Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің қызметкерлері мен Үкімет мүшелері, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің алдында Қазақстан халқына арнап Үндеу жариялады.
Біз Үндеу жария етілген залдан шыққан бір топ адамға микрофон ұсынып, олардың пікірлерін білген едік.
* * *
Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Мен Елбасының референдум туралы және мерзімінен бұрын өткізілетін президенттік сайлау туралы шешімін алыстан ойлап, тереңнен толғанған және болашақ ұрпақтың қамы үшін жасалған саяси ерлік деп санаймын. Әрине, бес миллионнан астам сайлаушы қолдап отырғанда референдум өткізе салуға болатын еді, бірақ Елбасы Конституциялық Кеңестің шешіміне құлақ асып, демократиялық талаптың толық орындалуын қажет деп тапқан өте дұрыс шешім қабылдады. Сондықтан да өз басым бұл шешіммен қуана келісемін.
Қазақстан халқы өз Президентін бүкіләлемдік демократиялық тәжірибе жолымен сайлағаны дұрыс. Әрине, референдум да халықтың сайлау құқын білдіреді, бірақ онда қарсыластың болмауы түрлі пікірлер туғызуы мүмкін. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы қазір сайлауға түссе, қандай мықты қарсыласты да шаң қаптырып, бәйгені шаппай алары сөзсіз. Өйткені, халық оған сенеді, өздерін осындай адамның басқарғанын қалайды. Кеше референдум өткізуді қолдап қолдарын қойған барлық адамдар да оның Президент болғанын қалайтыны сөзсіз.
Қазыбек ЖИРЕНШИН, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы:
– Мен бүгін қазақстандық демократияны алға дамыту жолында тарихи қадам жасалды деп санаймын. Бүгін Президент өзінің Конституция талаптарының толық сақталуына кепілдік беретін тұлға екенін дәлелдеді. Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған Заңның Ата Заңға сәйкес еместігін айтқан соң, ол өзінің бұл шешімді толық мойындайтынын көрсетті. Ол мәселелердің барлық қырын ескеріп, бүгін өзінің өкілеттігін ұзартуды көздеген референдумның өткізілуінен бас тартты.
Әрине, өзін бес млн.-нан астам адам қолдап тұрғанда мұндай шешімге бару оңай емес еді, бірақ Президент болашақ ұрпаққа үлгі болатын аса маңызды қадам жасап, осынау шешімге өз таңдауымен барды. Сондықтан мұндай әділетті қадамды болашақ ұрпақ өзіне үлгі етіп, лайықты бағалар деп ойлаймын. Мұндай шешімге тек өзіне-өзі сенген, өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен басшы ғана бара алатын шығар. Ал енді президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын болуы – халықтың бүгінгі қалауын жерге тастамағандық деп білемін. Ол қандай қарсыласты болса да ашық, бәсекелесті, демократиялы сайлауда жеңетініне сенімді. Сөйтіп, халықтың қолынан мандат алған Елбасы бастаған жұмыстарын батыл түрде жүзеге асыра береді деп сенемін.
Сапар МҰСТАФИН, теміржолшы, зейнеткер:
– Меніңше, Президент халықтың референдум өткізу туралы тілегін қабылдауы керек еді. Мен өзім сол қарапайым халықтың бірі ретінде шын жүрегіммен Президенттің өкілеттігін ұзартуды қалаған едім. Бірақ ол Конституциялық Кеңестің шешімін дұрыс деп тауып отыр.
Мен өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын Алланың маңдайымызға берген бағы деп білемін. Ол қандай жағдайда болсын еліне қызмет істеп, бізді басқара алады. Біз ол кісіден әлі де болса үлкен үміт күтеміз және толық сенеміз. Ел басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Біз, Қазақ елі, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында іргелі ел болып, өзімізді барлық әлемге танытып отырмыз. Ол кісінің бүгінгі шешімін мен қолдаймын, әйтеуір Нұрекең орнында болып, елге қызмет ете бергенін қалаймын. Сонда біздің елде тыныштық болып, алға дами беретін болады. Мен Президент Назарбаевтың арқасында Қазақ елі көркейе береді деп сенемін.
Салман ГЕРОЕВ, зейнеткер:
– Мен бүгінгі Үндеуді жария етуге қатысқан адамдардың бәрі де екіұдай болып қалды ғой деп ойлаймын. Өйткені, еліміздің бес миллион халқы ол кісінің президенттік өкілеттігін он жылға ұзартуды қалап отыр еді. Мұндай сенімге екінің бірі қол жеткізе алмайды. Өткен жиырма жылдағы еңбек Елбасына деген сенімді әбден бекіткенін білеміз. Біздің елімізде ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісім берік орнаған. Мұндайға басқа елдер қызыға қарайды. Сондықтан біздің халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлының әлі де елді басқарғанын қалайды.
Бірақ, біз демократия талаптарын да орындауымыз керек. Оның үстіне былтыр ғана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып, демократияны сақтауды басқа елдерден де талап еттік. Меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлы осыны ескеріп, референдум өткізуден бас тартты ғой деп ойлаймын. Өз басым бұл шешім өте дұрыс болды деп санаймын. Ол өз өкілеттігінің екі жылға азаюына қарамастан, референдум өткізуді қолдап қолдарын қойған халықтың сұранысын аяқсыз тастамай, президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл да өте дұрыс шешім, мен қолдаймын. Халықтың тілегіне Елбасы әрқашан да құлақ асып отыруы керек. Меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауда өзінің қарсыластарын жеңіп шығатыны күмәнсіз.
Надежда ПЕТУХОВА, Астана қалалық №1 балалар ауруханасының бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты:
– Бүгін біз Президентімізді кезекті рет биіктен көрдік. Ол кісінің қабылдаған шешімі, меніңше, өте дұрыс шешім болды. Референдумнан Конституциялық Кеңестің шешімінен кейін бас тартуы арқылы ол біздің елімізде заңның үстемдік етуін қалайтынын көрсетті. Президент Конституцияның сақталуына кепілдік беретін тұлға ретінде оны бірінші кезекте өзі де мойындайтындығын көрсетті. Мен алда болатын президенттік сайлауда оның сөзсіз жеңетініне сенімдімін. Өйткені, қазір біз еліміздің барлық түкпіріндегі халықтың оған үлкен құрметпен қарайтынын білеміз. Халықтың зор құрметіне ол өзінің ісімен қол жеткізді. Біз әрқашанда оның қамқорлығын сезініп отырамыз. Әсіресе, халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауда ол кісінің еңбегі өлшеусіз. Ал біздің әлемге атағымыздың шығуы, шет елдерде бізді танып жататыны тегісімен осы кісінің еңбегінің арқасы. Шетелдіктер бізді Нұрсұлтан Назарбаевтың елінен келген адамдар деп танып, біздің елді мақтай жөнеледі. Сондайда біздің Президентіміздің барынша танымал, атақты әрі бүкіл әлем мойындайтын тұлғаға айналғанына көзіміз жете түседі. Мен көрген шетелдіктердің бәрі де біздің Президентімізге қызығушылықпен қарайтынын жасырмайды. Өйткені, кейбір ел басшыларының дұрыс жүргізбеген саясатының кесірінен экономикасы дамымай, қоғамда түсінбеушіліктер туып жатады. Тіпті қантөгіске жол берген елдер де көп. Ал біздің Президентіміздің дана саясатының арқасында елімізде тыныштық, өзара түсіністік салтанат құрған. Соның арқасында экономикамыз да қалыпты даму жолына түскен. Бізге тек осындай Президент керек. Сондықтан мен оның келесі сайлауда сөзсіз жеңгенін қалаймын.
Жазып алған Жақсыбай САМРАТ.