің,  бү­кіл аза­мат­тық қоғамның  ре­­ферендум өткізу ту­ралы бастаманы қол­дауына қарамастан, Ел­ба­сымыз кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді Президентіміз қазіргі өкілеттігі екі жылға қысқаратынына да қарамастан қабылдап отыр. Сондықтан осы өте маңызды қадам – Прези­дентіміздің әрқашанда мемлекетіміздің, еліміз­дің мүддесін бәрінен де жоғары баға­лайтынын, Конституциялық және демокра­тия­лық принциптерге өзінің адалдығын тағы да көрсетті. * * * Мәжіліс депутаты Ержан ИСАҚҰЛОВ: БҰЛ ШЕШІМ – АСҚАН АҚЫЛДЫҢ АЙҒАҒЫ – Жақында Президенттік мәдениет орта­лы­ғында қатыс­қан  қа­уымның бә­рі­нің есінде қалатын­дай әде­мі бір іс-шара өтті. Ол ағ­ыл­шын қаламгері Джонатан Айт­кеннің Елба­сы­мыз туралы жазыл­ған «Нұр­сұл­тан Назарбаев және Қазақ­станның қа­рыш­ты қа­да­мы» атты кітабы­ның қа­зақша нұс­­қа­сы­ның тұсауке­сері. Рәсім кезінде зиялы орта өк­ілдерінің талай-талай та­маша ойлары ортаға салынды. Соның бірі академик Жабайхан Әб­ділдиннің Елбасының ақылдылығы жөнінде айт­қа­ны еді. Ақылдылық ең алдымен жұрттың ойына келмейтіндей шешімдер қабылдаудан, сол шешімдерді жүзеге асыра алудан көрінеді, деді  философ ағамыз. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы кешегі жария еткен шешімі арқылы жұрттан асқан саң­лақ саясаткер екенін тағы да тамаша танытты. Неге дейсіз ғой? Себебі – осы үндеуімен Елбасымыз бірнеше мәселені қатар шешіп отыр. Ең алдымен, халықтың тілегіне құрметін қалт­қысыз көрсетіп отыр. Одан кейін Ата Заңды ардақтаудың әдемі үлгісін танытып отыр. Одан кейін демо­кра­тиялық қағидаттарға адалдығын, бүкіл өркениетті әлем ұстанатын құндылықтарға құр­мет­пен қарай­тынын айшықтап отыр. Осы үшін Елбасымыз өзінің заңды президенттік өкілеттілігін өз еркімен екі жылға шегеруден де тайынбады. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Шын мәнінде Конституциялық Кеңес осы мәселеде респуб­ли­калық референдум өткізуге болмайды деп кесіп-пішіп айтқан жоқ болатын. Демек, Президенттің референдумға келісім беріп, тек осы ұсынысты қолдау идеясының өзін жақтап 5 миллионнан астам адам қол қойып отырған тұста өз өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартып алуға әбден-ақ мүмкін­дігі бар еді. Елбасы ол қадамнан бас тартты. Өйткені, біздің Президентіміз үшін бә­рінен бұрын  елдің ертеңгі келбеті, азаматта­ры­мыздың Консти­туцияны берік ұста­натын дәстүрмен тәрбиеленуі маңызды. Мұндай дана шешімнен соң халқымыз Тұңғыш Президентін – Елбасын бұрын­ғыдан да қасиет тұта құрметтей түсетін болады. * * * Мәжіліс депутаты Шалатай  МЫРЗАХМЕТОВ: ҚИЫН ТҮЙІНДІ ДАНАЛЫҚПЕН ТАРҚАТТЫ – Қазақстан Пар­ла­ментінің 15 жыл­ды­ғына ар­нал­ған сал­танатты жи­­налыс аяқ­талысымен бә­ріміз де Ақ­орда жаққа алаң­даумен болдық. Түске дейін Консти­туция­лық Ке­ңес біз қабыл­даған заң­ды Конс­титуцияға сәй­кес келмейді деп тап­қанда кәдімгідей қиналып қал­ғанымыз рас. Біз ол шешімді элек­то­раттың жар­тысынан астам бөлігі­нің, яғни 5 миллионнан астам адамның тілегін еске алып, Нұр­сұлтан Әбішұлының тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан бү­гінгі күнге дейін мемлекет үшін атқарған қыз­ме­тімен қатар, алда да ат­қаратын қызметінің ауқымы үлкен екенін, Қа­зақстанның жарқын болашағын тек Тұңғыш Президентіміз – Ел­басының  есімімен бай­ла­ныс­тыра­ты­ны­мызды ескере оты­рып, қабылда­ған ед­ік. Осы арқылы біз халықтың еркін білдірген болатынбыз. Президент заңды қа­былдамай таста­ған­да да, өз  өкі­лет­тігімізді пайда­ла­нып, тиісті өзге­рі­стерді қай­та­­дан енгізетін қадам­дарға барған едік. Мұ­ның бә­рінде Парламент өзін сай­лаған халық­тың  тілегін бас­шылыққа алды. Сонымен бірге, Ел­ба­сының ел халқына үндеуін естігендегі қуа­нышымыз да түсінікті деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы өте бір шиеленіскен, қиын түй­інді  өзіне тән даналықпен тарқатып берді. Қазіргі шешім бойынша барлық тараптардың талаптары сақ­талып отыр. Ең алдымен халқымыздың елді Елбасымыз алда да басқара берсе екен, асудан асуға асыра берсе екен, мемлекетіміздегі сүттей ұйыған татулық сақтала берсе екен деген ақ тілегі ақталып отыр. Өйткені, алда болатын президенттік сайлауда ел-жұртымыз мемлекеттің мерейін тасытқан, Алаш­­тың бағын асырған Азаматтың аты озып келуі үшін қолдап дауыс беретіндігіне біз кәміл сенеміз. Екінші жағынан, Елбасымыз осы шешімі арқылы халық үшін қандай қадамға да баратынын кемел  көрсетіп отыр. Президент елде қалыптасқан саяси аху­ал­дың дұрыс арнада бағыт алуы үшін өзінің екі жылдық өкілеттілігін өз қолымен қысқартудан да бас тартпа­ды. Осы арқылы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы елде демо­кра­тиялық үдерістердің көңіл­де­гідей жүруіне жағ­дай жасайтынын танытты. Келешектегі ке­зең­дердің саясаткерлеріне Ата Заңға аялай қараудың асыл үлгісін көрсетті. Ал енді алдағы өтетін сайлаудың (ол жөнін­дегі заңның Парламент тарапынан қолдау таба­тынына ешқандай күмән келтірмеймін) нәтиже­сіне келсек, оның басы ашық деп ойлаймын. Қазақстан халқы елді ең бір қиын кезеңдерден аман-есен алып шық­қан, экономикалық дәуле­тіне рухани сәулеті сай мем­лекет құрып, оны бүкіл әлемге танытқан Нұр­сұлтан Әбішұлына ра­зылығын президенттік сайлауда жаппай жақ­тап дауыс беру арқылы тағы да танытатыны талассыз. * * * Мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВ: САЙЛАУ БОЛСА – САЙЛАУ БОЛСЫН – Жас шағымнан көп күресуге, талай тіресуге тура келгендіктен бе екен, өз басым саясат­тағы сай­ыстарды жақ­тап тұ­ра­мын. Президент Нұрсұлтан На­зар­ба­ев­­тың Конститу­ция­лық Ке­ңес түсіндір­ме­­сіне сәй­кес қабыл­даған шешімі, яғни мер­зімінен бұрын Пре­зидент сайлауын өт­кізу туралы ұсыныс енгізетінін жария етуі қай жағынан қа­рағанда да көкейге қонымды, заңға толымды. Бұл арқылы Елбасымыз халықтың сайлау құқын қамтамасыз етумен қатар, кеше ғана Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық еткен, Ұйым­ның Саммитін өткізген ел­дің, демократиялық құн­ды­лықтарды қастерлей­тін мемлекеттің басшысы  ре­тінде айдай әлем алдында абыройымызды асы­рып отыр. Расында да,  бүкілхалықтық референдум арқылы өкілет­тілігін ұзарту жолымен жүрер болса, елдің өз ішіндегі оппозиция да, ел сыртындағы сын­шы­лар да қит етсе тырнақ астынан кір іздеп, жыл­дар бойы мұны кемшілік ретінде бетімізге баса беретінін де ескермеудің жөні жоқ. Енді мәселе бас­қаша. Енді бәрін де халықтың таңдауы шешеді. Ал халықтың таңдауы елімен етене Елбасына тү­се­тіні талассыз. Өйткені, жұрт­шы­лық бәрін де кө­ріп отыр, бағалап отыр. Кешегі Кеңес ода­ғы­ның шикізаттық базасы ғана болып келген өңір­дің қалай өзгергенін де, сол өңірдегі өмірдің қа­лай өзгергенін де, сол өңірдегі көңілдің қалай өз­гер­генін де көріп, тәубе деп, шүкіршілік айтып отыр. Кеше ғана арамыздан өткен ұлы ақынымыз Қа­дыр Мырза Әлінің 2005 жылғы президенттік сайлауда «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазып, редакция мақаланың тақырыбына айт­қыш автор­дың  «Біреулерге Президенттің отыр­ған орны керек, халыққа Президенттің орнында отырғаны керек» де­ген сөйлемін шығарған  еді. Сол сөз – сөз. Қа­дырдан қатырып айту қиын. Сайлауға талайлар сай­ланып шығатын да болар. Ол табиғи нәрсе. Оларды да жақтайтын адамдар табылар. Ол да табиғи нәрсе. Өмір ғой. Бұл өмірде баршаның бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Бірақ, халықтың баршасының дерлік қалауы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ел тізгінін алдағы кезде де өз қолында ұстауы болып шыға­ты­нына күмән келтірудің тіпті жөні жоқ. Сон­дықтан, сайлау болса – сайлау болсын. Мұның өзін, Елба­сымыз айтқандай, демокра­тия­ның тарихи тағы­лы­мы деп қабылдау жөн. Халық қан­дай жолмен де өзінің жүрек қалауын білдіруге дайын. Біз Ел­басымен біргеміз! * * * Атырау мұнай және газ институтының ректоры, профессор Төлеуіш СЕРІКОВ: АТА ЗАҢДЫ СЫЙЛАУДЫҢ ҮЛГІСІ – Тұңғыш Президентіміз өзінің өкілеттігін 2020 жыл­ғы 6 желтоқсанға дейінгі мерзімге ұз­арту ту­ралы референдум өткізуге байланысты өте дұрыс қа­дам жасады. Еліміздің әр түкпі­рі­нен, әр буынынан Тұңғыш Президенттің өкі­лет­ті­гін ұзартуды қолда­ған­дардың дауысы 5 миллионнан асқанымен, Нұр­сұлтан Назарбаев демо­кра­тияның қағидаттарынан аттап кетпеді. Тағы да Конституциялық Кеңеске жүгінді. Елбасы кеше өз өкілеттігін ұзартуға байланысты референдум өткізбеу туралы нақты шешімін айтты дегенімізбен, Қазақстан халқына, тіпті, жаһан ел­дерінің жұртшылығына үлгі-өнеге көрсетті. Ол – Ата Заңды сыйлау! Ол – Конституция талап­тарына сәйкес келмейтін саяси қадамға бармау! Сөйтіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев демократияны қолдайтын кемеңгер­лігін тағы бір рет анық дәлелдеді. Шындығында, халық қолдағаннан кейін ре­форманы өткізуге болар еді. Алайда, халықтың шынайы сенімін арқалаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әсіресе, жас саясаткерлер үшін тағылым аларлық таңдау жасап, реформа өткізбеу қажет деп тапты. Заңды құрметтейтін, бір ауыз сөзге тоқтайтын түсінігі мол, парасатты жандарға осыдан артық қандай түсіндірме қа­жет! Елбасы өзін ешкімнен ерекшелемейтінін осылай ұғындырды. Жалпы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының тым асыра мақтауға қарсылық білдіруі тек бір бұл емес. Бұдан бұрын да талай рет дәл осылай қар­сылығын танытқан. Кезінде Астана қаласын өз атымен атау жөніндегі ұсынысты қа­былдамады. Ел­басының өзі айтқанындай, әр­қашан түрлі мақ­тау мен мадақтан биік тұруға тырысады. Осы ұстанымында қала беретіндігін және бір рет дәлелдеді. Елбасының осынау қадамынан оның өз қамын күйттемейтін, өз абырой-беделі үшін емес, Қазақстандай тәуелсіз елдің шын жана­шыры, шын мәніндегі мемлекетшіл қайраткер екендігіне көзіміз жете түсті. Өйткені, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың көп адамның бірі еместігі әуелден белгілі еді. Бұған Атырауға келген сапарында талай рет көз жеткізгенбіз. Оның қиындықтан жол таба білетіндігі, шешендігіне қоса көсемдігі өз алдына, халқымыздың ұлт­тық өнері, мәдениеті, тарихы мен әдебиеті жө­ніндегі кемел ойлары кім-кімнің де ынтазар­лы­ғын оятпай қоймайды. Қазақстанды әлемнің ең мықты елдерінің біріне айналдырсам деген асқақ арманын іске асырудағы ерен еңбегіне барша куә. Қазақ жерін мекен еткен барша ұлттың өкілдеріне бірдей құқық беріліп отыр. Қазақстанда ешкім ешбір ұлттың өкілін өзегінен теппейді. Керісінше, әр ұлттың өз мәдениетін, тілін дамытуға ба­рынша жақсы жағдай жасалып отыр. Бұл алдымен, қазақ халқының кеңпейіл­дігі, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­ба­ев­тың кемең­гер­­лігі десек артық емес. Елбасымыз елді өзінің адами болмысына тән қасиеттерімен әрдайым тәнті етіп келеді. Күні кеше бұған тағы да куә болдық. Міне, осы­лайша, Елбасымыздың кемеңгерлік болмысы көз ал­дымызда айшықтала түсті. Елінің, ұлтының, жерінің келешегін ойлаған нағыз саясаткерлер өз қамынан гөрі мемлекеттің, оның негізгі байлығы адамдарының қамын осылай ойласа керек-ті. Сөй­тіп, Қазақстан халқының құрметі мен ілти­патына бөленген Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаев демокра­тия­лық жолмен сайлау өткізуді таңдады. Бұл – Конс­титуциялық нормаға сәйкес келетін ең дұрыс шешім. Сонымен бірге, мұны Елба­сының тарихи ше­шімі деп бағалаған орынды болмақ. Атырау. * * * Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Байзақ МОМЫНБАЕВ: ЕЛБАСЫМЕН – ЕРТЕҢГЕ – Атақты қолбасшы, қа­зақ­тың қаһарман ұлы Бау­ыржан Момышұлы айтпақ­шы, «тәртіпке бас иген құл болмайды». Конститу­ция­лық Кеңес мү­шелері шешімдерін шығарғаннан кейін «Елбасы аталған шешімге бір айдың көлемінде наразы­лығын білдіруіне бо­лады» деген. Ал Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Конститу­циялық Кеңестің шешіміне қарсы емес екенін, онымен келісетінін бірден ашып айтты. Мұның өзі жалпыға ортақ заңға Елбасының ба­ғынатынын, мемлекетімізде шын мәнінде де­мократиялық құндылықтардың сақталаты­нын, зайырлы, азаматтық қоғамның қа­лып­тасқанын, ой еркіндігі мен сөз бостан­дығының бар екенін айқын көрсетті. Еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсететін, әлемдік өркениеттің көшіне іліскен кемел ел екенін танытатын тарихи шешім еді бұл. Мұн­дай тарихи сәт кеше Ақордада орын алды. Елбасы референдум өткізіп, өзінің өкілетті­лігін тағы он жылға созып алуына толық мүм­кіндігі бар еді. Бірақ көреген көшбасшы, ке­мең­гер саясаткер ондай шешімге барған жоқ. Референдумнан бас тартты. Таңдауды халықтың еркіне берді. Осы арада мынаны ескеруіміз керек: Елбасы мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысты айта отырып, өзінің екі жылдай Президенттік мерзімін қысқартып отыр. Елдік мүдде, мемлекеттік мұрат жолындағы тәуекел ғой. Мұндай шешімді қабылдаудың өзі екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Елбасы сәт сайын елдің сеніміне сүйенетінін айтады. Көш­басшы үшін көшінің көлікті болғаны дұрыс. Тағдырдың өзі ұсынған таң­дауы жасалды. Енді елімізде Елбасының ұсы­ны­сымен мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өтуі бек мүмкін. Елбасының өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды қол­даған халық Президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бір-ауыздан қолдайды деген сенімдемін. Себебі сарабдал саясаткер Қазақстан көшін түзу, туын тік ұстап келеді. Елбасымен – ертеңге! Қызылорда. * * * Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Жамал АХМЕТОВА: БІРДЕН-БІР ДҰРЫС ШЕШІМ – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел халқына үндеуі мемлекет мүддесі мен қалың жұртшылық игі­лігін орнықтыруға, ұлт­тар мен ұлыстарды одан әрі жақындастыруға ба­ғыт­­тал­ған бірден-бір дұ­рыс ше­шім деп санаймын. Ел­басы биылғы Жолдау­ында атап көрсеткендей, біздің ең басты байлығымыз – берекелі бірлігіміз. Бейбітшілік пен келісім 20 жыл ішінде қол жеткен табыс­та­рымыздың, айдынды мемлекетке, қуатты ұлтқа айналуымыздың алтын арқауы болғанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Көптілді және көп­конфессиялы қоғамда Қа­зақ­стан жолының – бостандық, бірлік, тұ­рақ­ты­лық, өркендеу секілді құндылықтарымыз қа­лып­тасты. Мемлекет бас­шысына деген терең сүй­іс­пеншілік, ыстық ықы­лас, биік сенім Прези­денттің өкілет­тігін 2020 жылға дейін ұзарту бой­ынша референдум өткізу туралы жалпыхалықтық бас­та­маға ұласты. Оған алғаш үн қосушылардың қа­тарынан әлеуетті кә­сіподақ та табылды. Тек Қызылжар өңірі бой­ынша ғана сайлаушылардың 56 пайыздайы акция баста­машыларын қуаттап, референдум өткізуді жақтап, қол қойды. Ха­лық­тық бастама  «Нұр Отан» ХДП, Парламент, үкі­мет­тік емес ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Оны Президент кезекті Жол­дау­ында да атап өтіп, Пар­ламенттің өзінің консти­ту­ция­лық өкілеттігін пай­даланып, Конс­титуцияға өзгеріс енгізу ту­ралы Заңын тағы бір сараптамадан өткізу мақ­сатымен Конститу­ция­лық кеңеске жолдағанын, консти­туциялық ай­қын­дығын сараптағаннан кейін ғана шешім қа­былдайтынын мәлім етті. Алайда, қашанда бар ғұмыры ел тағдырымен еншілес, тәуелсіз мемлекет құру жолында бар жауапкершілікті өзіне алып, күрмеуі қиын істерді парасаттылықпен, үлкен саясаткерге тән кө­регенділікпен шешіп,  ел-жұртын ортақ мақсат, кемел болашақ жолына сүттей ұйыта білген ұлы тұлғамыз Конституциялық Кеңестің Парлам­ент­тің Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты ұсынысын заңды Конститу­ция­ға сәйкес емес деп табуына байланысты референдум тағдыры жайлы өз айқындамасын жа­рия­лады. Негізгі Заңымызды, демократия талап­тарын, заңды құндылықтарымызды бәрінен жо­ғары қоятынын тағы бір танытты. Иә, халық еркі — бәрінен биік. Алайда, Елбасы Қазақстан хал­қына адал қызмет ету, Қазақстан Республи­касының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостанд­ық­тарына кепілдік, өзіне жүктелген мәртебелі  міндетін адал атқару антынан айнымады. Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлына балама жоқ­ты­ғы даусыз шындық. Оның халқы үшін ешнәр­се­ден аянбайтынын, жүректілігін де жақсы білеміз. Әрине, Ата Заңымызда жұртшылық референдум арқылы өз еркі-көзқарастарын білдіруге то­лық құқылы екені тайға таңба басқандай жа­зыл­ған.  Елбасымыз болса ел-жұрттың ұзақ мерзімді мүддесін ескере отырып кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы өз тұжырымын  жариялау арқылы халық алдындағы зор жауапкершілігін түсінумен қатар Конституцияның мыз­­ғымас кепілі екенін тағы бір танытты. Бірден-бір дұрыс шешімді солтүстікқа­зақ­стан­дықтар да қолдайды. * * * Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәлік АСЫЛБЕКОВ: ПАРАСАТТЫ ТҮЙІН Кеше теледидардан кө­ріп, тыңдаған Президент­тің үн­­деуін әдептіліктің, ха­лық­қа деген құрметтің жақсы үлгісі дегім келеді. Сырт қараған­да, референдум өт­кі­­зуді бес мил­ли­он­нан астам адам ма­құл­даса, Президент оған құлақ ас­пағандай кө­рі­нуі де мүм­кін-ау. Ал Нұр­сұл­тан Әб­ішұлы сол ха­лыққа ықы­лас-сенімі үшін үлкен кішілікпен, кісілікпен рахметін айтып, пара­сат­ты­лыққа жүгіне отырып, заңға қайшы келетін қа­дамға бара алмайтынын мә­лімдеді. Дәл осындай сөздерден кейін еш­кімнің де көңілінде кірбің қала қоймайды. Тағы бір айтатын нәрсе – референдумға бай­ла­нысты бастамашылардың іс-шаралары, бұл жай­ында халықтың арасындағы әңгімелер бос әуре деуге де әсте болмайды. Халық Елбасы ту­ралы өзінің пікірін білдірді, еліміз ұстанған ба­ғыт туралы ойларын ортаға салды. Сонысымен де ол құнды. Енді айрықша айтатын мәселе – алда сайлау өткізу жөнінде Президенттің шешім қабылдауы. Мұны жұрт барынша қолдайды деп ойлаймын. Референдум да халықтың қалауын білдіреді десек те, ол кейбіреулердің қарсылығын, артық-аспай сөз­дерін тудырар еді. Ал сайлау – бүкіл әлем қа­былдаған демократиялық үрдіс жолы. Прези­дент­тің сол жолды қалағаны да барынша құптарлық. Саяси оқиғаларға жұрттың көзқарасы әртүрлі болатыны да заңдылық. Әркімнің әртүрлі мүд­де­сі бар. Президенттің шешімін бүкіл халық қол­дай­ды деп ойлаймын. Өйткені ол халықтың мүд­десімен үйлесіп жатыр.