29 қаңтарда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыруға дереу кірісу қажеттігін атап көрсетті.
К.Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Индустрия және жаңа технологиялар, Экономикалық даму және сауда министрліктерімен бірлесе отырып, екі апталық мерзімде мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны іске асырудың тетіктері мен кезеңдері бойынша ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне экономикалық даму және сауда, Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерімен бірлесіп, 1 шілдеге дейін Үкіметтің қарауына энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын әзірлеп, енгізу тапсырды.
Экономикалық даму министрлігіне облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруды және экономиканың өсім нүктелерін қамтамасыз етуді ескере отырып, аумақтарды дамыту бағдарламасының жобасын Үкімет қарауына енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, 2011 жылдың 1 сәуіріне дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасының жобасын енгізу де жүктелді. Білім және ғылым министрлігіне екі апталық мерзімде кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау жөніндегі ұлттық кеңестің құрамы және оның 2011 жылғы жұмыс жоспары жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай мерзім ішінде Үкіметтің қарауына халықтың мақсатты топтарының арасында ұлттық скринингтік зерттеулер жүргізудің жоспарын енгізу тапсырылды. Бір ай ішінде көліктік медицинаны дамыту, оның ішінде 50 автоемхана, жолдағы дәрігерлік-құтқару бекеттері және санитарлық авиацияны 16 тікұшақпен толықтыруға қатысты нақты ұсыныстарды енгізу жүктелді. Мәдениет министрлігіне Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тездету тапсырылды. Сондай-ақ, министрлікке екі апта мерзім ішінде еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асырудың тетіктері, оның ішінде мерейтойлық шараларға инвесторлар мен отандық бизнес өкілдерінің қатысуы мәселелері бойынша ұсыныстарды енгізу тапсырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2011-2020 жылдарға дейінгі жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа бағдарламасын әзірлеу жүктелді.
Қаржы министрлігіне бір ай мерзімде Қаржы қадағалау агенттігімен бірлесе шағын несиелендіру құралдарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған кешенді іс-шаралар жөнінде ұсыныстар әзірлеп, енгізу тапсырылды. 2011 жылдың 1 сәуіріне дейін шағын несиелендіру тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңдардың жобасын Үкіметтің қарауына енгізу, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрлеріне қолжетімді шағын несиелендіруді Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерімен сабақтастыруды жүктеді.
К.Мәсімов Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау жөніндегі 2011 жылғы Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын қысқа мерзімде әзірлеу қажеттілігін атап өтті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.